ДАВОСТАҒЫ ДАҢҒАЗА

ДАВОСТАҒЫ ДАҢҒАЗА

ДАВОСТАҒЫ ДАҢҒАЗА
ашық дереккөзі
259

Бүкiл әлемнiң назарын өзiне аударған Давостағы экономикалық форум кейбiр жекелеген мемлекеттердiң өз-өздерiне жарнама жасауымен, бұған дейiн айтыла-айтыла жауыр болған жоспарларды қайта еске түсiрумен шектелдi. Ал “қаржылық дағдарыстан шығар жол қайсы?”, “дағдарыс қанша уақытқа созылмақ?”, “тоқыраудан кейiн әлемдiк экономика қай бағытта дамуы тиiс?” деген тәрiздi басқа да маңызды сұрақтарға жауап табылған жоқ. Өкiнiштiсi де – осы.

Әлемдiк қаржылық дағдарыстың әлегi көбейiп барады. Дүниежүзiлiк экономикаға төнген рецессия, стагнация қаупi, деңгейi артқан жұмыссыздық, күннен күнге тынысы тарылып бара жатқан қаржы жүйесi, “жүйкесi” сыр берген әлеуметтiк ахуал, қатары көбейiп келе жатқан сiңiрi шыққан кедейлер, ақша мен банкроттың күйiгiне шыдамай, өз өзiне қол салған миллиардерлер, қай саланы қамтуды бiлмей абдыраған үкiметтердiң дағдарысқа қарсы күрес бағдарламалары, мемлекеттердi тiзе қоса отырып, әрекет етуге шақырған халықаралық ұйымдардың қауқарсыздығы, сан елдiң астаналарындағы “күлтөбелердiң” басын күнде жиынға айналдырған түрлi басқосулар… Тiзе берсең, тiзiм созыла берерi айқын. Тек “ауыздағыны кетiрген алтаудың” керiн келтiрiп отырған әлем онсыз да ширығып тұрған экономикалық ахуалды ретке келтiре алмай отыр. Биыл жыл басындағы көрсеткiштерге сүйенсек, экономикасы күнi кешеге дейiн қарқынды дамып келген Қытайда 20 миллионға жуық адам жұмыссыз қалса, АҚШ-та – 600 мыңнан астам, Германияда – 20 мың, ал Ресейде 1 жарым миллионнан астам адам – қызметсiз. Бұл елдегi экономикалық жағдайдың күрделенгенiн байқатады. Өткен аптада Давоста бас қосқан 40-тан астам әлем көсемi 2007 жылы басталған қаржылық дағдарыстан шығар жолды көрсетудiң орнына, оның себебi мен салдарын, келген шығынды сарапқа салумен шектелдi. Кейiнгi кездерi әлемдiк саясатқа ықпал етуге жанталасып жүрген Ресей тегiн жарнамаға бiр жетiсiп қалды. Форумды ашу салтанаты бұйырған РФ премьер-министрi В.Путин энергетикалық қорларды Батысқа тасымалдауда Ресейге тең келетiн мемлекеттiң жоқтығын, Еуропа басқа елдерге арқа сүйемес үшiн “Газпром”, “РосНефть”, “Лукойлға” тиесiлi пайыздық көрсеткiштердi төмендететiнiн жеткiздi. Мұның астарында Еуропалық Одаққа “тасымал жолдарын iздеп әуре болма” деген ескерту жатқаны анық. Путин Ресейдегi математиктер мен компьютерге мамандандырылғандардың деңгейi өте жоғары екенiн айтуды да ұмытпады. Есесiне, “әлемдiк қаржылық дағдарыстан құтылудың төте жолы қайсы?”, “дағдарыс қашанға дейiн созылмақ?”, “тоқыраудан кейiн дүниежүзiлiк экономика қай бағытта дамуы тиiс?” деген басты сауалға жауап табылмады. Үкiметтердiң бiрiккен iс-шара жоспарлары да нақты бекiтiлмедi. Басқаша айтқанда, Давостағы форумда “Бiздерде мынадай бар, мынадай бар” деп құр мақтанумен шектелген әлемдiк көсемдер келесi бiр “күлтөбеде” өткiзiлетiн тағы бiр жиынға асыға аттанысты.

Қазiргi кезде жеке-дара әрекет етуге көшкен елдер бар салмақты мемлекеттiк бюджеттiң мойынан артып отыр. Әсiресе, шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға, экономиканың белгiлi бiр салаларын қаржылық қиындықтан құтқаруға. Түрлi ұйымдар тарапынан ұсынылатын көрсеткiштер де көңiл қуантатындай жағдайда емес. Өткен аптада Халықаралық қаржы қоры 2009 жылға арналған әлемдiк экономиканың өсу болжамын 2,2 пайыздан 0,5 пайызға дейiн тағы төмендеттi. Демек, биыл өндiрiстiк тұрғыда дамыған елдерде стагнация мен рецессия орын алмақ. 2008 жылы халықаралық сарапшылар қауымы “дамушы елдердiң экономикасы баяу да болса, дами бередi” деген болжамы да терiске шықты. Қаражат қорына бай экономикасы дамушы мемлекеттер дамыған елдерге сеп болады деген үмiт те келмеске кеткен. Қаржылық қиындықтың кесiрiнен тығырыққа тiрелген банктер арзан әрi оңай тартылатын қаражат көзiне айналудан қалған. Халықаралық деңгейдегi импортерлер тарапынан тұтынушылық сұраныс деңгейiнiң күрт кемуi жағдайды одан сайын ушықтыра түстi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары