Анна ПОЛИТКОВСКАЯ: БIЗДIҢ ЕЛIМIЗ — ЕҢ МЕШЕУ ЕЛ

Анна ПОЛИТКОВСКАЯ: БIЗДIҢ ЕЛIМIЗ — ЕҢ МЕШЕУ ЕЛ

Анна ПОЛИТКОВСКАЯ: БIЗДIҢ ЕЛIМIЗ — ЕҢ МЕШЕУ ЕЛ
ашық дереккөзі
260

Жуырда, Халықаралық журналистер федерациясының (JF) бас хатшысы Эйдан Уайт пен осы беделдi ұйымның президентi Джим Бумелья мырзалар дүние жүзiнiң журналистерiн Ресей өкiметiне талаптарын қолдап үн қосуға және осы елдегi адам өлтiрушiлердiң жазадан жиi құтылып кетуiн қатаң айыптауға шақырды.

“Көптеген адам өлтiру iстерi мұнда жеткiлiксiз, үстiрт тексерiлiп, қылмыскерлер әдiл жазадан құтылып кетуде, – дедi Джим Бумелья. – Кiсi өлтiрушiлер қақпанға түсiп, заңды үкiм бойынша сотталған жекелеген жағдайлардың өзiнде тасадағы тапсырыс берушiлер жазаланбай отыр… Бiз, жауыздықпен өлтiрiлген ресейлiк әрiптестерiмiздi ұмытпауға және адам өлтiрушiлердiң жазасыз қалғандарын есте ұстауға тиiспiз”.

Сонау 1926 жылы құрылып, штаб-пәтерi Брюссельде орналасқан және қазiр әлемнiң 100-ден астам елiндегi 600 мың кәсiби журналистердiң басын бiрiктiрiп отырған халықаралық мәртебелi ұйым Ресейдегi қалыптасқан жағдайға осылайша қатты алаңдауда. Соңғы жылдары Ресейде белсендi журналистердiң жұмбақ өлiмi жиi орын алғандығына әлемдiк қауымдастық ерiксiз куә болып отыр. Жағдай шектен шығып, мүлдем асқынып кеттi. Сондықтан адам құқығын қорғаушылардың “Халықаралық амнистия” ұйымы да амалсыздан: “Ресейдегi белсендi құқық қорғаушылар мен журналистер өкiмет тарапынан жиi қорқытуға ұшырауда және адам құқығын аяққа таптаудың құрбандықтарына айналуда”, – деген мәлiмдеме таратуға мәжбүр болды.

2006 жылы 7 қазанда “Новая газетаның” шолушысы Анна Политковскаяның өз үйiнiң кiре берiсiнде айуандықпен атып өлтiрiлуi әлемдiк қауымдастықты алаңдатып қана қойған жоқ, қазiргi Ресейде аса қатерлi жағдайдың қалыптасқанын толық айқындап берген едi.

Ресейде табанды, шыншыл журналистердiң өлтiрiлуi кездейсоқтық емес, зұлым әдетке айнала бастағанына көздерi жеткен құқық қорғаушылар кеш болсада дабыл қаға бастаған. Әнебiр жылдары Ресейде белгiлi журналистер Влад Листьев пен Юрий Щекочихиннiң өлтiрiлуi көршi елде қоғамдық наразылық, жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызса, қазiр жағдай керiсiнше қалыптасып келедi. Соңғы жылдары “Советская Калмыкия” газетiнiң бас редакторы Лариса Юдина, “Московский комсомолец” газетiнiң журналисi Дмитрий Холодов, тағы бiрқатар беделдi, билiкке жақпайтын, принципшiл, әдiл журналистердiң жұмбақ жағдайда өлтiрiлуi ресейлiктердi онша алаңдатпайтын сияқты. Тiптi, осы елдiң кәсiби журналистерi ауыздарына құм толтырып алғандай. Сандаған ғасырлар бойы құлдық қамытына – крепостниктiк правоға мойынсұнып, әбден бауыр басып алған елде еркiндiк, сөз бостандығы, басқа да бүкiл адамзаттық құндылықтар ардақталмайды. Құлдыққа бойы үйренген елде, тiптi, адам өмiрi де құндылық болып саналмайды.

Сондықтан Борис Ельцин кезiнде ащы, ауыр шындықтарды ашық айтуға әдеттенген Ресей журналистерiнiң айтарлықтай бөлiгi қазiр қатал, тоталитарлық жүйенi қайта тiрiлте бастаған тоңмойын билiктiң сойыл соғарларына айналып шыға келуiне таңдана қоюдың жөнi жоқ.

Билiктiң саясатын бас шұлғып қолдай бермейтiн, өз ұстанымдарына адал адамдардың елдегi қалыптасқан күрделi жағдайды бұрынғы КГБ-нiң қызметкерi Владимир Путиннiң атымен тығыз байланыстыруы да негiзсiз емес. Марқұм Анна Политковская өмiрiнiң соңғы күндерiнде “Jndependent” басылымына берген сұхбатында: “Мәселе мынада, Путин – елдегi қаратүнек барлау қызметiнiң дүниеге әкелген тұлғасы. Ол өзiнiң өткенiнен асып түсе алмады және КГБ подполковнигiнiң әдеттерiн серпiп тастай алған жоқ. Ол еркiндiксүйгiш отандастарын бұрынғысынша “лақтырып” тастауда; бұрынғы, өз карьерасының бастапқы кезеңiндегiдей ол бостандық атаулыны бесiгiнде тұншықтырудан қолы босайтын емес”, – деп ашына айтып, сол кездегi Ресей президентi В.В.Путиндi Гогольдiң кейiпкерiне – патшаның ұсақ шенеунiгi Акакий Акакиевичке ұқсатқан болатын. “Путин Гогольдiң Акакий Акакиевичiн еске салады. Ол – бұрынғысынша сұрқай болып қала бергiсi келмейтiн ұсақ, сұрғылт адам. Путинге сол сұрқайлықтан арылып, зор тұлғаға айналуға тарихи мүмкiндiк берiлген едi, бiрақ ол сұрқай тұлға қалпында қала бердi”, – дей келiп, одан әрi: “… Бiздiң елiмiз бақытты ел деседi, бiрақ мүлдем бұлай емес. Бiздiң елiмiз – ең мешеу ел. Путин адамдарды еш құрметтемейдi және болашақта Сталин уақытындағы репрессия орын алатыны сөзсiз,” – деп күйзеле мәлiмдеген болатын.

Әңгiме етiлiп отырған Акакий Акакиевич – Н.Гогольдiң атақты “Шинель” шығармасындағы бейшара шенеунiк. Ол әдемi шинель киiп, осыған дейiн болмаған табыс пен атақ-даңққа қол жеткiземiн деп қиялдайды, бiрақ әлгi шинельден айырылғанда қуыс кеуде жан ғана екенi ғана мәлiм болады.

Әлемдiк сарапшылар мен зерттеушiлердiң айтуына сенсек, Ресейдегi елдi дүрлiктiрген көптеген iрi қылмыстардың тасасынан осы елдегi құпия қызмет – аты шулы КГБ-ның iзбасары ФСБ-ның құлағы қылтиятын көрiнедi. Яки, көптеген қылмысты ұйымдастырушылар мен орындаушылар осындай құпия қызметтiң бұрынғы немесе қазiргi қызметкерлерi болып отыр. Әсiлi, кез келген құпия қызмет, барлау ұйымдарында, әсiресе, аты тарихта қара әрiптермен таңбаланған КГБ-да бұрынғы қызметкер деген ұғым болмайтыны белгiлi. Бұл тұрғыдан алғанда мұндай құпия қызметтер мен ұйымдасқан қауiптi қылмысты топтардың айырмашылығы шамалы, есесiне ұқсастықтары көп. Екеуiне де бiр кiрген адам өз еркiмен қайтадан шыға алмайды. Бейнелеп айтқанда, “Кiрген iз бар, шыққан iз жоқ”. Өйткенi, жұртшылыққа, қарапайым адамдарға белгiсiз құпиялардың мән-жайынан хабардар адам әлгiндей ұйымдасқан топ үшiн де, құпия қызметтерге де айырықша қауiптi жанға айналатыны бесенеден белгiлi

Анна Политковскаяның 2006 жылы 7 қазанда өз үйiне кiреберiсте айуандықпен өлтiрiлуiн Ресей құпия қызметiнiң әрекетi ретiнде бағалаушылар шындықтан алшақтап отыр ма? Жалпы, биыл 50 жасқа келетiн Анна Политковская осы елдiң билiгiне соншалықты қауiптi жан ба едi?!

Украин қызы Анна Степановна Политковская 1958 жылы совет дипломаттарының отбасында дүниеге келген. Оның бұрынғы фамилиясы – Мазепа. Кейбiр бұқаралық ақпарат құралдарының мәлiмдеуiнше, Анна Политковская Чернигов облысында дүниеге келген және 1980 жылы МГУ-дiң журналистика факультетiн үздiк тәмамдаған жан.

Ол қарапайым журналист емес, шын мәнiнде қаламды еркiндiк, әдiлдiк жолында қару еткен табанды күрескер. Оның Чешенстан соғысы мен Солтүстiк Кавказдағы қалыптасқан жағдайды, Ресей әскерлерiнiң осы өлкедегi жүгенсiздiктерi мен айуандықтарын әшкерелеген шыншыл материалдары Анна Политковскаяның есiмiн және “Новая газетаны” әлемге кеңiнен танымал еттi. Көптеген сыйлықтардың, оның iшiнде “Золотое перо России”, РФ Журналистер одағының “Добрый поступок – доброе сердце”, сондай-ақ Чешенстандағы жағдайды бұрмаламай жазғаны үшiн ОБСЕ-нiң сыйлықтарына ие болған марқұм Анна Политковская осы елдегi азаматтардың – әдiлетсiз соғыс құрбандарының аянышты тағдырын әлемдiк қауымдастыққа, ең әуелi Ресей оқырмандарына боямасыз жеткiзген едi. Бiр ғана мысал – 2001 жылы қыркүйекте “Новая газетада” чешен азаматы Зелимхан Мурдаловтың тағдыры туралы ашына жазды. Зелимхан Мурдаловты осы жылдың басында Ханты-Мансии ОМОН-ы арнаулы тобының адамдары тұтқындап, кейiн әлгi байғұс iз-түзсiз жоғалып кетедi. Мақалада осы iске тiкелей қатысы бар “Кадет” құпия есiмдi офицер туралы ашық айтылған болатын. Әлгi “Кадет” осы арнаулы топ басшыларының бiрi, Мурдаловты тұтқындауға тiкелей қатысы бар Сергей Лапин болатын. Сергей Лапин бiрнеше рет мақала авторын қорқытып-үркiтудiң амалын қарастырған,қоқан-лоққы жасаған. Дегенмен, кейiнiрек Сергей Лапинге қарсы қылмыстық iс қозғалып, ауыр дене жарақаттарын салғаны, қызмет бабын асыра пайдаланып, жалған ақпар бергенi үшiн оған ауыр айыптар тағылды.

Ресейде әдiлдiктiң салтанат құруы ешқашан оңай болмаған, әсiресе, Чешенстандағы “жеңiмпаз” орыс милициясының бiлдей офицерiн заңды жазаға тарту бұл елде орындалмас жайт, айналып келгенде әлгi Сергей Лапин жазадан құтылып кеттi, дәлiрек айтқанда, билiк амалын тауып өз қолшоқпарын қатаң жазадан құтқарып жiбердi.

Соңғы демi бiткенше либералдық көзқарастарына адал болып қала бiлген Анна Политковская қысқа, жарқын ғұмырында құпия қызметтiң адамдарымен үнемi бетпе-бет келiп отырған.

2000 жылдың өзiнде-ақ, ресейлiк милиция офицерi оны өлтiруге уәде етiп, Политковская бiршама уақыт бой тасалауға мәжбүр болды. 2001 жылы ФСБ тәуелсiз журналистi, чешеннiң аты-шулы жасақшысы Шамиль Басаевтың астыртын тыңшысы деп айыптап, үш күн бойы ас-сусыз, қапас зынданда қамауда ұстаған-ды.

Кейiнiрек Британияның The Cuardian газетiне берген сұхбатында Анна Политковская 2004 жылы Беслан трагедиясы кезiнде өзiн ФСБ қызметкерлерi у берiп өлтiрмек болғанын да мәлiмдеген болатын. Ержүрек, қайсар украин қызының айтуынша, табанды журналистi өлтiру үшiн Аннаға ұшақта шәйға у қосып берген. “Ең соңғы рет мен Масхадовтың адамдарымен ұшаққа отыруға 10 минут қалғанда сөйлестiм. Сiрә, мен өзге уақытта журналист жасайтын нәрселерден гөрi көбiрек әлденелер iстеген болсам керек. Содан соң мен ұшаққа отырдым, шәй iштiм, одан әрi… қаратүнек. Одан әрi мен ештеңе бiлмеймiн. Дәл айта алмаймын, бiрақ не болғанын iштей жобалаймын… Шешiм қабылданды және орта шендi офицер (ФСБ) оны жүзеге асырды”, – деген едi Анна Политковская.

Осылайша Мәскеуден Ростовқа, одан әрi Солтүстiк Осетияға ұшып шыққан тәуелсiз журналист ұшақта уланып, ес-түссiз күйiнде Ростовтың облыстық ауруханасына жеткiзiлiп, сонда емделген.

Марқұм журналистiң өмiрi, бүкiл творчествосына Чешенстан соғысы орасан зор ықпал жасады деуге болады. Өмiрде зұлымдық, жауыздыққа, бiр ұлттың басқа ұлттарға қатысты өркөкiрек тоңмойындығына төзе алмайтын, бүкiл жан-тәнiмен қарсы адамдар аз емес. Ал осындай адамгершiлiкке қайшы келетiн жайттарды жәй айыптау бiр басқа, соған қарсы қолдан келгенше күресе бiлетiн табанды жандар расымен де дара тұлғаға айналатыны ақиқат нәрсе. Ал сол рухани күрес жолында өмiрiн қиған кiсiлер шыныда да қаһармандықтың шыңына жеткен, нағыз жүрек жұтқандар. Жер бетiндегi миллиондаған адамдар үшiн Анна Степановна да мәңгiбақи сондай қаһарман қыз болып қала бермекшi. Ол өз тағдырын аз ғана жылда тұтас трагедияны бастан өткерген жаужүрек чешен халқымен тығыз байланысты қарастырған сияқты. Сондықтан да оның дарынды қаламынан туған жүздеген шыншыл аса өткiр мақалалары мен кiтаптары тау халқының соңғы жылдардағы тағдырына тiкелей қатысты едi. РФ Қорғаныс министрлiгiнде және Чешенстандағы әскери күштер арасында кең қанат жайған сыбайлас жемқорлық туралы зерттеулерi, оның өлiспей бiтiспейтiн жауларының қатарын көбейте түскенi де сөзсiз. Жоғарыда айтып өткенiмiздей, ол өз тағдырын Чешенстанға, оның соғыста өлтiрiлген бейкүнә балаларына мәңгiге байланыстырған жан болатын. Сондықтан да деректi кiтаптарының басым бөлiгi қолына қару алған Чешенстанға қатысты жазылған. “Тозаққа сапар. Чешенстан күнделiгi”, “Менiң соғысым. Окоп генералының чешен күнделiгi”, “Екiншi Чешенстандық”, “Чечня: Ресейдiң масқарасы”, “Путинская Россия”, “Россия без Путина” кiтаптары саналы адамдардың, ең әуелi Батыс жұртшылығының осы әдiлетсiз соғысқа деген ресми билiктiң насихатына қарама-қарсы көзқарасын қалыптастыруға көмегiн тигiздi.

Шовинистiк ұрандар үдеп, ұлы империяшылдық пиғыл мен қаратүнек ұрандар қайтадан тiрiле бастаған Ресейдегi ауыр психологиялық ахуалға, қарапайым адамдардың құқықтары жаппай аяққа тапталып, саяси ұстанымдардың адамгершiлiк негiздерiнен бас тартылып, тоталитарлық жүйеге ауытқу бел алғанына мейлiнше қарсылығын танытқан украин қызының белсендi қарсыластарының қатары да өсе түстi. Оның соңғы бiрқатар кiтаптары Ресейде жарық көруi мүмкiн емес едi және Лондонда басылып шыққан бұл кiтаптар, шын мәнiнде, әлемдiк қауымдастықты елең еткiзiп, ар-ұятын оятқан, айрықша назар аудартқан құнды дүниелер болып табылды. Анна Политковская Путиндi саяси тұлға ретiнде өресi өте төмен жан деп санайтынын ешқашан жасырған емес.

“Путин билiгiнiң нығаюы – бұл кеңестiк жүйеге қайтып оралу екенi айдан анық, – деп жазды ол өз кiтабында. – Бұл нақты бiздiң аңғалдығымыз, апатия және тым революцияшыл өзгерiстерден қатты шаршағандығымыздан ғана орын алмағандығын айта кету керек. Бұл – Батыстың жаппай қолдаған хор қиқуы, ең әуелi, Сильвио Берлусконидiң қолдаған даусымен жүзеге асуда. Ол, сiрә, Путинге ғашық болып қалса керек… Сондықтан да бiздiң гэбэшниктiң Кремльге қайтып оралуына ешкiм – Батыс та, өзiмiздiң Ресейдегi салиқалы оппозиция да кедергi бола алған жоқ”.

Кейбiр лақаптарға қарағанда, Путин Анна Политковскаяны өзiнiң ең басты дұшпаны ретiнде мәлiмдеген сияқты. Қалай болғанда да, 2006 жылғы 7 қазанда, Мәскеудегi Белорус вокзалының маңындағы Лесная көшесiнде орналасқан үйдiң кiре берiсiнде ауыр трагедия орын алды. Және бұған Ресей қауiпсiздiк қызметкерлерiнiң жанама түрде де қатысы болған секiлдi.

Белгiлi журналистiң өлiмiне қатысты iздестiру, тергеу жұмыстарын жүргiзген құқық қорғау органдарының құпия мәлiметтерiн былай қойғанда, осыған дейiн ақпарат құралдарында жарияланған түрлi құжаттарға иек артып дәл осылай кесiп айтуға негiз бар сияқты.

ЛДПР партиясынан РФ Думасына депутат болып сайланған Николай Курьянович 2006 жылы наурызда Ресей арнаулы қызметтерi “орыс халқының және Ресей мемлекетiнiң қас дұшпандары” деген құпия тiзiм жасап, пайдаланып жүргендiгi туралы айтқан болатын. Қарапайым адам емес, бiлдей Ресей депутатының бұл мәлiмдемесi жұртшылыққа жарылған бомбадай әсер еткенi даусыз. Ал осы құпия тiзiмде Анна Политковская басты орында тұрғандығы мәлiм. Оның мұндай қара тiзiмге iлiгуi бекер емес. 2000 жылы тамызда Анна Политковская “Грозный. Дом престарелых” деген қайырымдылық акциясын ұйымдастыруға мұрындық болып, жиналған гуманитарлық жүк – 3 тонна дәрi-дәрмек, азық-түлiк пен 120 мың рубльдiң нақты адреске жеткiзiлуiне бас-көз болған. Ал бұл күндердi сыртқы дүниеден бiржола бөлiп тасталып, бақайшығына дейiн қаруланған Ресей әскерлерiнiң темiр құрсауында, күндiз-түнi бомбалау мен ауыр артиллериядан атқылаудың астында қалған чешен халқы өз тарихындағы ең ауыр, қаралы күндердi бастан кешуде едi. Бұл сыртқы дүниеден жеткiзiлген ең алғашқы гуманитарлық көмектiң бiрi едi деуге де болады. Осы iзгiлiк көмектi ұйымдастырушы орыс журналисi, украин қызы болып отырғандығы Ресейдiң құпия қызметкерлерiне, ең әуелi Ресейдiң жаңа тағайындалған жас президентi Чешенстанда қалайда жеңiске жетудi талап еткен Владимир Путинге ұнай қоймағаны бесенеден белгiлi.

Ал 2002 жылы қазанда Мәскеудегi қайғылы оқиғалар кезiнде, Дубровкадағы Театр орталығын басып алған чешен жасақшылары өздерi келiссөз жүргiзе алатын адамдардың тiзiмiне Анна Политковская атын енгiзген едi.

2006 жылы белгiлi журналист атып өлтiрген күннiң ертесiне, яки 8 қазан күнi “Новая газета” басылымының құрылтайшылары осы iске қатысты нақты дерек берушiлерге 25 миллион рубль көлемiнде қомақты сыйақы тағайындады. Осылайша Ресей қоғамы салғырттық танытып отырғанмен, елдегi беделдi газеттiң акционерлерi жеке тұлға, әдiлдiк сүйгiш азаматтар ретiнде шындықтың ашылуына мүдделi екендiктерiн аңғартты. Бiрақ, ең басты сұрақтың өзi де осыдан туындайды. Ресей қоғамы, әсiресе, қазiргi қатал билiк журналистiң өлiмiне байланысты ащы әрi ауыр шындықтың толық ашық айтылуына құлықты ма?

Олай емес сияқты. Өйткенi, қазiр Ресейде адам құқығы, демократия, гуманизм, еркiндiк секiлдi iзгi ұғымдар мүлдем ұмытыла бастады. Және сөздiк қорда сирек пайдаланатын өлi сөздерге айналып кеткенi белгiлi.

Ресейде гуманизм, либералдыққа астамшылықпен қарап, оны әлсiздiк, тiптен есалаңдыққа балау ежелден қалыптасқан психологиялық ахуал. Тiптен, қазiргi шовинист орыс тарихшылары әдiл, кемеңгер патша ретiнде бейнелеуге құмар соңғы император – II Николайдың аты әлемге “қанды Николай” деп танылған болатын. Батыс Еуропаның көптеген монархтарымен оның туысқандық қарым-қатынасы бола тұрса да, олардың көбi Ресей императорын өз сарайында қабылдауға түбегейлi қарсы болған. Қанiшер билеушiмен өздерiнiң қаны бiр екендiктерiн масқара жағдай ретiнде бағалаған. Әсiлi, әр халықтың тарихи үрдiсi, сандаған ғасырлар бойы қалыптасқан тәжiрибесi, өмiрлiк қағидаларынан белгiлi бiр ұлттың дiлi қалыптасары анық. Ал Ресей тарихына, қазiргi күндердегi саяси, қоғамдық ахуалға зер салғанда, көршiлерiмiз үшiн саяси еркiндiк, ой, сөз бостандығы ешқандай құндылық болып табылмайтынына күмән қалмайды. Жалпы, қатал, тоңмойын, астамшыл, отаршыл империяларда гуманизмге ешқашан орын болған емес. Орыстың саусақпен санарлық шынайы гуманистерiнiң шежiресiне көз жүгiрткенде, олардың өмiрi ауыр трагедияларға толы болғанын, үнемi қуғын-сүргiндi бастан кешiрiп, өмiрiнiң соңы кiсi қолынан қаза табумен аяқталарын байқау қиын емес. Бiр сөзбен айтқанда, орыс қоғамында гуманизмге орын болған емес, таяу жылдарда болмайды да.

Сондықтан да, гуманизмдi өмiрлiк мұраты еткен Анна Политковская да қанiшерлердiң кезектi құрбанына айналды.

Шетелдiң белгiлi журналисi Эндрю Осборн Анна Политковскаямен бiрнеше рет сұхбаттасқан жан. Оның мәлiмдеуiнше, марқұм Политковская Путиндi өле-өлгенше ұнатпай кеткен, бiтiспес қарсыласы болған iспеттi. Әсiресе, 2002 жылы қыркүйекте Беслаңдағы мектепте орын алған трагедия үшiн Кремльдi тiкелей айыптаумен өткен. Бесландағы орта мектептердiң бiрiнде чешен жасақшылары 1200 адамды кепiл ретiнде тұтқынға алғаны, кейiнiрек федеральдық әскерлер мектепке атой салып шабуылдап, осы операция нәтижесiнде 344 адам өлгенi белгiлi. Құрбандардың басым бөлiгi, тiптi, барлығы дерлiк бейкүнә балалар болатын. “Мен не болғанын бастан-аяқ көре алғаным жоқ, өйткенi, ес-түссiз едiм, бiрақ уысына барлық тетiктер жинақталған президент әкiмшiлiгi өзiн сужүректердей ұстады деп санаймын. Тiптi, бiр жарым тәулiктен соң да ешкiм бандиттермен келiссөз жүргiзуге батылы жетпедi, өйткенi, президент әкiмшiлiгi бұған қарсы едi. Осылайша сұмдық трагедия орын алды,” деген Анна Политковская бейкүнә балалардың өлiмiн Путинге кешпей өттi өмiрден.

Айтылған жайларға, тiптен, бүгiнгi таңға дейiн белгiсiз болып отырған басқа да себептерге орай Анна Политковскаяның өлiмiне қатысты iс әскери сотта жабық түрде қаралмақшы. Өйткенi, тергеу барысында iз кесушiлер ФСБ, Iшкi iстер министрлiгiнiң басқармаларына қатысты сандаған құжаттармен танысуға мәжбүр болды. Iстi тергеудi өз қолына алған РФ Бас прокуратурасы Ерекше iстер тергеу комитетiнiң аға тергеушiсi Петрос Гарибянның айтуынша, айып тағылғандардың бiрi – подполковник Рягузов ФСБ-ның жоғары шендi офицерi. Сондықтан да қылмысты қарау әскери соттың құзырына берiлiп отыр. Оның үстiне, қылмыстық iстiң киллер, тапсырыс берушiлер, кiсi өлiмiне қатысы бар финансистер мен арадағы делдалдарға байланысты бөлiгi бөлек шығарылған.

Ресей ақпарат құралдарының мәлiмдеуiне қарағанда, Ресей Федеральдық қауiпсiздiк қызметi (ФСБ) 2006 жылдың жазынан бастап Анна Политковскаяның iзiне түсiп, оның үйiн күндiз-түнi бақылауға алған. 2007 жылы тамыз айынан бастап ФСБ-ның тарапынан жинақталған құпия деректер мен дәйектердiң баспасөзде жариялануына жол берiлген және ең әуелi ФСБ Iшкi қауiпсiздiк басқармасының бастығы генерал Купряжкиннiң өзi бұған жол берген.

Күдiктiлердiң аты-жөндерi, iздестiрiлiп жатқан автокөлiк, журналистi өлтiруге қатысы бар киллердiң есiмi уақытынан бұрын БАҚ-тар арқылы кең жарияланып, мұның өзi тергеу амалдарына айтарлықтай кедергi келтiрген.

Ең таңданарлығы, тұтқындаулар әлi жүзеге асырылмай тұрған уақытта тележурналист Караулов күдiктiлердiң аты-жөнiн жариялап үлгерген. Ақпарат құралдарында бiрде Рустам Махмудов, ендi бiрде Ибрагим Махмудов делiнiп жүрген күдiктi кiсi өлтiрушi 1998 жылдан адам ұрлағанына байланысты федералдық iздестiруде болған секiлдi және оның бауыры Жабраил Махмудов пен нағашысы Лом-Али Гайтукаев подполковник Рягузовтың құпия агенттерi едi. Осы Гайтукаев украин кәсiпкерi Корбанға қарсы қастандық ұйымдастырғаны үшiн 2006 жылғы қазанда тұтқындалғанға дейiн аталмыш Рягузовпен жиi байланысып, Рягузов, Хаджиқұрбанов, Мәскеу Iшкi Iстер қалалық 5-шi басқармасының қызметкерi, подполковник Лебедевпен бiрiгiп қылмыстық топ ұйымдастырған деген күдiк бар. Ең бастысы, Лом-Али Гайтукаев құпия қызметтермен қоян-қолтық жұмыс iстеп келгенiн өз аузымен мойындаған едi. Анна Политковская iсiне байланысты есiмi жиi аталатын Сергей Хаджиқұрбанов та осал жан емес. Ол ЦРУБОП-тың бұрынғы белсендi қызметкерi. Осынау құпия, түсiнiксiз атаудың тасасында Ресейдегi аса құзырлы, шексiз билiкке ие құпия қызмет – Ресей Сыртқы iстер министрлiгi ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының Орталық аймақтық (яғни, Мәскеу) бөлiмi тұр. Сергей Хаджиқұрбанов пен Рягузов 2003 жылы кәсiпкер Эдуард Поникаровты заңсыз тұтқындап, қолына кiсен салған және аямай ұрып-соғып, 10 мың доллар талап еткен. Үйiне келген соң да әйелiнiң жанұшырған айқайына қарамай, Поникаровты күшпен үйден сүйреп шығып, басын қабырғаға, баспалдаққа соққылаған. Мiне, сол Сергей Хаджиқұрбанов Анна Политковскаяны өлтiрудi ұйымдастырушы, ал ағайынды Жабраил мен Ибрагим Махмудовтар нақты кiсi өлтiрушiлер ретiнде айыпталуда. Ал Рягузов пен Лебедевке қатысты күдiк расталмағандықтан, бұл iс бөлек қарастырылмақшы.

Ресей сотының ресми билiктiң айтқанынан шыға алмайтынын ескерсек, бұл екi офицердiң де сүттен ақ, судан таза болып шығарына еш күмән қалмайтыны сөзсiз. Бiр сөзбен айтсақ, бүгiнгi Ресейде ауыр шындықтар айтыла бермейдi. Және: “Ресейде күштi лидер бола алатын адамдар көп. Әрине, олардың әрбiрiнiң кемшiлiк жақтары да жетерлiк, бiрақ Путиннен жаман ештеңе де болмайды”, – деп кезiнде батыл мәлiмдеген Анна Политковскаяның өлiмiне де қатысты барша шындық айтыла қоюы екiталай.

Өйткенi, марқұм орыс журналисi, украинның батыр қызы: “Мен Путиндi нелiктен осынша жек көремiн? Өйткенi, жылдар өтуде. Биылғы жазда екiншi чешен соғысын бастағанымыздан берi бес жыл толды. Және оның ақыры да көрiнетiн емес. Осы уақыт iшiнде оларды шейiт (шахид) деп жариялаған сәбилер дүниеге де келген жоқ едi, бiрақ 1999 жылдан берi бомбалау мен “тазартулар” нәтижесiнде өлтiрiлген балалардың iсi ашылмай қалды; құқық қорғау органдары ондай iстердi тергеп-тексермейдi де. Соғыс басталмай тұрып-ақ рұқсат алған армия Чешенстанда жүгенсiздiгiн жалғастыруда. Балалардың өлiмi Ресейде қарсылық дауылын туғызған жоқ. Ешбiр телеарна бес бiрдей чешен балаларының өлтiрiлгенi жайлы көрiнiстердi көрсетуге батылы жетпедi. Қорғаныс министрi отставкаға кеткен жоқ. Әскери Әуе күштерiнiң қолбасшысы қызметтен қуылмады. Тiптi, Жоғарғы бас қолбасшының өзi (Ресей президентi – Ж.Ш.) көңiл айтуға жарамады да. Мен Путиндi не үшiн сүймеймiн? Мiне, дәл осылар үшiн.Ауыр қылмыстан асып түсетiн мейiрiмсiздiгi, цинизмi, өтiрiктерi, “Норд-Остты” қоршау кезiнде қолданған газ үшiн, президенттiгiнiң алғашқы мерзiмiнен берi тоқтаусыз өлтiрiлген балалар үшiн..,” – деп жазған едi өзiнiң “Путинская Россия” атты кiтабында.

Ал осылай деп айтқан адамның Ресейде тiрi жүруi мүмкiн бе?! Қайдам…

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары