Швейцариялық ғалымдар ағзадағы темірдің сіңуін жақсартудың жаңа тәсілін тапты. ETH Zurich (Швейцария жоғары техникалық мектебі) зерттеушілері сұлы ақуызы негізінде жаңа тағамдық қоспа жасап шығарды. Бұл қоспа темірдің сіңуін екі есе арттырып, анемиямен күресте дәстүрлі препараттарға балама бола алады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеу нәтижелері Nature Food журналында жарияланды. Ғалымдардың айтуынша, темір тапшылығы – созылмалы шаршау, бас ауруы мен иммунитет әлсіреуінің басты себебі. Алайда дәрі-дәрмек немесе БАД түріндегі темір жиі нашар сіңеді, себебі кей тағамдар мен асқазан-ішек аурулары оның ағзаға өтуіне кедергі жасайды.
ETH Zurich мамандары әзірлеген жаңа қоспа сұлы ақуызының наноталшықтарымен қапталған темір нанобөлшектерінен тұрады. Ол дәмсіз, иіссіз ұнтақ түрінде болады және судың ішінде ериді. Ғалымдар оны суға араластырып немесе тағамға, мысалы, мюслиге қосып ішуге кеңес береді.
Клиникалық сынақтарға темір тапшылығы бар 52 әйел қатысты. Нәтижесінде жаңа формуладағы темірдің сіңірілуі дәстүрлі темір сульфатына қарағанда екі есе жоғары болған.
Зерттеу жетекшісі, Сингапур ұлттық университетінің доценті Цзянтао Чжоу атап өтті:
«Бұл қосымшаны күнделікті асқа араластырып ішу оңай. Ол темір тапшылығын қауіпсіз әрі тиімді жолмен азайтуға мүмкіндік береді».
Ғалымдар еске салды, темірдің табиғи көзіне бауыр, сиыр еті, теңіз өнімдері, жұмыртқа, бұршақ және жарма жатады.