АРАЛДЫ ҚҰТҚАРУ – АДАМЗАТТЫҢ БОРЫШЫ

АРАЛДЫ ҚҰТҚАРУ – АДАМЗАТТЫҢ БОРЫШЫ

АРАЛДЫ ҚҰТҚАРУ – АДАМЗАТТЫҢ БОРЫШЫ
ашық дереккөзі

Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Орталық Азия елдерінің басшылары бірлесе құрған Халықаралық аралды құтқару Қорына (ХАҚҚ) 20 жыл толып отыр.

Арал теңізіндегі экологиялық дағдарыс көптеген көрсеткіштері жағынан Орталық Азия аймағынан асып, планетарлық сипатқа ие болды. Атап айтқанда, Арал теңізі бассейніндегі шекарааралық өзендердің су ресурстарын бірлесе басқаруда шешілмей жатқан мәселелер мен әлеуметтік-экономикалық, экологиялық жағдайлардың ушығуы Орталық Азия елдерін Арал дағдарысына қарсы күресте күш-жігерлерін біріктіріп, өзара күш жұмылдыруға, аймақтық қарқынды қызметтестікке мүдделі етті.

1993 жылдың 26 наурызында ХАҚҚ құрылтайшылары – Орталық Азия елдерінің басшылары Қызылорда қаласында Саммитте бас қосып, Арал теңізі және Арал маңының экологиялық сауықтырылуы мен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мәселелерін шешуде бірлесе қызмет ету туралы мәлімдеме қабылдаған болатын.

Қордың негізгі міндеті – халықаралық қауымдастықтың қолдауымен Арал теңізі бассейнін экологиялық сауықтыру мен аймақ тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеру мәселелері бойынша бірлескен нақты істер мен бағдарламалық жобаларды қаржыландыру.

Арал дағдарысы салдарларымен күресті халықаралық Аралды құтқару қоры үйлестіріп отырады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен, Экологиялық бағдарламасымен, ЮНЕСКО, Бүкіләлемдік Банк, Азия Даму Банкі, ТАСИС ұйымдарымен, сонымен қатар Германия, Дания, Израиль, Канада, Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Швеция және басқа да донор елдер үкіметтерімен біріге отырып, ХАҚҚ аймақтың әлеуметтік және экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған түрлі жобалар мен бағдарламалар жүргізіп келеді.

Арал теңізі бассейнінде 1995-2010 жылдары екі бағдарлама жүзеге асты. ҚР Үкіметінің кешенді бағдарламалары мен Арал теңізі бассейнінің бағдарламасы аясында Арал теңізі бассейнінің су ресурстарын бірлесе басқару тетіктерін қамтамасыз ету, экологиялық апат аймақтарын қалпына келтіру, тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету, олардың денсаулығын жақсарту, кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейін төмендету мәселелері бойынша біршама жұмыстар атқарылды.

Арал маңының қазақстандық бөлігінде жалпы құны 85,8 млн. АҚШ долларын құрайтын «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» аса ірі ұлттық жобасы жүзеге асырылды.

Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшылары – Орталық Азия елдері басшыларының 2009 жылы 28 сәуірде Алматы қаласында өткен Саммиті қор қызметіне жаңа серпіліс берді. ХАҚҚ Атқарушы комитеті МҮСШК, ХТДК ұйымдарымен бірігіп, ұлттық сарапшылар мен донорларды қатыстыра отырып, Арал теңізі бассейніндегі елдерге көмек көрсетудің 2011-2015 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын (ПБАМ-3) жасады.

Әсел ӘНУАРБЕК