АР СӨЗІН АЙТА БІЛГЕН

АР СӨЗІН АЙТА БІЛГЕН

АР СӨЗІН АЙТА БІЛГЕН
ашық дереккөзі
201

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдардағы өтпелі кезеңде қоғамдағы түрлі дерттердің қабыздап, қалыңдай түскені бүгінгі таңда тарихқа айналып та үлгірді. Сол бір жылдардағы көсемсөзшілердің бір бөлігінің қалам ұшына өзек етіп, үңіле зерттегендері де – осынау әлеуметтік-қоғамдық түйткілдер. Бұндай бағыттың алдыңғы қатарында жүрген тегеурінді журналистеріміз аз емес. Олардың жазғандарынан әсіресе қарапайым халықтың жан айқайы, наласы мен күйзелісі айқын сезіліп тұрғанын қысылмай айтуға болады.

Осынау шетін тақырып әсіресе С.Әсіпов, О.Жолдыбай, Қ.Түменбай және т.б. көсемсөзшілердің қаламына тән болып келді. Қ.Түменбайдың «Ар мен дар» деп аталатын көсемсөз кітабына жинақталған мақалаларының, эсселері мен очерктерінің жалпы саны қырыққа жуық. Үнемі тарихтан сыбағасын ала алмай, Алла тағала тарту еткен несібесінен құр қалып келе жатқан арда жұрттың мұң мен шерін шертетін материалдары қаламгердің ғана емес, бүкіл ұлттық рух бағытындағы қарапайым қазақтың жан айқайы десе де болғандай.

Жинақтағы кез келген материалдан көкірегімізді сыздатқан ұлттық проблема алдымыздан шығады. Кеңес Одағы тарқар алдында Мәскеудегі Орталықтың ұлттық республикаларға қысым жасауының бір түрі олардағы басшылықтың парақорлығы туралы болғаны егде оқырмандардың жадында. Осы мәселе қаламгердің «Пара туралы парадокс» деп аталатын еңбегінде ықшам түрде болса да, жан-жақты талданып өтеді. Бұндай түсініктің империя орталығындағы басшылардың арасында кеңінен тарағаны сондай, тіпті осы тақырыптағы өсек-аяңның өзі шындық ретінде қабылданып келіпті. Мысал үшін алғанда, беделді бір газеттің бас редакторы өзінің әріптестерінің ортасында Өзбекстан КСР-нің бірінші хатшысы Шараф Рашидов Кремльдің Георгий залында Брежневке пара ұсыныпты деп те соғып жібереді.

Содан келіп осы тақырыптағы сыпсыңның Орта Азиядағы республикалардың бірі Қазақстанға қарай ауысуы, орыс емес халықтардың арасында осындай парақорлықтың өркендеуін сөз қыла отырып, орталықтағылардың ұлттық республикаларды тұқыртып, жасытып алуға тырысуы – империялық өктемдіктің бір өткір құралы болғанының автор өзі куә болған жағдаяттар арқылы реалистік тұрғыдан тарқатып берген. Ертерек кезеңдегі пара мен бүгінгі таңдағы параның ара парқын әлеуметтік-моральдық тұрғыдан талдай келіп, параның адал адамдардың тіршілігіне кесірін тигізетін әлеуметтік дерт екендігін автор шағын мысалдарды там-тұмдап ұсына отырып, нанымдылықпен дәлелдеп шығады. Терең мазмұнды осы мақаланы «Билік басында отырған лауазым иелері оқыды ма екен? Оқыса, сондағы айтылған ащы шындықтан сабақ алды ма екен?» деген ойға қаласың.

«Жазушы қауымы қоғамдағы түрлі түйткілді мәселелер жөнінде өткір сөздерімен жедел үн қосып отыру керек» деген тұжырымға берілген нақты жауап осындай-ақ болуға тиісті. Қ.Түменбай осындай үлкен ділгір мәселені көтеріп қана қоймай, онымен қалай күресу керек екендігі жайлы да өзінің жеке пікірін ортаға тастаған. Осындай нақты ұсыныстар көсемсөзшінің қоғамдық белсенділігін, қайраткерлік қалыбын айқындай түсері де рас.

«Киевке Абай керек пе?» деген тосын сауал қою арқылы, қазақтың өзге ұлттарға келгенде ләббайлап бас шұлғып, өзінің ұлттық мүддесін кері ысырып қоятын жалтақтығын шенесе, бұл өткір әңгіменің бір жақ ұшы тікелей ел басқарып жүрген лауазым иелеріне барып тірелетінін «Аламан, қайда барасың?» атты мақалада көтерген. Ұлттық мәселеге қатысты бірсыпыра өткір сауалдың жауаптары да осы мақаладан табылады. «Армян мен грузин немесе әзірбайжан, жалпы Кавказ халықтары неге танымал, неге әлем алдында жүйріктерімен танымал?» деген сауалды көлденең тартып келеді де, автор оның жауабын да қолма-қол тауып беруді жөн санайды: «Өйткені бұл өлкелерде ауданның бірінші басшысы спортқа тікелей жауап береді».

Әлеуметтік-ұлттық мәселелердің бір шоғыры «Ала-құла Алматы» мозаикалық сипаттағы көсемсөзінен төбе көрсеткен. Қаламгер өзінің айтар ойын созбақтап, тәптіштей әңгімелеп жеткізуден аулақ. Оның көсемсөзінде көркемдік тұрғыдан ойнап, оқырман санасына әсер етуге ықпал жасайтын – бірер азат жолмен келтірілетін ықшам детальдар, түйінді қысқа тұжырымдар басым. Көсемсөз үшін керекті қалам ұшқырлығы нақ осындай жағдайлардан айқындалып қалатыны да жас журналистер үшін үлгі бола алса керек-ті.

Автобусқа жапырлай мінген қарадомалақ­тарға тізе көрсетіп, билет алуға мәжбүрлегісі келген кондуктордың жөнсіз озбырлығы эпизодтық этюд деңгейінде қалып қоймай, ұлттық мәселеде есесі кетіп жатқан қазақтың тағы бір осал тұсын ашып береді. Ересектер ғана емес, кішкене балалар да кейде ұлттық қысымның обьектісіне айналып кететінін автор батыл түрде көтере білген. Оның мысалдары жетерлік. Қабынып тұрған шовинистік пиғыл « – Иық сөмкелеріңді қолдарыңа ұстап, билет алыңдар! – тексерушінің жарқышақ үні «үй менікі» дегенді танытты» деген сипаттағы штрихтар арқылы санаға жетіп жатады.

Қаламгер соңғы онжылдықтың беделінде «Көзбояуы жоқ көріністер» атты тұрмыстық штрихтарымен оқырман назарын аударуда. Оларда тәуелсіздік жылдарындағы замандастардың моральдық-имандылық тұрғысынан қалай өзгергені күнделікті өмір көріністері, жекелеген штрихтар арқылы беріліп отырады. Ондай жағдаяттарға әрқайсысымыз да куә болып жүруіміз мүмкін, бірақ солардан ой түйіп, оқырман үшін тағылымды болатын тұстарын нәшіне келтіріп ұсынуға орашолақ болып жатамыз. Демек қазақ көсемсөзінің алдыңғы қатарында қалам тоздырып, ой оздырып жүрген Қуандық Түменбай публицистикасы еріксіз уақыт ағымынан туындаған дүниелер.

Нұрдәулет АҚЫШ,

жазушы

Серіктес жаңалықтары