ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ БАFДАРЛАМА

ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ БАFДАРЛАМА

ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ БАFДАРЛАМА
ашық дереккөзі
489

Үкiмет “ештен кеш жақсының” керiн келтiрдi

Бұған дейiн әлемдiк қаржылық дағдарыстың Қазақстан экономикасына тигiзген керi әсерi туралы жақ ашпай келген Үкiмет соңғы кездерi дағдарысқа қарсы шаралар жайлы жиi сөз қозғап жүр. Бiрақ қаржы саласындағы қиындықтың басталғанына бiр жылдан астам уақыт өтсе де, бiздiң билiк тарапынан дағдарысқа қарсы бағдарламаның әлi күнге неге түзiлмегенi түсiнiксiз. Апта басындағы үкiметтiк отырыстың басты тақырыбын дағдарыстың дауылына төтеп беруге арнаған Мәсiмовтiң командасы қысқа мерзiм iшiнде дағдарысқа қарсы бағдарламаның толық iске қосылатынын жеткiздi.

Әлемдiк қаржылық жүйе қосымша қаражат көзiне мұқтаж. Сондықтан үкiметтер мен алпауыт қаржылық құрылымдар экономиканы рецессиядан сақтап қалатын инвестицияны iздеп әлек. Алайда, бiр жылдан астам уақыттан берi дүние жүзiнiң басын қатырған қаржылық дағдарыстың қашан аяқталатынын, қиындықтардан қашан құтылатынын бiлмей дал болған инвесторлар қолдағы бар қаражатты батыл жұмсауға жүрексiнiп отыр. Халықаралық қор нарығындағы акциялар құны инвесторлардың ертеңгi күнге деген күдiгi мен сенiмсiздiгiнiң кесiрiнен сейсенбi күнi тағы да сыр бердi. Америкалық Dow Jones көрсеткiштерiнiң 2 пайызға бiр-ақ төмендеуiне АҚШ-тағы ең iрi деген кәсiпорындардың бiрi – Starbucks пен General Motors концернiнiң құнсыздануы себеп болған. Лондондағы FTSE қорының шығыны – 3,6 пайыз, Германиядағы Dax – 5,3 пайыз, Франциядағы Cac – 4,8 пайыз. Көршiлес Ресей 10 пайызға күрт төмендесе, дүйсенбi күнi азиялық қорлар арасында алдыңғы қатарда тұрған жапондық Nikkei 3 пайызға құнсызданған. Жағымсыз жаңалықтар мен сыбыстарға тез сыр беретiн қор нарығы ертеңге деген үмiттен гөрi күдiкке көбiрек бой алдыруда. Тығырықтан шығар жолды iздеп, әлемдi сабырға шақырудан басқа қайраны жоқ кәрi құрлық пен эммигранттар елi халықаралық қаржылық құрылымдар мен әр елдiң үкiметтерiне дағдарыстың дауылына ұшырамаудың шараларын бiрiгiп қарастырайық дедi. Бүгiнгi таңда әлем бойынша саяси сахнаға шыққан күн тәртiбiнде экономикалық тұрақтылық, қаржылық дағдарысқа төтеп беру, жұмыссыздықпен күрес, энергетикалық қауiпсiздiк пен азық-түлiк қауiпсiздiгi тұр.

Халықаралық қаржы тапшылығын бiздiң банктер Америкадағы ипотекалық дағдарыстың алғашқы кезеңiнде сезiндi. Одан кейiнгi кезекте жылжымайтын мүлiк нарығы мен ауыл шаруашылығы саласы тұрған. Әп дегеннен-ақ “қаржылық дағдарыстың ауылы Қазақстаннан аулақ жатыр, бiзге оның қатысы жоқ” деп бой бермеген Үкiмет сол кезде жiберген қателiгiн ендi түзей бастады. Онда да Президенттiң пәрменiмен. Апта басындағы үкiметтiк отырыста Мәсiмов дағдарысқа қарсы әзiрленген бағдарламаның мазмұнын жариялай келе, “тез арада бағдарламаны қабылдау қажеттiгiн” айтты. Негiзi 2007 жылы Қазақстандағы шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау, банктер мен құрылыс саласына көмек көрсету мақсатында мемлекеттiк бюджеттен 4 млрд. доллар көлемiнде қаражат бөлiнген. Үкiмет сол кезде-ақ дағдарысқа қарсы шараларды ашық жариялай отырып, бағдарламаны тез арада iске қосуы тиiс едi. Бiрақ жағдай керiсiнше болды. Халық қазынасынан бөлiнген қаржыны тиiстi нысанға жеткiзудiң механизмi түзiлмегендiктен, процесс ұзақ уақыт өттi. Қаражаттың игерiлуiн қатаң қадағалау үшiн арнайы бағдарлама қажет болғаны сөзсiз. Алайда, ондай құжаттың заты түгiлi аты жоқ болғандықтан, дағдарысқа төтеп беруге бағытталған шаралар мардымсыз жүрдi. Шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға арналған мемлекеттiк қаражаттың жұлым-жұлымын шығарған отандық екiншi деңгейлi банктер несиенi кәсiпкерлерге үлкен көлемдегi пайыздық көрсеткiштермен беруде. Мұндайда iстiң мандымайтыны анық.

Үстiмiздегi жылдың 25 қарашасында егжей-тегжейлi талқыланатын үкiметтiк дағдарысқа қарсы бағдарламада елiмiздегi шикi мұнайға салынатын баж салығы тоннасына 210 доллардан 139 долларға дейiн төмендетiлу көзделуде. ҚР Энергетика және табиғи ресурстар министрi Сауат Мыңбаевтың айтуынша, экспорттық баж салығын азайтуға қатысты қаулының жобасын индустрия және сауда министрлiгi ендiгi әзiрлеп қойған көрiнедi. “Бiр қайнауы iшiндегi” құжат мемлекеттiк органдар арасында келiсiлуi шарт. Экспортқа байланысты салынған тыйым заңды күшiнде сақталса, отандық майлы дақылдардың биылғы өнiм көлемi 160 мың тонна өсiмдiк майын өндiруге жетедi. Бұл iшкi нарықтағы тұтынушылық сұраныстың 80 пайызына тең. ҚР Ауыл шаруашалығы министрi Ақылбек Күрiшбаев 2008 жылдың басынан берi 130 мың тонна азық-түлiктiк күрiштiң жиналғанын, бұл iшкi нарықтағы сұранысты 100 пайызға қанағаттандыруға жететiнiн айтты. Ал қант бойынша баға тұрақты. Қант өндiрiсi былтырмен салыстырғанда, 67 пайызға өскен. Көкөнiс пен картопқа келсек, биыл 11,8-11,9 млн. тонна өнiм жиналған. Азық-түлiк қоры ретiнде пайдалануға толық жетедi. Билiк осы қордың азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге толық қауқарлы деген сенiмде.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары