СОЛ БІР ЖЫЛДАРДА...
СОЛ БІР ЖЫЛДАРДА...
1. ЖАЛҒАН КУӘГЕРДІҢ ЖАЗАСЫ
Желтоқсан оқиғасы өтісімен, Алматының барлық көшелерінде, мекемелерінде, оқу-орындарында әскери тәртіптің елесі кезіп жүрді. Қанды оқиғаны, жазықсыз жастарды мұздай қаруланған арнайы әскерилердің аяусыз жазалағанын көздерімен көріп, жүйкесіне ауыр жүк түскен қарапайым адамдардың да жағдайы ол кезде адам төзгісіздей еді. Біздің Қазақ радиосының екі жүз адам еркін сиятын үлкен актзалында күн сайын жиналыс өтіп, онда тек ұлты қазақтарға ғана арналған арнайы лекция-сабақ жүрді. Түске дейін эфирден өтетін хабарларды дайындап бітіреміз, сосын бәрімізді акт-залға қуып кіргізеді, бір-бірлеп түгендеп.
Желтоқсанның ызғарлы оқиғасы өтісімен адамдардың иығын ауыр бір мұң басты. Бірге қызмет істеген телевизия қызметкері С. Савицкийдің жеке басының инициативасымен шовинистік іс-әрекетінің нәтижесінде алаңда қаза табуынан соң редакциядағы орыс пен қазақтардың ара-қатынасына да сына түскендей. Қазақ жастарын қаралап, наркоман, бұзақы, маскүнем, арамтамақ және қоғамға жат адамдар деп көрсеткен ресми хабарды Ақпарат редакциясында істейтін әріптес ағамыз Үмбет Әбназаров эфирден қысқартып бергені үшін екі жыл бас бостандығынан айырылып, жұмыстан қуылды. Редакциядағы бірге істейтін С. Рыжкова секілді әріптестеріміз, кейін өздері мойындағандарындай, КГБ-ға еріксіз жалған мәлімет беріп, Қ. Рысқұлбековті түрмеге қаматты.
Көп ұзаған жоқ, Мәскеуден арнайы өкіл келіп, актзалда күнде соның лекциясын тыңдайтын болдық. Жасы елулерден асқан, түрінен арсыздық пен шовинистік пиғылды жазбай тануға болатын оның аузынан үнемі арақ исі мүңкитін. Залда отырғандар Мәскеуден келген осы бір дөкей өкілдің сандырағын күн сайын үш-төрт сағат ыстық бөлмеде отырып тыңдауға мәжбүр. Бір апта бойы сөйлеген оның лекциясы негізінен, бір-ақ мәселеге арналған. “Кеше алаңға шыққан қазақ жастары кілең маскүнемдер, бандиттер, хулигандар. Кеңес үкіметіне қарсы шыққандар. Отанын сатқан опасыздар. Олардың ұйымдастырушылары да көп ұзамай ұсталатын болады. Кім де кім оларды жақтаса, аяусыз жазаланбақ. Алматыдағы жоғары оқу орындарындағы оқитын студенттердің 70-80 пайызы қазақ балалары. Алматыда орыстар көп болса да, олардың балаларының білім алуына, институттарға түсуіне әлгіндей жоғары басшылықтарға кіріп алған ұлтшылдар тосқауыл қоя білген. Мәселен, КазГУ-де студенттердің 90 пайызы, Нархозда 75-80 пайызы қазақ балалары…”
Мәскеуден келген өкілдің лекциясы күн сайын осылай бір жүйемен қайталана береді. Бір жұма өтті. Осындай бір кезекті “тәрбие сағатында” алдыңғы қатарда отырған мен төзімім таусылып, жанымда отырған жауапты хабар таратушы Айгүл Ысқақова деген әріптесіме (атақты ақын, жазықсыз жапа шегіп, Колымада көп жыл жазасын өтеген Бүркіт Ысқақовтың қызы) іштегі ызамды бір сөзбен қалай құлағына сыбырлап қойғанымды өзім де сезбей қалыппын. Амал қанша, залды қанталаған көзімен тінтіп отырған әлгі өкіл байқап қалмасы бар ма. Трибунаны соғып, ашуға булығып айқай салды:
– Сен, – деді, ол мені сұқ саусағымен көрсетіп, – тез арада залдан шық!.. Сен секілді оңбағандар, кеше желтоқсанда Кеңес үкіметіне қарсылық танытып, алаңға шықты. Шық, кет залдан!..
Зал ішінде шыбынның ызыңы білінетіндей тыныштық орнаған. Мен жастық аңғалдығым ба, әлде, кінәсыздығымды дәлелдегім келді ме, орнымнан ұшып түрегелдім.
– Маған орынсыз айып тағуға сізге кім прово берді. Мен неге өзім жұмыс істеп жүрген радиомнан кетуім керек. Сіз өзіңіздің қонақ екеніңізді ұмытпаңыз!..
Менің бұлай қарсылық танытуымды күтпеген ол бір сәт қылғынып, аузынан көбігі көрініп, ақ ит кіріп, көк ит шықты.
– Вон, сволочь, хулиган… Националисть!.. Я тебе покажу, – деп қолындағы жуан пәпкесін столға атып ұрды.
Шыбынның ызыңы білінетіндей залдан Айгүл Ысқақова менің білегімді тастай ғып қысып, ерні дірілдеп: “Құдиярбек, қарсы келмеші, құритын болдың-ау!” деп кемсеңдеп қоя берді. Кейін айтады ғой: “Сен дәл менің әкемнің жасында едің, сол құсап сотталып кететін болдың-ау деп үрейім ұшты”, – дейді.
Сол кезде күтпеген қызық оқиға болды. Менің жанымда қайдан тап болғаны белгісіз, насихат редакциясы Бас редакторының орынбасары Илья Владимирович Синельников отыр екен. Актзалдағылардың барлығы қазақтар екендігін ойласам, жалғыз орыс ұлтының өкілі Илья ағамыздың дәл сол сәтте қалайша ортамыздан табылғанына күні бүгінге дейін таң қаламын. «Сірә, құдайдың өзі сені қорғауға жіберген періштең шығар», – деп әзілдеген еді редакция қызметкерлері. Кейін білдім, И.Синельников біздің халыққа күйеу бала болып келеді екен. Өтіп бара жатып журналистік қызығушылықпен акт залының есігінен сығалайды. Жиырманың үстіндегі жап-жас баланы мәскеулік өкілдің кінәсізден кінәсіз оп-оңай қармағына түсіріп, жала жауып жатқанына шыдай алмай ішке бас сұғады. Сол Илья ағамыз жағдайдың біржола теріске айналып бара жатқанын тез аңғарса керек.
– Жолдас, мәскеулік өкіл, Құдиярбек Ағыбаев біздің көз алдымызда өскен, адал да принципшіл жігіт. Менің ұлтым орыс, бірақ ол үшін онымен қайда болса бірге баруға әзірмін. Мен өзімнің сөзіме жауап бере аламын. Егер, сіз айтқандай, Ағыбаев бұзақы, оңбаған, ұлтшыл болса, онда мына отырған бәріміз де өздерімізді сондай ұлтшылмыз деп санаймын. Мен партия мүшесімін. Сондықтан да, сізге өзіңізді сабырлылыққа шақыруыңызды өтінемін!.. – деді И.В. Синельников.
Бұл кезде мәскеулік өкіл залды тастап, наразылықпен жоғарғы қабатқа қарай кетіп бара жатыр еді. Біз күткендей, көп ұзамастан телерадио басқармасы төрағасы Сағат Әшімбаевтың кабинетіне мені екі бейтаныс жігіт екі қолымнан ұстап, желкелеп әкелді. Кіре беріс бөлмеде бірер сағаттан астам отырдым. Іште Сағат Әшімбаев, радионың сол кездегі бастығы Аркадий Исенов, партия ұйымының хатшысы С. Оспанов, И.В. Синельников және мәскеуден келген өкілі бар, өздері ұзақ сөйлесті.
Бір кезде мен ішке кірсін деген бұйрық алдым. Марқұм Сағат Әшімбаев ағамыз «Лениншіл жас» газетінде істеп жүрген кезден мені танушы еді, жүзі өрт сөндіргендей абыржулы, әбден маған араша түсіп, бәрінің де әбігері кеткендері көрініп тұр.
– Құдиярбек, сен еш нәрсе айтушы болма, – деді Сағат аға маған кірген бойда. – Міне, саған қарсы жазылған бұл хаттамада сені жиналыс өткізуге қарсы ұлтшылдық әрекет танытты, саботаж жасады, халықты қарсылық білдіруге шақырды деп, барынша қаралаған. Егер осы бойынша бұл хат құқық қорғау органдарына мына кісінің қолымен кетер болса, сен екі немесе төрт жылды еркін арқалап кете бермексің… Біз бәріміз сені құтқарғандай болып тұрмыз. Сөз қысқа, мына кісіден кешірім сұрайтын бол!.. Райынан қайтпай тұрғанда. Сосын хаттаманы көзіңше жыртамыз, — деді.
Мәскеу өкілінің көзіне көзім түскенде барып, істің мән-жайын байқадым. Байқадым да, есімді жинадым. Шын мәнінде істің қалай бет бұра бастағанын. Столдың үстне көз тастап едім, ашылған жартылай коньяк, бір-екі стакан тұр екен. Сірә, мәскеулік өкілді аздап ашуын басып, сабасына түсіру үшін тамағын жібіткен секілді.
– Прошу извинение. Больше не повториться!.. – деп қолымды шекеме апара беріп едім, директорым, бұрынғы әкери десантшы болған Аркадий Исенов бұдан әрі созбай, менен тезірек құтылғысы келді ме: “Кругом!.. Марш!..” деп, зор даусымен айқайлады. Далаға атып шықтым. Хатшы қыз келіп маңдайымдағы терді сүртіп тұр екен.
– Кешірді ме?!. – деді ол.
Басымды изей сап, төменгі қабатқа қарай жүгірдім. Актзалға кеп кірсем, сол баяғы екі жүздей жиналған халық шашау шықпастан, орындарынан тұруға қорқып, мені күтіп отыр екен.
* * *
Данышпан Абай айтқан: “Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбен көрген біздің хайуан малдан неміз артық?” деп.
Еліміз тәуелсіздік алуымен бірге, 1990 жылдардың басынан бастап коммерциялық, тәуелсіз телерадиолар мен шетелдік, оппозициялық бағыттағы газет-журналдар көбейді. Нарықтық экономика оларға қаржылай көмек қолын созатын, демеушілік танытатын меценаттарды, банк, қор басшыларын үйіп-төгіп өмірге әкелді. Сондықтан да, ондағы жаңа қожайындарға қызмет ететін журналистердің жалақысы мемлекеттік БАҚ-тағы әріптестерінен әлдеқайда жоғары еді. Өзімізбен қатар, талай жыл тізе қосып бірге еңбек еткен көптеген журналистер заман ыңғайына жығылып, осындай жоғары жалақы төлейтін жылы орындарға кетіп жатты. Әрине, өздері жиі қайталап айтатындары секілді, олар да еліміздің тәуелсіздігінің орнығуына елеулі үлес қосты. Мейлі, бірақ қалай десек те, қазір сол 1990-2000 жылдардағы тәуелсіздік таңының арайлап атып, тұғырына қонақтаған он жылына көз жүгіртіп көрсем, сол кезеңде мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында қалып, жас мемлекетіміздің егемендігі жолында еңбек еткен әріптестеріміздің еңбегін айтпай кете алмаймын. Тағдыр осы бір «өліара» шақта он шақты жыл бұрын ғана осы мекеменің есігін кіші редактор болып бастаған менің маңдайыма Қазақ радиосының Бас директорының бірінші орынбасары, сосын біршама уақыт Бас директордың міндеті қызметін уақытша атқаруды жазған екен. Мен бұл өтпелі кезеңді қимастықпен еске аламын.
“Неге?” деген сұрақ туындайды. Сол кезде, тіпті, қазір де арамызда дүниенің бәрін нарық заңымен бір жақты өлшейтін коммерциялық-тәуелсіз телеарналар мен газеттерге қолынан іс келетін, ыңғай бір талантты журналистер кетіп, мемлекеттік ақпарат құралдарында көбіне ортаңқол немесе нашар журналистер қалып қойды деген жаңсақ көзқарастар мен пікірлердің болғанын білеміз. Әйтсе де, өзіміз куәсі болған Қазақ теледидары мен радиосында талай жыл табан аудармай еңбек етіп келген саңлақ журналистерді көрермен мен тыңдаушы мойындайды, біледі, таниды да. Сондықтан да олар Тәуелсіздік Декларациясын, тұңғыш ел Президентінің сайлануын, ұлттық теңгеміз бен рәміздеріміздің қабылдану сәтін, Ата Заңымыздың қабылданған күнін, Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайын өздерінің төл мерекесі ретінде сезініп, ерекше қуанып қарсы алды. Күн-түн деместен қазақ халқының, қазақстандықтардың ертеңгі жарқын болашағы үшін, ел егемендігі үшін уақытпен санаспай, уақытша қиындықтармен есептеспей, қажыр-қайратын аямастан еңбек етті. Осындай ел мен жер үшін шешуші сәттердің, айтулы оқиғалардың бәрінің басы-қасында жүрдім деп айта аламын.
Қарбаласқа толы күндердің бірінде болған мына бір оқиға әлі күнге есімнен шығар емес. 1995 жылдың күз айы. Әдеттегідей, жұмыстың қызатын кешкілік мезгілі еді. Жұмыс бөлмеме бейтаныс екі жігіт келіп кірді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мекемесінің қызметкерлері екенін айтып, куәліктерін көрсетіп, кішіпейілдік танытты. Келген шаруалары желтоқсан оқиғасына қатысты екен. Олардың сөзінен менің ұққаным, қатты қайран қалдырғаны «Савицкийдің өліміне Қайрат Рысқұлбековтың тікелей қатысы болды» деп, куә болғандардың бірі – біздің техникалық бөлімде істейтін Н. Рыжкова деген әйел екен. Күнде жұмыс бабымен сан мәрте жүз көрісетін, сырттай сыйлас оның бейнесі сол сәттен бастап мен үшін құбыжыққа айналды. Бір ғажабы, ол адамның мұндай «жансыздық әрекетін» ұжымда ешкім де білмейді екен. Алдымда отырған жігіттердің бірі мұны да ақырын ескертіп өтті.
– Аға, – деді ол сыпайы тіл қатып. – Бұл жайды сізге басшы болған соң ғана айтып отырмыз. Мәселе елге жария болып кетпеуі тиіс. Әзірше, жұмысын тыныш істеп жүре берсін!..
«Жұмысын тыныш істеп жүре берсін!..» деген сөз ендігі жерде менің жатсам-тұрсам ойымнан шықпай қойды. Жап-жас жігітке жала жауып, өміріне балта шапқан адам қалайша Қазақтың радиосында, тіпті, менің қол астымда судан таза, сүттен ақ боп, тып-тыныш қана қызмет істеп жүре беруі тиіс. Үйде де, түзде де жүріп, жатсам да тұрсам да осы ой санамды сан түрлі қиырға жетелеп, сергелдеңге түсірді. Ақыры болмаған соң, көп ұзатпастан Рыжкованы оңаша әңгімеге шақырдым. Мұндай қызыққа кездесем деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Мен созбалақтатпастан болған жайды, бар шындықты жайып салдым.
– Сен енді осыдан кейін қалай бізбен бірге жұмыс істеймін деп ойлайсың? Саған кез келген бұрышта қастандық жасайтындар табылады. Ендігі жерде өміріңнің амандығына жауап бере алмаймын, – дедім түсімді суытып.
Күндердің күнінде қауіпсіздік қызметкерлері өзінің тағдырын бұлайша ойыншыққа айналдыратынын, далаға лақтырып кететінін күтпесе керек, Рыжкова өңі боп-боз боп, қалтырап-дірілдеп отырған орындығынан еденге құлап түсті.
– Подонки… Сволочи!… Это они меня заставили… Откуда мне знать, Кайрата Рыскулбекова. Я что, его знаю? Для меня все казахи одинаковые… Они мне обещали… гарантию давали…– деп, бетін басып, еңіреп жіберді. Су ұрттатып жүріп, әрең дегенде есін жинатқыздым.
– Енді не істейсің?.. Қазақ радиосы ғана емес, саған Алматыда қалудың өзі өте қауіпті екенін түсінемісің?! – дедім.
Рыжкова екі күнге дейін ешкімге тіс жармауымды жалынып өтінді. Қазақстаннан Молдавияға біржолаға кететінін, онда бірге туған жалғыз сіңлісі барын айтты. Ол уәдесінде тұрды. Сол кеткеннен біраз уақыт жоғалып кетті. Бірақ арада он бес жыл өткенде Алматыда оны тағы кезіктірдім. Қартайып, құр сүлдері қалыпты. Өмір бойы жұмыс істеген радиосына, ескі таныстарын бір көруге келіпті. Менің кабинетіме кіріп, көзіне жас алды.
– Жап-жас жігіттің обалына қалдым!.. Ешқашан кешірмейтін күнәні арқаладым! Балам да, семьям да жоқ. Молдавияда күнімді көре алмаған соң осында келдім. Мен секілді бақытсыз бейбақты кешіре көріңдер.., – деді даусы дірілдеп.
Осыдан кейін мен оны кезіктірген емеспін.
2. ТАҒДЫРМЕН ТАЙТАЛАСҚАН
1997 жылдың 31 мамырында Қазақстан телерадиокомпаниясы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арнап республика көлемінде кең ауқымда телерадиомарафон өткізді. Бұл айтулы шараға телевизия мен радио журналистері түгелге жуық атсалысты. Күні бойы экран мен эфирде тікелей хабарлар ұйымдастырылып, репрессияға ұшыраған, осы күнге аман-есен жеткен аға ұрпақ өкілдері сөз алды. Соның алдында ғана Қазақстан репрессия құрбандары ардагерлерінің төрағасы, 91 жастағы Бекболат Мұстафин ақсақалмен студияда жүздесіп, ертеңгі күнге эфирге алып шығатын көзі тірі ардагерлер туралы сұрастырғаным бар. Ол кісінің айтуынша, Алматыда қазақша сөйлейтін немесе өздігімен студияға келе алатын ардагерлер жоқтың қасы, көбісі бүгіндері арамызда жоқ. Бекболат атамыз студияда сөзін жазып алдық.
Кештетіп жұмыстан соң үйге оралдым. Жұбайым Разияның әкесі, менің қайын атам, 84 жастағы Сүлеш көкем ауылдан қыдырып келіпті. Қасында үлкен немересі бар. Аман-саулықтан соң, кешкі тамақты алдымызға ала бергеніміз сол-ақ еді, белгілі актер, ақын әрі әнші, “Дарын” мемлекеттік сыйлығының лауреаты Байғали Есенәлиев телефон соғып, менің бір әнімді аранжировка жасатып, студияда жазып бітіргенін хабарласын. Ол кезде Байғалидың өзі де Қазақ радиосында қызмет істейді. Өнердің саңлағы, радионың тікелей эфиріне көндігіп, әбден төселіп алған, қамшы салдырмайды. Жаңа әннің тұсауын кескелі тұрғаны, оны естуге деген құмарлық та бар, “үйге тез жет, тыңдап көрейік” деп өтініш айттым. Байғали әңгімені айтқанда байыбына жеткізіп, майын тамыза айтатын, әсіресе үлкен кісілердің көңілін табуға шебер-ақ. Сүлеш көкеммен келген бойда тонның ішкі бауындай араласып, сөйлесіп, әзіл-қалжыңына дейін жарасып кетті. Екеуінің өзара әңгімесінен ұққаным – талай күннен бермен қарай іздестіріп, таба алмай жүрген, репрессия, соғыс жылдарын өз көзімен көріп, оның барша қиындығын басынан өткерген, көзі тірі куәгерлердің бірі өзімнің туған қайын атам, қасымызда отырған Сүлеш Досов екендігі еді. Көктен іздегенім жерден табылғандай, екеуінің әңгімесін рахаттана тыңдап, ендігі жерде тек, сол әңгімені үнтаспаға түсіру үшін репортердің құлағын іске қосу ғана қалған еді.
– 1922 жылы дүниеге келіппін. Анадан жастай жетім қалдым, – деп бастады әңгімесін Сүлеш көкем. – Әкеміз екі әйелге үйленген еді. Мен екінші әйелден тудым. Көп ұзамай анам қайтыс болды. Отызыншы жылдардың аштығы келіп жетіп, ел ішін әбден титықтатты. Көп жұрт бас сауғалап, Өзбекстанға босып кетті. Шамасы бес-алты жас кезім, екінші шешемізге ілесіп, Ташкеннің базарын аралап жүргенде мені жоғалтып алыпты. Сол жерден біреулер тауып алып, балалар үйіне жөнелтеді. Еміс-еміс есімді білетін шағым. Ташкеннің балалар үйіндегі жетімектердің барлығы дерлік қазақтың қаракөздері болатын. Өйткені ол кезде өзбек ағайындардың өз баласын қаңғыртып жіберу деген немесе ата-анасы тірі бола тұрып баласын тастап кету қанында жоқ, салтына жат нәрсе еді. 1924 жылы Қазақстан жеке республика боп құрылды да, Ташкент Өзбекстан астанасы болып белгіленді. Міне, содан соң-ақ біздің балалар үйіне зауал төнді. 1932 жылдың әр күні мен атқан таңын ұмыта алмаспын, кинодағыдай көз алдымда.
Жоғарыдан қандай тапсырма келгенін кім білсін, әйтеуір халық жауларын әшкерелеп жатқан тұс, осы жылы балалар үйіндегі елуге жуық бүлдіршіндерді қолдан аштық жасап, көздерін жою әрекеті де, неге екені белгісіз, ашықтан-ашық жүргізілді. Бір үзім нан көзден бұлбұл ұшты. Аз күннің ішінде қабырғалары ырсиып, құлақтарынан күн көрінген халге жеттік. Көп ұзаған жоқ, түрлі ауруға ұшыраған балалардың алды көз жұма бастады. Отыз екінші жылдың күзінде жетім балалардың тең жарымы дерлік жарық дүниемен қоштасып үлгерген еді. Бір күні бәрімізді таңертең күндегіден ерте оятты да, ашқұрсақ күйімізде отырғанда алдымызға бір-бір тостақ ботқаны көлденең тартты. Баламысың деген, бәріміз “мынау не деген жолда жатқан батпан құйрық” дегендей, ботқаға бас қойдық. Сөйтсек, тартайын деген азабымыз бен бар сұмдығы артында екен, “біреулердің” нұсқауымен ботқаға алдын ала үгітілген шыныны ұнмен араластырып, бізге әдейі беріпті. Сол күнгі балалардың тартқан қасіреті жатсам-тұрсам есімнен кетпейді, көз алдымда тұрады да қояды. Екі-үш сағат өткен жоқ, балалар үйінің барлық баласы түгелге жуық отырған орындарында жарық дүниемен қоштаса бастады. Он жасар болсам да есім кіріп қалған кез, болған сұмдықты ішім сезсе керек, біздерді сырттай бақылап жүрген ұлты бөлек аспаз әйелді жанымнан жек көргенім сонша, қайтсем де өзіммен бірге ала кетуге оқталып, қолыма ілінген ожауды ала сап ұмтылғаным есімде. Одан арғысын білмеймін. Содан бір кезде трактордың дарылдаған үні сияқты дыбыстан есімді жинасам, кілең жап-жас бүлдіршіндерді аяқ-қолдарынан көтеріп, терең қазылған орға лақтырып жатыр екен. Ай-шайға қаратпастан мені де өлдіге санап, аяғымнан сүйрелеген күйі терең орға итере салды. Ылдиға қарай домалап бара жатып, әл-дәрменсіз, әрең дегенде бір талдың жарқабақта салбыраған тамырына кептеліп қалдым. Сірә, ажалым жоқ, көретін жарығым бар екен. Менен төменіректе, қол созым жерде десе де болады, өзімнен бір-екі жас кіші, көздері қарақаттай мөлдіреген әп-әдемі қыз баласы біразға дейін құзға құламауға әрекет етіп, тырбанды. Әлгіге қол созуға, аяқ-қолымды қимылдатуға дәрменім жетпеді, жансыз боп қалғандай. Құр көзіне көзіммен қадала қарап, шарасыз жылап жатқанымда үстімізден бульдозер трактор итеріп тастаған қалың топырақ әлгі қызбен қоса төмендегі шала-жансар жатқан сәбилердің беттерін жауып тастады. Көз алдымда талай балалар осылай топырақ астына тірідей көмілді. Ажалым жоқ екен, аяқ-қолым жансыз күйде ағаштың тамырына ілініп, кешке дейін жаттым. Қараңғы түскенде ғана есімді жиып, күшімді жинап, әзер дегенде жоғары өрмелеп шықтым. Әлгі жан шошырлық жерден қашып құтылдым да, баяғы өзімді ұстап әкеткен қаланың орталық бөлігінде орналасқан базарға итшілеп жеттім. Сонда бір жыл панасыз балалармен бірге жан сауғалап, кейін бір өзбектің қайырымды адамының қолына түстім. Сөйтіп, аман қалдым.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда мен 17 жаста едім. Әке-шешемнен ерте ажырап, жетімдіктің азабын бір кісідей тартып, өмір ерте есейткен, сөйтіп, ширығып-ширап өскен мен бірден майданға сұрандым. Ондағы ойым – ең болмаса ел қатарлы жаумен соғысып, ажалым келсе өлермін, егер, тірі қалсам, Қазақ деген елімді, туысқан-бауырларымды іздеп табуға мүмкіндік туар деген арман көкейімнен бір шықпай қойған еді. Бірақ әскери военкоматқа келгенде мені жылқыны таңдағандай, ондағылар әрі қарап, бері қарап Ташкенттегі құпия әскери танктер шығаратын зауытқа броньмен алып қалуға шешім шығарыпты. Сірә, олар менің өмірдің ащы-тұщысын бірдей татқан, шыңдалған, шымыр денеме көз жүгіртіп, артында іздеушісі жоқ, қиындыққа мойымайтын жастық жігерімді, қажыр-қайратымды ауыр жұмысқа пайдаланғанды жөн көрсе керек. Кейін белгілі болды ғой, тәуліктің 18-20 сағатын дем алмай, ыстық пештің, ауыр станоктардың жанында өткізіп, түрмедегіден де қатал тәртіппен темір құрсанған танктердің бөлшегін жасадық. Бүйтіп, броньмен тылда мойның үзілгенше жұмыс жасап, азап шеккеннен гөрі талай мәрте жаумен бетпе-бет соғысқаның артық екен-ау дедік. Өйткені, завод дегенің аты ғана, ондағы әскери тәртіптің, одан қала берді жергілікті орыс тілін білмейтін ұлт өкілдеріне деген зорлық-зомбылықтың шегі-шеті көрінбейтін. Қит етсең атып тастау, сол заводтың ішкі тәртібінің, ережесі, адам өмірі әскерилердің қолында еді.
Біз жеңіс күнін майдандағы жауынгерлерден бетер асыға күттік. Сол күнге көбіміз жете алмады, жеткендеріміз денсаулығынан айырылды. Соғыстан соң ғана өзім туып өскен ауылымды іздестіріп табуға, бір әкеден тараған бауырларыммен қауышуға мүмкіндік туды.
Осы күні менің ойымды ылғи да сол бір 1932 жылғы Ташкенттің балалар үйінде болған қасіретті күн мазалайды. Неге, неге жап-жас бүлдіршіндерге қарсы соншама қатыгездік жасалынды, мүмкін біреулерді халық жауы етіп көрсету үшін әдейі қолдан жасалған қастандық шара ма екен деген сұрақ көкейімнен кетпейді. Қандай болғанда да саясатқа балаларды араластырмау керек еді ғой. Кейде осы сұрақтардың жауабын ойлай-ойлай келе шешімін тапқандай да боламын. Өйткені сол оқиғаның алдында ғана, мүмкін бірер жыл бұрын ба екен, Қазақстан жеке республика болып бөлінбей тұрған кезде біздің балалар үйіне Түркістанға кеңінен танымал партияның көрнекті қайраткерлері келіп аралағаны, балалармен кездескені есімде. Солардың арасынан көзінде көзілдірігі бар, үстіне кительді костюм киген, жүзінен біздерге, жетім балаларға әкелік ерекше ықылас білдіріп, бауырына қысып, басымыздан сипаған кісінің мейірімді кескін-келбеті жадымда мәңгі ұмытылмастай боп жатталып қалыпты. “Тұрар…Тұрар Рысқұлов жолдас!” деген фамилияны кейін естігенде, санамда өткен балалық күндерім қайта тірілгендей болды. Кейін ер жеткен соң фильмдерден, суреттерден көргенде ескірген, ұмыт бола бастаған нәрселер ойға оралып, көз алдыма біздің кішкентай жүректерімізге үміт отын сепкен асыл бейне қайта оралған еді. Бүгіндері өткен сол күндерге ой жіберсем, біздерге, қорғансыз балаларға жасалған қастандықтың да астарында “халық жауларының балалары” деген сылтаумен, сталиндік жазалаудың салқыны кеп тиген екен ғой…
Сүлеш көкемнің жасы 84-ке келсе де көкірегі ояу, көңілі сергек, әрбір сөзі мірдің оғындай өткір. Байғали інім екеуміз бір кеш отырып, бір кітапқа арқау болатын материал жинағандай әсер алдық. Бір істі қолға алса, Байғалидың оны ақырына жеткізбей тынбайтын мінезі бар. Көп ұзамай, Қазақстан теледидарынан хабар түсіру тобын ұйымдастырып, Оңтүстік Қазақстан облысы, Рабат селосындағы Сүлеш көкемнің үйіне барып, теледидарға арнайы хабар түсірткізді.