“KAZ-M-I” БIРЛЕСКЕН КӘСIПОРНЫ ЖАҢА БЕЛЕСКЕ САМҒАЙДЫ

“KAZ-M-I” БIРЛЕСКЕН КӘСIПОРНЫ ЖАҢА БЕЛЕСКЕ САМҒАЙДЫ

“KAZ-M-I” БIРЛЕСКЕН КӘСIПОРНЫ ЖАҢА БЕЛЕСКЕ САМҒАЙДЫ
ашық дереккөзі
281

Жақында Астанада “ТеңiзСервис” ЖШС және америкалық “M-I SWACO” компаниясының басшылығы “KAZ-M-I” атты жаңа кәсiпорын құру жөнiндегi келiсiмшартқа қол қойылды. Каспий теңiзiнiң қазақстандық аумағында қызмет ететiн жаңа кәсiпорын мұнайды өндiруге қажеттi бұрғылау кезiнде қолданылатын қоспалар өндiрiп, мұнай реагенттерiн, құбырларға қажеттi заттар мен басқа да құрал-жабдықтарды жеткiзiп тұратын болады.

Негiзi бiрлескен кәсiпорын қызметiнiң басымдық бағыттары: бұрғылау ерiтiндiлерiн өндiру және жүзеге асыру, бұрғылау қалдықтарын қайта өңдеу, мұнай кәсiпшiлiгi реагенттерiн, ұңғы оқпанын механикалық тазалау үшiн жабдықтарды жеткiзу болып табылады. “KAZ-M-I” ЖШС-нiң жарғылық капиталының 51 пайызы “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ-сына қарасты “ТеңiзСервис” ЖШС-нiң иелiгiнде болса, қалған 49 пайызы американдық “M-I SWACO” компаниясының үлесiнде.

“ТеңiзСервис” ЖШС-нiң президентi Мағзұм Мырзалиев:

“Бүгiнгi әлемдiк экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан, шетелдiк инвесторлар Қазақстанға келiп, бiрiккен кәсiпорындар құруға ниет бiлдiруде. Бұл Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын көрсетсе керек. Осының арқасында iскерлiк байланыстар нығайып қана қоймай, жұмыс орындарының артып, жалпы ел экономикасының өсiп-өркендеуiне жол ашылмақ”, — дегендi айтса, “ҚазМұнайГаз” ҰҚ” АҚ-ның президентi Қайыргелдi Қабылдин мырза өз сөзiнде “Бiрлескен кәсiпорынның құрылуы мұнай-газ саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болып табылады. Бiрлескен кәсiпорын әуелгi кезекте, өз операцияларын құрлықта да, теңiзде де жүргiзетiн әртүрлi мұнай-газ операторлары үшiн бұрғылау ерiтiндiлерi, бұрғылау қалдықтарын қайта өңдеудегi сұраныстарын қанағаттандырады” деп бұл жобаның өмiршеңдiгiне тоқтала кеттi.

Айта кетейiк, “ТеңiзСервис” ЖШС 2003 жылы Каспий теңiзiнiң жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту және игеру бойынша мемлекеттiк бағдарламаны жүзеге асыру аясында құрылған болатын. Осы уақытқа дейiн аталмыш кәсiпорын Түпқараған аймағында мұнай операцияларын қолдау орталығы, теңiз кемелерiн жанар-жағармаймен қамту стансасы және өндiрiстiк қалдықтарды жою полигонын құру сияқты жобаларды жүзеге асырды. “ТеңiзСервис” ЖШС-ның шешушi стратегиялық бағыттарының бiрi — бизнестi әртараптандыру, сондай-ақ Қазақстан нарығында сервистiк қызмет аясын кеңейтуге қол жеткiзу.

Ал жартығасырлық тарихы бар америкалық “M-I SWACO” компаниясы мұнай құбырларын жерасты күрделi жөндеу жұмыстарымен айналысып келедi. 1993 жылдан берi оның қатысуымен 4 мың құбыр ұңғыланды. Кәсiпорынның құрамында 350 қызметкер бар. Олардың 93 пайызы — жергiлiктi мамандар. Америкалық компания өкiлi Куртис Борделоның айтуынша, бiрлескен кәсiпорын елiмiздiң экономикасының өркендеуiне үлкен септiгiн тигiзетiн болады. Әрине, бұл екiжақты бiрлескен кәсiпорынның арасындағы iскерлiктi нығайтып, жаңа жұмыс орындарының көбеюiне, ең бастысы, ел экономикасының қарыштап дамуына үлес қоспақ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары