Олигархтардың күні өтті ме?

Жуырда АҚШ-тың қаржы министрлігі ресейлік 8 олигарх, 17 мемлекеттік шенеунік және 14 заңды тұлғаға қарсы санкция жариялады. Олардың көпшілігі –  «Кремль тізімінде» есімі аталғандар, яғни Трамп әкімшілігінің шешімі бойынша Ресей президенті Владимир Путинге «жақын» адамдардың санатына қосылғандар. АҚШ-тың Қаржы министрі Стивен Мнучиннің айтуынша, санкциялардың енгізілуіне «бірқатар қаскөйлік іс-әрекеттер» себеп болған, оның ішінде кибершабуылдар, Ресейдің «батыс демократиясына қол сұғу» ниеті, Асад режимін қолдауы және Украинадағы қимылдары бар. Санкциялық тізімге енген тұлғалар және компаниялардың, сондай-ақ, олармен қандай да бір операциялар жүргізетін заңды тұлғалардың барлық активтері бұғатталады. Ал АҚШ азаматтарына олармен мәміле жасасуға тыйым салынды.

Санкциялар жарияланбас бұрын АҚШ басылымдары Ресейдің 2016 жылғы президент сайлауына килігу ісін зерттеумен айналысып жатқан арнайы прокурор Роберт Мюллердің жұмыс тобы АҚШ-қа келген ресейлік екі бизнесменді тергегенін хабарлаған еді. Америкалық тілшілердің жазуына қарағанда, «ресейлік олигархтардың» бірі Нью-Йорк маңына жеке ұшағымен қонған сәтте қамауға алынып, барлық электронды құрылғылары тексерілген. Екінші кәсіпкер де АҚШ-қа кезекті сапары кезінде ұсталған. Сонымен қатар, Мюллердің қарамағындағылар АҚШ-қа көптен бері ат басын бұрмай кеткен үшінші «ресейлік олигархқа» америкалық құқыққорғау органдарының өкілдерімен байланысып, сұраған құжаттарын ұсынуды өтінгендігі туралы ақпарат та БАҚ-та тез тарады.

Осы оқиғадан кейін ресейлік тілшілер Кремльге сауал жолдап, ресейлік олигархтар өздеріне АҚШ құқыққорғау органдары «қызығушылық» таныта бастағанын президент Владимир Путинге хабарлаған-хабарламағанын сұрады. Журналистердің бұл сұрағына мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жауап берді. «Ресейлік олигархтар» деген тіркесті қолдану орынсыз деп ойлаймын. Ресейде олигархтар жоқ. Олигархтардың уақыты келмеске кеткен», ‒ деді ол. «Олигархтар» сөзін «ірі бизнес өкілдері» деген тіркеспен алмастырған Песков: «Бұл мәселеге байланысты ірі бизнес өкілдерінен түскен қандай да бір ақпарат жайлы хабарым жоқ», ‒ деп қысқа қайырды.

Ресейдің вице-премьері Аркадий Дворкович те олигархтар елдің ескі дәуірімен бірге артта қалды деп есептейді. Биылғы қаңтар айында Bloomberg телеарнасына берген сұхбатында ол: «Бізде олигархтар жоқ деп ойлаймын. Бұл 1990 жылдардың тұжырымдамасы болатын. Қазір Ресейде жақсы жұмыс істейтін, әлеуметтік жауапкершілігі зор бизнесмендер бар. Олар жауапты іспен айналысып, ақша табумен қатар, елге қамқорлық көрсетеді», ‒ деген еді.

Шенділер «елде олигархтар жоқ» деп бой бермегенімен, Ресей тұрғындарының пікірі басқа. Жуырда Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы жүргізген зерттеуге қатысқан ресейліктердің барлығы дерлік (94 пайызы) мемлекетте әлі күнге дейін олигархтар бар екеніне сенімді. Респонденттердің тек үш пайызы ғана олигархтардың дәуірі келмеске кетті деп есептейді. Ал қалған үш пайызы жауап беруге қиналған.

Мамандардың айтуынша, сауалнамаға жауап бергендердің арасында олигархтар туралы жағымды пікірден гөрі теріс көзқарас басым. «Олигархтарға тағылатын негізгі кінә – заңсыз жолмен байығаны», ‒ дейді социологтар.

Жауап берушілердің көпшілігі Ресейдің бүгінгі олигархтарының қатарына Роман Абрамович (15 пайыз), Олег Дерипаска (8 пайыз) және Михаил Прохоровты (7 пайыз) қосқан. Бұған қоса, респонденттердің 52 пайызы олигарх деп дәулеті мол адамдарды атаған. Әлеуметтік зерттеу қорытындысы жарияланғаннан кейін көптің көкейінде олигархтарды бизнесмендердің «көнерген» түріне жатқызу ерте емес пе деген сауал туындағаны анық.

Олигархтар деген кім?

 «Олигархия» терминінің төркініне үңілсек, бұл сөз бастауын Ежелгі Грекиядан алады екен. Аристотель бұл ұғыммен дәулеті мол адамдарға өзгелерден басымырақ саяси құқықтардың берілуін меңзейтін басқару формасын атаған. Грек тілінен аударғанда олигархия «азшылықтың билігі» деген мағынаны білдіреді. Алайда олигархтар тек бизнесмендер емес, кез келген топтың, саланың өкілдері болуы мүмкін. Мәселен, Латын Америкасындағы әскери хунтаны айтуға болады. Алайда ресейліктердің ұғымындағы олигархтар – ықпалды кәсіпкерлер. Санаға сіңген, тілдік қолданысқа мықтап енген бұл түсініктен арылу шенділер ойлағандай оңай бола қоймайтын тәрізді.

Саясаттанушы Алексей Макаркин: «1990 жылдары бұл терминмен саяси ықпалы зор, дәулетті бизнесмендерді атау қалыптасты», ‒ деп еске алады. Оның пікірінше, Ресейдегі алғашқы олигархтар 1996 жылы пайда болды. Дәл сол кезде ірі капитал иелері мемлекет басшысы Борис Ельциннің төңірегіне топтасып, оның сайлауда жеңіске жетуіне көмектесті. «Сайлау кампаниясына қатысқаны үшін олар «айтарлықтай өтемақы» алды, алайды олигархтардың ықпалы 1998 жылғы қаржылық дағдарыстан кейін күрт әлсіреді. Салдарынан елдегі «олигархтық банктердің» көпшілігі құрдымға кетті. Тіптен дағдарыстан төрт түлігі түгел шыққандардың өзі жүдей бастады. Әсіресе, осы топтың белгілі өкілдерінің бірі – бизнесмен Борис Березовскийдің ықпалы едәуір бәсеңдеді», ‒ дейді А.Макаркин.

Саясаттанушының пікірінше, Ельцинге қарағанда Путиннің олигархтарға қарызы аздау. Өйткені 2000 жылғы сайлау кезінде елдегі бизнесмендер айтарлықтай саяси ықпалға ие бола қойған жоқ. «Бұған екінші шешен соғысы мен «патриоттық көңіл-күйдің көтерілуі» себеп болды», ‒ дейді маман.

Ал Санкт-Петербургтағы Еуропалық университеттің проректоры, «Күштік кәсіпкерлік» кітабының авторы Вадим Волковтың пікірінше, «олигархтар – қаржылық ресурстарын арттыра түсу үшін билікті ақшаға сатып алатын бақуатты адамдар». Сарапшы бүгінде билікке жақын жүретін, губернатор немесе министр лауазымына әлдекімді ұсына алатын кәсіпкерлердің әлі де бар екенін жоққа шығармайды. Алайда олар маңызды саяси шешімдер шығаруға, айталық, 2014 жылғы Қырым аннексиясын жариялау секілді мәселелерге араласа алмайтынына сенімді.

Билік өкілдері қанша жерден жоққа шығарғанымен, «олигарх» терминінің ширек ғасыр бойы қолданыстан шықпауы көп нәрсені ұқтырса керек. Саясаттанушылардың сөзінен түсінгеніміз, Березовский секілді «тағдыр шешуші» кәсіпкерлердің, келесі президенттің немесе премьердің кім болатынын нұсқай алатын миллиардерлердің кезеңі артта қалған. Алайда олардың жаңа нұсқасы бар – Путиннің айналасындағы ат төбеліндей адам. АҚШ аттарын тізіп, қара тізімге енгізіп жүргені де – сол бизнесмендер. Қаңтар айында АҚШ-тың Қаржы министрлігі санкция туралы жаңа заңға сәйкес «Кремль тізімін» жариялаған. Құжаттағы 210 есімнің арасында дәулеті 1 млрд доллардан асатын ресейлік 96 бай-манаптың аттары да бар. Айтпақшы, жуырда АҚШ салған санкциялар салдарынан Ресей қор нарығы құлдырағанда олардың көпшілігі дәулетінің едәуір бөлігінен айырылды. 9 сәуірдегі дерекке сүйенсек, елдің ірі кәсіпкерлері жалпы сомасы 11,7 млрд доллар қаражатын жоғалтқан. Forbes мәліметі бойынша, ең көп шығынға батқан – Олег Дерипаска. Rusal және En+ Group құнды қағаздарының күрт құнсыздануы салдарынан бизнесмен жиған-тергенінің төрттен бірінен, нақтырақ айтқанда, 1,3 млрд долларынан қағылған. Бүгінде оның дәулеті 4 млрд долларды құрайды, ал Forbes 2018 жылғы миллиардерлер тізімін жариялағанда Дерипасканың байлығы 6,7 млрд доллар болған еді.

Әлемдегі ең ірі никель өндірушілердің бірі – «Норильский никель» компаниясының қожайыны Владимир Потанин, сондай-ақ, елдегі бай-манаптар – Виктор Вексельберг, Сулейман Керимов, Андрея Скоч, Владимир Богданов пен Роман Абрамовичтің де жоғалтқаны аз емес. Сарапшылардың айтуынша, Скрипаль ісіне байланысты АҚШ-тың санкциялық тізіміне енген ресейлік кәсіпкерлер мен компаниялардың бәрі де азды-көп шығынға ұшыраған.

«Боярышник қайнатып ішіңдер!»

Кремль өзіне қарсы бағытталған санкцияларды жауапсыз қалдырмақ емес. 13 сәуір күні Госдумаға Ресейге қарсы санкция салған мемлекеттердің тауарын ел аумағына кіргізбеу туралы заң жобасы енгізілді. Оның ішінде АҚШ пен Еуропа елдерінде өндірілетін дәрі-дәрмектер де бар. Ресей бұл препараттардың орнына өзге елдерден шығатын баламалы дәрілерді тасымалдауға көшпек.

Бұл жаңалық ресейліктерді аса қуанта қойған жоқ. Өйткені елде созылмалы сырқатына байланысты батыстық дәрілерге байланған науқастар тым көп. «Россия-1» телеарнасындағы «60 минут» бағдарламасында осы мәселені көтерген «Аймақтың жобалар мен заңдар институты» қорының президенті Борис Надеждиннің айтуынша, жаңа заң америкалық бизнесті емес, ондаған миллион ресейлік науқасты тығырыққа тірейді. «Жасым келген адаммын, сырқатым көп. Гипертония қатты қинағандықтан, дәріге байлаулымын. Өкінішке қарай, қабылдайтын препараттарым Ресей дұшпан санайтын елдердің өнімі, мәселен, көбі Германиянікі», ‒ деді ол.

Надеждиннің шағымына Мемлекеттік думаның вице-спикері Петр Толстой жауап берді. Халық қалаулысы гипертониядан зардап шегетін барлық ресейліктерге шетелдік дәрілерден бас тартып, халықтық ем-доммен емделуге кеңес берді. Петр Толстойдың айтуынша, ауруға еменнің қабығы немесе боярышник тұнбасы шипа бола алады. Депутаттың телеэфир арқылы күллі ресейліктерге берген кеңесін сөзбе-сөз келтірсек: «Сендер оларды (дәрілерді – авт.) түкіріп тастаңдар! Еменнің қабығын, боярышникті қайнатып ішіңдер!».

Науқастар Толстой мырза ұсынған ем-домды жасаймыз деп орман-тоғай кезіп кетеді дегенге сену қиын. Дәріханада олардың дертіне шипа болар баламалы дәрі табылар. Алайда Кремль Батыстың тауарынан бас тарту елді ұшпаққа шығарар жол емес екенін, қырын қарап жүргендермен келіссөз үстеліне отырмай мәселе шешілмейтінін ұғуы тиіс.

 

 

Back to top button