478
Біртұтас ұлт идеясы
Біртұтас ұлт идеясы
Нұртөре Жүсіп: Тәуелсіздіктің төл буыны, 21-22 жастағы балалар қазақ тілін білмей өсіп келеді. Біз мұнда үндеу жасап, тамақ жыртқанмен ештеңе өзгермейді. Одан да жеткіншек 16 жасқа толып, төлқұжат алатын кезде мемлекеттік тілді білмесе куәлік берілмесін. Осындай заң енгізу қажет.
Юрий Киринициянов: Кенжебай мырза, Қырғызстандағы орыстар қырғызша сөйлейді деген асыра айтқандық. Біріншіден, Қырғызстанда солтүстік пен оңтүстіктіктер болып екіге бөлінеді. Оңтүстікте – орыс тілі жоқ, ана тілдерінде сөйлейді. Ал Бішкекте орыс тілінде сөйлеседі. Бірақ Қазақстанға қарағанда Қырғызстаннан қоныс аударатындардың саны басым. Қырғызстандағы тұрақсыз саяси жағдай себеп оған. Менің үлкен бауырым Өзбекстанда 30 жыл тұрып, жақында көшіп кетті. Ол зауытта электрик болып қызмет атқарды. Кеңес одағы тараған соң зауыт жұмысын тоқтатты, шағын ғана зейнетақы тағайындады. Бір махаллада өзбек, орыс, қазақтар тату тұрды, тіпті әке-шешем қайтыс болғанда өзбектер жерлеуге көмектескен еді. Ендеше олар неліктен ол жақтан көшіп кетті? Немесе мен неліктен Қазақстаннан кетпеймін? Өзбекстанда ағам тұрған елді мекеннің Өкімиетіне биліктің өкілі келіп: «Мектеп кітапханасындағы орыс авторлардың көзін құртыңдар. Бір орыс авторы жетеді. А.С.Пушкиннің кітаптары ғана қалсын, ол орыс емес, араб қой түбі» дейді. Сонда бір мұғалім тұрып: «Лермонтов пен Гогольдің не жазығы бар, өзбек халқына не істеп қойды?» депті. Сонда мұғалімге оңаша сөйлесу керек деп дүрсе қоя берген. Айтайын дегенім – Абайды түсініп, Абайдың тілімен сөйлесу үшін Пушкин тілін де ұмытпау керек. Қазақтың бетке ұстар журналистері мен қаймағы жиналып, қандай күйінішпен бұл тақырыпты талқылап жатқандарыңызды түсінемін. Қазақша «нан» мен «су» сұрай аламын. Бірақ біздің арамызда бәсекелестік жоқ. Менің өз оқырманым бар, сендердің өз оқырмандарың бар. «Аргументы и факты» газетінің өз аудиториясы бар, сол сияқты «Түркістан» мен «Айқынның» өз оқырманы бар. Сондықтан бәсекелестік жоқ деп айта аламын. Нақты әрекеттерге көшетін болсақ – бізге бірлесе жұмыс жасау қажет. Қазақ тілін балабақшадан, мектептен бастаған жөн. Қазақ тілін үйренуге біз кеш қалдық. Шәмшидин Паттеев: Қазақстан – біртұтас мемлекет. Мұнда туған, тұратындар Қазақстан азаматтары. Дүниежүзінде қалыптасқан нәрсе бар – Қазақстанда тұрған халықтың баршасы қазақ деп есептеледі. Ұлт, нация – мемлекет деген мағынаны білдіреді. Біріккен Ұлттар Ұйымы – біріккен мемлекеттер ұйымы. Кеңестік жүйенің кезінде біз ұлт дегенде – 15 одақтас республиканы айтып жүрдік те, ұлт пен мемлекетті шатастырып алдық. Біздегі ұлт деп айтылатындар – этнос өкілдері. Ендеше дүниежүзінде қалыптасқан жағдай бойынша Юрий Киринициянов – қазақ, тегі – орыс. Екінші мәселе – біртұтас ұлт идеясын қалыптастыру үшін барлығы бір тілде сөйлеп, бірдей қабылдаса. Мысалы Францияның президенті Николя Саркозидің арғы тегі венгр екені баршаға мәлім. Бірақ оны француз емес деп айтып көр. Дамыған еуропалық мемлекеттердің барлығында – сол мемлекеттің азаматы сол ұлттың атымен аталады. Біздің қазақ сияқты ата-бабасы, тұқым-тамырымен есептелмейді. Бір мемлекеттің азаматтығын алып, сол елдің тілінде сөйлеп, сол мемлекеттің менталитетінде өмір сүрсе – ол басқа ұлт емес. Мырзан Кенжебай: Ұлт деген сөздің анықтамасын Карл Маркстан анық жеткізген ешкім жоқ. Еуропа мен Америкадан үлгі алудың қажеті жоқ. Француз Монтескье мен Вольтер: «Бір елдің конституциясын қабылдар кезде сол елдің ауа райын, тілін, дінін, ділін, менталитетін ескеру керек» деген. Жергілікті Үкіметтің тұтастығын құрау қажет, ал біз халықтың тұтастығын құрап отырған жоқпыз. Кеңестер тұсында Рашидов Өзбекстанда ұйғыр, өзбек, қазақ , қырым татарын да өзбек қылып жаздырды. Кеңес үкіметі тұсында-ақ ол астыртын саясат жүргізді. Сол кездері мен «Правда» газетінен бір мақала оқыдым. Онда: «Өзбек деген халық тілін, дінін ешуақытта ауыстырмайды. Ешқандай да коммунистік идеологияға көнбейді. Тіпті ансамбльдің атауын «Я, Алла» деп қойып отыр. Оның атауын өзгерту керек», – деп жазды. Расында Мәскеу «Я, Алла» деген сөзді алдыра алмады. Екінші – Ташкент университеті Ленин атында болды. Кейіннен оның атауын Ұлықбек деп өзгертті. Ел басқарған басшылар қалың қазақтың алдына шығып «Құрметті қазақстандықтар» деп сөз бастайды. Бұл не деген масқара. «Құрметті қауым» десе бір жөн. Жұмамұрат Шәмші Ташкентте «Жоғарғы шекара училищесін» бітірген. Сонда «Бізге өзбек халқын сыйлайтын, өзбек халқының салт-дәстүрін, тілін, дінін сыйлайтын сардорлар керек» деп айтады» дейді. Халықты біріктіретін – тіл мен дін, осы екеуі ғана. Әзірбайжан президенті сөйлегенде бірауыз орысша қосқан жоқ. Орысша аудармасын басқа біреу жасап отыр. Рахмон халыққа жолдауын жариялағанда екі сөзінің бірінде «Славный таджикский народ» дейді асқақтатып. Бізде Елбасымыздан бастап «қазақстандықтар» деп бастайды. Болашағын ойлаған ел осындай бола ма? «Национализмің» «шовинизмнен» жақсы. Ресейде 25 құрылым бар: автономиялық округ, автономиялық облыс, автономиялық республика. Сөйте тұра орыс шовинистері «Россия только для русских» деп айқайлап жүр. «Казахстан – наш обший дом» деген ұран көп. Сонда кәрістердің екі үйі, орыстардың Ресейі бар, ал қазақтардың үйі қайсы сонда? 2006 жылы бүкіл іс-қағаздар қазақ тіліне көшіріледі деді. Сол-ақ екен, Олжас Сүлейменов, депутат ханымдар шу ете қалды, не масқара деп? Бір ұлтты жою үшін қырғын соғыс ашудың қажеті жоқ. Данышпан Аристотель Ескендір Зұлқарнайынға: «Бекер қырып-жоя бергенше олардың тілін алала, тілін жой» деген екен. Уэльста тұратын Дэвид Кристаллдың айтқаны бар: «Бір ұлтты қырып-жою үшін қырық жылдық соғыстың қажеті жоқ. Одан да қостілділікті енгіз». Үстем ұлттың өкілі мен тілі жеңіп шығады. Екі тіл аз болғандай енді үштілділікті енгіземіз деп отырмыз. Жапонияда жапон тілін білмесең, сені адам құрлы көрмейді. Ағылшын тілі де солай. Қазақстандық ұлт жасау – қате түсінік. Ұлтты жасайтын Алла тағала. Нұртөре Жүсіп: Қазақстандағы 16 миллион адамның 11 миллионы мұсылман дінін ұстанатындар. Ендеше бізде дін бауырмалдығы, дін тұтастығы бар. Сонымен бірге 75 пайыз халық, түркітілдес ағайындар мен қазақ болғысы келетін ұлттар қазақ тілін түсінеді. Біз бұрын бір орыс отырса, бәріміз орысша сөйлеуші едік. Қазір жағдай керісінше өзгерді. Біз мына кісінің көңіліне келеді деп орысша сөйлеп отырған жоқпыз. Құлдық санадан арылдық. Кілтипан қазақтың өзінде. Қарашекпенділер қазақ даласына келгенде Баянауыл сияқты шұрайлы жерлерге орналасты. Қазақ жеріне келген орыстар қазақ тілін білді. Кешегі тың игеруге дейін, Н.Хрущев саясатына дейін барлық генерал-губернаторлар қазақ тілін білді. Генерал Колпаковский, Перовский де осы жергілікті жердің тілін меңгеріп алды. Калининнің еңбегінде: «Коммунист жолдастар, бұратана халықпен жұмыс істейтін болсаңыздар, міндетті түрде сол жердің тілін біліңіздер», – деп айтқан. Сөйтіп қазақ келімсек жұрттың барлығына өз тілін үйреткен еді. Қазір тәуелсіздік алдық, тоқшылық заманда өмір сүреміз, бірақ қазақ өз тілінде сөйлемейді. Неге? Өйткені «орысша білмесең адам болмайсың, үстем ұлттың тілін білу міндетті» деген нәрсе миға сіңіп қалды. Мемлекеттік биліктің құрамында отырғандардың 99 пайызы қазақ, бір ғана орыс министр бар. Солардың 70 пайыздан астамы ғылым кандидаттары мен докторлары. Ендеше қазақ тіліне тұсау салып отырған қазақтың сол өзі. Мемлекеттік тіл өзінің мәртебесін иеленетін болса, біздің мықты деген қазақтардың, яғни баласын орысша оқытқандардың барлығы жұмыссыз қалады. Сондықтан өз мүдделері үшін қазақ тілінің жолын байлайды. Кенжехан Матыжанов: Ұлттың бірлігін айтып отырмыз. Президенттің Қазақстан халқына жолдауында «қазақ болма, тек қана ағылшын тілін біл» деген сөз бар ма? Бұл 2050 жылға дейін түбегейлі шешілетін мәселе, алыс болашақтың мәселесі. Бірақ қазір қалай жүзеге асырамыз деген төңіректе ой қозғап отырмыз. Басқа ұлттарды сіңіруде қазақтың зиялы қауымының арасында сан түрлі пікір бар. Бүкіләлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, біздің тұқымымызда қай ұлттың қаны жоқ. Баяғыда Ленин деген данышпан айтқан: «Әлемде таза нәсіл жоқ». Мемлекет – этно-саяси идентификация. Қазақстан – тек қазақ ұлты деген сөз емес, қазақ ұлты деген басқа ұғым. Басқаны қойғанда орыстардың тарихын алайық, Екатерина патшайым – орыс емес, ұлты – неміс. Бірақ оны кім орыс емес деп айта алады. Ол немістерді орыс жеріне әдейі көшіріп алды, сөйтіп бізге жұмыс істеуді үйретіңдер деді. Біз өзге ұлтты өзімізге сіңіріп алуымыз керек. Егер біреу жақсы атанса, «ұлты кім» деп сұрайды. «Қазақ па, қазақ емес пе?» деп сұрастыра бастайды. Тіпті арғы тегінен бастап, руы мен жүзін сұрайды. Ұлттың кемелденуі кезінде осындай сұрақтар ысырылып қалуы керек. Бұрынғы қазақтар рудың немесе жүздің саны азайып жатса үш жүздің билерінің кеңесінде, басқа рулардың бәрін біріктіріп әкеліп соған қосып беретін. Кейбір тарихшылардың айтуы бойынша, жетіру, уақ деген тайпаларды біріктіріп әкеліп қосқан. Мәселен, Шығыс Қазақстанда «қалпақ» деген ру бар. Солардың тегін сұрастырып келсең баяғы тегі – қарақалпақтар, кірме ретінде сол руға сіңірілген, сөйтіп оған «қалпақ» деген ат берген. Арқада «қырғыз» деген ру бар. Абылай ханның кезінде сіңген, мұндай рулар Арал маңайында да бар. Ұлттың кемелденуі үшін басқа ұлттарды сіңіріп алуы керек. Мысалы, өзбектерді алайық. Мақаш Тәтімовтің айтуынша, олар 7 миллионға жуық қазақты сіңіріп алып кеткен. Олардың ішінде көшпелі өзбектер бар, біздің руларымыз бар – барлығы өзбек саналады. «Сен қазақсың» десең намыстанады. Біздің ауылда Қабылқат деген татар ақсақал болды. Соғыс кезінде жетім болғасын алып келген. Кейін есепші болып, байиды. Әйелді қазақтан алды. 9 ұлы бар, мен соларға сабақ бердім. Соның үлкен ұлы мектеп бітірерде құжат алуы керек болды. Сонда «қазақ» иә «татар» деп жазамыз ба деген сұрақ туады. Есіктің алдына шыққан бала біреумен төбелесіп қалады, сөйтсе қазақ бала оған татарсың деп тиіссе керек. Ал татардың баласы «Жоқ, мен қазақпын» деп кеудесін көтерген. Сіңіріп алып кету деген осы. Кез келген ұлт кемеліне келген кезде басқа ұлттан «сен қазақ боласың ба, болмайсың ба?» деп сұрамайды. Өйткені «Мен қазақ болайыншы» деп өзі жүгіріп келеді. Қазақ болу мақтанышқа айналуы тиіс. «Мен қазақпын» деп асқақтайтын дәрежеге жетсек, барлық ұлт өзі-ақ ата-бабасын ұмытып, сіңісіп кетеді. Ұлттың рухани тұтастығы мен бірлігі осылай қалыптасады. Нұртөре Жүсіп: Лондон олимпиадасында спортшылар Қазақстан намысын қорғағанда, біз «ұлты кім?» деп сұраған жоқпыз. Бәріміз жанымызды шүберекке түйіп, соның тілеуін тілеп отырдық. 16 миллион халық соның жеңісін күтті. Міне, ұлтты біріктіретін – мемлекет, тіл, ту, салт-дәстүр. Көлбай Адырбекұлы: Талас тудырып отырған мәселе – ұлттың бірлігі. Мен сіздерге екі мемлекеттік тұлғаның сөзінен мысал келтірейін. Әзірбайжанның президенті Илхом Әлиев бес жыл бұрын елімізге іссапармен келгенде Астанадан кейін Алматыға да ат басын бұрған. Қаладағы әзірбайжан халқының өкілдерімен арнайы кездесіп: «Сіздер Қазақстанда тұрып жатырсыздар. Осы елдің дәстүрін сыйлап, экономикасы мен мәдениетін көтеріп, мүддесін қорғаңыздар. Тек өздеріңіздің әзірбайжан екендеріңізді ұмытпаңдар» деген еді. Ал Ресей президенті В.Путин алғашқы президенттік жылдарында Мәскеуде бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында: «ТМД елдерінің қай республикасында орыс азаматтары тұрса, сол жердің саясатына араласамын», – дегені күні бүгінге дейін жұрттың құлағында. Көрдіңіз бе? Екі елдің басшысы екі түрлі сөйледі. Әлиев өркениетті адамның сөзін айтып тұр. Егер Путин де сол мәнде сөйлегенде, біздегі жағдай мүлдем басқаша болар ма еді. Тіліміз әлдеқашан тұғырына қонар еді. Еліміздегі барлық ұлт диаспоралары өздері өмір сүріп, ауасын жұтып, нанын жеп жүрген Қазақстанның мүддесін бір кісідей ойласа, дамуымыз да тез болары хақ. Өкінішке қарай, біздегі әр ұлт ортақтан гөрі тек өз мүдделерін ойлайтын секілді. Бүгін талас тудырып, пікір жарыстырып отырғанымыздың түп-төркіні осында жатыр ма деймін. Қорыта айтқанда, бізге мемлекеттік ауқымдағы мүдде бірлігі жетіспейтін секілді. Кенжехан Матыжанов: Біз неге біреуден көреміз? Неге орысты кінәлаймыз? Неге өзімізді түзетіп алмасқа… Тілді дамытуға ұйғыр, иә орыс кедергі ме? Мырзан Кенжебай: Мен айтайын, қазақ өзі кінәлі деп жалтақтауды доғару керек. Гелвеций деген философ: «Мемлекет қандай саясат жүргізеді, халық соның жетегінде кетеді» деген. Ал өзіміздің қолымызда не бар? Ресейдегі Орынбор, Астрахань, Самара, Саратовта удмурт, мари ұлтына қарағанда қазақтар анағұрлым көп. Ресейде бір ғана қазақ мектебі бар дейді. 100 жылдық соғыстан шаршаған пруссактарды Екатерина алдыртты дедік. Оларды орысқа қызмет еткізді. Олар орыстың мәдениетін, әдебиетін, өнерін, ғылымын дамытты. Ал бізге келгендер не істеп жатыр біз үшін? Сонда біз тым құрыса қазақ тілін үйрете алмаймыз ба? Дидахмет Әшімханұлы: Ұлттардың барлығын біз мемлекет үшін пайдаланамыз деп отырмыз. Парламентте басқа ұлттан 9 өкіл бар. Енді неге олардың санын көбейтпеске? Босқа аузын ашып қазекең отыр, одан да басқа ұлттың өкілін отырғызсақ, ол бәрібір қиыс сөйлемейді. Мемлекет басшылығына басқа ұлт өкілі келсе де, қазақтың мүддесі тапталмайтын мемлекет жасауға болады. Парламентте қазақша білетін басқа ұлттың өкілін көбейту керек. Кенжехан Матыжанов: Алматыдағы орыс мектебінде оқитын қазақ балаларынан қазақ сыныбында оқитын өзге ұлт өкілдерінің саны өсіп келе жатыр. Орыс мектебінде бір сыныпта 30 бала оқыса, соның 10-ы қазақ бала. Ал қазір қазақ мектебінде 10-11 басқа ұлт өкілі оқиды. Жақында Алматыда 7 қазақ мектебі ашылды, жетеуі де жаңа қалыптағы қазақ мектебі. Біз қазір Жолдауда айтылған дүниені іліп алып кетуіміз керек. Президент айтты, енді іске кіріс. Шәмшидин Паттеев: Жиырма жыл бұрын Қазақстан Атазаңын қабылдаған кезде ең негізгі құндылықтар деген сұраққа жауап беру керек еді. Біз қандай мұралардан бас тартамыз деген нәрсені әлі күнге дейін айта алмай отырмыз. Адам құқықтары, демократиялық құндылықтардан басқа қазақ елінің құндылықтары – қазақ мәдениеті, өмір салты деп айтылу керек. Бұл дүниежүзінде қалыптасқан үрдіс. Осында тұратын ұлттар қазақтың жоғын жоқтаса, құндылықтарды мойындаса нұр үстіне нұр. Балтық елдеріндегі сияқты қалыптастыру керек. Балтық елдерінде жергілікті тілді білмесе, бұрынғы құндылықтан бас тартпаса, данышпан иә олигарх болса да оны Парламентке сайламайды. Грузияда да біз құрған жаңа мемлекеттің құндылықтары мынадай деп жария түрде айтты, сонымен қатар мына құндылықтардан бас тартамыз деді. Қазақ деген – қазақ тілінде сөйлейтін, қазақтың қамын ойлайтын кез келген азамат. Біртұтас ұлт идеясы осы. Халқымыздың беткеұстар азаматтары баспасөз беттері мен телеарналардан ұлттық тәрбие жөнінде айқайлап айтып жатады. Бірақ өз үйінде немересіне орысша тәрбие беріп отырады. Сондықтан әркім өзінен, өз отбасынан бастағаны абзал. Қоғам билікті түртпесе, билік ешқашан қозғалмайды. Мысалы олимпиадада алтын алған И.Ильин, З.Чиншанлоны қазақ деп айтады шетелде. Ал еліміздегі орыстілді басылымдар кеңестік көзқараспен оларды «қазақстандық» деп жазады. Юрий Киринициянов: Бұл мәселеге біз де атсалысқымыз келеді. Осы түйткілдерді «Аргументы и факты» газетінде де көтерелік. Бірде осы газеттің бас редакторы Кузовников маған қазақ публицистерінің тізімін берді. Бірақ Шәмшидин Паттеевтен басқа сұхбат беруге ешкім келісім бермеді. Бұл мәселелерді «Аргументы и факты» газетіне жазыңыздар. Қазақ тіліндегі бір мақал осындайда еске түседі: «Су ағады, тас қалады». Бұл мәселе де осылай қалмасын дейік. Дидахмет Әшімханұлы: Президенттің бір сөздері ойыма оралды. 1992 жылы Оралхан Бөкеймен Астанаға барғанда: «Астананы осында көшіру керек. Ол үшін қоғамдық пікір тудыру керек» деген екен. Біртұтас ұлт идеясын халыққа біртіндеп жеткізу керек, мемлекеттік мүдде қалыптастыру керек. Президенттің асықпау керек дегені көңілге қонады. Табиғи жолмен біртіндеп барлық мәселені шешеміз, бірақ түртіп отыру керек.Кенжехан Матыжанов, «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының 1-орынбасары:
– Біздің бір ғана Отанымыз бар – тәуелсіз Қазақстан. Мүмкін жай Қазақстан десе де болатын шығар. Бірақ Елбасының «тәуелсіз Қазақстан» деп баса айтуы тегін емес. Өйткені тәуелсіздік – біздің ұлттық идеологиямыздың алтын діңгегі. Ең бастысы, қандай қиын жағдай туындаса да, тәуелсіздік үшін қазақпен бірге бүкіл қазақстандық ауызбірлік танытуы тиіс. Бұдан шығатын қорытынды, тек қазақ халқының ғана емес, Қазақстандағы барлық ұлт пен ұлыс өкілдері Қазақ ұлты деген идеяның төңірегіне топтасуы қажет. Жолдаудағы Президенттің баса назар аударған тағы бір мәселесі, ұлттық бірліктің негізіне қазақ халқы ұйытқы болуы тиіс. Кез келген мәселеде қазақ ұлты осы ұлттық бірлікті – мемлекеттік бірлікті сақтауға ден қоюы керек. Нұртөре Жүсіп, «Айқын» газетінің бас редакторы: – Отандық БАҚ-та, электронды ақпарат құралдарында мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің жас толқыны жетерлік. Еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың бірлігі мәселесі «Қазақстан халқын түгел қазақ мәдениетінде тәрбиелеу» деген тақырыпты күн тәртібіне шығарады. Біз – орыс мәдениетінде тәрбиеленген буынбыз. Мысалы, кезінде бізге Абайдан Пушкин әулие болып оқытылды, Мағжаннан Лермонтовты артық көрсететін. Басымдықтар адамзат әдебиетіне берілгенмен, орыс әдебиетіне келгенде әңгіме басқаша еді. Оны жасырып-жабудың қажеті жоқ. Мен Астанада бірнеше өзбек азаматын білем. Қазақ еліне нәпақа табуға келіп, осында орнығып қалғандар, тіпті, отбасыларын да көшіріп алған. Қазақша сайрап тұр. Армандары – Қазақстан азаматтығын алып, төлқұжаттарына «қазақ» деп жазғызу. Ал біздің құзырлы органдар оларға рұқсат бермей отыр. Әлгі өзбектер қазақтың тілін құрметтейді, Қазақстанның басқа азаматтарымен тең дәрежеде өмір сүріп, қазақ азаматы болғысы, біздің елге қызмет еткісі келеді. Бірақ соларды өзектен теуіп отырмыз. Юрий Киринициянов, «Аргументы и факты» газетінің тілшісі: – 2025 жылға қарай бүкіл халық қазақ тілінде сөйлеп кетуі керек деген міндет, меніңше, белгілі бір деңгейде орындалуы мүмкін де шығар. Сарапшылар пікірінше, 2025 жылға қарай Қазақстандағы орыс халқы 10 пайызға дейін қысқаратын көрінеді. Сол қалған 10 пайызы мемлекеттік тілде сөйлей ме? Сірә, сөйлейтін шығар. Тәуелсіз ел ретінде өмір сүріп отырған қазақ – жас ұлт. 20 жыл дегеніңіз тарих үшін өте аз мерзім. Бәлкім, қандай да бір тарихи шыдамсыздық бар да шығар. Бәрін тез шешіп тастағысы келеді. Мүмкін ол әрқашан орындала бермейтін шығар. Дидахмет Әшімханұлы, жазушы: – Президенттің бір сөздері ойыма оралды. 1992 жылы Оралхан Бөкеймен Астанаға барғанда: «Астананы осында көшіру керек. Ол үшін қоғамдық пікір тудыру керек» деген екен. Біртұтас ұлттық идеясын халыққа біртіндеп жеткізу керек, мемлекеттік мүдде қалыптастыру керек. Президенттің асықпау керек дегені көңілге қонады. Табиғи жолмен біртіндеп барлық мәселені шешеміз, бірақ түртіп отыру керек. Жаңа Әзекең бір сөз айтып қалды «Билік бұрын ұлттық мәселелерге көңіл бөлмеп еді, қазір ұлтқа бүйрегі бұра бастады» деді. 21-22 жылда біз осыған келдік. Әзімбай Ғали, саясаттанушы: – Үлкен қазақ ұлтын қалыптастыру үшін бізде сигрегациялық модель болуы тиіс. Қазақстан азаматтарының төлқұжаттарына «сен – қазақсың», «сен – орыссың» деп баттитып жазылады. Осының ықпалымен орыс ұлтының өкілдері міндетті түрде баласын орыс мектебіне береді. Бұл демократиялық құндылықтарға негізделген азаматтық қоғамның табиғатына жат… Меніңше, Қазақстанда біз ұлты мен ұлысы бөлектерді өзекке теппеуіміз керек. Егер төлқұжатына «қазақ» боп тіркелгісі келсе, қолдау көрсеткен жөн. Қазаққа сырттан келетін қауіп жоқ. Ассимиляцияға дайын болуымыз керек. Ол – прогрессивті үрдіс. Күш қолдану арқылы ассимиляция жасау туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Ұлт дегеніміз – қатып қалған қасаң қағида емес. Ол – этносаяси идентификация. XV ғасырда саяси идентификация еді. Қазақ пен өзбек бір ұлт ретінде қабылданған. Олар этносаяси белгілеріне қарай емес, династияларымен ғана бөлінуге қол жеткізді. Қазір қайтадан этносаяси тұрғыда идентификацияланады. Егер мен айтқан ұсынысты қабыл алсақ, қазақ халқын біртұтастандыруға мүмкіндік бар. Қазір қазақ қалаға бейімделген. Бұл үрдісті құптаймын. Өйткені қалада жаңа этникааралық қатынастар түзіледі. Егер осы үрдістер шын мәнісінде іске асса, қазір қазақты күшейтуге қолайлы кезең туды. Тағы бір маңызды жайт, қазақ ұлтын қабылдағысы келген азаматтарға тек мемлекеттік тілді білуді ғана міндеттеген дұрыс. Расул Жұмалы, саясаттанушы: – Бүгінде мемлекеттік тілді білмейтіндерді жазғыруға болмайды. Тарихи себептерге байланысты кезінде қазақ тілін оқи алмады, білімді орыс тілінде алды. Алайда енді мемлекеттік тілді білуге деген талапты күшейту керек. Бұл орайда, биліктің «құлағына алтын сырға», қазақ тілін үйренгісі келетіндерді ынталандыру, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге ықпал етуі тиіс. Бұл орайда билік өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарында тек қазақша сөйлеуі өте маңызды. Өйткені қанша дегенмен, біз жоғары жаққа қарап бой түзеуге дағдыланғанбыз. Мемлекеттік тілді меңгеруге 22 жылды азсынамыз, бірақ меніңше, бұл жаңсақ пікір. 1947 жылы еврейлер Жер бетінен мүлде жойылып кеткен иврит тілін айналдырған 10-15 жылдың ішінде тірілтіп, салт-дәстүрді, мәдениетті, мемлекетті құрайтын барлық алғышарттарды қайта қалпына келтірді. Мырзан Кенжебай, журналист: – Ұлт деген сөздің анықтамасын Карл Маркстан анық жеткізген ешкім жоқ. Еуропа мен Америкадан үлгі алудың қажеті жоқ. Француз Монтескье мен Вольтер: «Бір елдің конституциясын қабылдар кезде сол елдің ауа райын, тілін, дінін, ділін, менталитетін ескеру керек» деген. Жергілікті Үкіметтің тұтастығын құрау қажет, ал біз халықтың тұтастығын құрап отырған жоқпыз. …Халықты біріктіретін – тіл мен дін, осы екеуі ғана. Әзірбайжан президенті сөйлегенде бірауыз орысша қосқан жоқ. Орысша аудармасын басқа біреу жасап отыр. Рахмон халыққа жолдауын жариялағанда екі сөзінің бірінде «Славный таджикский народ» дейді асқақтатып. Бізде Елбасымыздан бастап «қазақстандықтар» деп бастайды. Болашағын ойлаған ел осындай бола ма? «Национализмің» «шовинизмнен» жақсы. Ресейде 25 құрылым бар: автономиялық округ, автономиялық облыс, автономиялық республика. Сөйте тұра орыс шовинистері «Россия только для русских» деп айқайлап жүр. «Казахстан – наш обший дом» деген ұран көп. Сонда кәрістердің екі үйі, орыстардың Ресейі бар, ал қазақтардың үйі қайсы? Көлбай Адырбекұлы, журналист: – Талас тудырып отырған мәселе – ұлттың бірлігі. Мен сіздерге екі мемлекеттік тұлғаның сөзінен мысал келтірейін. Әзірбайжанның президенті Илхом Әлиев бес жыл бұрын елімізге іссапармен келгенде Астанадан кейін Алматыға да атбасын бұрған. Қаладағы әзірбайжан халқының өкілдерімен арнайы кездесіп: «Сіздер Қазақстанда тұрып жатырсыздар. Осы елдің дәстүрін сыйлап, экономикасы мен мәдениетін көтеріп, мүддесін қорғаңыздар. Тек өздеріңіздің әзірбайжан екендеріңізді ұмытпаңдар» деген еді. Ал Ресей президенті В.Путин алғашқы президенттік жылдарында Мәскеуде бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында: «ТМД елдерінің қай республикасында орыс азаматтары тұрса, сол жердің саясатына араласамын», – дегені күні бүгінге дейін жұрттың құлағында. Көрдіңіз бе? Екі елдің басшысы екі түрлі сөйледі. Әлиев өркениетті адамның сөзін айтып тұр. Егер Путин де сол мәнде сөйлегенде, біздегі жағдай мүлдем басқаша болар ма еді. Тіліміз әлдеқашан тұғырына қонар еді. Еліміздегі барлық ұлт диаспоралары өздері өмір сүріп, ауасын жұтып, нанын жеп жүрген Қазақстанның мүддесін бір кісідей ойласа, дамуымыз да тез болары хақ.