ТӨЛ МЕРЕКЕ ТАСАДА ҚАЛМАСЫН

ТӨЛ МЕРЕКЕ ТАСАДА ҚАЛМАСЫН

ТӨЛ МЕРЕКЕ ТАСАДА ҚАЛМАСЫН
ашық дереккөзі
302

Ең үлкен мереке қай күн? Бұл сауалды өзiңiзге қойып көрдiңiз бе? Сiрә, осы сұрақ төңiрегiнде көп ойлана бермеймiз-ау. Көпшiлiгiмiз жылдың басты мерекесi — жаңа жыл деп ойлаймыз. Мүмкiн, бiреулер үшiн солай шығар. Шындығында, жаңа жылды асыға күтетiндер одан қалтадағы қаржыны да, басқасын да аямайды.

Дәл қазiр кешкiсiн Алматы көшелерiн араласаңыз, жаңа жыл мерекесiнiң тап үстiнен түскендей боласыз. Жаңа жылдық құттықтаулар мен шыршалардың самаладай жарқыраған шамдары көздiң жауын алады. Осындайда “Осы жұрт Ескендiрдi бiле ме екен?” деп басталатын Абай атамыздың поэмасының iзiмен өлең жазғысы келетiн сыныптасым есiме түседi. Оның өлеңiнде:

“Осы жұрт тәуелсiздiк ұғымын түсiне ме екен?

Бiзге тәуелсiздiк Желтоқсан көтерiлiсi арқылы келген” — деген жолдары бар едi. Балаң қиялдан туған бұл жолдарды өлең деуге келмейдi. Бiрақ, үлкен ойлар айтқысы келген сыныптасымыздың өлеңiне оқушы кезiмiзде әжептеуiр ойланып, оны ақын санап кетiп едiк.

“Желтоқсан көтерiлiсiнiң тарихи маңыздылығы тәуелсiздiк күнiнiң ығында қалып кеткен жоқ па?” деген пiкiрлердi жиi естимiз. Дұрысы — желтоқсан көтерiлiсi де, тәуелсiздiк күнi де жаңа жылдың тасасында қалып қойды десек қателеспеймiз. Алматы қаласында желтоқсанның бiрiншi жұлдызынан бастап, жаңа жылдық шырша шамдары салтанатты түрде жағылады. Есесiне, желтоқсаншыларды еске алу мен тәуелсiздiк күнiнiң мәртебесiн арттыру шаралары ұмыт қалғандай. Азаттықты аңсаған қазақ үшiн тәуелсiздiк күнiн тойлаумен, тәуелсiздiк үшiн күрескен желтоқсаншылардың ерлiгiн еске алудан артық қандай мереке, қандай маңызды iс болуы керек?! Осы орайда, Қазақстандағы ең тарихы бай “Ақ желкен” балалар мен жасөспiрiмдер журналының ұжымы игi бастаманы жүзеге асыруға Қазақ мемлекетiнiң барлық азаматын шақырып отыр. “Ақ желкендiктер”: “Желтоқсан айы — желтоқсандықтардың ерлiгiн еске алу арқылы тәуелсiздiк күнiнiң маңызын арттыру айы болса” дейдi. Бұл айда елiмiздiң әрбiр азаматы ерiктi түрде Желтоқсан көтерiлiсiне қатысушыларға арналып тұрғызылған ескерткiштерге тағзым етiп, гүл шоқтарын қойып жатса, құптарлық iс болар едi. Тәуелсiздiк ұғымының қасиеттiлiгiн жас ұрпақтың бойына сiңiру баршамыздың борышымыз. Таяуда желтоқсаншыларға арналған ескерткiш пен Тәуелсiздiк монументiне арнайы атбасын бұрып, гүл шоқтарын қойған “Ақ желкен” журналының ұжымы “Ендi бұдан былай жылда осы iс-шараны дәстүрге айналдырсақ” деген ниетте. Журналдың бас редакторы, жазушы Нұрғали Ораз: “Желтоқсан көтерiлiсi — тәуелсiздiк алуда қазақ жастарының көрсеткен қайсарлығы. Сол кездегi намысшыл жастардың ерлiгi ешқашан ұмытылмауы тиiс. Осы орайда, бiз Қазақстандағы барлық ақпарат құралдарын “желтоқсан айы — тағзым айы” деген үндеуге үлес қосуға шақырамыз” дейдi.

Жадыра НАРМАХАНОВА

Серіктес жаңалықтары