ОЙЛАР ДА КYНМЕН БIРГЕ ОЯНАДЫ
ОЙЛАР ДА КYНМЕН БIРГЕ ОЯНАДЫ
Сарыарқаның төрiнде асқақ Астана салдық, ендi санамыздың төрiне рух ұясын салсақ! — дүр.
* * *
Классиктермен сөреде иық тiрестiргенмен өреде орын таппайтын кiтаптардың көптiгiне таң қалма. Өйткенi, бiзде оқырманнан өндiрушi көп.
* * *
Өмiр төрiне өжеттер ғана шыға алады.
* * *
Бiздiң қалада қырандардан крандар көп.
* * *
Адам азаттығын анық сезiнбей құлдық психологиядан арыла алмайды.
* * *
Ақ парақ қағаз қандай жеп-жеңiл. Сонысына қарамай тонналаған темiрiңдi, керуен-керуен көмiрiңдi, зiлбатпан бұйрықтар мен үкiмiңдi көтерiп бара жатады.
* * *
Кез келген саяси анекдоттың авторы болмаса да факторы барын мойындайық.
* * *
Инфляцияға қарсы тұрар қоғамның күштi рухани иммунитетi болу керек.
* * *
Қайта-қайта түзелiп, күзеле беретiн заңдардың қаңқасы қалғанмен қауметi қалмайды.
* * *
Бар ауырлықты адам емес жүрек көтередi.
* * *
Ақылды адамдар да бiрiн-бiрi толық түсiне алмайды. Өйткенi олар бiр-бiрiне ұқсамайтын жаратылысы бөлек жеке-жеке әлем.
* * *
Тау азса борға айналады, теңiз азса сорға айналады.
* * *
Ойыңды тiсiңмен шығармағанмен, iсiңнен өшiре алмайсың.
* * *
Ақылға адвокаттың қажетi жоқ.
* * *
Адамның табиғаты ауа-райы секiлдi.
* * *
Жалғандықты тани бiлудiң өзi — жеңiс.
* * *
Адамдар өздерiнiң жыртқыш емес екенiн дәлелдеумен келедi. Бiрақ оған өздерiнен басқа ешкiм сенбейдi.
* * *
Бiз өз үмiтiмiзге өзiмiз ұмтылмайынша үкiмет ауыса бередi.
* * *
Бiздiң дөкейлер өзiнiң заң алдына барғанын қаламайды, заңның өзiнiң алдына келгенiн қалайды.
* * *
Бiздiң тарихшыларымыз бiрiн-бiрi түсiнбейдi. Олар тарихтың тiлiмен емес өз тiлдерiмен сөйлейдi.
* * *
Әр тiлдiң тұғыры — ана тiлi. Көп тiлдiң тұғыры — коллективтендiру болады.
* * *
Бiр мемелекеттiң бiр мемлекетке ақыл айтуы аюдың тышқанға ақыл айтқанымен бiрдей.
* * *
Ашық айту — ашық қоғамның атрибуты, жабық қоғамның аллергиясы.
* * *
Бiздiң кемшiлiктердi көп бiлетiнiмiз сонша, өз кемшiлiгiмiздi айтуға өмiр бойы уақыт жетпейдi.
* * *
Ұят iсiңдi ұлағатты сөздермен де жуып-шая алмайсың.
* * *
Бiздегi кемшiлiктердiң иесi де, авторы да жоқ. Тек оны көрiп бастан кешетiн көрермен халық қана бар.
* * *
Бiзде көлгiрсудiң керемет үлгiлерi жасалып жатыр. Олардың барлық саланың есiгiн емiн-еркiн ашып кiретiнi өкiнiштi.
* * *
Бiреуге биiктен қарау үшiн өз төбеңдi таба бiлуiң керек.
* * *
Өзiңдi айнадан көру аз, айналаңның көз қарасынан да көре бiлгенiң абзал.
* * *
Алақан қол шапалақтаудан қызармайды, көпе-көрнеу көпiрте мақтаудан қызарады.
* * *
Адамдар заңнан қорықпайды, заңгерден қорқады.
* * *
Адамды абыройынан айыратын, көкке көтерiп жерге түсiрмей қоятын — Мадақ.
* * *
Дұрыс жолды көрсететiн — дұрыс Ой.
* * *
Болмысыңды сақтау үшiн барыңды тауфық тұт, барыңды бағалай бiл.
* * *
Өмiрде биiкке қанатымен шыққандардан гөрi сатымен шыққандар көп.
* * *
Тойханалар қазаққа сенедi, қазақ кредитке сенедi.
* * *
Аяққа салмақ түссе бастан ой қашады.
* * *
Барлық базар атаулы “өзi тiлiнде” — ақшаның тiлiмен сөйлейдi.
* * *
Қызық жәйiт: бiз барлық нәрсенi маймөңкелеп тұрып айтуды өнеге ғып алғанымыз сондай турасын айтуды мәдениетсiздiк деп санаймыз.
* * *
Кешiрiңiз, өмiр заңға бағынбайды, қайта заңдарымыз өмiр заңына бағынуы керек қой.
* * *
Адалдықтың айқын жолы одан айнымау.
* * *
Қателiктердi қайталаудан асқан қорлық жоқ.
* * *
Сөзден қашқанмен сыбысы қуып жетедi.
* * *
Кейде, өз ойым өзiме оппозиция. Оны тыңдай бiлмесем аузымнан шығып кетiп ие бола алмай қалам ба деп қорқамын.
* * *
Адам ажалдың тұрақты нысанасы.
* * *
Ұлтын сүйген — топтың сөзiн сөйлемейдi, көптiң сөзiн сөйлейдi.
* * *
Әдiлет әрқашан кешiгiп жүредi.
* * *
Әр уақыттың өз сәнi мен әнi болады, сәнi сағымға айналса, әнi сағынышқа айналады.
* * *
Бiлiмсiз адамның қулығына шыбық болмайды,бiлiмдi адамның қулығына құрық болмайды.
* * *
Ақыл-ойдың пiсiп жетiлуi адамның жасына қарай емес басына қарай болмақ.
* * *
Дөңгелек стол басындағы ғылыми деген жиындардың және оған қатысушылар мен сөйлесушiлердiң көптiгi сондай орын тимей Ғылымның өзi сыртта қалды.
* * *
Табиғаттан ажырап алыстаған сайын бiздiң тiрлiктегi санамыз тұрпайылана бермек.
* * *
Ақыл-ойдың анталогиясы бiр кiтаптың бағына сыйғанымен бар әлемнiң басына сыймайды.
* * *
Ылғи осылай: сөзiмiз озып кетiп, өзiмiз салпақтап артта қалып қоятынымыз-ай!..
* * *
Сынды шамданбай қабылдасаң шала шоқтай өзiнен өзi сөнбек.
* * *
Өз өтiрiгiмiздi өзiмiзге артар болсақ, ауырлығынан тарта алмай қалар едiк.
* * *
Базардың бұзылмайтын режимi: бағамен сөйлеп, бәсекемен күн кешу.
* * *
Бүгiнде бәрiн бiлем дейтiндердiң көптiгiнен бiлмейтiндердiң “қызыл кiтапқа” кiруден басқа амалы қалмай тұр.
* * *
Сөздi шылбырынан ұстасаң да ойға құрық салынбас.
* * *
Әдемiлiк айнаға мұқтаж емес.
* * *
Адамның болмысы тұтастай ойдан тұрады.
* * *
Өз сөзiм өзiме сый: жарқыраған Күннен асқан сұлулықты көрмедiм!
* * *
Ойлар да қалықтай ұшып бiрiмен бiрi қауышып жатады, бiр өмiрден бiр өмiрге ауысып жатады.
* * *
Дүниетанымның желкенi — бiлiм, ескегi — еңбек.
* * *
Адам да табиғатына тартып туады.
* * *
Таяздар тереңдiктi өре деп емес өлшем деп бiледi.
* * *
Қазақтың сөзi мен сазы даланың боз жусаны мен бозторғайынан жаралғандай.
* * *
Жақсы адам болғаны үшiн жақсы жазушы боп жүргендер көп.
* * *
Байқа, ұрлығыңның бәрiн ұятың айтып қоюы мүмкiн.
* * *
Кейде жоқты жамап алуыңа да, барыңнан айырылуыңа да бiр ауыз сөз жеткiлiктi.
* * *
Қазiргiлер кадр iрiктегенде ойы бар мамандар емес, бизнес-қойы бар маманды таңдайды.
* * *
Пайдасыз еңбек болмайды, пайдасыз тiрлiк болады.
* * *
Дәуiр — уақытқа тәуелдi, дана — ақылға тәуелдi.
* * *
Адамдар жерде отырып-ақ ғарыштағы күрделi стансаларды басқарып отыр, ал жанындағы адамдарды басқаруға келгенде дәрменсiз. Өйткенi адамдар бiрiне бiрi ұқсамайтын өте күрделi жаратылыс боп шықты.
* * *
Өмiрдi түсiну үшiн маман болу шарт емес, адам болу шарт.
* * *
Ең көп тараған есiмдер де елiн танытады.
* * *
Нұсқаулардың көптiгiнен тұспалдау төрге шығады.
* * *
Бiзде жұмыстың бәрi қаламда, жауапкершiлiгi қағазда.
* * *
Адамның заңды меншiгi көп, бiрақ нағыз өзiне тиелiсi, ешкiм қол сұға алмайтын жеке меншiгi — ойы мен сөзi.
* * *
Әркiм өзiнше естидi, өзiнше көредi, өзiнше оқиды, өзiнше ойлайды, өзiнше өмiр сүредi. Бұл оның өзiндiк бақыты.
* * *
Коррупцияның өз тiлi бар. Ыммен сөйлейдi, жыммен жауап бередi.
* * *
Проблемалардың шешiлмейтiнi оны шешетiн адамның өзi тудыратыны.
* * *
Бюрократ сөзден сағыз, қағаздан уағыз жасайтын “кәсiпкер”
* * *
Арың — сенiң барың, соны бағалай бiлу — бағың.
* * *
Ұлы Абайға жүгiнген кезде ойың жүгеннен босағандай болады.
* * *
Iз табаныңнан қалмайды, талант-талабыңнан қалады.
* * *
Күлесiң бе, жылайсың ба: кейде төрге таласқандар емес, кездейсоқ адасқандар шығып кетедi.
* * *
Әдiлдiктi аспаннан күтпе, ол өзiмiздiң арамызда — жерде өмiр сүредi.
* * *
Бүгiнгi күннiң болмысына қарасаң: Заңды адам бұзбайды, ақша бұзады.
* * *
Жоқтан бар жасамақ боп жүргендерден емес, бардан жоқ жасамақ боп жүргендерден сақтан.
* * *
Коррупцияның паспорты болмайды, паролi болады.
* * *
Мына экономикалық есептiң жауабын тауып көр: “Байлығымыз артқан сайын айлығымыз кеми түсетiнi несi?”
* * *
Темiрқазық адасқанға ғана емес адамзатқа да керек.
* * *
Бiз бүгiнгi ұрпақ-болашаққа үмiтпен қараймыз. Ал болашақ бiзге күдiкпен қарайды.
* * *
Туындының тұздығы — тiл.
* * *
Өзгемен өзiңдi тең санау үшiн мақтану керек емес, халық боп сақталу керек.
* * *
Тарихтың тағы бiр түйгенi: қол бастағандардың заманы өтiп, қол жинағандардың (подпись) заманы туды.
* * *
Жасампаздық бардан жасалады, жасандылық жоқтан жасалады.
* * *
Жұмыр жердi өмiрдiң өзi-ақ билеп-төстеп келедi.
* * *
Басыңа қонған бақты ұшырып алмау үшiн қанағаттың кiлтiн түсiрiп алмау керек.
* * *
Адамдар өзiне қонған бақтың арқасында өмiр сүрiп жатқанын өмiр бойы бiлмей өтедi.
* * *
Адамдар көйлегiне түскен кез-келген дақты кетiруге құдiреттi, ал көңiлiне түскен дақты кетiруге мүлде дәрменсiз.
* * *
Өтпелi кезең деп жүргенiмiздiң бәрi дәрменсiздiгiмiздiң дабылы.
* * *
Адам өз дәме-демегiмен жүредi, өмiр өз дегенiмен жүредi.
* * *
Өмiрге толықтырулар мен өзгерiстер енгiзе алмайсың, өмiр сенiң тағдырыңа өзгерiстер мен толықтырулар енгiзедi.
* * *
Өмiрдi шын қадiрлесек бiз ешқашан асықпаған болар едiк.
* * *
Сөздiң салмағын жүрек қана сезедi.
* * *
Бiз бәрiне шыдаймыз тек мақтауға ғана төтеп бере алмаймыз.
* * *
“Желтоқсан алаңы” тiл ұшында тұрар фразеологиялық тiркеске айналып кеттi. Мұндай сөзжасам халықтың аузымен айтылар қасиеттi атауларға тән
* * *
Жаңалық атаулының бәрi адам ақыл-ойының жаңғырығы.
* * *
Алғы ұрпақтың қатесiн шығаратын кейiнгi жас ұрпақ. Ал ұрпақтарға баға беретiн ұлағатты ұстаз — тарих.
* * *
Жаратылыстың табиғаты тепе-теңдiктен тұрады, тiрлiктiң табиғаты теке-тiрестен тұрады.
* * *
Өмiрбаянды ұзартуға да, қысқартуға да болар, бiрақ одан ғұмырың өзгермейдi.
* * *
Жақсылық тез ұмытылады, өйткенi ол алғысқа айналып кетедi.
* * *
Ұлылардың өмiрбаянын ұлық ие уақыт жазады.
* * *
Ертегiлер — қызығып оқыр баланың кiтабы болса, есейгенде ойланып оқыр дананың кiтабына айналады.
* * *
Қараңдар, өмiрдiң өзi тұсауын кескен адамдар құлап-тұрып, құлап-тұрып келе жатыр. Өмiр болса үнсiз құлақ түрiп келе жатыр.
* * *
Ұлы оқиғалардың бәрi өтедi кетедi. Ал олар жайлы сөйлейтiн қалған айтулы атаулар мәңгiлiк қалады.
* * *
Әлемдегi ең әдiл заң — табиғат заңы. Оны орындауға да, мойындауға да мәжбүрсiң.
* * *
Бiзде жақсыны жамандаудан қорықпайды, мақтаудан қорқады.
* * *
Жерiңдi өсек жайлағанда, елiңдi “есеп” жайлайды.
* * *
Саясат пен өнер цензура мен демократия секiлдi өмiр сүредi.
Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ