426
Бейбарыс сұлтан билеген ел
Бейбарыс сұлтан билеген ел
Түркияға барған сапарымда Сирия босқындары паналаған «Низип-2» лагеріне арнайы бас сұғып, қуықтай бөлмеде үш-төрт баласымен тіршілік кешіп жатқан жандардың тұрмысымен танысқан едім. Қолына бір жапырақ нан ұстаған жалаңаяқ балалардың жанарына ұялаған мұңды көргенде, жүрегім сыздаған. Бүгінде алапат соғыстың ошағына айналған Сирия туралы кез келген ақпарат сол көріністі еріксіз көз алдыма әкеледі. Дәл осындай балаларға қатысты аянышты оқиға өткен аптада газетімізде («Түркістан», №15, 12 сәуір, 2018) жарияланған «Хлорға тұншыққан сириялықтар» атты мақалада да сөз болған еді.
Саясатты «лас іс» деп бекер айтпаса керек. Оның төңірегінде саяси алаяқтар, саяси саудагерлер, саяси арандатушылар толып жүретіні айдан анық. Соның салдарынан қаншама адам туған топырағын тастап, басқа елдің босағасында жалтақтап өмір сүруге мәжбүр. 2011 жылдан бері жалғасып келе жатқан соғыста Сирияда 300 мыңнан астам адам қаза тапса, миллиондаған адам босып кетті. Ол ол ма, бейкүнә балалар көзін тырнап ашқаннан-ақ саясат деген аждаһаның құрбанына айналып, өмірдің кермек дәмін татып үлгерді. 2015 жылы 522 бала соғыста көз жұмса, 2016 жылы бұл сан 20 пайызға артқан. Сәбилердің не жазығы бар?
Өткен аптада Сирия тағы да күллі әлемнің назарында болды. Шығыс Гутадағы Дума қаласының үстінен әуеден хлор шашқандар 200-ден астам жазықсыз адамның өмірін қиды. Бұл оқиға онсыз да қақтығыс үдей түскен аумақтағы ахуалды одан әрмен шиеленістіріп жіберді. Ал бұл қанды қырғынға кінәлілер адам өмірінен мүдделер тоғысын биік қойып жатқаны айтпаса да түсінікті. АҚШ және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше батыс елдерінің басшылары бұл іске Ресейдің қатысы бар екенін және қандықол Асад режимін қолдап отырғанын айтудан кенде емес, бірақ Кремль де, Дамаскі де міз бағар емес. Керісінше, хлордан зардап шеккен адам табылмағанын айтып ақталған ресейлік саясаткерлер көпекөрнеу қулыққа көшіп, айласын асырмақ болып жанталасуда.
Еске сала кетсек, Ресей АҚШ дайындаған жобаға үнемі қарсылық танытып, вето жариялап келеді. Былтыр жыл соңында БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде «Сирияда химиялық қарудың қолданылуын зерттеу» мәселесі төңірегінде талас туындады. Тексеруді одан әрі жалғастыру туралы АҚШ дайындаған жобаға Ресей вето жариялады. Құжатты 12 мемлекет қолдаған. Ал Қытай мен Египет дауыс беруден бас тартты.
Бұдан соң Ресейдің әрекетіне күйінген АҚШ белін бекем буды. Ақ үй баспасөз хатшысы Сара Сандерс Ресейдің соңғы уақытта химиялық қаруға қарсы 6 қарарға вето жариялағанын мәлімдеді.
Мұндай бассыздық әрекетке ширыққан батыс елдері Сирияға қатысты әскери шешім шығарылатынын қаперге салды. Алайда АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресейді Пентагон тарапынан жасалуы мүмкін зымыран соққысына дайын болуға шақырып, доқ көрсетуін тым оғаш көргендер де төбе көрсеткен. Бірақ Трамп сес көрсетпесе, Сирияның үкімет әскері дереу Хмеймимдегі Ресейдің әскери базасына, сондай-ақ, Башар Асад әскерінің бас штабы да басқа жерге көшірілмес пе еді, кім білсін?!
Геосаяси жағдайдың ушығып бара жатқанын айтқан В.Путин: «Бәрібір түбінде парасаттылық үстемдік құрады. Халықаралық қатынастар өзінің үйлесімді арнасына түседі және әлемдік жүйе бұрынғыдан да тұрақты әрі болжауға болатындай қалыпқа келеді деп үміттенеміз», – деді ақталып.
Сирияға жасалған ауыр соққы
АҚШ президенті ескерту жасағаны сол-ақ екен, 14 сәуірге қараған сенбі түні Сирияның күлі тағы да көкке ұшты. Жерорта теңізінің шығысына, дәлірек айтқанда Сирия жағалауына әскери-теңіз күштерінің «Гарри С.Трумэн» деп аталатын авиатасығышын, бірнеше крейсері мен соғыс кемелерін аттандырған АҚШ Сирияға қарсы ауыр соққы берді. Кейбір ақпарат көздерінде бұл топта АҚШ әскери-теңіз күштерінің 6,5 мың әскери қызметшісі бар екені айтылды. Бұдан бөлек Жерорта теңізіне жеткен «Томагавк» қанатты зымырандармен жабдықталған «Дональд Кук» эскадралық минатасығыш кемесі де Трамптың пәрмен беруін күтті. Пентагонның мәліметінше, Сириядағы үш нысанаға 105 зымыран жіберілген. Алайда америкалық әскерилер де, Сирия билігі де зымыран шабуылы салдарынан құрбан болғандар туралы дерек жариялаған жоқ. – 2013 жылы Ресей президенті Владимир Путин әлемге Сириядағы химиялық қарудың халыққа қарсы қолданбауына кепілдік беретінін жариялағаны белгілі. Алайда бұл уәде жоққа шықты. Асадтың үкіметтік армиясы өткен аптада халыққа қарсы химиялық қару қолданды. Біздің Сирияның бірқатар әскери нысандарына соққы жасауымыз осы әрекетке жауап болып табылады, – деді АҚШ президенті Дональд Трамп. АҚШ, Ұлыбритания және Франция тарапынан Дамаск уақыты бойынша таңғы төрттер шамасында жасалған соққы химиялық қару жасалатын бірнеше өндірістік кешенге бағытталған. Пентагонның ақпараттарына қарағанда, бұл жолғы әуе соққысы бұдан бір жыл бұрын Сирияның Шайраттағы әскери базасына жасалған шабуылдардан екі еседей күшті болған. Әскери операция 50 минутқа жуық уақытқа созылыпты. Ал Сирияның әскерилері америкалықтардың 13 ракетасын әуеде жарып жібергенін мақтан тұтуда. Химиялық қару өндіретін және өңдейтін кәсіпорынға үсті-үстіне соққы берілгенін растаған АҚШ-тың Қорғаныс министрі Джеймс Мэттис осымен алғашқы операцияның аяқталғанын мәлімдеді. Бір ғажабы, Дональд Трамп сириялықтардың мақтанышын жоққа шығарып, әуеде бірде-бір зымыран атып түсірілмегенін айтты. Айта кету керек, Сирияға қарсы әскери қимылдарға Ұлыбритания мен Франция әуе күштері де қосылған. Бұл шиеленіс туралы пікір білдірген Франция президенті Эммануэль Макрон: «Сирия қызыл сызықтан өтіп кетті. Біз химиялық қарудың қолданылуына шыдап отыра алмаймыз» десе, Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэй: «Әңгіме азамат соғысына араласу немесе Б.Асад режимін ауыстыруға байланысты емес. Сирияға берілген әуе соққылары химиялық қаруды қолданып, жазасыз қалуға болады деп санайтындардың барлығына жасалған ескерту», – деді. Германия канцлері Ангела Меркель де АҚШ, Ұлыбритания және Францияның Сирияға соққы беруін қолдайтынын мәлімдеді: «Біздің одақтастардың жасаған соққысы дұрыс. Олар бүкіл әлемнің алдындағы жауапкершілікті өз мойнына алды. Алдағы уақытта Сирия тарапынан осындай жағдай тағы да қайталанбас үшін бұл оларға берілген сабақ. Осы орайда Германия химиялық қаруды таратпау және қолданбау жөніндегі халықаралық конвенцияны қолдайды». Сондай-ақ, Жапония үкіметі және Түркия да мұны химиялық шабуылға берілген нақты жауап деп санайтынын білдірді. Ал Иран президенті Хасан Рухани Батыс елдерінің соққысы Таяу Шығыстағы тұрақсыздық пен терроризмді күшейтуге бағытталып отырғанын айтса, Ресей президенті Владимир Путин бұл мәселеге «агрессия» деген баға беріп: «Бұл БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жарғысын бұзу болып табылады. АҚШ өзінің осындай іс-қимылымен Сирия халқын гуманитарлық апатқа ұрындырып отыр» – деп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізуге шақырды. Сенбі күні өткен отырыста Ресей АҚШ-пен оның одақтастарының Сириядағы нысаналарға шабуылын айыптаған қарар ұсынғанымен, бұл дауыс беру нәтижесінде қабылданбады. Қадам аттаған сайын қуаты кеміген Ресей қанша қоқаңдаса да, АҚШ-қа ештеңе істей алмайтынын мойындаған сияқты. Бір таңданарлығы, жеме-жемге келгенде уәдеден тайқып кететін ресми Мәскеу бұл жолы даудан бойын аулақ ұстауға тырысты. Себебі қанатты ракеталық бомбалар Ресей жауынгерлері мен әскери техникалары тұратын аумақтан алшақ түсіпті. Ресей дәрменсіз күйде қалса да, адам өліп, балалар құрбандыққа шалынып, ел қанға бөгіп жатса да, Сириядан айырылмау үшін аянып қалмақ емес. Тіпті, 6 сәуірде Дума қаласына жасалған химиялық шабуылды «Сирияның үкіметтік әскері мен Ресей тарапы ұйымдастырды» делінген ақпараттан көз сүрінсе де, тағылған айыпты мойындаудан бас тартты. Керісінше, Ресей Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың әрекетіне қатысты: «2018 жылы әскери-технологиялық үлес пен күш-қуат Ресейдің жағында екенін көрсетті. АҚШ-тың кез келген әскери қимылына біз лайықты түрде жауап бере аламыз», – деді еш шімірікпестен. АҚШ-тың Қауіпсіздік кеңесіндегі арнайы өкілі Никки Хейли АҚШ пен оның одақтастарының Сирияға жасалған шабуылы заңды және дұрыс шешім екенін тағы да қадап айтты. – Бұған қатысты талап пен шешім ешқашан өзгермейді. Жазықсыз халыққа жасалған химиялық шабуыл бізді осындай әрекетке баруға итермеледі. Бар жағдайға Сирияның өзі кінәлі. Егер алдағы уақытта да химиялық шабуыл жасалатын болса, біз тағы да әуеден соққы беретінімізді мәлім етеміз. Өркениетті елдер АҚШ-тың қадамын қолдайды және алғысын айтады. Егер химиялық шабуыл қайталанса, АҚШ тарапы да үнсіз қалмайды. Сириядағы қарулы қақтығысты реттейтін уақыт өтті, енді басқа шешімдер қабылдануы қажет, – деп мәлімдеді АҚШ-тың Қауіпсіздік кеңесіндегі арнайы өкілі Никки Хейли. Бір айта кетерлігі, толықтай кеңестік және ресейлік өндірістен шыққан С-200, «Бук», басқа да әуе күштеріне қарсы қорғаныс кешенімен қаруланған сириялық армия қазір де қуатты техникалармен толықтырыла түсуде. 2011 жылы Башар Асадтың билігі Ресейден «Панцирь-С1» деп аталатын 36 зениттік ракеталық кешен сатып алғаны белгілі. Демек, қарсыластардың шабуылына шамасы келгенше тойтарыс берген, сириялықтарды қолдап, қорғап тұрған ресейлік әскери техникалар екені мәлім. Бірқатар шетелдік ақпарат құралдарына жауап берген Сирия президенті Башар Асадтың өзі «Кезінде Кеңес Одағынан және соңғы бес-он жылда Ресейден сатып алған қарулардың өте сапалы және қуатты екенін» мақтанып айтқанын сезбей де қалған сияқты. Әрине, мұның астарына үңілсек, Ресейдің жуан жұдырығы көрінетіні айдан анық.Сирияға 400 млрд доллар қажет
Сирияға АҚШ тарапынан жасалған соққыдан кейін іле-шала Дамаск қаласына келген ресейлік депутаттар алдында нақты мәселені ортаға салған Сирия президенті Башар Асад бүлінген елді қалпына келтіру үшін шамамен 10-15 жыл кететінін және оған 400 млрд АҚШ доллары қажет екенін жеткізді. Алайда екіжақты мәмілеге келіп, ушыққан жағдайды бірлесіп шешуге келген ресейлік депутаттар: «Енді Ресей Сирияға әскери күшін ғана емес, құрылыс техникасын да әкеледі. Президент Путин қазіргі кезде лаңкестерге қарсы күрес қана емес, мемлекеттің экономикасын қалпына келтіруге басымдық берілуі тиіс деген болатын» деді жарыса. Мәселен, Федерация кеңесінің вице-спикері Андрей Турчак: «Әскери ахуалды шешу аясында экономикалық мәселе қатар жүреді. Сондықтан да Сирия қазіргі жағдайда ресейлік компаниялар мен кәсіпкерлерге арқа сүйесе болады» деп кез келген уақытта көмек беретінін жасырмады. Алайда Ресей Башар Асад айтқан соманы беріп, елді қалпына келтіруге күш сала ма, жоқ па, мүлдем белгісіз. Жалпы, Сирияның экономикалық әлеуетіне тоқталсақ, бұл ел мұнай өндіруші елдердің қатарында болғанымен, оны саудалап, қыруар пайда таппаған ел. Осыдан біраз жыл бұрын әлемдік ақпарат құралдары Норвегия геологиялық барлау компаниясы Сирия аумағынан мұнай мен газдың мол қорын тапқаны жөнінде ақпарат таратты. Табылған он төрт мұнай бассейнінің төртеуі Сирияның Ливанмен шекарасында. Бұл кен орындары мұнай өндіруден тоғызыншы орында тұрған Кувейтпен деңгейлес қара алтын өндіру мүмкіндігіне жетеғабыл көрінеді. Сонымен қатар бұдан басқа тағы төрт кен орнындағы мұнай қоры Кипр, Ливан және Израиль елдеріндегі мұнай қорларымен пара-пар. Міне, осы мол байлық толық игерілген жағдайда Сирияның тәулігіне 6-7 миллион баррель мұнай өндіруге әлеуеті жетеді. Бұл – мұнай өндіруден алдыңғы орында тұрған Сауд Арабиясы өндіретін қара алтынның жартысы. Норвег геологтары Сирия аумағынан, сондай-ақ, ірі көлемде газ қорын да тапқан. Ел аумағынан табылған осы мұнай мен газдың мол қоры Сирия халқының бағы емес, сорына айналғаны тағы бар. Ал егер Сирия осыншама байлығын өзі игере алса, елді экономикалық тығырықтан шығаруға қауқары жетер еді... Әттең, соғыстан көз ашпаған елдің бұған мойын бұруға қауқары жетер ме?Ресейді қатаң санкция күтіп тұр
Бұған дейін Ресейге бағытталған экономикалық қысым алдағы уақытта жасалатын санкцияның шаңына ілеспейтін сияқты. 2014 жылы Еуроодақ пен батыс елдері Украинаның шығысындағы қақтығысқа килігіп, Қырымды аннексиялап алған Ресейге санкцияны қатаңдатқан. Содан бері санкциядан құтылмаған алып империя айтарлықтай экономикалық шығынға да ұшырады. Ал сәуір айының басында Вашингтон ресейлік бірқатар бизнесменге, ресми тұлғаларға және компанияларға қарсы 38 санкция салған еді. Ол кезде Ақ үй Кремльді Сирия мен Украинадағы ахуалдың ушығуына байланысты айыптаған болатын. Ал АҚШ таяуда Асадты қолдағаны үшін Ресейге жаңа санкция жариялайтынын ескертті. АҚШ-тың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Никки Хейлидің айтуынша, бұл жолғы шектеулер ресми Мәскеудің Сирия билігіне қолдау көрсетуіне қарсы бағытталған. Өйткені Башар Асад Мәскеуге арқа сүйеп, халықаралық заңды белден басып жүр. Санкциялар Сирия президенті Башар Асад пен химиялық қару пайдалануға қатысы бар ресейлік компанияларға салынады. Осы аптада АҚШ Ресей Сыртқы істер министрлігіне жаңа санкция туралы хабарлама жіберіп те үлгерді. P.S. Өткен аптада Сауд Арабиясында араб мемлекеттерінің саммиті өтіп, көршілес жатқан Сирия мәселесін кеңінен талқылады. Олар АҚШ-тың Сирияға бағыттаған кезекті соққысы аумақта лаңкестік әрекеттердің өрши түсуіне дем бермейтінін баса айтты. Қалай десек те, Сауд Арабиясы да, Катар да Мәскеуден гөрі, Вашингтонға едәуір жақын. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған да АҚШ-тың әділ соққысын құптағанын жеткізді. Осы жағдайға байланысты еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі тұрақты өкілі Қайрат Омаров та мәлімдеме жасады. Ол Қазақстанның Сириядағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, халықаралық құқық пен заңды қатаң сақтауға шақыратынын айта келе: «Қазақстан «әскери қимыл – Қауіпсіздік кеңесі мақұлдаған жағдайда ғана қолданылуы мүмкін соңғы шара» деген ұстанымды қолдайды» десе, Қытай тарапы Сирия мәселесін соғыспен емес, тек қана дипломатиялық жолмен шешуді ұсынады. Ал қазір орасан зор экономикалық шығынға батып жатқан Ресейдің ендігі іс-қадамы қалай болмақ? Дәрменсіздігін мойындап, айылын жия ма, әлде қанына сіңген астамшыл пиғылын жалғастыра бере ме? Ресей қанша жерден дөңайбат шексе де, жаңа әлем бұрынғы қызыл империяның қуыршағына айналған кезін артқа тастағанын қаперінде сақтауға тиіс.