Бақталастық синдромы

Бақталастық синдромы

Бақталастық  синдромы
ашық дереккөзі
542

Тарих оқулықтарын парақтағанда, қазақ пен өзбек ұлысының сонау орта ғасырларда-ақ бір-біріне іштей бақталас болғанына көз жетеді. Әсілінде қатар жатқан, шегі де шекарасы да иық тірескен мемлекеттер арасында бақталастықтың болатыны ежелден заңдылық. Бірақ кейде бір тараптың әлеуеті арта бастаса, екінші тараптың «шайтан пейілі» қозып, көршісінің дәулеті тасып жатқанын көре алмай, қалайда аяқтан шалып, дегбірін қашыруға тырысатыны сол елге деген достық, ағайындық, туыстық қатынастарға селкеу түсіріп жіберетіні бар.

Өзбекстан кеңестік үкімет тұсында шаруа­сы дөңгеленген, экономикасы шарықтаған, өзіндік ұстанымы, ұлттық санасы қалыптасқан іргелі ел болатын. Дегенмен бәріміз КСРО-ның шекпенімен қымтаулы едік. Түгеліміз орысша сөйледік, бар асылымызды Мәскеуге жөнелтіп, одақтың, партияның тұтастығына жанымызды қиып келдік. Сөйтсе дағы әлем бізді танымайтын. Ресейдің бір бөлшегі деп қарады. Көзіміз қысық, теріміз қызыл болса да, бізді орыс дейтін. Одан бері талай су ақты, заман өзгерді. Жаратушының назары ауып, қаз-қатар тізілген түркі мемлекеттері аңсаған бостандығын алды әйтеуір. Қорадан қашып шыққан қойдай жөнімізді білмей біраз адастық. Уақыт есейтеді екен, ақыл кіріп, оң – солымызды тани бастадық. Кімнің дос, кімнің дұшпан екенін бағамдайтын кез келді.

Аллаға шүкір, дәл қазір қару кезеп тұрған дұшпанымыз жоқ. Маңайдағының бәріне татулықты ту ететін ел екенімізді әркез айтумен, әрдайым көрсетумен келеміз. Шын жүректен шықса, естімейтін құлақ жоқ қой. Бүгінде алты құрлықтың бәрімен етене араласып, мәңгілік достықтың ақ жібін алмастық. Дегенмен көршісін көре алмайтындардың бір бармағы ішке бүгулі жатады екен. Өзім деп жүрген өзбек билігі әркез өзекке тепкісі келіп тұратын пиғылын көрсетіп жүрген сияқты. Әсіресе соңғы жылдары қазақ пен өзбек арасы бұрын әркез айтып жүретін тату көршілік байланыстан алыстаңқырап барады. КСРО ыдырағаннан кейін екі мемлекет арасындағы қатынастар 20 жыл ішінде өзінің күрделілігімен, аймақтағы бақталастықпен, халықаралық сахнадағы жетекшілікке ұмтылу және экономикалық қысым жасау сияқты құралдарды пайдаланумен ерекшеленіп келді десек артық айтқандық емес.

Десек те даудың көбі шекарада туындап жатыр. Екі елдің екі мың шақырымнан асатын шекаралық байланысы бар. Сансыз тауар да, сан мыңдаған адам да өтетін негізгі 3-4 кеден бекеті бар. Бәрі де Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында. Осы маңда түсініспеушіліктер жыл сайын орын алатыны дәстүрге айналып барады.

2000 жылдан бері қазақ-өзбек шекарасында ондаған кісі өлтіру, жарақаттау фактілері тіркеліпті. Көпшілік бұл жайттардан хабардар деп ойлаймыз. Десек те соңғы оқиғаларды айтпай кетуге болмас. Таяуда қазақ-өзбек шекарасында тағы да оқ атылды. Ала шапанды ағайынның атқан оғынан Сарыағаш ауданының 26 жасар тұрғыны ауыр жарақаттанып, қазір ауруханада жатыр. Оның айтуынша оқиға былай болған. Үйінің іргесіндегі мал қора жақтан екі баланың қашып бара жатқанын байқап қалыпты. Шекара сызығы тура қорасының жанынан өтеді екен. Әлгілерді мал ұрлауға келген ұрылар екен деп ойлаған жігіт арттарынан қуады. Шекараға жақындап қалғанын да байқамай қалса керек, кенет өзбек шекарашылары өзбекшелеп «Тоқта! Тоқта!» деп бір рет оқ атыпты. Екінші рет атқанда оқтың тигенін өзі де білмей қалған. Бүгінде дәрігерлер оған ота жасап, бір бүйрегін алып тастады. Зақымданған ішектің де біразы кесілген. Ауыл адамдары бұл алғашқы жағдай емес дейді. Екі жыл бұрын да тура осы елді мекенде есігінің алдын сыпырып жүрген 17 жастағы қызға оқ тиген. Ал осы жолғы оқиға бойынша ресми органдар Сарыағаш ауданының тұрғыны шекараны заңсыз өтпек болды деген мәлімет таратты.

Өзбек әскерлерінің өктемдігі шектен асты дейді шекара маңына қоныс тепкен ауыл тұрғындары. «Қит етсе мылтығын кезейді. Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас жатыр, оның үстіне шекара сызығы үйіміздің, ауламыздың маңынан өткен соң артық қимыл жасай алмаймыз, атып жібере ме деп қорқып жүреміз», – дейді үрейленіп қалған халық. Бауырлас халықтың сарбаздары бұлайша қару кезегені, ешқандай ескерту жасамай-ақ атуға ұмтылуы расымен де көрші елдің бізге деген ұнатпаушылық сезімін, достық, ағайындық қатынасты ысырып тастап, әріптестік, серіктестіктен гөрі бақталастық пиғылының үдей түскенін байқатады. Себебі Қазақстанның жыл өткен сайын дәулеті тасып, халқының тұрмысы артып барады. Осының бәріне сене алмай, өздері аңқау, жалқау дейтін қазақтың өңірде беделге ие болғанына төзе алмайтын сияқты. Сосын қалайда, қандай жолмен болса да есе қайтарып қалғысы келетіндей.

Еліміз арқылы Оңтүстік, Оңтүстік Батыс Азия елдеріне бағыт алған транзиттік көліктерді өткізбей, шекараны тарс жауып тастау соңғы кездері жиі қайталанатын құбылысқа айналған. Былтыр тамыз айында қазақ-өзбек шекарасында 200-ден астам жүк көлігі 2 аптадай қаңтарылып тұрды. Кейбіріне тез бұзылатын тауар тиелген болса, кей жүргізушілердің визаларының мерзімі аяқталуға жақын болатын. Оның үстіне, азық-түліктері де таусылып, жүргізушілер ашыға бастаған-ды. Қаз-қатар тізілген көлік кезегінің ұзындығы екі шақырымға созылып еді сол кезде. Қырық градус аптап ыстықта кеден бекетінде 250 көлік кептеліп тұрды. Бұл жағдайға Өзбекстанның көлік туралы заңына енгізілген өзгерістер себеп болыпты. Оған сәйкес халықаралық жүк тасымалымен айналысатын шетелдік компаниялар Өзбекстан аумағы арқылы өту үшін Ташкенттегі құзырлы мекемеден рұқсат алуы керек екен. Оған қоса тиелген жүк салмағына қойылатын талаптар да өзгерген. Бізде рұқсат берілген салмаққа Өзбекстан жағында рұқсат жоқ. Осыдан соң Қазақстанның күш салуымен өзбектер әрең дегенде шекарасын ашып, апталап тұрып қалған шетелдік жүк көліктері ақыры алған бағытына қарай қозғалған болатын.

Жақында қазақ-өзбек шекарасында тағы да бір оқиға орын алды. Мыңдаған өзбек мигранттары шекарадан өте алмай жиналып тұрып қалды. Бұдан былай тек жұмыс істеуге рұқсаты бар немесе баратын елдегі жұмыс беруші компаниямен еңбек келісім-шартын жасасқандар ғана шекарадан өтетін болыпты. Өзбекстан ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, жаңа ереже адам саудасына қарсы күресу үшін қабылданған көрінеді. Жыл сайын Өзбекстаннан Қазақстан мен Ресейге маусымдық жұмыстарға жүздеген мың азаматтар өтетін. Қаңтар айындағы үкімет отырысында Өзбекстан президенті Ислам Каримов ішкі істер министрін «өзбек жастарын жұмыспен қамтамасыз ете алмай, оларды шетелде еңбек мигранттары болуға мәжбүрлеп отыр» деп сынға алған еді. Осыдан кейін әлгіндей шектеулер жасалып, қолданысқа енгізілген. Ақырында қарапайым адамдар зардап шекті.

Жалпы, Өзбек елі шекара мәселесіне қатты шүйліге беретінді шығарды. Әсіресе бізбен шектесетін тұста қатаң тәртіп жағдайында жұмыс істеуде. Аяғын байқамай басып қалған кісіні көрсе атып, шекарадан өткізерде қалайда тиын-тебен алып қалуды көздейді.

Өзбек елінің бізді ұнатпай, көре алмай отырған тағы бір үлкен себебі бар. Бұған дейін еліміздің оңтүстігіндегі мақташылар, дихандар су мәселесіне келгенде Өзбекстанға кіріптар жағдайда болатын. Осыны түсінген Қазақстан «Көксарай» су қоймасын салуды дереу қолға алған еді. Сол кездегі жағдайды сараптасақ, Өзбекстан халықаралық ережелерді өрескел бұзып, Сырдарияның арнасында бірнеше су қоймасын салып алған, ал Қазақстан көршісіне кіріптар болып келген. Ақырында көршінің бірде көл, бірде шөл мінезінен шаршаған Қазақстан «Көксарайды» салды. Міне, осыдан кейін-ақ өзбек тарапы қолдарындағы көзірінен айырылып қалды.

Әйтеуір Өзбекстан бізге өкпелі. Жалғыз біз емес, кешегі посткеңестік елдердің біразына да. Өзбек басшысы Қазақстан мен ТМД мемлекеттерінің басқа да мүшелерін исламдық радикалдарға қарсы күресте либералдық танытып отыр деп ренжулі.

Әрине, Қазақстанның көптеген же­тістіктері ресми Ташкенттің назарынан тыс қалып отырған жоқ. Осыдай кейін де Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы қатынастар уақыт өткен сайын салқындап бара жатқан сыңайлы.

P.S.

Жалпы, экономикасы мешелдеу мемлекеттердің өзінен жағдайы жақсы, өңірде барлық салада көшбасшылық рөлге шығып, супердержавалар санасатын деңгейге жеткен көршісін көре алмаушылығы қалыпты құбылыс. Бірақ бұдан көп жағдайда қарапайым халық зардап шегіп жатады. Қалай айтсақ та, шекара маңындағы ірілі-ұсақты қақтығыстарға бей-жай қарамау керек.

Ал әзірге бақталастық синдромына шалдыққан өзбек елі енді қандай мінез көрсетер екен деп әліптің артын бағып отырмыз. «От көсеген өшіреді, көршісін көсеген көшіреді». Құдай оның бетін әрмен қылсын.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Серіктес жаңалықтары