500
Әлем әйелмен әдемі
Әлем әйелмен әдемі
Белгілі журналист, «Түркістан» газетінде талай жылдан бері қызмет етіп келе жатқан әріптесіміз Таңсұлу Алдабергенқызының «Әйелмен әлем әдемі» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Елімізге танымал қаламгерлер мен өнер қайраткерлерінің жарлары айтқан сырға толы әңгімесі жинақталып, кітап болып шықты. Бұл – журналистің бұған дейін жарық көрген «Әйел - Әлем» атты еңбегінің жалғасы іспеттес дүние.
Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов «Түркістан» газетіне басшылық жасаған кезде «Әйел – әлем» арнайы бетін ашу идеясын ұсынып, оның тұрақты шығып тұруын құп көріпті. Ол 2001 жылы алғашқы шығарылымына жазған беташар сөзінде: «Ер – елдің иесі, әйел – үйдің киесі» деген сөз бар қазақта. Дегенмен де бүгінгі әйел отбасы, ошақ қасының айналасында қалып қоймай, алысқа қарайтын болды. Бұл ерлерден ерекшеленіп, ерлермен қатар тұрып, ердің ісін істеп жүр деген сөз емес. Әйел қашанғыдай өзіне тән мінезімен, өзіне ғана тән қасиетімен қазақи тіршіліктің тамырына қан құйып келеді. Әйел бақытты болса, бәріміз бақыттымыз» деген екен. Міне, содан бері әйел жанының терең тұңғиығына бойлап, қазақтың біртуар азаматтарының адал жарларының келбетін ашуға тырысқан Таңсұлу Алдабергенқызы қаншама кейіпкермен сырласты, сыр ақтарысты.
Кітаптың тұсауын үш буын өкілі – белгілі жазушы Кәмила Құдабаева және танымал журналистер Гүлзейнеп Сәдірқызы мен Гүлзина Бектасова кесті. Автордың кітабын қолына алған журналист Гүлзейнеп Сәдірқызы: «Таңсұлудың бұл кітабын қалам ұстаған қыз-келіншектердің, әйел-аналардың ауылындағы елеулі оқиға, көп жылғы еңбектің жемісі деп білемін. Задында, нәзік жандарға, әсіресе, қазақтың әйеліне жауынгер жанр саналатын журналистика саласында отбасын да, бала тәрбиесін де, ағайын-туғанға бауырмалдықты да, дос-жаранмен сыйластық қарым-қатынасты да бірге алып жүрсе де, бәрібір бір жағы ақсап жатады. Ал Таңсұлу соның бәрін бірге алып, біреуін де ақсатпай жүрген журналист. Төрт баланы дүниеге әкеліп, оларды өсіріп, бүгінде бақытты әже болса, жүрегін жарып шыққан екі кітабы да – рухани перзенттері. Әр әйел – бір әлем. Міне, сол әр әйелдің әлемін жаратылысы бір әйелден артық кім түсінер?! Кітапта қанша кейіпкер болса – соншама өз дара жолдары бар тағдыр иелері», – деді.
Кілең қолына қалам ұстаған қыз-келіншектер бас қосқан шара емін-еркін пікір алмасу алаңына айналды. Әйел – ана, әйел – жар, әйел – дос. Қашанда ерін бағалап, өз бағасын арттырып отырған әйел қауымының қоғамдағы, шығармашылық саладағы рөлі туралы әңгіменің тиегі ағытылды. Ақын-жазушының жары болудың бақытты сәттерінен сыр шерткен кітап кейіпкерлері тәрбиелік мәні зор естеліктерімен бөлісті.
Ал әйел тақырыбындағы шығармалары арқылы оқырман қауымның жүрегіне жол тапқан жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы кітаптың алғысөзінде: «Таңсұлудың сұхбаттарынан байқалатын басты ерекшелік: сұрай біледі және таңдай біледі. Сондықтан сұхбат берген адам барынша ақтарыла сөйлейді. Мұндағы жазылған сан ойлар, алуан пікірлер, бауырмалдық пен отбасылық жарасымдылықтар әрі сүйсінтеді, әрі сағындырады...» деп жүрекжарды лебізін білдірген екен.
Шынында да, «Әйелмен әлем әдемі» – атақты адамдардың ауылы мен отбасын аралап қайтатын игі сапар секілді еңбек. Үш бөлімнен тұратын кітаптың бірінші бөлімінде сұхбаттар, екінші бөлімде ұлттық дәстүр мен тәрбие және отбасы мәселелерін қозғайтын мақалалары топтасса, үшінші бөлімде қазақ өнерпаздарынан әр кезде алған сұхбаттары жинақталған. Кез келген кейіпкердің әңгімесінен өмірде сабақ болатын, мақсатқа жету жолында үлгі көрсететін дүние таба аласыз. Автордың ұстанған бағыты да, кітапты шығарудағы мақсаты да сол. Осы басқосуда белгілі әншілер Бағдат Сәмединова, Баян Сағымбаева, Сәуле Жанпейісова әннен шашу шашып, әдемі рухани кештің сәнін келтірді.