БІР АДЫМ АЛҒА

БІР АДЫМ АЛҒА

БІР АДЫМ АЛҒА
ашық дереккөзі
181

Иран келіссөзі:

Халықаралық дипломатия орталығы атануға үміткер Алматыда 26-27 ақпанда «Rixos» қонақүйінде өткен Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің нәтижесіне бүкіл әлем назар аударып отырғаны белгілі. 26 ақпанда таңғы 9-да басталады деп күткен келіссөздер тек түскі 13.30-да ғана басталды. Дегенмен бұл 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігінен үміткер Қазақстанның әлемдік имиджін жаңа деңгейге көтеретіні анық.
Келіссөз «Иран келіссөзі: 3+3» деп аталды. Яғни, 3 еуропалық, үш азиялық ел өкілдерінің келіссөзі. Бұндай келіссөздер 2012 жылдың сәуір айынан бері үш рет өткізілген. 14 сәуірде Стамбулда, 23-24 мамырда Бағдадта, 18-19 маусымда Мәскеуде. Бұл кездесулердің барлығы айтарлықтай нәтиже бермегені мәлім. Бұған дейін аталған «алтылық» пен Иран кездесуі бір жылдай өткізілмей қалды. Иран өз ядролық бағдарламасы жөнінде нақты ақпарат бермеуі арқылы, батыстық әріптестерінің күмәнін тудырып отыр. Алғашқы келіссөздер нәтижесі бойынша ЕО-ның сыртқы істері мен саяси қауіпсіздігі жөніндегі жоғары уәкілдің баспасөз хатшысы Майкл Манн журналистерге арнайы брифинг өткізді. Оның мәліметтері бойынша, алғашқы келіссөздер нақты нәтиже бермеген. Бір сағат көлеміндегі келіссөзге тек ағылшынтілділер қатысқан. Түске дейін Қытай мен Иран өкілдерінің өзара кездесуі болғанын растады Майкл Манн. Стамбулда өткен кездесуде Иран өз ядролық бағдарламасы жөнінде ақпарат беруге келіскен. Келіссөзге ЕО-ның сыртқы істері мен саяси қауіпсіздігі жөніндегі жоғары уәкілі Кэтрин Эштон, Иранның Ұлттық қауіпсіздік Жоғары кеңесінің хатшысы Саид Жалили, Германияның Сыртқы істер министрлігінің саяси мәселелері бойынша директоры Ханс-Дитер Лукас, Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігінің сая­си мәселелері бойынша депар­таментінің директоры Саймон Гасс, ҚХР СІМ көмекшісі Ма Чжаосюй, Ресей Федерациясының СІМ өкілі Сергей Рябков, АҚШ мемлекеттік хатшысының саяси мәселелері бойынша орынбасары Уэнди Шерман, Өкілетті кеңесші, Францияның СІМ саяси және қауіпсіздік мәселелері бойынша бас директоры Жак Одибер қатысты. Бұлардың бесеуі – БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты мүше елдер (Ресей, Қытай, АҚШ, Франция, Ұлыбритания). Шараны әлемнің 30 елінен келген және отандық БАҚ-тардан 250-ге тарта журналист бақылады. Иран Қазақстанмен құрлықта шекарасы болмаса да, Каспий теңізі арқылы шектесетін көршілес мемлекеттердің бірі. Сол себепті де Иран ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздердің бейбіт шешімін табуы Қазақстан үшін де, бүкіл әлем үшін де аса маңызды. АҚШ пен Израиль және Батыстың бірқатар елдері Иран бейбіт атом бағдарламасын желеу етіп, ядролық қару өндіріп жатыр деп күдіктенеді. Тегеран өзінің атом бағдарламасы елдің электроэнергиясы сұранысын қанағаттандыруға бағытталғанын мәлімдейді. Жақында американдық ғалымдар 2014 жылдың ортасына қарай Иранда бір немесе одан да көп ядролық бомба жасап шығаруға жететіндей уран өндірілетіні жа-йында есепті жариялады. Онда Иранға қарсы санкция ережесін күшейту қажеттілігі айтылады. Иранның ядролық бағдарламасы 1968 жылы АҚШ-тың Иранға қуаттылығы 5 МВт болатын атом реакторын беруінен басталады. Кейін реакторлардың құрылысын дамытуға технологиялық көмекті Германия мен Франция көрсетті. Сол жылы Иран ядролық қаруды таратпау жөніндегі Келісімге қол қойып, оны 1970 жылы ратификациялады. 1974 жылы Иран атом энергиясы жөнінде ұйым құрылды. Бұл ұйым құны 30 миллиард доллар тұратын 23 ядролық энергоблоктардың құрылысының жоспарын жасады. Әрі бұл жобаны АҚШ пен Батыс Еуропа елдері қолдады. Бағдарлама 25 жылға есептелді. Алайда, 1979 жылы шахтың тақтан тайдырылуына орай, Иранның жаңа үкіметі АЭС құрылысынан бас тартты. Елде жағдай тұрақталғаннан кейін, Иран басшылығы ядролық бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алды. 1995 жылы Ресей Бушер қаласындағы АЭС-тің алғашқы блогының құрылысын аяқтау жөніндегі келісімге қол қойды. АҚШ осы келісімнен кейін Иранға қарсы сауда-экономикалық санкция енгізді. АҚШ 1992 жылы Иранды ядролық қару жасау жұмыстарын жасырын жүргізіп келеді деп айыптаған. Содан бері АҚШ Иранды бүкіләлемдік қауымдастықтан оқшаулауды көздеп келеді. Дегенмен, Америка, Франция, Германия және Ұлыбритания, Ресей тарапынан табанды қарсылыққа ұшы­рау­да. Өйткені аталған мемлекеттердің Иранмен әскери техника жеткізу жө­ніндегі және Бушерде АЭС құрылысын салу туралы келісім-шарттары бар. 2003 жылдың соңында МАГАТЭ инспекторлары Иранда уран өндіруші центрифуганы тауып алады. Иран ядролық бағдарламасынан күдіктенген Израиль АҚШ-тан құны 319 миллион доллар тұратын 5 мың басқарылатын бомба сатып алу туралы келісім-шартқа қол қояды. 2004 жылы Иран уран өндіру ісін тоқтатуға келіседі. Еуроодақ (ЕО) өкілдері Иранға ядролық отын мен атом технологиясын жеткізуге және жеңіл реактор беруге уәде береді. Алайда 2005 жылы билік басына М.Ахмадинежадтың келуімен мәселе қайта ушығады. Иранның АҚШ және ЕО елдерімен келіссөздегі көзқарасы мүлдем өзгереді. Иран президенті Махмуд Ахмединежад Иранның бейбіт атомды дамыту жөніндегі құқығынан ешуақытта бас тартпайтынын мәлімдеп, ядролық қару таратпау жөніндегі келісімнен бас тартатынын айтып қоқан-лоққы жасаған. 2012 жылы Иранның АҚШ, Франция, Германия, Ұлыбритания, Жапония және Канада секілді дамыған мемлекеттермен арадағы қатынасы нашарлаған. Ахмадинежад егер Иранға қатысты жаңа санкция енгізілетін болса, Ормуз шығанағын жауып тастайтынын айтқан. АҚШ пен Франция Иранға қарсы соғыс ашуға дайын екенін айтса, Австралия мен Жапония олардың әскери қимылдарын қолдауға дайын екендіктерін білдірді. Осыдан кейін Стамбул, Бағдад және Мәскеу келіссөздері өткені белгілі. Сарапшылар Алматыдағы келіссөзден үлкен үміт күтті. Иран тарапы Алматыда бас қосқан «алтылықтан» Тегеранның бейбіт атомға деген толық құқығын мойындауын талап етіп отыр. «Біз Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімнің шеңберіндегі халықаралық міндеттемелерден шықпайтын ұсыныстарды ғана қабылдауға дайынбыз» деді келіссөз барысында Иран делегациясының басшысы, Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Саид Жалили. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің «алтылық» бастамасымен Иранға қатысты қабылдаған резолюциясы бойынша уранды өндіруге қатысты барлық жұмысын тоқтату керек. Демек тараптардың өзара келіспеушілігінің басты кілті осында. Американдық New York Times газетінің жазуы бойынша «алтылық» өкілдерінің Тегераннан оның ядролық бағдарламасы жөнінде нақты жауап алуды көздеп отырғаны айтылады. Оған жауап ретінде Иранға қарсы қолданылған санкцияларды біртіндеп жою мақсаты қойылған. «Біз «алтылық» Иранның алғашқы қадамы ретінде уран өндіруді 20 пайызға дейін қысқартуын және бұған дейін өндірілген уран қорын экспорттауын қалаймыз. Сондай-ақ, Иран Фордо уран өндірісін жабуы қажет. Бұған дейін ол бұдан бас тартып келген болатын. Иранның алтын және басқа да қымбат металлдарын сатуды, халықаралық банк қызметін жаңартуды, мұнай саудасын жандандыруды ұсынамыз. Келіссөздердің негізгі мақсаты – Иран БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің резолюциясын қатаң қадағалап, уран өндіруді мүлдем тоқтату қажет. Және ол уран өндірудің жасырын нүктелерін болдырмау және қарулану бағдарламасын ашық ұстау қажет». Иранға қатысты санкциялар оның Ішкі жалпы өнімінің 8 пайызын құрайды және бұл Иранда инфляцияның күрт өсуіне ықпал етіп, Иран ұлттық валютасы – риалдың құнсыздануына жол берген. Егер Иран жоғарыдағы талаптарға келісетін болса, аталған санкциялардың барлығы алынып тасталмақ. Иран Ресей, ағылшын және неміс делегациясымен екі жақты кездесу өткізгенімен, АҚШ және Француз өкілдері ирандықтармен кездесуге мүмкіндік ала алмаған. Келіссөздердің қаншалықты жемісті болары Иран тарапының «алтылық» ұсынысына берер жауабына байланысты. Әзірге жабық есік жағдайында өтіп жатқан келіссөздердің нақты нәтижесі белгілі емес. Келіссөздер аяқталысымен журналистерге брифинг өткізген Иран қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Саид Жалили «Иранның ядролық бағдарламасы мәселесін реттеуге қатысты Тегеран мен батыс елдерінің ұсыныстары бір-біріне жақындай түсті», – деп мәлімдеді. Келіссөздер нәтижесі бойынша, тараптар келіссөздердің келсі кезеңін 4-5 сәуірде тағы да Алматыда өткізуге уағдаласты. Оған дейін аталған алты ел сарапшылары наурыздың 17-18-інде Стамбулда кездеспек. Сарапшылар келіссөздің осылай аяқталуын үлкен нәтиже деп бағалап отыр.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары