ШУ ӨҢIРI ТҰНҒАН ТАРИХ

ШУ ӨҢIРI ТҰНҒАН ТАРИХ

ШУ ӨҢIРI ТҰНҒАН ТАРИХ
ашық дереккөзі
1706

Бүгiнде Шу стансасы тоғыз жолдың торабы. Шығыстан-Батысқа, Батыстан-Шығысқа поездар ағылып жатыр. Бұрын шағын елдi-мекен едi. 1974 жылы қалаға айналды. Аудан орталығы да осы қалада. Ауданда жүз мыңнан астам халық тұрады. Аудан әкiмi Бағлан Қарашолақовтың басшылығымен қаншама игi iстер жүзеге асты. Темiржолдағы жолаушылар мен жүк тасымалында кедергi кiдiрiс жоқ. Әлдеқашан тоқтап қалған өндiрiс орындарына жан бiтiп, жұмысшылар көбею үстiнде. Елдi-мекендердiң инфрақұрылымдары да жақсаруда. Шағын және орта кәсiпкерлiкке кеңiнен жол ашылып, жылдан-жылға әлеуметтiк-экономикалық даму қарқыны да үстемелеп келедi. Әсiресе мемлекеттiк “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша алға қойған рухани шаралардың орындалғандарын көрiп көңiлiң тояды. Жуырда аудан әкiмiнiң ұсынысымен құрамында “Түркiстан” газетiнiң арнаулы тiлшiсi бар бiр топ мамандар Шу өңiрiндегi тарихи орындармен танысып қайтты.

Абыз Асан қайғыдан қалған бiр сөз бар: “Шудың жағасы тұнған ну екен, жерi малға құт екен”. Шу өңiрiнiң қасиетiн Абыз бабадан асырып айтқан жан жоқ.

“Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ”. Бұл даналық сөз Төле би бабамыздан қалған. Күллi қазақтың төбе биi 1663 жылы осы жерде өмiрге келген екен.

Иә,Шу өңiрi тұнып тұрған тарих. Талай заманның дауылды аласапыран қиын кездерiн басынан кешкенi рас. Шерлi шежiресiне ой жүгiртсең мың өлiп, мың тiрiлген қазаққа қайран қаласың. “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадағы” жаудан елiн, жерiн қорғаған батыр-бағландарының жанкештi ерлiк iстерiнен мерейiң өсiп, рухың көтерiледi.

Шу өңiрiнiң тарихында да бетi ашылмаған құпиялар көп. Бергiсi белгiлi. Бар гәп арғы тарихтың сырында жатыр. Солар сөйлесе деймiз. Түп тамырымыздың тереңде жатқаны, ежелден-ақ iргесi мықты ер түрiктiң қайсар ұрпағы екенiмiз дәлелдене түсер едi.

“Сол көнеден қалған қандай белгi, қандай мұра бар?” Осы сұрақты алдымызға қойып, геолог Молдияр Серiкбаев, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясы Археология және этнология институтының жетекшi ғылыми қызметкерi, тарих ғылымдарының кандидаты Арнабай Нұржанов, белгiлi кәсiпкер әрi ұлттың үлкен жанашыры Әдiлхан Жаужүрек және мен Жамбыл облысындағы шырайлы Шу өңiрiнiң ескi сорабына түстiк. Бiзге Шудан еңбек ардагерi Тоқтасын Оңбаев және аудандық “Шу өңiрi” газетiнiң қызметкерлерi Тампылбай Молдақұлов пен Петр Норкин қосылды.

Төле би бабамыздың өмiрге келген жерi Жайсаң деп аталады екен. Шу қаласының шығыс жақ бетiнде. Ара қашықтық алпыс шақырым. Еңсесi биiк төбенiң басына үлкен қызыл тастан қашап монумент белгi қойыпты. Айнала теңiздiң iсiнген толқыны iспеттi жазық. Күншығыс жақ бетiндегi көз ұшынан қар жамылған жалқы Суықжал көрiнедi. Оңтүстiгiнде өркештене көсiлiп жатқан Қырғыз Алатауы. Батысында күздiң қоңыр қошқыл түсiне енген көкжиектiң арғы жағында Шу қаласы. Солтүстiгi мыңғыраған малға жайылым.

Ескерткiш белгiге қарап тұрып, маған ой келдi. “Исi қазақ құрмет тұтқан Төле би бабамыздың туған жерi неге жалаңаш? Қасиеттi орынға бабамыздың кезiндегiдей он екi қанат ақбоз үйлер тiгiп, ортасындағы алаңқайға қалың ой үстiнде отырған тас бейнесiн орнатып, ашық аспан астында мұражайын жасап, би ауылының шырайын шығарса болмас па. Сәл әрiректен биелер мен түйелер байланып, қымыз бен қымыран сауылып жатса, келiм-кетiм туристер мен Шу қаласын сол емдiк сусындармен қамтамасыз етсе, соған жұмсалған шығынның орны толып, ауыл өзiн-өзi қамтамасыз етпей ме. Бәрiбiр қай ауданға да қымыз бен қымыран сауып сататын сондай ауыл керек қой. Қаладан сол би ауылына дейiн тақтайдай тегiс жол салынса, қашықтығы сөз болып па тәйiрi. Жүрдек автобусқа алпыс шақырымың әрi десе бiр-ақ сағаттық жол. Бұл шындап қолға алынса болатын iс. Әрi мәнi зор мағыналы iс, тарихымыздың көзiндей болар едi. Бәлкiм аудан басшылары бюджет қаржыға толса мұны да қаперлерiне алып, сәтi келгенде iске асырар”.

Сол жерден Қырғыз Алатауы жақ бетте “Бабалы бозоба” бар. Биiк төбенiң басы жағалай жатқан үлкендi-кiшiлi обалар. Мал басындай тастармен бiрiн шаршылап, бiрiн төрт бұрыштап қоршай қорғандаған. Айналасында шашылып жатқандары қаншама.

Әдiлхан Жаужүрек:

– Арнабай, обалар неге төбе басында тұр? Бұрынғылар жұлдыздармен байланыстырып қойған емес пе. Жалпы бұлар қай ғасырға жатады?

Арнабай Нұржанов:

– Мұндағылар VIII-шi ғасырдың әдет ғұрпымен жерленген. Сол кездегiлер тәңiрге табынды ғой. Бақилық болғандар тәңiрге жақын болсын деп, мәйiтiн осындай биiк төбелерге қойған. Жұлдыздармен еш қатысы жоқ. Мына үлкен обада бiр тайпаның көсемi, не әулиесi жатыр. Мұнда қанша тас болса, жерлеуге сонша адам жиналған. Ал анау төменiректегi шағын обалар қарапайым жандардiкi. Тастары да аз. Жалпы тастардың көптiгi сол адамдарға деген құрметтi көрсетедi, қала бердi мәйiттi жыртқыш аңдардан қорғайды.

Бұл “Бабалы бозобаның” тағы бiр қасиетi бар. Жаугершiлiк заманда алыс айналаны бақылау орны болған. Яғни қарауылтөбе. Теңiз деңгейiнен 1037 метр биiк.

Арнабайдың сөзi рас екен. Алпыс шақырым жердегi Шу қаласы көзге мұнартып көрiндi. Хан тауы жақ бет те алақандағыдай анық. Әдiлхан Жаужүрек еңiстегi жолдан берi қарай жол тартып, бұл төбенi дала мұражайына айналдыру ойында бар екенiн айтты.

“Бабалы бозобаның” арғы бетi Үңгiрлi сай. Сай дегенi болмаса қуыс-қуысы көп терең шатқал. Сайдың тұйықталған жерiнен ары қарай дөңестенген жазық. Сабалақтың қозы баққан жерi осы екен. Сабалақ Абылай ханның бала кезiнде Төле би қойған аты. Молдияр Серiкбаевтың қолындағы Жамбыл облысының картасына бұл жер атауы орысша бұрмаланып “Сопалақ” деп жазылыпты.

Сол жерде жатқан екi балбал тасты көрдiк. Бiрiнiң бойы ары десе адамның бел- уарынан келедi. Ал екiншiсi тым ұзын. Тұрқы да өзгеше. Метрлiк құралмен өлшеп едiк, ұзындығы 2 метр 73 сантиметр, енi 53 және 57 сантиметрге жеттi. Жауын-шашынды күндерi езiлген жерге сiңiп, бетi ғана ашық қалған.

Арнабай Нұржанов:

– Даланы көп шарладым. Балбалтастардың бiразын кездестiрдiм. Бiрақ тап осындай ерекше ұзынын көрген емеспiн, – деп таңырқады. – Тарихтағы Батыс түрiк қағанатының нағыз орталығы осы жер. Бұл жерге Алтайдан келген түркiлер көп қоныстанған.

Молдияр Серiкбаев:

– Бұл гранит тау жынысына жатады. Анау Үңгiрсайдың жықпыл жартастарынан алынған.

Сөзге мен араластым.

– Зiлдей ауыр тасты биiкке қалай шығарған?

Арнабай Нұржанов:

– Археологияда жүрiп оның да тәсiлiне қанықтық. Сол кезде әрине қазiргiдей күштi техника жоқ. Бiрақ олар зiл батпан ауыр тасты биiкке шығарудың айла тәсiлiн тапқан. Арша ағашын кесiп, қабығын аршиды. Жалаңаштанған екi, үш бөрененiң үстiне тасты жайғастырып, аттарды жегiп, бұрқырап өскен көктiң үстiмен тартқан кезде биiкке шығару айтарлықтай қиындық туғызбаған.

Молдияр Серiкбаев:

– Бұл Қордай граниттерiне жатады. Мұның құрамында қарақошқыл түстi минералдар көбiрек. Геолог Клавдия Ильинична Дворцованың 1953 жылы Қордай жүйесiнде жүрiп анықтағанын бiлемiн.

Арнабай Нұржанов:

– Шебердiң тасты қашап адам бейнесiн кескiндеу манерiне қарап, VIII ғасырға жатқызуға болады. Бiрақ қыпшақтардiкi емес. Олардың балбалтастарының құлағында сырғалары болады. Ал мынада жоқ. Мұрын астындағы мұрты мен басындағы бөркiне қарағанда ер кiсi бейнеленген. Мұндай ұзын балбалтас екi түрлi жағдайда қойылады. Жауды жеңген батырға, не жеңген жауға. Сiрә бұл жауды жеңген түркiлiк тұлға болса керек. Өйткенi қоршау тастары соны меңзейдi.

“Гранит тасты немен қашаған? Шебер қандай құралдарды пайдаланған? Тасты таспен қашып, мұндай мүсiн жасау мүмкiн емес қой. Және бұл бiзге қазiр соншалық тұрпайы көрiнгенмен сөз жоқ сол заман өнерiнiң озық үлгiсi”. Сәтiнде көкейге орала кеткен осы сауалдарды Нұржановқа қойдым.

– Түрiктердiң барлығы қой бағып далада жүрген жоқ. Олардың да өзiндiк отырықшылық, қалалық мәдениетi болған, – дей келiп жерде шашылып жатқан құмыра сынықтарын көрсеттi. – Мынау құмыралар алыстан әкелiнбеген. Осы жерде жасалынған. Археологиялық қазба жәдiгерлерi VIII ғасырда-ақ түрiктердiң темiр өндiрiсiмен айналысқанын және оны басқалардан бұрын игергенiн дәлелдейдi. Шебер сол темiрлерден жасалынған құралдарды пайдаланған.

Әдiлхан Жаужүрек:

– Арнабай дұрыс айтып отыр. Бiзге мәдениет сырттан көшiп келген жоқ. Сонау Күлтегiн заманынан тамыр тартып, әр кездердегi ел iшiлiк әр алуан заңдармен жаңарып, жетiлiп отырса керек. Менiңше салт-тұрмыстық мәдинет бiзге ана жақтан, мына жақтан келдi деген қате пiкiр. Жаңсақ ойдан жәй айтыла салған. Мәдениетiмiздiң түп негiзi сол Күлтегiн дәуiрiнде жатыр, – деп сөзiн түйiндедi.

Орынды сөз. Түркiлер ислам дiнiн қабылдай бастаған IX ғасырда бейiт басына балбалтастар қоюға, жалпы адам бейнесiн тастан қашап жасауға тыйым салған. Бейiттердiң басына тас қашаулар емес, төртқұлақ дуалдар тұрғызуда жолға қойды. Өмiрден озғандарды жер бесiкке беру рәсiмдерi де ислам қағидаларымен айтарлықтай өзгердi.

Серiкбаев ат шаптырым жердегi Шатырқұл мыс кенiн түркiлердiң сол VIII ғасырда-ақ тауып, отқа балқытып, кәделерiне жаратқанын тiлге тиек еттi. Бертiндегi “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада” анау Шоқпардың арғы жағындағы Алаайғыр мекенiнде темiрден түрлi бұйымдар жасайтын сондай-ақ ат тағасын шығаратын ұстаханалар жұмыс iстеген дейдi.

Арнабай Нұржанов:

– Дүние жүзiлiк тарихта үш ұлтты көшпендiлерге жатқызған. Бiрiншi Таймырдағы бұғы өсiрушiлер. Екiншiсi солтүстiк Африкадағы акахкари-туаризи және бедеуин тайпалары. Үшiншiсi қазақ пен қырғыздар. Ал археологиялық қазба жұмыстарымыздың нәтижелерi бiздiң халықтың тек көшпендi өмiр салтын ұстанғанын мүлдем жоққа шығаруда. Осы жерден жиырма шақырым қашықтықта көне Ақтөбе қаласының орны бар. Бiз былтырғы жылы сол қалаға археологиялық қазба жұмыстарын жүргiздiк. Көмбе астынан пiшiнi өзгеше пештiң сұлбасы табылды. Iшкi құрылымдарына қарап, оның жүзiмнен шарап қайнатып шығаратынын анықтадық. Демек өндiрiс орны болған. Өндiрiспен отырықшы ел ғана айналысады. Жүзiмдi айшылық жерден, алыстағы елдерден тасымағаны айдан анық. Оны түркiлердiң Талас пен Шудың ортасында VII-IX ғасырларда өсiргенi де бiзге белгiлi. Жүзiмнiң биеемшек деген түрiнiң тұқымын Қытай бiзден алып, өздерiнде өсiре бастағанын неге айтпасқа. Әлгi қайнатылған жүзiм шарабы “бекмес” деп аталған. Араб тiлiнен аударғанда бұл “жүзiм шырыны” деген сөз.

Әдiлхан Жаужүрек:

– Түркiлердiң малшылары ғана жаз жайлау, қыс қыстауға көшiп-қонып, табиғи ресурстарды тиiмдi пайдалануға дағдыланған. Ал халықтың негiзгi бөлiгi ауыл шаруашылық дақылдар өсiрумен, өндiрiспен айналысқанына осының өзi дәлел.

Арнабай Нұржанов:

– Түркiлер қоныстанған жерде майда қолөнер кәсiпшiлiгi де дамыған. Негiзгi көлiк ат болғандықтан оның әбзелдерiн жасатуға тапсырыстары көп болған. Сулы, нулы жерде тапжылмай отырып, неше алуан бау-бақша өнiмдерiн өсiрумен айналысқан халықты қалай көшпендiлер деуге болады? Нұрболат Масанов секiлдiлердiң қазақты тек көшпелi өркениетке телiгенi ұшқары пiкiр. Бос сөз. Тағы айтамын, бүгiнгi археологиялық қазбалар нәтижесi, бiздiң арғы тегiмiзде отырықшылық мәдениеттiң болғанына кепiлдiк бередi. Және түркiлiк мәдениет алмасқан ғасырлармен жаңа сипат алып отырған.

Балбалтас неге құлап қалған? Осы сұрақтың төңiргiнде де бiраз ой-пiкiр өрбiдi. Қатты соққан желден құлауы мүмкiн емес. Көктемде жер бусанып жатқанда iрi қаралардың сүйкенiп, қасынуы әсерiнен деген жорамал құлаққа кiредi. Дегенмен Арнабай Нұржанов сол заманда да ел iшiнде арам пиғылды асыл тастар iздеушiлер болғаны, ұрын келiп балбалтастың түбiн қазып құлатып, астындағы мәйiттiң әлгiндей бағалы заттарына қол салғанынан хабардар еттi.

Алып балбалтасты тұрғызар алдында құрбандыққа қой шалынды. Бағзыдағы бабалардан бастап, берiдегi өмiрден бақилық болған тұлғаларға Тоқтасын Омбаев ақсақал дұға бағыштады. Жиналғандар жабылып балбалтасты әзер дегенде тұрғызып, тiкесiнен қойдық.

Ой шiркiн жүйрiк қой. Тағы да арғы заманға алып қашты. “Сабалақ қозы бағып жүрiп, осы балбалтасқа ұзақ қараған да шығар. Тұрқынан көз айырмай тұрып, ненi ойлады екен? Бәлкiм осы жансыз бейне арқылы ер түрiктiң шыққан тегiн танып, рухтанған да болар. Төле биден жөн сұрап, арғы тарихқа ой жүгiртiп, тағылым алды ма екен. Қалай айтқанда бұл балбалтастың Сабалаққа тигiзген әсерi көп болған-ау”.

Әдiлхан Жаужүрек:

– Шу өңiрiнде әлi айтылмай жатқан тарих қаншама. Қаланы маңайлап өтетiн Шу өзенiнде екi өткелдiң жұрнағы бар. Бүгiнге жеткен ескiнiң көздерi дерсiң. Халық оның бiрiн Қойкелдi, ал екiншiсiн Тоғанбай өткелдерi деп атайды. Екеуi де жаудан ел қорғаған батырлар. Жаугершiлiк заманда осы өткелдер үшiн қаншама қақтығыстар мен ұрыстар болды. Қойкелдi батыр бастаған сарбаздар жауларын Шығысқа қарай түре қуып, үлкен жеңiске жеткен. Алайда Жiбек жолы керуендерi Шу өзенiнен кесiп өтетiн сол өткелдердiң арғы, бергi тарихы әлi де толық ашылмай келедi. Жалпы Төле би бабамыз сенiм артқан Қойкелдi батыр туралы өте аз жазылғандықтан талай шындық бiзге әлi жеткен жоқ. Қойкелдi батыр зерттелмеген тұлға, – дедi.

“Бабалы бозоба” төбесiнiң етегiнде Жайсаң ауылы бар. Ауыл небәрi он екi үйден тұрады. Қазiр мұнда электр жарығы жоқ. Бұрын болған.

Ауыл тұрғыны Әбдiрәшiм Мұсаев:

– Бiздiң ауылдан төрт, бес шақырым жерде Шатырқұл кенi бар. Кеншiлерi Балқаш мыс қорыту кәсiпорынына қарайды. Кен өндiруге ток жетпей қалып, бiзге келетiн жүйенi кесiп тастады. Бағаналарды өздерiне пайдаланып жатыр. Кәсiпорын басшыларының тоқ желiсiн сендерге әне-мiне қайта жалғап беремiз дегенiне де көп айдың жүзi болды. Алайда электр желiсiн жеткiзiп беруге асығар емес, – дедi жабыққан үнмен.

“Жаны ащымастың қасында басы ауырмастың” керi.

Шу қаласының iргесiндегi көне қамалға жеткенiмiзде күн еңкейiп қалған едi. Қамал едәуiр жердi алып жатыр. Қам кесектен қалыптап тұрғызылған қоршауының көп жерi құлаған. Өткен жазда шетелдiк археологтар келiп, қамалдың iшiн текшелеп қазыпты. Не тапқанын,қандай тұжырымға келгендерiн кiм бiлсiн.

Арнабай Нұржанов:

– Шетелдiктер қазу жұмысын дұрыс жүргiзбеген. Қамалдың ортасынан емес, дуалдың iргесiнен бастау керек едi, – деп қынжылды.

Сол жердiң тұрғыны Қалдыбек:

– Бұрын бiздiң шалдар айтушы едi. “Бұл қамал осыдан екi мың жыл бұрын салынған екен. Өзбектер тұрыпты”. – дегендерiн талай рет естiдiм.

Арнабай Нұржанов қамалдың iшi мен сыртындағы жер қабаттарына зер салып, қолындағы кiшкене бәкiсiнiң жүзiмен әр тұсын сызып көрсеттi.

– Қамалдың үш рет жаңарғаны анық. Салынғанына 1600 жылдай болған. Астыңғы жағындағы негiзгi бөлiгi VIII ғасырдағы Қараханидтердiкi. Солардан кейiн бес жүз жылдан соң қоқандар келiп, қамалды жаңартып, қабырғасын жетi жарым метрге дейiн биiктеткен. Оларды таза өзбектер деуге келмейдi. Қазiргi Тәжiкстандағы Таулы Бадақшан тұрғындарының арғы бабалары.

Шырайлы Шу өңiрiнен бiздiң көргендерiмiз осы. Қөңiлге түйгендерiмiз де аз емес. Кештетiп Алматыға аттандық.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары