“ШЫFЫНДАРДЫ ҚЫСҚАРТУ” “ШТАТТЫ” ҚОСА АЛЫП КЕТПЕСЕ

“ШЫFЫНДАРДЫ ҚЫСҚАРТУ” “ШТАТТЫ” ҚОСА АЛЫП КЕТПЕСЕ

“ШЫFЫНДАРДЫ ҚЫСҚАРТУ” “ШТАТТЫ” ҚОСА АЛЫП КЕТПЕСЕ
ашық дереккөзі
383

Әдетте, бiреудiң қалтасындағы ақшасын санау әдепсiздiкке саналатын. Бiрақ ел басына күн туғанда, батыры кiм, қорқағы кiм екенi анықталатыны сияқты, қымбатшылық пен қаржы дағдарысы кезiнде қалталы кiм, жалаңаяғы кiм екенi де сарапқа салынады екен. Бәрi Елбасы тапсырған, Үкiмет қолдаған “…шығындарды қысқартамыз” деген сөзден шықты…

Елбасы тапсырмасын “Самрұқ-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры “iлiп әкеттi”. Дағдарыс жағдайында қор басшылары “шығындарды азайту” мақсатында 2008 жылдың жылдық бонустарынан бас тартуға шешiм қабылдапты. Сондай-ақ, 2009 жылдың бюджетiнде қордың басшыларына тиесiлi жылдық бонус қарастырылмаған.

Дамыған Еуропада, Америкада, көршi Ресейде топ-менеджерлердiң табысы әрдайым жұртқа жария. Қаржылық дағдарыс жағадан алмағанда, “жалақымыз мұндай едi” деп “самрұқтықтар” айтпаған болар ма едi, кiм бiлсiн… “Самрұқ-Қазына” басшыларының жалақысы қанша екенi осы “шығын қысқарту” үстiнде бiлiндi. Төраға Қайрат Келiмбетовтiң айлығы аз-кемi жоқ – 1260000 теңге. Басқарма мүшелерiнiң айлық жалақысы 1,3 миллион теңгеден аспайды деген мәлiмет те айтылды.

Дегенмен, қор компанияларының бәрiнде бiрдей биылғы жылы жалақы қоры өзгерiссiз қалмақ…

“Шығындарды қысқарту” “акциясына” Мәжiлiс депутаттары да өз үлестерiн қосып жатыр. Орал Мұхамеджанов “кезiнде бiз жылына 50-60 жеңiл көлiк, жүздеген компьютер сатып алған кезiмiз болған, ендi ондайды қою керек” деп ашық айтты. Мұхамеджановтың айтуынша, Парламенттiң былтырғы бюджетiнен республикалық бюджетке 160 миллионнан астам теңге қайтарылған көрiнедi. Ал биылғы жылдың бюджетi 1 миллиард 300 миллион теңгеге қысқарған. Бұл “қысқарту” шетелдiк iссапарларды азайту, көлiк, жиһаз, құрал-жабдық сатып алуды шектеу, т.б. арқасында жүзеге асып отыр.

Тiптi, алпауыт компаниялардың өзi де “шығындарды азайтуға” белсене кiрiсiп кеткен сыңайлы. Тек бұл iсте алпауыттардың “қысқартуды” еңбек адамдарының нәпақасынан бастағаны өкiнiштi. “Арселор Миттал Темiртау” АҚ былтырғы жылдың қазан айы iшiнде 4200 адамды мәжбүрлi демалысқа жiбердi. Сондай-ақ, компания өндiрiс көлемiн де бiрқатар азайтып, кейбiр кен орындарындағы жұмысты уақытша тоқтатты. Көмiр шахталары кәсiпорындарында жұмыс аптасы төрт күнге қысқартылды. Мұның бәрi компанияның жалпы табысын үнемдегенiмен, қарапайым жұмысшылардың тұрмысын қиындата түсетiнi сөзсiз.

Салыстыру үшiн айталық, статистика жөнiндегi агенттiктiң дерегiне сәйкес былтыр елдегi орташа айлықтың көлемi 59 575 теңге болған. Орташа айлық 500 долларға жуықтады. Дегенмен, алақайлап қуана қоятын ешнәрсе бола қойған жоқ. Орташа айлықты есептегенде, жоғарыдағыдай бiр миллионнан асатын жалақылар жоғарғы көрсеткiш ретiнде алынатындығы түсiнiктi емес пе? Ендеше, қара халықтың жағдайы анау айтқандай мәз емес-ау.

2007 жылы орташа айлықтың көлемi – 42 452 теңге (340 доллар) болған. Осы жылы Ресейдегi орташа айлық 400 долардан сәл асқан екен. Статистика жөнiндегi агенттiктiң осы жылғы мәлiметтерiне жүгiнсек, ең жоғарғы жалақы қаржы саласы қызметкерлерiнде болыпты: 103,5 мың теңге. Одан кейiн табысы жөнiнен тау-кен өнеркәсiбi қызметкерлерi – 78,4 мың теңге, ал көлiк және коммуникация қызметкерлерi үшiншi орында – 57,8 мың теңге. Атырау облысындағы жұмыскерлер жалақыны басқа аймақтарға қарағанда 1,8 есе көп алады екен.

Бiрақ жоғарғы көлемдегi жалақылар да “шығын қысқарту” “акциясының” қырына ұшыраған сияқты. Көптеген кәсiпорындарда қызметкерлер арасында “штат қысқарту” жүргiзбес үшiн, айлық жалақы көлемiн азайтуға шешiм қабылданған. Бұл да болса, дағдарыс кезiнде әлеуметтiк жарылыс туғызбаудың алдын алудың қамы екенiне күмән жоқ.

Халықаралық еңбек ұйымының дерегiне сәйкес, биыл жұмыссыздар қатары 5 миллион адамға көбейедi. Олар негiзiнен құрылыс саласының, банк, несие тарату мекеме қызметкерлерi, риэлторлар. Ресми дерек бойынша, республикада жұмыссыздық 7 пайыз деңгейiнде. Дегенмен, бұл көрсеткiшке сенiмсiздiкпен қарайтындар да көп.

Қаржылық дағдарыс кейбiр қызмет түрлерiн “жағаға” шығарып тастады. Соңғы төрт-бес жылда “сәнге” айнала бастаған курьер, клерк деген қызметтер ендi керексiз болып қалды. Дегенмен де, “Өз кәсiбiнiң шын маманының дағдарыс кезiнде де қадiрi қашпайды” дейдi сарапшылар. Дағдарыс жағадан алып, қымбатшылық етектен қапқанда, жұмыссыздық үрей ұшырмасын деймiз.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары