Әлемдік білім – Алаш жерінде

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына 1 жыл толды. Осы уақыт ішінде Президент қадап айтқан айтулы мәселелерді шешудің жөн-жобасы жасақталып, бірқатар шаралар қолға алынды. Қазірдің өзінде сәтті жүзеге асып, ел халқының қолдауына ие болған жобалар баршылық. 

Атап айтатын болсақ, «Туған жер», «Киелі жерлердің географиясы» және «100 жаңа есім» жобаларын іске асыру барысында әлеуметтік инфрақұрылым дамытылып, мәдениет ескерткіштері қалпына келтірілді. Қазақ тілінің жаңа әліпбиін қолданысқа енгізу бойынша нақты қадам жасалды. Осындай маңызды бастаманың тағы бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылған алғашқы 18 кітап Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен көпшілікке таныстырылды. Белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары мен жас ғалымдар, депутаттар мен министрлер қатысқан алқалы жиынды жүргізген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде көптеген жүйелі жұмыстар атқарылғанын, соның ішінде ең маңызды жобаның бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» аясында 18 кітаптың жарыққа шыққанын баяндады. Бұдан соң былтыр «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру мақсатында құрылған Ұлттық аударма бюросының директоры Рауан Кенжеханұлы жобаны жүзеге асырудың жай-жапсарына кеңінен тоқталып, бір жыл ішінде атқарылған жұмыстардың жай-жапсарымен таныстырды. Жарық көрген 18 оқулықтың ішінде Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы: Сократтан Дерридаға дейін», Энтони Джон мен Патрик Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы, Антика философиясы» (4 томдық, І том) және «Батыс философиясының жаңа тарихы, Орта ғасыр» (4 томдық, ІІ том), Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы», Дэвид Бринкерхофтың «Әлеуметтану негіздері», Джорди Ритцердің «Әлеуметтану теориясы», Элиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз: әлеуметтік психологияға кіріспе», Дуэйн П.Шульц пен Сидней Еллен Шульцтің «Қазіргі психология тарихы», Дэвид Майерстің «Әлеуметтік психология», Грегори Мэнкью мен Марк П.Тейлордың «Экономикс», Дональд Ф.Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика», Рикки В.Гриффиннің «Менеджмент», Карен Армстронгтің «Иудаизм, Христиандық пен Исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны», Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хаймстің «Тіл біліміне кіріспе», Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», Алан Барнардтің «Антропология тарихы мен теориясы», Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» деген оқулықтары қазақ тіліне аударылған. Бұл кітаптар әлемнің 42 елінде 34 тілде басылған және 47 миллион таралыммен сатылған.

Елбасы аталған кітаптардың қазақ тіліне түпнұсқадан тәржімаланғанына және мұның маңыздылығына назар аударта кетті. «Бұл аудармадан жасалған аударма емес. Адамзат санасы тудырған ең таңдаулы туындылар түпнұсқа күйінен алынып отыр. Біз өз тарихымызда бірінші рет шет тілдерден тікелей қазақ тіліне жаппай аударудамыз. Мұндай заман қашан болған?! Біз әрине, әлем тілдерінен орыс тіліне тәржімаланғандарды қазақшалап, көп нәрсеге қол жеткіздік. Оны жоққа шығаруға да болмайды. Бірақ әр тілге аударған сайын түпнұсқасынан біраз өзгешелігі бәрібір қалыптасады. Ал осы жоба аясындағы туындылар жастарға гуманитарлық ғалымдар қазынасы арқылы бүкіл әлемнің есігін ашып береді. Бұл ғажайып білім қорын игеріп қана қоймай, іс жүзінде кәдеге жаратуымыз керек», – деген Президент оқулықтарды тиімді пайдалану мемлекеттің де, қоғамның да міндеті болуы қажеттігін нықтады.

Сонымен бірге, үнемі аудармаға жүгіне бермей, төл ғалымдарымыздың да жаһан игілігіне айналар туындылар жасауы маңызды.

«Осы оқулықтар арқылы біздің ғалымдарымыз да қуат алып, шабыттанып, түбінде сондай дүниелерді өмірге әкеледі. Түпнұсқасын қазақ тілінде, қазақшалап жазады деген үміттемін. Бұл оқулықтар жас ғалымдарымызға рух беріп, ізденіс жолына салса жөн. Қазақстандықтар да сондай кітаптарды шығаруға қабілетті екеніне сенімдімін», – деген Мемлекет басшысы «100 жаңа оқулық» жобасының жас ұрпаққа білім беру ісіндегі рөлі зор екенін айтты. – Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуға тиіс. Сондықтан біз 800 кітаптан тұратын үздік оқулықтардың ауқымды тізімін әзірледік. Ұлттық аударма бюросы құрылып, жұмысына кірісті. Бұл  бүкіл әлеуметтік-гуманитарлық сала үшін маңызды. Алғашқы зияткерлік транш АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Швейцария сияқты алдыңғы қатарлы елдердің ең үздік ғылыми еңбектерін қамтиды. Бұл кітаптармен танысуға мүмкіндік алған жастарымыз көп емес. Бұл – ауқымды энциклопедиялық ізденіс арқылы адамзат дамуының көкжиегіне жол ашатын кезең. Бүгінде зияткерлік даму үдерісінен туындаған тың серпіннің арқасында рухани революция бастау алып келеді», – деген Нұрсұлтан Назарбаев оларды кітап күйінде шығарумен шектелмей, электронды нұсқасын жариялау маңызды екенін және де биыл бірнеше шетелдік оқулықты орыс тіліне де аудару мәселесін қарастыруды тапсырды. Себебі жаңа оқулықтар – эксклюзивті гуманитарлық кітапхана. Бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электрондық онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта қолжетімді болмақ. Кітаптар латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алатыны сөзсіз.

Осылайша, «Америкалық студенттер – 280 долларға, ұлыбританиялық шәкірттер 70 фунттан қымбатқа өздері сатып алатын осындай құнды туындыларды мемлекет бюджет қаржысына аудартып, мемлекеттік тілде оқушы жастарға тегін ұсынбақ. Бұл әрине, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, оған деген сұраныстың артуына ізгі ықпал етпек», – деген Президент жоғарыда айтылған құнды еңбектерді бизнеспен айналысқысы келетін азаматтардың оқып шығу керектігін ескерте кетті. Себебі бұл бестселлерлер қазіргі заман кәсіпкерінің жаңа мүмкіндіктерді көре білетін, оны нарықтық идеяға айналдырып, өмірде жүзеге асыратын тұлға болуы керектігін нықтайды.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық аударма бюросына бірқатар нақты тапсырма берді. Бірінші, 2018 жылға жоспарланған 30 кітаптың ары қарай сапалы аударылуын және басылып шығуын қамтамасыз ету керек. Қаржыландыру уақытылы әрі толық бөлінуге тиіс. Келесі жылы аударылады деп жоспарланған оқулықтар өз уақытында іріктеліп, талдаудан өткізілуі керек. Екіншіден, бұл оқулықтарды білім беру үдерісіне тиімді түрде енгізу – маңызды міндеттердің бірі. Осы оқулықтар бойынша оқытылатын пәндер жаңа оқу жылының білім беру бағдарламаларына енгізілуі қажет. Үшіншіден, ғылыми тәжірибеде қолданылатын барлық терминдерді жүйелендіріп, гуманитарлық және экономикалық лексиканың жаңа түсіндірме сөздігін шығару. Төртіншіден, оқулықтар кәдімгі кітаптар сияқты басылып шығуы керек. Сонымен қатар онлайн білім беру ісін дамыту қажет. Қазір дамыған елдерде виртуалды университеттер бар. «Қазақстанның ашық университеті» жан-жақты қолдау тапқаны жөн. Ашық лекциялар видеотекаларының және солардың негізінде дайындалатын оқулықтардың сапасын қадағалауға ерекше назар аудару қажет. Бесіншіден, «100 жаңа оқулық» жобасы ғылыми аударма мектептерін дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан аударма саласында тәжірибенің, білімнің және кәсіби дағдының жүйелі дамуын қамтамасыз ету керек, – деп түйді Мемлекет басшысы.

Бір айта кетерлігі, бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуына еліміздің барлық өңірі атсалысуда. Бір жыл ішінде «Туған жер» жобасы аясында меценаттардың қолдауымен 51 млрд теңгеге 700-ден астам мәдениет ескерткіші жөнделіп, қайта қалпына келтірілді. Жүздеген ғылыми экспедиция ұйымдастырылып, туған жердің әрбір түйір тасы ерекше қамқорлыққа алынуда. Ал биыл бұл жобаға 4 млрд теңгеге жуық қаржы аударған олар 61 млрд теңгеге 450 нысан салуды және жөндеуді жоспарлаған.

 

 

Back to top button