Бекжан ПЕРДЕШҰЛЫ РАЙЫМБЕРДИЕВ: ОТАНДЫҚ ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯЛАРЫНА ЕРЕКШЕ КӨҢIЛ БӨЛУ ҚАЖЕТ

Бекжан ПЕРДЕШҰЛЫ РАЙЫМБЕРДИЕВ: ОТАНДЫҚ ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯЛАРЫНА ЕРЕКШЕ КӨҢIЛ БӨЛУ ҚАЖЕТ

Бекжан ПЕРДЕШҰЛЫ РАЙЫМБЕРДИЕВ: ОТАНДЫҚ ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯЛАРЫНА ЕРЕКШЕ КӨҢIЛ БӨЛУ ҚАЖЕТ
ашық дереккөзі
286

Елiмiзде ел үшiн, атамекен жер үшiн ыстығы мен суығына да бiрдей төзiп, оның өркениетiне өзiнiң сүбелi үлесiн қосып, өз шама-шарқынша халыққа пайдасын тигiзiп жүрген абзал азаматтар көптеп кездеседi. Әрине, олардың арасында шамалы қаржысын шашса телеарна мен газет беттерiнен өзiн жиi көргiсi келетiндер де,жасаған тiрлiгiн көбiне өз мүддесiне орай келтiретiн ағаларымыз да жоқ емес.

Ал, ендi бiз тiлге тиек етпекшi болған азамат мүлде басқаша азамат десек те болады. Ол өзiнiң кiшiпейiлдiгiмен, жаны жайсан мiнезiмен, көңiлге қонымды мәмiлесiмен қоса ұлтжандылығымен ерекшеленiп тұратын қасиет иесi. Бүгiнде есiмi тек қана Оңтүстiк Қазақстан облысында ғана емес, сондай-ақ өзiнiң сапалы еңбегiмен елiмiздiң басқа да аймақтарына танылған “ҚазОилсервис” ЖШС құрылыс компаниясының басшысы Бекжан Пердешұлы Райымбердиевпен сұхбат алудың сәтi түскен едi. Аталмыш құрылыс компаниясы таяуда Ақтаудағы Комсомольск елдiмекенiнiң аумақтарында газ құбырларын көлемдi шақырымдарда орнату бойынша өз жұмыстарын нәтижелi аяқтап қайтыпты.

– Бекжан Пердешұлы, бүгiнде әлемде жүрiп жатқан экономикалық дағдарыстың бiздiң елiмiздi де сырт айналып өтпегенi белгiлi. Осы орайда мынау қыс мезгiлiнiң де оңтүстiк өңiрiнiң халқын бiраз әбiгерге салып жатқаны тағы бар. Оңтүстiктiң орталық қаласы шырайлы Шымкенттiң қысқа дайындығы да әлсiз болғанын көпқабатты үйлердiң жылу батереяларынан да бiлудiң өзi жеткiлiктi шығар…

– Әрине, қазақтың қайнаған ортасы саналатын оңтүстiктiң орталық қаласы Шымкенттiң гүлденiп өркендей беруiне бәрiмiз де ниеттес, тiлектеспiз. Дегенмен, мынау қыс мезгiлiнде қала халқы бiршама қиналғаны рас. Бұл орайда қала әкiмшiлiгi де қол қусырып отырған жоқ деп бiлемiн, жылу жүйесiн барынша жаңартуға әрекет етiп, тырысып бағуда. Бұл орайда нақты айтатын болсақ, биыл ЖЭО -1 23 шақырым жерге 1000-дық құбырғы инвестициямен тартты. Шындап келгенде жылу қазандықтары 1943-46 жылы тартылған екен, ол жүйелер бүгiнде металлаломға да жарамсыз екенi белгiлi. Бұл салада әлi де қыруар жұмыстар өз кезегiн күтiп тұр. Қазiрде 80-90 пайыз инвестиция арқылы осы жылу мәселесi шешiлуде. ЖЭО-3 мекемесi де әбден бүлiнiп, шiруге айналған коммуникацияларды күрделi жұмыстан өткiзiп, бiршама оңды iстер атқаруда. Бұл орайда бар тiрлiк қаржы мәселесiне келiп тiреледi. Қаладағы жұмыстарға ақша жеткiлiктi бөлiнбеген, сонда да мердiгерлерiмiз еңбек етiп жатыр. Шынтуайтын айтқанда, Шымкент өндiрiстiк қала болған ғой, үкiметтен қыруар қаржы бөлiнiп жатады. Сол қаржылар кейде қайда кетiп жатқанын өз басым бiле алмаймын. Халық саны жылдан-жылға өсiп келедi, қала аумағы да кеңейiп жатыр. Жемқорлыққа бой бермей, ел үшiн, адал еңбек ететiн уақыт әлдеқашан келгенiне 17 жыл болды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлының өзi де оңтүстiкке жиi келiп, ерекше назар аударатыны да белгiлi ғой. Президент бағдарламасына сәйкес “100 мектеп, 100 аурухананың” басым бөлiгi де осы елде салынуда. Яғни, қазақтың қаймағы ұйыған оңтүстiктiң орталығы өзгелерге үлгi боларлықтай болса екен деймiн. Бұл үшiн тек ынтымақпен адал,қажырлы еңбек ету қажет. Сонда ғана биiк белестерден көрiне аламыз.

– Бекжан Пердешұлы, “ҚазОилсервис” ЖШС-де бүгiнде 200-ге жуық азамат жұмыс iстейдi екен, бұл деген екi жүз отбасыны да қоса асырайды деген сөз. Мына дағдарыс белең алып тұрған бiр уақытта, барлық жерлерде осыған орай штаттық қысқартулар, жұмысын тоқтатулар көбеюде. Ал ендi, сiздерде жағдай қандай?

– Қазiргi дағдырыс кезеңi шынында да өз әсерiн тигiзбей қоймағаны анық. Құрылыс жұргiзген нысандарымыздың жұмыстары аяқталғаннан кейiн де өз ақшаларымызды ала алмай жүрген жағдайларда жиi болуда. Оның үстiне банктен алған несиелерiмiздiң үстеме пайызы да артып отыр. Оны дер кезiнде төлей алмай, тағы қиналамыз. Сонда да әйтеуiр әупiрiмдеп, өз жұмысшыларымның айлықтарын уақытында төлеп келемiн. Олардың маған деген сенiмiн жоғалтпауға тырысамын. Тағы бiр айтып өтетiн жәйт, өткен жылы Түлкiбас, Сарыағаш аудандық ауруханасынның негiзгi ғимараттарын күрделi жөндеуден өткiздiк. Сол Сарыағаштағы аурухананың хирургия бөлiмiн ендi бiтiруге таяу қалғанда, перзентхананы да (бұл сметадан тыс едi) өтiнiш жасаған соң, оны да күрделi жөндеуден өткiздiк. Мұны облыс әкiмшiлiгi де, аудан да, Денсаулық сақтау департаментi де өз көздерiмен көрiп, жұмыс сапасына өз ризашылықтарын бiлдiрген-дi. Сонда қосымша 18 млн. теңгенiң жұмысы iстелiнген едi. Мiне сол ақшамызды әлi күнге ала алмай жүрмiз. Облыс әкiмiне бiрнеше рет хат жаздық. Жауап жоқ. Тамара Дүйсенқызы қазiр министрлiкке ауысып кеттi, Дудник мырза да қарасын өшiрдi. Облыс әкiмi Н.Әшiмiовтың қарасатын сыңайы байқалмайды. «Көрмес түйенi де көрместiң» кейпiн киiп жүр. Жұмысшыларыма айлықты қарыз алып жүрiп төледiк.

Адал еңбектiң ақысын жеуге бола ма?!

Дегенмен бiз өз жұмыстарымызды жүргiзiп келемiз.Қазiргi жұмысымыз газ құбырларын жүргiзу бағытында. Бiзде бұған қажеттi барлық техникалық базамыз жеткiлiктi. Таяуда ғана Ақтауда осы бағытта жұмыс iстеп қайттық. Бүгiнгi таңда Халықаралық деңгейдегi Өзбекстан – Түрiкменстан – Қытай бағытындағы газ құбырларының жұмыстары басталып кеткенi белгiлi. Бұл бағыт бiздiң оңтүстiк арқылы өтедi. Осы салада белсендi қатысып, жұмыс атқарсақ деген ойымыз бар.

– Осы орайда бiр сұрақ туындап отыр. Сiздер сияқты отандық құрылыс компанияларына бүгiнгi көзқарас қандай? “Қолда барда алтынның қадiрi жоқ”– демекшi, әлде, шеттi жарылқап жүрмiз бе?

– Бұл тұрғыда менiң жеке пiкiрiм, жергiлiктi құрылыс компанияларына әлi де болса көңiл бөлу жеткiлiксiз деңгейде. Шымкенттiң өзiнде түрлi құрылыс нысандары салынуда, оны салып жатқандардың көбiсi шеттен келген немесе шет ел фирмасымен бiрге iстейтiн (СП) компаниялар. Сол жұмысты отандық жергiлiктi компаниялар да атқара алады. Жоқ бiз шеттен әкелуiмiз керек. Жұмыс күшi де шеттен келедi әрине. Олар деген жұмыс бiткеннен соң кетпей ме!? Оның сапасы, кейбiр қосымша тiрлiктерi қалмай ма құрылыс болған соң, өз жайына қалады. Ал ендi, соны жергiлiктi компания алса болады ғой, оларға қарағанда жан ашырлықпен қарамай ма өз жерiне. Патриоттық сезiм деген болады. Кем-кетiгi болса кейiнде келiп түзетуге мүмкiндiк туады. Кейде өз қадiр-қасиетiмiздi өзiмiз бiлмейтiнiмiз көңiлге ренiш ұялатады.

– Беке, сiз патриоттық сезiм жайлы айттыңыз, жалпы өзiңiз де қазақ жастарын, оның iшiнде спорт, өнер жұлдыздарына, жалпы ынтасы бар жастарға демеушiлiк жасап, үнемi назардан тыс қалдырмайды екенсiз. Бүгiнгi жастар – ертенгi болашағымыз жайлы ойыңызды айтсаңыз…

– Жақында “ҚазСтройсервис” филиалының директорымен (Иран жiгiтi едi) кездесуге бардым. Қабылдамады. Өз жерiмiзде бiреуге тәуелдiмiз. Осындай үлкен менеджменттiк фирмаларда бiр қазақтың ар-намысын ойлайтын, қазақ азаматтарының жоғына қарным ашады. Қазақстанның әлем деңгейiндегi үлкен компаниясы болғанымен, билiктi уақытша шетел азаматтары басқарады. Бұл қалай? Сонда бiздiң азаматтар басқара алмай ма?! Әлде қабiлетi жоқ па? Бiзде бәрi бар: талант та бар, өнер де бар жүректе бар, Алла бiзге бәрiн берген. Бiрақ, ЫНТЫМАҚ пен БIРЛIК жетiспейдi. Қай сала болмасын, бiрiншi кезекте өз ұлтымыз тұруы қажет. Бұл менiң — Отаным, менiң ұлтым, менiң жерiм деген ұғым әр қазақтың санасында болуы қажет деп санаймын. Әрине үлгi боларлық жiгiттерiмiз жоқ емес. Мысалға, “Труба Петролиум” компаниясында 90 пайыз қазақ азаматтары жұмыс iстейдi екен, солардан өнеге алуға болмас па? Өткен жылғы Атыраудағы қазақтардың түрiктерге қарсы көтерiлiсi неден болды?! Қазақтың намысын таптағандықтан. Қазақ бiр көтерiлмесiн, бiр көтерiлсе қиын! Қиын болады тегiнде!..

Өз басым қазақ жастарына сенемiн, бiздiң компаниямызда көбiне жас қазақ азаматтары еңбек етедi. Оларды кәсiпке баулуда, өнер үйретуге, сол маман бойынша оқытуға үнемi көңiл бөлiп, жағдай жасауға тырысамын. Жер-жерлерден өздерi iздеп келiп жатады. Одан қала бердi оралман бауырларымыз да өте еңбекқор, ынталы өнерлi болып келедi. Жас кадрларды дайындауда да өз жоспарларымызды жүзеге асырудамыз. Туған аулым Сайрам ауданы, Қарасу елдiмекенiнде үлкен техникалық базамыз орналасқан. Сол жерде жоғары класты: дәнекерлеушi, токарь, эксковаторшы, электршi, тағы басқа да қажеттi техникалық мамандар дайындайтын оқу орнын өз қаржыма салып дайындадым. Ендiгi мәселе – Ғылым және бiлiм министрлiгiнен тиiстi құжаттарды алуға сұраныс жасап күтудемiз. Қай жердi қарамаңыз, жоғарыдағы мамандықтарды өзге ұлт өкiлдерi меңгерген. Қазақ жастарының қолдарынан да келедi. Бiрақ соған жағдай жасап оқытуға, үйретуге, сүйемелдеуге келгенде керi тартатынымыз бар. Жастарымыздың толық бiлiм алуы үшiн ештеңеден аянбау керек. Мен әрiптестерiмдi осыған шақырамын! Жастарымызды қанатымызға алайық, болашақ мұрагер солар ғой. Демеушiлiгiмiз жайында айтатын болсам, спорт саласында белгiлi бокс бапкерi Мырзабек Айтжанов, Сидней олимпиадасының жүлдегерi Олжас Оразалиев (бүгiнде менiң орынбасарым болып жұмыс iстейдi) дайындаған Бейжiң олимпиадасына қатысқан спортшыларымыздан Бiржан Жақыповқа, сондай-ақ жас боксшы Асқаровқа және басқа да күрескер жiгiттерге демеушi болып, мекемемiз атынан қаржылай үзбей көмек берiп келемiз. Кез келген мемлекеттiң атын, Туын, Әнұранын әлемге екi-ақ адам шығарады, оның бiрi – Президент болса, екiншiсi – спортшы. Өз басым спортты қатты сүйемiн, онымен шұғылданған жастарға үнемi бүйрегiм бұрып тұратыны содан шығар. Қазақ халқының патриоттық сезiмi бұрыннан жалынды болып келедi. Тек сол жалындаған жалынды сөндiрiп алмауымыз, басты мақсатқа айналуы керек. Таяуда ғана, “Әлем аруы” халықаралық байқауы өттi. Оған қазақтың қыздары қатысқанымен орын ала алмай қайтады. Сонда сол байқауға демеушiлiк жасап жүрген ағаларымыз өз қарындастарымызды ұмытып, өзге ұлт өкiлдерiнiң сұлу қыздарына ұшқаныма. Шетелге басқа ұлт өкiлдерiнiң қыздары кетiп жатады. Егер маған осындай байқауға демеушi бол деп келсе, бар күшiмдi салар едiм. Бiрақ қазақ қызын шығаратын едiм. Өйткенi, бiздiң тектi, сұлу қыздарымыздай қыздарды әлемннен iздеп табу қиын ғой.

– Бекжан Пердешұлы, мазмұнды әңгiмеңiз үшiн рахмет!

– Мен де осы сәттi пайдалана отырып, Халықаралық “Түркiстан” газетiнiң ұжымына шығармашылық табыстар тiлеймiн. Бұл газеттi үзбей оқитыным, өте ұлтжанды, шыншыл, патриоттық рухқа баулитын газеттiң бiрегейi деп санағандықтан.

Әңгiмелескен Қуанышбек БОТАБЕКОВ

Серіктес жаңалықтары