ЕСКЕРТКІШТЕР — ЕЛДІКТІҢ БЕЛГІСІ БІРАҚ...

ЕСКЕРТКІШТЕР — ЕЛДІКТІҢ БЕЛГІСІ БІРАҚ...

ЕСКЕРТКІШТЕР — ЕЛДІКТІҢ БЕЛГІСІ БІРАҚ...
ашық дереккөзі
315

Елімізде талғамсыз ескерткіштер мен заңсыз бюсттер көбейіп барады

Өткен жылдың соңына таман Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында өнер мен мәдениеттің өзекті мәселелері де айтылған болатын. Көп кешікпей осы мәселе ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан алқа мәжілісінде талқыланып, насихаттау жұмыстары қолға алынды. Сол мәжілісте сала министрі Дархан Мыңбай әуелі облыстардағы өнер ұжымдарының сырт елдерге шығып, тәжірибе алмасып, таланттарын ұштау мәселелеріне тоқтала келіп, талғамсыз орнатылған ескерткіштер мен заңсыз салынған бюстер жөнінде өткір сын айтты. Ол өз сөзінде:

«…Мәдениет пен ішкі саясат басқар­маларына жүргізетін жұмыс көп. Кейбір өңірлерде заңсыз ескерткіштер қаптап барады. Тұлғалардың мүсіндерін ешқандай талапқа келмейтіндей тым ұсқынсыз дайындайды, одан соң лайықсыз жерлерге қойылып жатыр. Олардың біразы министрліктің жанындағы комиссияның шешімін алмағандықтан заңсыз саналады. Сіздер ойлайсыздар, оған сәулет басқармалары жауапты деп. Шын мәнінде, осындай олқы жұмыстар жалғаса берсе, бұл әлеуметтік әділетсіздікті туындатып, ішкі саясатқа да өз әсерін тигізбей қоймайды. Журналистер осыны анықтап неге жазбасқа?! Елімізде жоғары деңгейде мойындалған шығармашылық одақтары жеткілікті, сондағы хас мамандардан пікір сұрап, кеңесу қиын ба? Ескерткіш саларда Сәулетшілер одағына, ономастикалық атаулар таңдау кезінде Жазушылар одағына жүгінсеңіздер, ешкім де сырт қалмай, әділ бағасын айтады ғой. Мұндай мемлекет үшін маңызды шешімдер қабылдар кезде, қатерлі қателіктерге ұрынбауымыз керек», – деді.

Иә, ескерткіштер – елдіктің белгісі. Елінің атын шығарған ердің асқақ тұлғасы, ұлттың айбыны. Кез келген зейінді жан ескерткіштерге осындай өлшеммен қарайтыны анық. Рас, бізде ел қорғаған батырларға, елге еңбегі сіңген қайраткерлерге орнатылған ескерткіштер аз емес. Оларды әр облыс пен аудан орталықтарынан кездестіріп жүрміз. Алайда сол ескерткіштердің бәрі бірдей талғамнан, биік талап деңгейінен шыға ма? Сондай-ақ орынды жерге қойылған ба? Бұл түйінді мәселе БАҚ-тарда көптен бері айтылып та жүр, жазылып та келеді. Бірақ билік тарапынан шындап назар аударылмай келе жатқан. Енді міне, Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай мырза талғамсыз жасалған ескерткіштерді бүгінгі күннің бас­ты мәселесі ретінде көтеріп отыр.

Атақты Сәкен ақын жырлаған сексен көлдің аясындағы Көкшенің табиғаты қандай әсем. Әсем Көкшетау қаласы да соңғы жылдары қанатын кеңге жайып келеді. Бір әттеген-айы, осы қаладағы Мәдениет сарайы алдына орнатылған ұлттың айтыс-әншілік өнерін дамытқан сал-серілері – Ақан мен Біржан ескерткіші талғампаз жұрт көңілінен шықпаған көрінеді. Халқымыздың екі бірдей таңдаулы тұлғасының қолдары жіппен тас бағанға байланғаны, сынық домбырасы бейнеленген. Мұны қалай түсінуге болады? Олардың өмірі тек қорлықпен ғана өткені ме? Иә, екеуінің кейбір бай-шонжарлардан тепіреш көргендері рас. Алайда екеуі де өнерлерімен халық құрметіне бөленген жандар ғой. Исі қазақ үшін олар ұлттық ән-жыр, айтыс өнерінің мәңгілік символдары емес пе еді! Ескерткіш композициясын осы тұрғыдан неге құрмаған деген ойда қаласың. «Сырт көз сыншы» демекші ескерткішке қарап тұрып, бүгінде көкшеге ағылып жатқан шетелдіктер бұрын қазақ өнерінің күні қараң болған екен ғой деген ойда қалмасына кім кепіл. Қалай айтқанда да, бұл ескерткіштің көкейге кереғар ой салатыны анық.

Осыдан біраз жыл бұрын Атырау қаласында Исатай мен Махамбетке ескерткіш орнатылатын болды деген хабарды естігенде қуанбаған жан қалмаған шығар, сірә?! Қала ортасына көптен күткен ескерткіш те қойылды. Бірақ сол ел күткен ескерткіш үмітті ақтады ма? Бар гәп сонда. Махамбет пен Исатай мінген аттардың тұрқы батырлар мінетін арғымақтардан гөрі әбден болдырған жабағыларға көбірек келіңкірейтін секілді. Батырлардың үстіндегі киімдері де көңілге мүлдем қонымсыз. Тарихи тұлғалар ескерткішінен батырлар рухын көре алмай, жаныңыз жабырқау тартады.

Алдыңғы жылы Алматыдағы 28-панфиловшылар атындағы саябақтан батыр Бауыржан Момышұлының ескерткіші ашылды. Бұл да халықтың көптен күткен қуанышы еді. Алайда ескерткіштің талғамсыз жасалғаны соншалық, көңілге қаяу салды. Ескерткіштің ашылу салтанатына жиналған жұрт биік тұғырдағы мүсіннен батырдың өр мінез болмысын көре алмай, жабырқау күй кешкенін несіне жасырамыз. Бауыржан батыр ғана емес, жазушы да. Қала берді үлкен ойдың адамы. Оның осы бір қасиеттерін мүсін авторы образға жинақтай алмаған сияқты. Мұндай жауапты іске атүсті қарағаны өкінішті. Осы орайда айта кететін тағы бір жәйт, кезінде батырдың ескерткіші жанынан келешекте жеке мұражайын салу жөнінде мәселе де қозғалып, қоғамдық пікір тудырған. Оның мұражайы жоқ емес, бар. Бірақ Астана мен Алматыдан жырақтағы туған ауданы Жуалыда. Аудан жұртшылығы болмаса, былайғы қалың көпшіліктің аяғы жете бермейді. Батырдың өмірінің көбі Алматыда өтті. Ел сүйіп оқитын шығармалары да осы қалада жазылды. Сондықтан ерте ме, кеш пе осы Алматыдан мұражайы ашылары да күмәнсіз. Үкіметке және қала басшыларына сол саябақтың Тоқаш Бокин ескерткіші тұрған жердің тау жақ бетінен мұражайы салынса деген ұсыныс та айтылған. Бұл ұсыныс әзірге шешімін таппай тұр. Жалпы Бауыржанның жұрт талғамынан шыққан ескерткіші Астанада, Таразда, Шымкентте және туған ауданы Жуалыға орнатылған.

Соңғы уақытта кейбір ауылдардағы қалталы жандар өз беттерінше туған-туыстарына ескерткіш-бюстер қоюды әдетке айналдырып алғаны да жасырын емес. Солардың бірі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қошқарата ауылы. Ауылдың Борлысай орта мектебі алдында 28 адамның кеуде мүсіні тұр. Олардың өмірден өтіп кеткендерін айтпағанда, қазір көзі тірілері де өздерінің тас мүсіндерін күнде көріп келеді. Жұрттың айтуына қарағанда, араларында бұрын қылмысты болғандар да бар екен. Мұндай жөнсіздікке сол кездегі аудан басшылары қалай жол бергеніне таңданбасқа шараң жоқ. Қазіргі басшылары алғызып тастайын десе, олардың туған-туыстары қызғыштай қоритын көрінеді.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай алқа мәжілісінде алдағы уақытта осындай келеңсіз жайлардың қайталанбауын және кезінде жіберілген кемшіліктерді түзету жөнінде пәрменімен үлкен іске мұрындық болып отыр. Бұл мәселені қазірден бас­тап қолға алмаса, кейін талғамсыз және заңсыз орнатылған ескерткіштер ел ішінде әлеуметтік әділетсіздікке апарып, ішкі саясатта келеңсіздіктер тудыруы мүмкін.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары