Қуыршақ театрына келген Наурыз

Соңғы кезде кішкентай көрермендер жиі ат басын бұратын Мемлекеттік Қуыршақ театры түрлі қойылымдарымен ерекше ықыласқа бөленіп жүр. Таяқ қуыршақтан бастап, заман талабына сай күрделі марионеткалармен қатар, соңғы үлгідегі теxникалық-лазерлі құралдармен жабдықталған өнер ордасы 83 жылдық тарихында еңбектеген баладан еңкейген қарияның да көңілінен шығып келеді.

Ұлыстың ұлы мерекесі – Наурыз тойы Қуыршақ театрына да келді. «Наурыз түні» деп аталып, арнайы шоу-бағдарламаға негізделген мереке кешқұрым басталып, түнгі думанға ұласты. М.Әуезов атындағы академиялық драма театры мен Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының арнайы келген әртістері құттықтап, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қуыршақ театрының әр бөлмесі ертегілер әлеміне саяхат жасауға шақырып тұр. «Мың бір түн» ертегісіндегі уәзірдің қызы Шахризаданың «О, құдіретті падишам» деп басталатын хикаяларынан көрініс сахналанса, келесі бір сахнада қуыршақ кейіпкерлер рөлдерін сомдап жатты. Ал сиқырлы әлемге еніп кеткен балалардың бал-бұл жанған жүзі көз сүйсінтеді. Бақытты балалық шақ деген осы екен дейсіз шаттанып.

Қуыршақ театрының ауласында жалғасын тапқан «Наурыз түні» мейрамы берекесі мен бірлігі астасқан ауылды көз алдыңызға әкеледі. Балалар асық атудан жарысып, қыз-жігіттер арқан тартысты. Дәстүрлі ән де шырқалды. Қолөнер шеберлерінің көрмесі де көздің жауын алғандай. Ертеде көшпелі жұрттың тұрмысында қолданылған бұйымдар да көпшілік назарына ұсынылды. Мемлекеттік Қуыршақ театрының директоры Талғат Есеналиевтің айтуынша, Ұлыстың ұлы күнін «Наурыз түні» деген бағдарлама аясында өткізудің өзі ертегі мен таңғажайып дүниелерге иланғыш бала көңілін аулаудан туған. «Шынында да, бала бақытты болса, біз де бақыттымыз. Бала шаттанса, біз де балаша қуанамыз. Сондықтан бұл мереке кішкентай көрермендерге ғана емес, ересектерге де арналды. 83 жылдық тарихы бар Қуыршақ театры репертуарын жаңартып, жаңа дүниелер ұсынуда. Таяуда ғана жазушы Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесінің желісімен «Ана – Жер-Ана» трагедиясы киелі сахнаға қуыршақтар арқылы жол тартты. Бұл туынды алғаш рет Дина Жұмабаеваның режиссерлігімен Мемлекеттік қуыршақ театрында көрермен назарына ұсынылғанда да, көпшілік тебіренбей қалмады. Театр биылғы 83-маусымында да көрерменін көңілден шығатын дүниелермен қуантпақшы»,  –  деді Талғат Қамқабайұлы.

Айта кетерлігі, театр ұжымы 20-22 сәуір аралығында Ақтөбе қаласында өтетін Қазақстанның халық жазушысы Тахауи Ахтановтың 95 жылдығына арналған халықаралық «Балауса» эксперименталды қойылымдар фестивалінде жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» қойылымын сахналамақ. Жақсылыққа жетелейтін тағылымы терең қойылымдар арқылы балапан буынның жан дүниесін рухани азықтандыру мен даналық дәнін діліне дарытуды өнер жолында мұрат қылған ұжымның алар асуы алда дегіміз келеді.

 

  

Back to top button