ХО ШИ МИН

ХО ШИ МИН

ХО ШИ МИН
ашық дереккөзі
1326

ХХ ғасырдағы әлемдік тарих беттерінен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы шағын мемлекет Вьетнам ерекше орын алады. Бұрын Францияның отары болған ел әлемде алғашқылардың бірі болып тәуелсіздігін алып, Америкамен арпалыста жеңіске жеткен. Бұл жеңіс Солтүстік Вьетнамның тұңғыш президенті Хо Ши Миннің тұлғалық қасиетіне тікелей байланысты. Оның саяси көзқарасы ұлттық мәдениетке сүйенген конфуциандық дәстүрмен және лениндік теориямен сабақтас. Ол тек саясаткер болып қана қойған жоқ, партизан қозғалысының жетекшісі, сондай-ақ тамаша саяси журналист та еді. Ұлттық мінезді жете меңгергенінің арқасында сауатсыз халықты бостандық үшін күреске көтерген.

Хо Ши Мин ресми мәлімет бо­йынша 1890 жылы 19 мамырда Нгеань провинциясындағы Намдан округінің Кимлиен ауылында өмірге келген. Әкесі Нгуен Шинь Шактың оған азан шақырып қойған аты Нгуен Шинь Кунг.

Вьетнам көптеген ғасырлар бойына Қытай ықпалында болып келді. Тек ХV ғасырда ғана Қытай үстемдігінен формальды түрде құтылса да, мәдениеті мен қоғамдық құрылымды солардан алды. Конфуций философиясын пайдалана отырып, мемлекеттік қызметке емтихан тапсыру жүйесін де қабылдаған.

Вьетнам 1862 жылдан бастап Фран­цияның ықпалында болды. Алайда Қытайдың императорлық өкіметі мен бюрократтық жүйесін сақтап қалған. Нгуен Шинь Шак 1894 жылы емтиханды жақсы тапсырып, туған жерінде жәй мемлекеттік қызметке алынды. Ал 1901 жылы фобангі ғылыми атағын алу үшін емтиханды жақсы тапсырған. Бұл атақ елде өте жоғары бағаланатындықтан ықпалды мемлекеттік қызмет сеніп тапсырылады. Алайда ол өзіне ұсынылған қызметтен бас тартқан. Өзіне жақындарға: «Шенеуніктер құлдардың арасындағы құлдар және үлкен дәрежедегі құлдар», – дейтін. Кимлиен тұрғындары өз араларынан жалғыз ғалымға бау-бақшасы бар жер бөліп, үй тұрғызып береді. Бұл кезде Нгуен Шинь Кунг 11 жасқа толған еді.

1911 жылы 21 жастағы Нгуен Францияға қатынайтын «Адмирал Латуш-Тревиль» кемесіне аспаз болып орналасты. Еуропаға баруға бұдан басқа мүмкіндігі жоқ еді. Ол тәуелсіздік жолындағы күреске тәжірибе жинау үшін әуелі батыстың мәдениетімен танысып алуды мақсат тұтты. Француздардың отарлық-әкімшілік мектебіне берген өтінішінде: «…Менің Францияда оқып, білім алғаным менің отандастарымның бұдан да жоғары білімді болуларына көмектесуім», – деп жазған. Бұл сапардың оған көп пайдасы болды. Кемеде ол екі француз солдатымен танысып, өзі француз тілін үйреніп, оларға вьетнам тілін үйретіп, кітаптар алмас­ты. Сол жолы ол отаршылардың бәрі бірдей емес екенін сезді. Кеме Францияның Марсель қаласына келіп тоқтады. Сол қалада 1916 жылға дейін Америка мен Еуропаға сапарға шығатын жағалаудағы кемелерге жүк тасушы, кейде матрос болып еңбек ете жүріп, Лондонға да жетті

Ұлыбритания астанасында ол ыңғайына қарай әрқалай жұмыстар істеді. Барлық бос уақытын оқып, үйренуге арнады. Өз Отанындағы жағдайлармен хабардар болып отырды. Ол бірінші дүниежүзілік соғысты осы Лондонда жүріп өткізді. Бұл оқиға Үндіқытайдағы саяси жағдайға да әсер етті. 1916 жылы Вьетнамда француздарға қарсы бірнеше рет қарулы көтеріліс болып, оның жетекшілерінің бірі Фан Тю Чинь ұсталып, атылу жазасына кесілген. Алайда оны отарлаушы билік Францияға алып кетеді. Нгуен онымен Вьтнамда жүрген кезінде хат арқылы хабарласып тұрған еді. Нгуен 1918 жылдың соңында француз социалистік партиясына мүшелікке қабылданды. Ол кейіндеу сол бір шақты былай еске алған. «Мен партияға мүшелікке қабылданған кезде Октябрь төңкерісінің мәнін не саяси, не тарихи тұрғыда аса түсіне қойған жоқ едім. Дегенмен Лениннің ісіне таңырқағаным рас. Ол мен үшін өз халқын езгінің бұғауынан құтқарушы ұлы патриот бейнесіндей көрінді». Содан бастап Нгуен өз атын Нгуен Ай Куок деп өзгертті. Бұл «Нгуен – патриот» деген ұғымды білдіреді. Соғыс аяқталуына байланысты Еуропаны бейбіт түрде қайта құру жөніндегі Париж конференциясы болды. Нгуен конференциядағы фрацуз өкілі Жюль Камбонға арнайы «Вьетнам халқының өтініш дәптері» атты меморандум жолдады. Құжатта Үндіқытайға реформа жасау жөнінде сегіз бөлімнен тұратын талаптар жазылған. Солардың негізгі мәні саяси тұтқындарды босатып, тәуелсіз баспасөздерде ерікті пікір алысуды қамтамасыз етіп, ең бастысы, француз парламентіне вьетнам өкілін кіргізу болды. Бұл француздарға жарылған бомбадай әсер етті. 1920 жылы шілде айында «Юманите» газеті Лениннің Коминтерннің II конгрессіне арнап жазған ұлттық және отаршылдық мәселесі жөніндегі еңбегін жариялады. Нгуен сонымен мұқият танысып, Лениннің идеясын толық қолдады. Өзінің соған дейін Вьетнамды француз қол астындағы автономия жасау жөніндегі ойын мүлдем өзгертті. Ол Вьетнам тәуелсіз ел болуы керек деген нақты тұжырымға келді. Коминтерн жұмысына белсене қатыса жүріп, Туре қаласында өткен француз социалистік партиясының құрылтайына делегат болып қатысты. Сол құрылтайда ол Коминтерннің бір бөлімі ретінде француз коммунистік партиясын құруға дауыс беріп, оның Орталық комитетіне мүше болып сайланды. Сол жылдан бастап ол француз отарлары: Сирия, Алжир, Тунис, Мартиник пен Мадагаскар елдеріндегі революциялық қозғалыс өкілдерімен байланыс орнатты. Жас коммунист «Партия» газетін шығарушы редактор әрі баспагер болды.

Нгуен 1923 жылы жазда Коминтерн жұмысына байланысты Мәскеуге келді. Сол жылы ол Шығыс елдерінің коммунистік университетіне студент болып қабылданды. Арада бірнеше ай өткен соң Нгуен Ай Куок Коминтерннің Шығыс бюросы құрамына қабылданды. Ал маусым, шілде айларында Коминтерннің V конгресі жұмысына қатысты. Қыркүйек айын­да Коминтерннің Атқару комитетіне арнайы хат жолдап, өзінің көптен ойға алып жүрген іс-әрекет жоспарымен таныстырды. Онда вьетнам тілінде газет шығару, Вьетнам революциялық қозғалыстарын бір ұран астына біріктіру, революциялық қозғалыстардың белсенділерін Мәскеуге келіп-кету мүмкіндігін туғызу туралы жазылған. Ол талайдан бері Қытайға жолдама алғысы келіп жүрген еді. Сол уақытта Гоминьдан партиясының жетекшісі Сунь Ятсен болатын. Ол Кеңестер Одағы және Коминтернмен жақсы қарым-қатынас ұстанды. Қытай коммунистік партиясының басшысы Чэнь Дусюмен елде революциялық қозғалысты күшейту үшін бір майдан құруға келіскен.

1924 жылы желтоқсанда Нгуен Го­миньданның негізгі базалық тірегі Қы­тайдағы Гуанчжоуда кеңестік мәмі­легерлерге «жолдас Вьонг» атымен аудармашы ретінде барды. Сол жерде көптеген вьетнам эмигранттары мен коммунистік идея жолына түскен белсенділермен кездесті. Бұл кезде «Вьетнам бірлігі үшін» қозғалысының жетекшісі Фан Бой Тяу Қытайда жасырынып жүрген. Ол осындағы отандастарын Вьетнам ұлттық партиясына біріктірді. Нгуен сол партияның бағдарламасымен танысып, басшыларымен Вьетнамда революциялық іс-әрекеттер жүргізуде бірлесіп қызмет етуге келісті. Алайда келесі жылдың басында Фан тұтқындалып, Нагуен ұлттық партия базасы жанынан «Вьетнам революция жастарының жолдастығы» тобын құрды. Бұл Вьетнамдағы тұңғыш коммунистік ұйым болды. 1927 жылы сәуірде Чан Кайши төңкеріс жасап, Сунь Ятсеннің орнына келіп, коммунистерге қарсы репрессия жүргізді. Нгуенға Қытайдан кетуге тура келді. Ол бір топ кеңес қызметкерлерімен бірге Гоби шөлін жаяу кесіп өтті. Ал «жолдастық» тобы өз жұмысын вьетнамдықтар көп тұратын Сиамда (Тайланд) жалғастырды.

1929 жылы мамырда, Гонконгта Вьетнам революциялық жастарының конференциясы өтті. Бұл жиынға Нгуен қатыса алмаған. Солтүстік Вьетнамның радикалды тобы «Жолдастықты» таратуды ұсынады. Бірақ басқалар келіспеген соң, олар Үндіқытайда Коммунистік партия құруға келісті және конференцияға бойкот жариялады. Оларға қарсы Орталық Вьетнамда Аннама жетекшілік еткен коммунистік партия құрылды. Енді бір топ Үндіқытай коммунистік одағын құрды. Осылай Вьетнамда бір-бірімен бәсекелес үш коммунистік ұйым болды. Сиамға оралған Нгуен «жолдастық» мүшелерінің өзара келіспеушіліктерін біліп, Гонконгқа барды. Сол жылдың ақпанында бар-жоғы жеті адам қатысқан құрылтай ашты. Олар Вьетнамда іс-әрекет жасап жатқан үш партияның өкілдері болатын. Ал Нгуен Коминтерн атынан сөйледі. Оның жалынды сөзі делегаттарды бей-жай қалдырған жоқ. 1930 жылы 5 ақпандағы біріккен кезекті құрылтайда делегаттар бір Вьетнам коммунистік партиясын құруға дауыс берді. Жаңа партияның мүшелері тез көбейіп, саяси салмақ ала бас­тады. Алайда оның манифесі өзара талас тудырды. «Іс-әрекеттер принциптері» бөлімінде «капиталистер мен ұсақ және орта жер иелерімен уақытша қарым-қатынаста болу» деген сөзі сол кездегі Коминтерн бағытымен үйлесім таппады. 1930 жылы қарашада өткен ВКП ОК-нің I пленумы өзгеріс ендірді. Нгуен Ай Куок Мәскеуде болуына байланысты пленумға қатыса алмаған. Пленум жұмысын Чан Фу жүргізіп, партия бағдарламасына ВКП-ны Үндіқытай Коммунистік партиясы деп өзгертуді ұсынды. Өйткені көрші Лаос пен Камбоджада отарлауға қарсы қозғалыстар өрши бастаған еді. Пленум Чан Фудың ұсынысын қабылдап, оны ОК бас хатшысы етіп сайлады.

Нгуен 1931 жылы маусымда алғаш рет тұтқынға алынды. Гонконгта британ үкіметінің өкілділігі оны бүлдіргі әрекеттер жасады деп айыптаған.

Ал француз отарлаушы үкіметі революционерге әлдеқашан өлім жазасын кесіп қойған еді. Ағылшындар оны француздарға ұстап беру өлімге қиғанмен бірдей екенін жақсы білді. Алайда жолдастары солшыл қозғалысқа бүйрегі бұрып тұратын ағылшын адвокатын тапты. Ол Нгуеннің тұтқыннан босатылуына қол жеткізіп, Гонконгтан жасырын шығып, Шанхайға жол тартты. 1930-1931 жылдары Вьетнамның бірқатар ірі елді мекендерінде Нгеан-Хатиньскі көтерілісі бұрқ етіп, оларды отарлаушы билік аяусыз басып, жаншыды. Репрессия кезінде Үндіқытай коммунистік партияның жетекшісі Чан Фу қайтыс болған-ды. Коминтерн партияны қайта құруға әрекеттенгенімен нәтиже шықпады. Өйткені Бас хатшы Ха Хюи Тап пен Москва ұсынған жаңа жетекші Ле Хонг Фонго арасындағы саяси қайшылықтар ушығып кеткен болатын. Ал Нгуен Ай Куок 1934 жылы көктемде Москваға оралып, Халықаралық лениндік мектепке қабылданды. Француз отаршылары Үндіқытай коммунистерімен күресті барынша күшейтті.

1940 жылы маусым айында Германия көрші Францияны жаулап алды. Ал оның одақтасы Жапония Үндіқытайдың солтүстік бөлігіне әскер түсірді. Жыл соңына қарай Нгуен Вьетнамға оралып, Үндіқытай компартиясының жұмысына белсене араласты.

1941 жылы мамырда Нгуен пар­тияның VIII пленумын шақырып, онда Вьетнамның тәуелсіздік алуын бас­ты мақсат етіп қойды. Нгуен компартия жетекшілігінде болатын Ұлттық қозғалысты ұйымдастырып, соған басқа ұлт­тық ұйымдарды біріктіруді ұсынды. Бұл қозғалыс Вьетнам тәуелсіздігі жолындағы Лига деп аталды. Оны қысқаша «Вьетмин» деп атады. Ал мау­сымда Хо Ши Мин «Шетелден хатын» баспасөзде жариялады. Ол сол жұмысында: «Бізге азаттық күресін бастайтын қоңырау соғылды. Егер біз бәріміз бір кісідей біріксек, отаршылдар мен жапондар қанша жақсы қаруланса да, біз жеңбейтін жау болмайды»,– деп халықты бірлікке, шешуші күреске шақырды. 1942 жылдың тамызында ол Қытайға барып, сондағы эмиграцияда жүрген отандастарымен байланысты күшейтті. Сондай-ақ Жапония басқыншыларымен бірлесіп күресу үшін Қытайдағы Гоминдан басшыларымен келісімге келді. Ол жау барлаушыларын ізінен адастыру үшін аты-жөнін Хо Ши Мин деп өзгертті. Алайда Қытайдағы Гоминдан үкіметі оны тұтқындап, бір жыл түрмеде ұстады. Ол қапаста жатып «Түрме күнделігінен» атты өлеңдер кітабын жазып шықты. Кітаптағы өткір жырлар оны сол кезде-ақ қалың оқырманға кеңінен танытты. 1943 жылы күтпеген жағдайда Гоминдан түрмесінен бостандыққа шықты. Оған басты себеп Гоминдан үкіметі жапон басқыншыларына қарсы күресте Вьетнаммен күш біріктіруді желеулетіп, Вьетнамға дендеп кіруді жоспарлаған еді. 1944 жылы Хо Ши Мин елге оралысымен ұлт-азаттық армиясын құруды қолға алды. 1945 жылы 16 тамызда Жапонияның капитуляцияға қол қоюына екі апта қалғанда Вьетнам ұлт-азаттық армиясы шабуылға шығып, 19 тамызда Ханойды басып алды. Содан соң Хюэ мен Сайгонды алды. Вьетнамның соңғы императоры Бао Дай 30 тамызда биліктен түсті. Үш күннен соң революциялық уақытша үкіметтің төрағасы Хо Ши Мин тәуелсіз Вьетнам Демократиялық Республикасын жариялады.

Қыркүйек айында Гоминдан өз әскерін Солтүстік Вьетнамға кіргізді. Қытайлықтар Вьетнам басшылығына өздерін тыңдайтын адамды қойғысы келген. Бірақ елдің оңтүстігіне Индияда жинақталған ағылшын әскерлері басып кірді. Солардың көмегімен француз әскерлері Сайгонды қайта басып алды. Вьетнам республикасының президенті және премьер-министрі Хо Ши Мин қытай басқыншыларына жа­уап ретінде күтпеген қадам жасады. 1945 жылы қарашада Үндіқытай компартия­сын таратты. Сол арқылы мемлекетті басқарып отырған коммунистерге қарсы үгіт-насихат жүргізушілерден құтылды. Бұл гоминдандықтар ықпалына қатты әсер етті. Гоминдан үкіметі құрамында буржуазиялық ұлтшылдар бағытындағы вьетнам эмигранттары бар біріккен үкімет құруды ұсынған. Бұл жағдай Хо Ши Минге француздармен уақытша бірігуге әкелді. 1946 жылы Гоминдан армиясы елді тастап шықты. Қытайлар елден кетісімен француздар солтүстік Вьетнамға шабул жасады. Хо Ши Мин Ханойда француздармен жүргізілген келіссөзден кейін күрессіз толық тәуелсіздік келмейтінін түсінді. Көп ұзамай-ақ француз-вьетнам келіссөзі тұйыққа тірелді. Француз әскерлері жиі-жиі арандату әрекеттеріне барып, соңы ашық соғыстарға ұласты. 1946 жылы қарашада Вьетнам жаңа конституциясын қабылдады. Хо Ши Мин компартия диктатурасын орнатуға ұмтылған жоқ. Ол 1946 жылы 20 желтоқсанда вьетнам халқын ұлт-азаттық әскери көтеріліске шақырды. Бұл Үндіқытай үшін тәуелсіздік жолындағы алғашқы соғыстың басы болды. Вьетнам азаттық армиясы партизан соғысына көшті. 1954 жылы Дьенбьенфу маңындағы соғыста вьетнамдықтар француздарға күйрете соққы беріп, қорғанысқа көшуге мәжбүр етті. Сол жылы француздар Вьетнам елінен кетіп, олардың орнын американдықтар басты. 1959 жылы Ханой Оңтүстік Вьетнамды босатудың ұлттық майданына жасырын жағдайда қару-жарақтар жеткізді. Американдықтар құрған оңтүстік Вьетнаммен арада кескілескен ұрыстар жүрді. Алайда олар партизандардың шабуылдарына төтеп бере алмады. Ал Солтүстік Вьетнамға қару-жарақты КСРО мен Қытай жеткізіп тұрды. Шын мәнісінде бұл соғыс КСРО мен АҚШ арасындағы үлкен қақтығыс аренасына айналған. 1964 жылдың күзіне дейін Оңтүстік Вьетнам отарлаушылар бақылауында болды. Сол жылдың 7 тамызында АҚШ Конгресі Вьетнамға арнайы соғыс жарияламай-ақ әскери күш қолдануға шешім шығарды. Соны арқаланған АҚШ президенті Линдон Джонсон Солтүстік Вьетнамды бомбалауға бұйрық берді. Содан бастап ХХ ғасырдағы ең аяусыз әрі қантөгіс соғыс басталды. Солтүстік Вьетнамның КСРО-ның көмегінсіз қуатты АҚШ-қа қарсы тұруы мүмкін емес еді. Кеңестер Одағы бұл соғыстың әр күніне 1,5 миллион сом қаржы жұмсады. Вьетнам халқы да жан аянбай күресті. 1968 жылы Вьетнам армиясы шешуші соғыстарда Оңтүстік Вьетнамның бірнеше қалаларын американдықтардан босатты. 1973 жылы көктемде АҚШ-тың жаңа президенті Никсон елден өз әскерін алып кетуге шешім шығарды. Бірақ бұл күнге Хо Ши Мин жете алмады. Ол 1969 жылы 3 қыркүйекте Солтүстік Вьетнам астанасы Ханойда қайтыс болды. Ал Оңтүстік Вьетнамдағы соғыс 1975 жылы 30 сәуірде толық аяқталды. Хо Ши Миннің Вьетнамды біріктіру жөніндегі арманы 1976 жылы біртұтас Вьетнам Социалистік Республикасы конституциясының қабылдануымен толық орындалды. Сайгон Хо Ши Мин қаласы деп аталды.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары