БОЛМЫСЫ БӨЛЕК БАҚҚОЖА

БОЛМЫСЫ БӨЛЕК БАҚҚОЖА

БОЛМЫСЫ БӨЛЕК БАҚҚОЖА
ашық дереккөзі
465

Адам баласының жаратылысы қызық қой. Күнбе-күнгі тіршіліктің ағымымен өтіп жатқан өмірде сыйлас болған, қатарлас жүрген кейбір жандармен аралас-құраластықта көп жайларға мән бере бермейтін сияқтысың. Уақыт өте келе сол қатар жүргендердің мінезі, жан-дүниесі, жалпы адами бітім-болмысы туралы көңіл сарайыңда, жадыңда қалғандарды қайта жаңғыртқаныңда, ой әлеміңде олардың бөлекше сипаттарын ашасың. Міне, сондай жандардың бірі Баққожа еді.

Қаламдас, талантты қаламгер Баққожа Мұқаймен өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының екінші жартысы мен жетпісінші жылдардың басында Қазақ университетінде студенттік өмірді қатар өткіздік. Журналистика факультетінде ол менен бір курс жоғары оқыды. Жатақханада көршілес бөлмеде тұратын қара торы, орта бойлы, менен бір сүйем бойшаңдау, өткір көзді, әдеміше келген, мінезі сәл сотқарлау көрінген жігіт өзгелердей өзінің бір курс жоғары оқитынын бұлдап, менменсіген кейіп танытпады. Осы мінезіне әп дегеннен ішім жылып қалды. Өзінің Нарынқолдан, Бердібек Соқпақбаевтың ауылдасы екенін, ол кісімен ағалы-інілі боп өте жақсы араласатынын айтқанда, оған одан сайын жылыұшырай түстім. Шығармаларын бала кезден қайталап оқыған атақты жазушының әрі ауылдасы, әрі інісі Баққожа да менің көз алдымда бөлекше бір бітімімен зорайып кеткендей болды. Өзі университетке дейін аудандық «Советтік шекара» деген газетте жұмыс істепті, өлең жазады екен, ақындығы да әжептәуір. Қаламы төселіп қалған қаламгер.

Екеуміздің таныстығымыз сол жылдары осылай басталған болатын. Кейіннен балалар мен жастар басылымдарында, ол – «Білім және еңбек» журналында, мен «Қазақстан пионері» газетінде қатарлас жүріп жұмыс істедік. Қаланың тау жағында, қазіргі Достық даңғылы бойында журналистерге арналып салынған үйден пәтер алып, отбасыларымызбен араласып, біраз жыл тату-тәтті көрші болдық. Ол өзі ақкөңіл, балажан болатын. Ауланың бүкіл бүлдіршіндерін қасына үйіріп алып, ерінбей, жалықпай оларды өзіне кәдімгідей тең адамдай санап, әрқайсысымен әңгімелесіп, еркелетіп, әзілдеп, өзі де балаша мәз болып тұратын. Ауланың балалары да оны көрген жерден алдынан жүгіріп шығып, жапатармағай сәлемдесіп жатады. Оның мінезіне тән бір ерекшелік – жақсы көретін адамдарымен ол – бала ма, өзінен жасы үлкен адам ба, үлкенді-кішілігіне қарамай әзілдесе сөйлескенді жақсы көруші еді. Жазушы үшін адамды танудың бір сипаты да, бәлкім, осы болар деп ойлаймын.

Жаз айында, кешкі мезгілдерде көшенің арғы бетіндегі Кіші Алматы өзенінің бойымен жоғары қарай аяңдап, әңгіме-дүкен құрып сейілдеуге шығамыз. Көбіне үшеуміз – Баққожа, Жақау (Дәуренбеков) және мен, аракідік біздерге қолы қалт еткенде марқұм Сағат (Әшімбаев) қосылады. Алатаудың алыстан мұнартқан аппақ шыңдарына көз жіберіп, арындаған тау өзенінің гүрілдеген ағысына құлақ түріп жүрудің өзі бір рахат болатын.

– Көктөбенің баурайынан былай қарай созылып жатқан мына қыраттың осы бір тұсынан жер алып, үй салса ғой, шіркін! – дейді Баққожа өзінің ойына мақұлдау күткендей біздерге қарап. – Қалай ойлайсыңдар, Жақа, Мәке, дұрыс қой, ә?!

– Е, дұрыс болмағанда, әрине, дұрыс. Бірақ бұл жерді біз сияқтыларға кім беріп жатыр. Мына салынып жатқан үйлердің зәулім-зәулім пошымына қарағанда «осал» адамдардың ғана қолынан келетін шаруа болар бұл, – дейді Жақау қутың жымиысына салып.

– Өй, сен қызық екенсің, біздерді осал деп кім айтады? – дейді Баққожа Жақауға дағдылы қалжыңымен өктемсігендей болып.

– Иә, иә, ал осал емессің, мықтысың! –дейді Жақау да сөзін енді әзілге бұрып. – Қай жерден саласың сонда, қала жағына қарайтын бөктерге ме, әлде тау жаққа қарап тұратын, анау биік, еңселі төбенің басына ма?

Екеуінің таудан үй салу туралы әзіл-шыны аралас әңгімелерін үнсіз тыңдап, езу тартамын да қоямын.

– Әрине, тау жаққа қаратып саламын. Жұмыс кабинетімнің терезесінен осы таулардың күншығыс бетіндегі бір қиырында заңғар шыңы көк тіреген Хантәңірі көз алдыма елестеп тұратын болады. Солай!..

Тау баурайында жүріп, өзара осындай әңгімелесулердің сәттерінде ол өзінің туып-өскен жері Нарынқолдың тауларын, көркем табиғатын ерекше бір сезіммен есіне алатын.

Тауда туып, тауда өскен Баққожаның жан-дүниесінен де тау заңғарындай өзгеше бір адами биіктіктің бекзаттық құбылысы аңғарылып тұратын. Бұл менменсінген асқақтық та емес, өрекпіген өршілдік те емес, өз бағасын білетін адамның өзгемен өзін тең ұстар сырбаздығы дер едім…

Әдебиетке келетін жолын өлеңнен іздеу таланттардың қай-қайсысына тән шығармашылық құбылыс болса керек, Баққожаны да осы құбылыс айналып өтпеді. Университеттің алғашқы курстарында әңгіме-повестері «Жұлдыз» журналында, «Жалын» альманағында жариялана бастады. Ал кейінірек оқырман талғамын баураған талантты прозасын жаза жүріп, ол драматургиялық шығармаларға дендеп қалам тартты да, бұл жанрда да бірталай суреткерлік қарым-қайратын танытты.

Оның арынды шабытшыл ақындығы да, қара сөздегі суреткерлігі де, драмадағы тартысқа толы шынайылылық пен сахналық образды сомдаудағы шымырлығы да болмысы бөлек қаламгерлік талантының бірегей синтезіндей көрінеді маған. Баққожаның әдебиеттегі орны осындай сипатымен де, қырымен де ерекшеленді ғой деп ойлаймын.

Ол өзін-өзі дәріптеушілердің санатынан емес еді. Жазғаны туралы да, жазылатын дүниесі туралы да көп сыр бөліспейтін, бұл жөнінде тіпті тартына сөйлейтін қасиеті бар еді. Өзара әңгімелесіп жүрген кездері байқағаным, оның адам бойындағы даралық пен пендешіліктен тұратын мінез-құлық қарама-қайшылығының, жұмыр басты пендеге тән зұлымдық пен аярлықтың әрқилы сипаттарының, жалпы өмірде, адами тіршілікте болып жататын қисынды-қисынсыз оқиғалардың төңірегінде көбірек ой бөліскенді тәуір көретіндігі. Мұндай ой бөлісулерден ол көңіл-сарайында пісіріп жүрген шығарма идеясына тиянақ-тұжырым іздейтін сияқты әсер қалдырушы еді маған.

«Адам о баста зұлым, сұм болып тумайды ғой. Оны сондай болуға, сондай болып өмір сүруге итермелейтін не нәрсе? Міне, сол нәрсенің түп-тамырын, себебін іздеген кезіңде не бір шым-шытырықтың ортасында қаласың. Өмір шындығын типтендірудің, яғни көркем шындыққа ұластырудың да күрделілігі осында», – деген оның бұл иланымды сөзіне не алып-қосуға болады? Солай ғой, әрине.

«Бірақ, – деймін мен оның ойын одан әрі өзімше сабақтап. – Соны екшемей, әйтеуір шындықтан ауытқымау керек дегенді ұстанып, ешкімге де қажеті жоқ, өзінің аласа шындығының деңгейінен аса алмай, жоқты-барды талғамай, талдамай жаза беретіндер де, аз емес-ау осы…»

«Ең өкініштісі, әдебиетке осы мен не бердім деген ой ондайлардың басына да кіріп шықпайды, – дейді Баққожа сәл налығандай үнмен. – Бәлкім, көптің ішінен нағыз талантты тану үшін мұндайлардың да жүргені заңдылық шығар»…

Адамның адамша өмір сүре білу заңдылығының терең қалтарыстары мен табиғи болмысын өз шығармаларында ауқымды қамтып, шынайы әрі талантты жазған ол сол деңгейінен бір де бір рет аласарған жоқ. Сонысымен де жазушылық тағдырында өзінің суреткерлігін дәріптемей танытып, өміршең шығармаларымен дәлелдей білді. «Өмірзая» романы үшін берілген Мемлекеттік сыйлық осының айқын айғағы.

Баққожа бірқатар жыл Қазақстан Жазушылары одағында жасөспірімдер мен балалар әдебиеті кеңесінің консультанты қызметінде болды. Ол әдебиет деген қасиетті отаудың күнделікті шығармашылық тыныс-тіршілігіне белсене араласты. Кеңес жұмысын жандандырып, бұл салада талантты еңбек етіп жүргендердің шығармашылық есептерін тыңдап, олардың жаңа шығармаларын талқылауларды жүйелі ұйымдастырып жүрді. Маған да осы кеңесте жазушылар Қаржаубай Омаров, Бейбіт Қойшыбаев шығармашылығы туралы арнайы жиында баяндама-талдау жасап беруімді өтініп, қашан соны орындағанымша хабарласып, тиянақтаумен болды.

Сол кездері көктемгі каникулда әрбір одақтас республикалардың астанасында Балалар кітабының бүкілодақтық апталығы деген іс-шара өткізіліп тұратын.1987 жылы Минскіде өтетін сол Қазақстан Жазушылары одағының атынан апталыққа баруға Баққожа маған өтініш жасады. Мұндай іссапарға баруды кім құп көрмесін, алайда мемлекеттік баспа комитетіндегі қат-қабат жұмыстарымды айтып, басшылардың да жібере қоюы екіталай екенін алға тартып, сылтауратып көріп едім, көнбеді. «Баратын адам таба алмағандықтан айтып отырғаным жоқ қой, ойланып көрші және келісіміңді беретіндей болып ойланшы. Оның үстіне одақтың басшыларымен де келісіп қойдым, керек болса, бастықтарыңа хат жібертейін», – деп ақыры көнбесіме қоймады. Баққожаның маған ала-бөтен ықыласпен өтініш жасауының арқасында сол жолы Минск сапарынан көптеген одақтас республикалардан келген қаламдастарыммен танысып, білісіп, балалар әдебиеті жөнінде өзекті ойларды ортаға салып, өзара пікір алмасып дегендей, жақсы көңіл-күйде оралған едім.

Өзіне міндеттелген жұмысқа салғырт қарай алмайтын, соны діттеген межеде атқарып шығуға деген ыждағаттылығы да ерекше болатын. Шығармашылық өмірінде де ол осыны берік ұстанды. Драматургия жанрына біраз қалам тербеп, қазақ театрының репертуарлық мазмұнына сапалық жаңа ізденістер әкелді. Заманауи мәселелерді алуан қырынан көрсетуде оның драматург ретіндегі табыстары бір төбе. Сахналық шығарманың мейлінше тартысты болуымен қатар, кейіпкерлер табиғатының психологиялық ішкі иірімдерін нәзік те иланымды танытудағы шеберлігі ешкімге ұқсамайтындығымен дараланды. Өмір драмасын сахнаға шығарудың сәтті үлгісінің бірі – оның «Тоят түні» трагедиясы еді. Ақ пен қараның, зұлымдық пен ізгіліктің тайталасы арқылы адам өмірінің трагедиясы шынайы қалпында көрерменнің көз алдында, тіпті солардың тап ортасында өтіп жатқандай әсер қалдырады. Сахна мен көрермен залын бір сәтке осылайша біртұтас өмір алаңына айналдырып жіберудегі қоюшы режиссер шеберлігіне басты арқау драматургиялық материалдың мықтылығы. Сондықтан Баққожа шығармашылығының ерекше бір қыры драматург тұрғыдан да әсіресе айрықша дер едім.

Қатар жүріп, пікірлес, сыйластық қарым-қатынаста болған жылдардың ішінде оның адами болмыс-бітімінің көп жақсы қырын танып білдім десем, артық айтқаным емес.

…Ол өзінің тау жақтан үй тұрғызу туралы арманын ақыры орындады. Сол баяғы кешкі серуенде жүретін Көктөбенің баурайындағы биік жотаның үстінде, терезелері таудың асқар да биік қарлы шыңдарына қарап тұрған үйдің бір бөлмесіндегі жұмыс кабинетінде отырып шығармашылықпен айналысып, ұзақ ғұмыр кешуге алайда оған тағдыр жазбады.

Көңілге медеу боларлығы, қазақтың біртуар талантты қаламгері Баққожа Мұқайдың мәңгілік өмірінің бүгінгі және келешектегі жалғасы – оның халқына, ұрпағына қалдырған шығармашылық мұрасы екендігінде…

Мәди АЙЫМБЕТОВ,

жазушы

Серіктес жаңалықтары