ҚАРТАЙҒАНДА ЗЕЙНЕТ БЕР...

ҚАРТАЙҒАНДА ЗЕЙНЕТ БЕР...

ҚАРТАЙҒАНДА ЗЕЙНЕТ БЕР...
ашық дереккөзі
255

Елбасымыз Н.Назарбаев өткен жылғы «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты елге Жолдауында: «Екінші сын қатер – жаһандық демографиялық теңгерімсіздік күн өткен сайын күшейе түсуде. Жалпыәлемдік тренд – адамзаттың қартаюы. Енді 40 жылдан кейін алпыс жастан асқан адамдардың саны 15-ке толмағандардан асып түседі». Иә, тап солай. Мәселен, көршілес өзбек ағайында жиырма бес жасқа дейінгілер шамамен ұлттың жетпіс пайызға жуығын құраса, бізде керісінше алпыстан асқандардың саны баяу болса да өсіп келеді.

Енді әлемдік үрдіске ден қойсақ. БҰҰ-ның халық санағы жөніндегі Қоры былтыр «XXI ғасырдағы қартаю: жетістік пен жеңіліс» атты баяндама даярлаған. Сол баяндаманы оқып танысқан БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун мынадай пайымдауын айтыпты: «Әлемдік құбылыс ретінде қартаюдың әлеуметтік және экономикалық салдарлары өте мәнді». Оның пікірінше, мәселенің әлемдік маңызы бар.

Адамзат жедел қарқынмен қартайып келеді. Әр секунд сайын жұмыр жердің екі адамы алпыстан асады. Жыл сайын алпыстан асқанның саны жер бетінде 58 миллион адамға өседі. Жаңа ғасырдың 12 жылында әлемдегі қарттардың саны 178 миллионға артты. Бұл – Пәкістан сияқты қуатты мемлекеттің халқының санымен тең. Қазір әлем тұрғындарының әрбір тоғызыншысы – алпыстан асқан қариялар. Көбіне кейуана. Бүгінде жер бетінде алпыстан асқан 810 миллион адам бар. Ол дүние жүзі халқының 11,5 пайызын құрап отыр. 2020 жылы алпыстан асқандар миллиардқа жетпек, ал осы ғасырдың ортасында олардың саны 15 жасқа дейінгілерден асып түсуі тиіс. Қазір алпыстан асқан 47 пайыз еркек, 24 пайыз әйел жұмыстан қол үзбепті. Сондай-ақ, алпыстан асқандардың 46 пайызы – мүгедек. Жекелеген елдерге келсек, тек Жапонияның өзінде қарттардың саны халықтың 30 пайызын құрап отыр. Бүгінде әлемде 316 мың жүзден асқандар болса, 2050 жылы олардың саны 3,2 миллионға жетуі мүмкін.

Ақжайық өңірінде облыстық статистика департаментінен алынған мәлімет бойынша 2012 жылдың 1 қаңтарында өңірімізде алпыстан асқан 63566 адам өмір сүріпті. Соның 22781-і – еркектер, 40785 – әйелдер. Облыс орталығында 30716 алпыстан асқан адам бар, бұл жалпы көрсеткіштің жартысына жуығын құрайды. Ақсай қаласындағы алпыстан асқандар 2401 адам. 900-і еркек, 1501-і әйел.

Жасыратыны жоқ, көпшілік адам, әсіресе жастар алпыстан асқандарды «масыл», яғни «артық адам» ретінде санайды. Әрине, мұндай түсінікті толық мақұлдау қиын. Алайда оған кейбір қарттардың жағымсыз қылығының да әсері бар. Қазақта әлімсақтан «қазыналы қарт» және «қазымыр қарт» делінген ұғым болған. Бұрын қазыналы қария көп еді. Олардың кейбіреуін көрдік те. Қазір «қазымыр қарттар» басым ба деймін. Өте өкінішті. Алайда ақиқат солай. Бұл да жетпіс төрт жыл бойы өктемдік еткен әміршілдік жүйенің, Құдайға қарсы қоғамның үстемдігінің әсері.

…Былтыр бір әріптесім «жазғыш қарттар» туралы кекесінді де көңілсіздеу мақала жазған-ды. Расында да, бұрын ешқандай дарыны болмаған біреулер зейнетке шыққасын, ананы да, мынаны да шатып-бұтып, «жазғыштықпен» айналысуды шығарды. Жақсы, жаза қойсын, орыстар айтқандай: «Қағаз бәрін де көтереді» ғой. Тек олардың кейбірі түрлі редакцияны жалықпай жағалап: «Мақалам неге шықпай жатыр? Қашан шығады?» деп, үнемі мазалайтынына не дерсіз?! Ал солардың бес уақыт намазға жығылып, немере-жиен бағып, алтын уақытын өзіне де, отбасына да арнаудың орнына, босқа жоятынына еріксіз қарның ашады.

Енді алысқа «барсақ». Шетелде болғандар­дың айтуынша және БАҚ беттерінде жазылға­нындай, жапон, кәріс, қытай және еуропалық қарт-кемпірлер зейнетке (олар өте кеш шығады) қолы жетісімен, жылдар бойы жиған-тергенін туристік саяхатқа жұмсап, мәнді де мазмұнды өмір сүреді. Мәселен, Еуропаның Париж, Лондон және көне өркениет ескерткіштеріне бай өзге қалаларына бара қалсаңыз, жапон, қытай, кәріс, араб пен үнді туристері жол бермейді екен. Өз елдерінде керісінше, ағылшын, американ, неміс және басқа ұлттардың қарт-кемпірлері қаптап жүреді. Ақшаң жетсе, осылай мәдениетті демалғанға не жетсін?! Жақсы, біздің қариялар шетелге бармай-ақ қойсын, өзіміздің Көкшетау, Алатау, Баянауыл сынды көрікті жерлеріміз жетіп жатыр ғой. Ақжайық өңірінде де Шыңғырлау мен Нарын, Қаратөбе мен Тасқала сынды табиғаты тамаша аймақты араласа да артық емес.

Әрине, бұл қомақты қаржыға қатысты жәйт. Көптеген қарт пен кейуана зейнетке шыққасын да жұмыс істегісі келеді. Бұған орай екі түрлі қоғамдық пікір бар. Біріншісі: «Зейнеткерлер өз орындарын босатпай отыр. Ал мыңдаған жастар дипломын құшақтап, жұмыссыз жүр. Зейнетке шыққан екен, орнын босатсын!». Несі бар, орынды пайымдау. Екіншісі: «Күші мен қабілеті болса, істей берсін! Көп жылғы тәжірибе артықшылық етпейді». Осы пікірді басқамен бірге, барша елдердегі ресми билік те қолдайды. Себебі жоғарыдағыдай. Оның үстіне біздің елдегі демографиялық ахуал да онша оңды емес. Көршілес түркі жұрттарымен салыстырғанда, бала өсімі төмен. Сондықтан әлсін әлі не ерлердің, не әйелдердің зейнет жасын өсіру жөніндегі Ұлттық Банктың төрағасы Г. Марченко мен бұрынғы министр Г.Әбдіхалықованың мәлімдеме жасауы тегіннен тегін емес. Өз басым, көрнекті ғалым, сантехник, дәнекерлеуші, әскерилер мен құқық саласы қызметкерлері, жоғары білікті токарь мен слесарь, ағаш шеберінің зейнетке шыққаннан кейін де еңбек ете бергенін құптар едім. Өйткені олардың жылдар бойғы жиған құнды тәжірибесі мен білігі қоғамға ауадай қажет. Ал мұғалімдер мен мәдениет қызметкерлері, дәрігер және басқаларының жұмыссыз жас әріптестеріне орнын босатуы дұрыс та шығар.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін орыстың ұлы педагогы Сухомлинскийдің даналық ойымен нәтижелесек: «Дүлейлер қарттықты «бақыт» дейді. Олай емес. Қарттық – не тыныштық, не қайғы-қасірет. Егер оны өзгелер ұмытып кетіп, жалғыз қалса – қасірет. Өзгелердің, қала берді ұрпағының құрметі мен қамқорлығына бөленсе – тыныштық». Демек, қарттық қуанышқа да, бақытқа да жатпайды. Қазымыр қарт немесе кейуана болып, басқаның да, ұрпағыңның да берекетін алып, бездірсең, әрине қуанышқа да, бақытқа да жатпас. Ал төріңнен көрің таяу уақытта бес уақыт намазыңа жығылып, біліп және білмей істеген күнә-кінәларың үшін Алладан кешірім сұрасаң, сүйікті ермек тапсаң, немере-жиен бақсаң – ол жанға жағымды тыныштық. Жоғарыда көрсетілгеніндей, ақшаң жетіп, әлемді араласаң, тіпті рахат! Әрине, тек таңдау әркімнің еркінде ғой…

Серік ИХСАНҒАЛИ

Орал қаласы

Серіктес жаңалықтары