Ватикан тізгіні түземдікке тие ме?

Ватикан тізгіні түземдікке тие ме?

Ватикан тізгіні түземдікке тие ме?
ашық дереккөзі
1312
Әлемдік ақпарат құралдары Рим Папасы XVI Бенедиктің қасиетті әрі құрметті тағын босататындығы жөнінде жарыса хабарлады. 11 ақпанда ел алдында соңғы дұғасын оқыған Рим Папасының бұл шешімі әлемдік кеңістікте қызу талқыға салынып, жұртшылық күні бүгінге дейін «католик дінінің басшысы кім болуы мүмкін?» деген сауалға жауап іздеуде.

Кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, Римдегі Петр шіркеуінде өткен рәсімде Рим Папасы қызметтен кету себебін денсаулығының сыр беруімен түсіндірген. Алайда, Ватиканның баспасөз қызметі оның отставкаға кететіндігі жайлы жазған ресми өтінішін жариялап, 85 жастағы Бенедиктің «бұл қадамға денсаулығының нашарлығына байланысты барды» деген мәліметті жоққа шығарды. Қалай десе де, Йозеф Ратцингер соңғы бес жүз жылда қызметінен өз еркімен бас тартқан алғашқы дінбасы. Бұған дейін ХV ғасырда, яғни 1415 жылы өз еркімен тақтан кеткен ХІІ Григорий болатын. Сондықтан да Рим Папасының бұл қадамы әлемдегі 1 млрд. 200 млн. католиктің ойын сан-саққа жүгірткендей. Қазірдің өзінде халық арасында әртүрлі пікір бар. Оның басым бөлігі понтификтің қартайып, жасы егде тартқанын алға тартса, енді бірі дінбасының Холокостіге қатысты айтқан орынсыз пікірі түптің-түбінде қызметінен кетірді дегенді айтады. 2005 жылы 78 жасында Рим Папасы атанған ХVІ Бенедикт римдік-католиктік шіркеудің тарихында ең кәрі папаның бірі ретінде қалды.

Әлемдегі ең кішкентай мемлекет саналатын Ватикан католик шіркеуінің орталығы. Бұл елдің басшысы Рим Папасы ка­толиктік христиан әлемінің абызы болып саналады. Ватикан мем­ле­кеті 1929 жылы 11 ақпанда Лютеран келісімі негізінде тәуел­сіздік алған. Ватикан атауы – Mons Vaticanus Ва­ти­кан төбесі деген сөзден шыққан, яғни латын тілінен аудар­ғанда vaticinia – «балгерлік жері» дегенді білдіреді. Вати­кан – саяси жүйесі жағынан Рим Папасы басқаратын абсо­лютті тео­кратиялық монархия. IX ғасырдың ортасынан пaпa билігі әлсірей бастады. Бұл әлсіреу екі ғасырға жуық уақытқа созылды. Әлсіреудің бір себебі папаны қолдап отыратын Франк империясының ыдырауы еді. Қасиетті Рим империясы құрылғаннан кейін папалар тек германдық императорлардың қалауы бойынша тағайындала бастады. Шіркеу құлшылық етушілерге ықпалын әлсіретіп, беделінен айрылды. Осы кезде католик шіркеуінде пaпa билігін нығайту қозғалысы өріс алды. 1073 жылы папа болып сайланған VII Григорий өте пысық, айлакер, мақсатына жетпейінше тыным таппайтын, атаққұмар адам болған. Папа билігі III Иннокентий (1198-1216) тұсында қатты күшейді. Ол папа тек Петр апостолдың мұрагері ғана емес, сондай-ақ құдайдың жердегі өкілі деп жариялады. «Біз барлық халықтар мен патшалықтарға үстемдік етуге жаралғанбыз», – деді ол. Салтанатты қабылдауларға қатысушылардың бәрі папаның алдында тізелерін бүгіп, оның аяқ киімін сүюге тиіс болды. Мұндай құрметке Еуропа корольдерінің бірде-бірі бөленбеген дейді дерек көздері. III Иннокентий папалық аймақтың көлемін кеңейтіп, еуропалық елдердің ішкі, сыртқы істеріне араласқан. Қазіргі кезге дейін тарихта 265 Папаның аттары бар. 1523 жылдан 1978 жылға дейін Папаның тағына тек итальяндықтар сайланса, 1978 жылы бірінші рет бұл таққа поляк кардиналы король Войтыл Папа жайғасты. Ал II Ватикан соборының шешімдерін іс жүзінде алға дамытқан Папа Иоанн Павел II атағы тарихта «ұлы» Папа ретінде белгілі. Оның қазіргі ізбасары 265-ші Папа, неміс кардиналы Йозеф Ратцингер XVI Бенедикт атымен шыққан еді. Ол қызметтен босағаннан кейін әйелдер шіркеуіне барып, шығармашылықпен айналысатындығын айтыпты. XVI Бенедикт Рим Папасы қызметін атқара жүріп төрт кітап, үш энциклопедиялық еңбек жазған. Рим Папасына үміткерлер кімдер? Ал бүгінде қасиетті тағын ақпанның 28-інде босататын Рим Папасы өзін католик дінінің кең құлаш жаюына еңбек сіңіргендердің қатарынан санайды. Халқы ерекше құрметтейтін XVI Бенедиктің орнына кімнің келетіні де жұмбақ күйде қалып отыр. Алайда, Рим Папасы қызметінен кеткен күні-ақ букмекерлік кеңселердің жұмысы қыза бастаған. Олар жаңа қызметтен дәмелі он үш үміткердің тізімін жариялады. Тіпті қазір олардың қайсысы жеңетіндігі жайында түрлі болжам ұсынып, жұртты сендіріп бағуда. Мәселен, сарапшылар ганалық Кодво Аппиах Тарксон дінбасы болады дегенді жиі айтса, ал кезінде түсік жасатуға наразылық білдіріп, халықтың есінде қалған канадалық кардинал Марк Уэллет екінші орында келеді. Одан соң ислам мен христиан дінін ұстанушылардың татулығын тілеуші, итальяндық Анджело Сколидің де бәсекелесе алатыны сөз болуда. Гондурастан шыққан кардинал Оскар Родригес Марадяга үміткер тізімінде бесінші орында тұр. Сондай-ақ тақтан үміткерлердің қатарында Ватиканның мемлекеттік хатшысы, 77 жастағы итальяндық кардинал Тарчизио Бертоне, Ганадан шыққан 65 жастағы кардинал Питер Терксон, 80 жастағы нигериялық кардинал Фрэнсис Аринзелер де бар. Қалай болғанда да, жаңа Рим Папасы наурыз айының аяғында келетін Пасха мейрамына дейін белгілі болуы мүмкін. Ал кейбір шетелдік ақпарат құралдары Рим Папасының тағынан кету себебіне үңіліп әлек. Белгілі итальяндық саясаттанушы, журналист Джульетта Кьеза XVI Бенедиктің Ватикан араласқан түрлі алаяқтық істерден шаршағанын айтады. «Меніңше, қазіргі Рим Папасының тақтан кетуін Сильвио Берлусконимен тығыз байланыста жұмыс істеген кардиналдар қолдап отыр. Соңғы бес-алты жылда Ватиканның айналасындағы дау-дамай Италияның дағдарыс жағдайына тап келді. Осы кезде болған түрлі қаржылық алаяқтық әрекеттер Рим Папасын әбден қалжыратты» деген ұйғарымға келеді ол. Оның пікіріне қарағанда, алтын қорына бай мемлекеттің шіркеуге бөлінген қомақты ақшасы Ambrosiano Veneto банкіне салынған. Бүгінде бұл банктің төңірегінде қаржы дауы толастар емес. Ал мұны шешуге деген Йозеф Ратцингердің күш-қайраты да түгесілген сияқты. «Есесіне, Берлусконидің жақтастары понтифик ретінде миландық кардинал Сколидің отырғанын қалайды. Қоғамда әсіре консервантты тұлға ретінде таныс Анджело Сколи таққа отырса, Рим Папасы емес, «Берлускондық папа» болады», – деп мәлімдейді Кьеза. Ал тағы бір басылым «Жаңа Рим Папасы нигериялық кардинал болуы мүмкін» деп болжаса, енді бірі «Қалай болғанда да, Рим Папасы консерватор болуы керек» дегенге екпін түсіреді. Католик шіркеуінің тарихи отаны – Ватикан тап қазір абыр-сабырға толы. Кейбір қоғам мүшелері Рим Папасы тағына қара нәсілді үміткердің жайғасуы әбден мүмкін екендігін жасырмайды. Ал бұған салқынқанды қарайтын топ: «АҚШ президенті де қара нәсілдінің өкілі емес пе?! Обаманың бүгінде беделі асқақтай түскен. Соған қарағанда бұдан қорқатын дәнеңе жоқ», – деп халықты сабырға шақырады. Дос Көшім, саясаттанушы: – Орта ғасырлардан бастап христиан діні жан-жаққа жайылды. Африкаға да, Латын Америкасында да христиан дінінің өкілдері, кардиналдары мен эпископтары көп. Сондықтан Рим Папасының орнына қара нәсілдінің келуіне таңғалмас едім. Латын Америкасының өкілі де папа болуы мүмкін. Өзім басты деген бес үміткерді білемін. Олардың кейбірінің жасы келсе де, ішінде лайықты үміткерлер бар. Қазіргі Рим Папасы да, оның алдындағы Иоанн Павел ІІ де кәрілік деңгейге жетіп, уағызын да дұрыс айта алмайтын еді. Жұмыс істей алу деңгейінің қандай екенін жұрт көрді. Мұндай папаның христиандар әлемінің басшысы болғаны көзге ыңғайсыз көрінеді. Сондықтан күш-қуаты бар, өзін ұстай алатын, денсаулығы мықты діндар басқарғаны дұрыс. XVI Бенедит 78 жасында осы таққа сайланған кезде де таң қалдық. Дәл осындай қалт-құлт етіп жүрген папалардың сайлануы Ватикан үшін минус сияқты. Оның орнынан кетуге өтініш бергенін дұрыс бағаладым. Ал қазір қара нәсілді Рим Папасы болуы әбден мүмкін екендігі айтылуда. Әрине, еуропалықтардың көзіне тосын көрінуі ықтимал. Бірақ дін мәселесінде ешуақытта нәсілге бөлінуге болмайтыны белгілі.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары