Павлодар облысында көктайғақтан 16 адам зардап шекті

/
Павлодар облысында көктайғақтан 16 адам зардап шекті
istockphoto.com

Медицина қызметкерлерінің мәліметінше, көктайғақ салдарынан соңғы тәулікте жарақат пункттеріне жүгінгендердің саны күрт артқан. Ең көп зардап шегіп жатқан – зейнет жасындағы адамдар, деп хабарлайды turkystan.kz.

— Кеше таңертең біздің травматология бөліміне 80 адам келді. Соның 16-сы көктайғақтың салдарынан жарақат алған. Мұзда қатты құлаған бір тұрғын ауруханаға жатқызылды. Егер науқаста жабық немесе ашық сүйек сынуы, буын шығуы, созылу, буын зақымдануы анықталса, бірден ауруханаға жатқызамыз, — деді Павлодар қалалық №1 ауруханасының травматология бөлімінің дәрігері Даурен Смағұлов.

Дәрігерлердің айтуынша, адамдар құлаған кезде көбінесе бас, кеуде және жамбас сүйектерін жарақаттайды. Көпшілігі бірден дәрігерге жүгінеді, бірақ кейбіреулер кешігіп келгендіктен жағдайы ауырлап кетеді.

Ал Павлодар облыстық балалар ауруханасында өткен апта ішінде көктайғақтан жарақат алған 8 бала түскені хабарланды, олардың екеуі ауруханаға жатқызылған.

Еске салайық, бұған дейін синоптиктер Павлодар облысында қараша айында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын жиі болатынын, ал температураның нормадан жоғары болатынын болжаған еді.

 

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары