Жаңа дінбасы сайланды

Жаңа дінбасы сайланды

Жаңа дінбасы сайланды
ашық дереккөзі
151

Бұған дейін қоғамда Діни басқарманың басшысы Әбсаттар қажы Дербісәлінің мүфтилік қызметтен кететіндігі туралы әңгіме гуілдеген еді. Айтса айтқандай, осы аптада Астана қаласында өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезектен тыс VІІ құрылтайында Діни басқармаға жаңа дінбасы сайланды.

2000 жылдан бері басқарма тізгінін ұстап келген Әбсаттар қажы өз өтініші бойынша орнын босатқан көрінеді. Еліміздегі діни ахуалды он үш жыл қадағалап, қоғамда діни бірлікті насихаттауға үлес қосқан экс-мүфтидің еңбегі зор. Діни мәселеде ұзақ жылғы тәжірибесі мен жиған-терген білімін ұтымды пайдалана білген ғалымның ендігі арманы ғылыми ізденіске толы еңбек жолын жалғастыру. Елбасы да дінбасылық қызметті бүгінге дейін абыроймен атқарған шейх Әбсаттар қажы Дербісәліге алғыс айтты.

Ақордаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген имамдарды Діни басқарманың жаңа төрағасы Ержан Маямеров бастап келді. Шариғаттың қыр-сырын жетік меңгерген мүфтиге Елбасы зор үміт артып, исламның мерейін үстем етіп, исі мұсылманның алға қарай өрлеуіне күш салуына және елдегі діни татулықты нығайтуға шақырды. «Ержан Маямеров араларыңыздан шыққан білікті имам, дін ғалымы болып саналады. Мысырдағы танымал Әл-Азһар Ислам университетін бітірді. Бір өлкені дінбасы болып басқарды. Тәжірибесі жеткілікті, аймақтық құрылымдарды біледі. Баршаңызды бас мүфтидің жұмысына бірігіп жемісті жұмыс істейді деп сенемін!», – деді Елбасы құттықтау сөзінде.

Осылайша, мүфтиятты 41 жастағы Ержан Малғажыұлы Маямеров басқаратын болды. Діни сауатын сонау Мысырда жетілдіріп келген ол соңғы жылдары Діни басқарманың Семей қаласындағы өкіл имамы қызметін атқарды. Енді сол орыннан тура төрағалыққа ойысып отыр. Ел имамдары бірауыздан қолдаған Ержан Малғажыұлы өзінің найб мүфтилерін сайлап алды. Мүфтидің орынбасарлары болып «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы мен Қостанай Марал ишан мешітінің хатиб-имамы Серікбай Ораз тағайындалды.

Бұдан соң имамдар Елбасының қабылдауында болып, емен-жарқын әңгіме өрбітті. Еліміздегі діни жағдай мен жастардың дінге деген бетбұрысы басты тақырыпқа айналды. Бұл тұрғыда Елбасы Н.Назарбаев: «Бүгінгі күні жастардың дінге деген көзқарасы жақсы. Мешітке бару жастар үшін сән ғана емес, саналы әрекет болуы керек. Сонымен қатар, шетелде діни білім алуға шектеу қойылып, жастардың өзін-өзі жарып жіберетін жағдайларын болдырмау үшін оған имамдар атсалысуы тиіс. Өткен жылдарда өздеріңіз көрдіңіздер, Ақтөбеде, Атырауда әр жерлерде қандай адамдармен күрес жасауға тура келді. Ол біздің мемлекеттің таңдауы емес. Өз-өздерін әкеп арандатты», – деді. Сондай-ақ Елбасы ата-баба дәстүрін діннің көлеңкесінде қалдырмау керектігін тілге тиек етті. «Сауд Арабиясы мен Египеттің барлық мәдениетін өзімізге көшіріп алмауымыз қажет. Біз бәріміз мұсылманбыз. Мұсылманға қажетті барлық жағдайды жасауымыз керек. Құранның, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің жолымен жүруіміз керек. Ол хақ! Оған ешкімнің ешқандай басқа ісі жоқ. Ата-бабамыздың хақ дінін жұрттың бөлшектеп алуына жол бермеуіміз керек. Ол сіздердің міндеттеріңіз», – дегенді қадап айтты. Елімізде әрбір азаматқа діни еркіндік пен бостандық берілген. Әркімнің қалауы өзінде. Дегенмен, бірлігімізге іріткі болар діни ағымдарға ерудің түбі жақсылыққа әкелмейтіні рас. Ата дінге бас ұрған ата жолымен жүрмек. Сонымен қатар Президент жастарды дәстүрлі дінімізді уағыздайтын мешіт пен Ханафи мазхабынан ауытқымауға шақырды. Оның үстіне, ел бірлігіне атсалысып отырған өзге де дәстүрлі діндер баршылық. Имамдар олармен де қоян-қолтық жұмыс жасауға тиіс.

Елбасы діни басқарма басшылығына бірқатар міндеттер жүктей келе, әуелі басқарманың кадрлық ұйымдастыру әлеуетін арттыру қажеттігіне тоқталды. Діни білім беру жүйесін жетілдіріп, жастардың сауатын артыру жолында біраз жұмыстар атқарылмақ. Бұдан былай діни білім алу үшін жастардың шетел асуына шектеу қойылатын болды. Ол үшін Алматыдағы секілді, Астанада да жеке бір Діни университет ашу жоспарлануда.

Ал Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан Маямеров өз кезегінде: «Құдай қаласа, өзімнің қажыр-қайратымды, күш-жігерімді еліміздің дамуына, халықтың бірлігі үшін, ата-бабамыз ұстап келе жатқан ислам діні, оның ішінде Әбу Ханифа мазхабы және салт-дәстүрімізбен тұтасып кеткен дінімізді халыққа дұрыс жеткізуге бар күш-жігерімді саламын», – деп ағынан жарылды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары