КҮНГЕЙДІ МАЗАҚТАҒАННАН КІМГЕ МҮЙІЗ ШЫҒАДЫ?

КҮНГЕЙДІ МАЗАҚТАҒАННАН КІМГЕ МҮЙІЗ ШЫҒАДЫ?

КҮНГЕЙДІ МАЗАҚТАҒАННАН КІМГЕ МҮЙІЗ ШЫҒАДЫ?
ашық дереккөзі
255

Шымкент десе төбе шаштары тік тұратындар аз емес. Не шықса да Шымкенттен шығады деген түсінік Алтайдан Атырауға дейінгі көптеген қазақтың санасында сіресіп қатып қалған. «Не шықса да» деген тіркестің ішінде жақсысы да, жаманы да қат-қабат жүреді. Өзге өңірлерде тұратындардың кейбірінің түсінігінше шымкенттіктер Алдар көсенің өзін алдап кететін нағыз қудың өзі. Тіпті кейбір өңірдегілер шымкенттіктерді өзбектермен будандасып кеткенсіңдер, сартсыңдар деп бөлетінді шығарған. Сондағы көңілдерінің толмайтыны «шымкенттіктер қу, қайда барсаң алдыңнан шығады, дуана боп жүреді» дегенге саяды. Ал енді осындай таяз, ойлар қайдан шығады? Шымкенттіктерді жек көрушілік пен көре алмаушылыққа кім кінәлі?

Қалай десек те Қазақстандағы ең танымал өңір – Оңтүстік Қазақстан облысы. Оның орталығы – Шымкент. Бір өкініштісі басқа облысқа барып, Шымкенттенмін десең, «Шаншардағы» Уәлибек айтқандай «әйбееей» дейді. Шаншар демекші, Шымкентті ұна­тушылықтың оны жеккөрушіліктің, қара пиардың өрістеуіне көбіне-көп осы «Шаншар» сияқты әзіл-сықақ театрлары, КВН-нің әзілкештері кінәлі. Себебі қай қойылымында болмасын Шымкентті бір түйремей өтпейді. Әйелін ұратын да шымкенттіктер, «сенгіш», «аңқау» қазақтарды алдап кететін де шымкенттіктер, елдегі ең бұзық балалар да Шымкентте тұрады. Елді күлдіреміз деп, арзан әзілмен Шымкентті масқаралау, қаралау, оңтүстіктегі екі миллион қазақты жабайы етіп көрсету осы күнгі әзіл-сықақ театрларының негізгі ұстанымына айналып кеткен сияқты. Байқасаңыздар, қазіргі әзіл-сықақ театрларының дені Шымкенттен шыққан. «Шаншар», «Шымкент-шоу», «Алдараспан», «Нысана», осылай кете береді. Тиісінше әртістерінің де көбі Шымкенттің тумалары. Түсінбейтініміз, осы әртістер туған жерін жеккөрінішті, жексұрын етіп көрсетуге неге сонша құмар? Жалпы біртұтас елді, қарадомалақ қазағымызды соншама бөлектеп, мазақ ету қылмыс емес пе? Сөйтсек «әзіл түбі – зіл» деп білетін әзілкештер Шымкентті мазақ етпесе, жеп отырған нанынан айрылып қалады-мыс. Себебі сахнада шымкенттіктерге қатысты әзіл өтімді көрінеді. Жұрттың бәрі театрдың концертіне осы жолы Шымкентті қалай мазақ қылар екен, қалай жексұрын етер екен деп барады екен. «Қалың көрермен осыны қаласа, туған жердің абыройы деген немене тәйірі?». Шымкенттік, жалпы елдегі кез келген әзілге қатысы бар әзіл-сықақ театрлары, бағдарламалардың түгелге жуығы осылайша Шымкентті мазақ нүктесі етіп алған.

Бәріміз сонша жек көретін, мазақ ететін, сынап-мінейтін Шымкент пен шымкенттіктер расында қандай өзі? Шынында да алдынан шыққанның бәрін алдап кететін қу немесе ұнамаған адамына жұдырығын ала жүгіретін ақылсыз бұзық па? Өзгенің асын тартып жейтін, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін кержалқау ма? Саралап көрейікші.

Оңтүстік Қазақстан облысы – елдегі ең халқы көп өлке. Мұнда әсіресе қазақтың саны басым. Ресми деректерге сай облыс 1 млн. 800 мың қазақты сыйғызып отырған берекелі өңір. Осыншама қалың қазақтың ордасы болып отырған Шымкент те ең соңғы қала емес. Елдегі үшінші қала атағын бәсекесіз ала білген алып шаһар. Ресми емес дереккөздер қала халқының саны миллиондық межеден әлдеқашан асып кеткен дегенді айтады.

Шынын айту керек, ОҚО – елдегі тұр­мыс-деңгейі төмен, жұмыс орыны жетімсіз, онда істейтіндердің айлық жалақысы да аз болып саналатын облыс. Сондықтан да шымкенттіктер сауда жасауға келгенде пысық. Бұл пысықтық елді жаппай дағдарыс жайлаған сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында басталған. Сол кездері өзге өңірліктер мемлекетке ауызын ашып, «бізді асырау міндетің» деп шалқайып отырғанда, шымкенттік саудагерлер ешкімге міндетсінбей-ақ пойыз-пойызды аралап, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Ресейден, тіпті Қытайдан тауар тасып, үй-ішін асырап, туған-туысына қарасып, бүкіл елдің жоқ-жітігін жамауға да септігін тигізген. Дәл осы кезде шымкенттіктерді саудагер, дуана деп айтатындар көбейді. Жалпы, саудада достық жоқ екені белгілі. Бір шетінен соншама алыс жерді аралап, нар көтермес ауыр жүкті арқалап келген соң, кімнің болса да сол еңбегіне сай ақысын алғысы келеді. Сол үшін де тауарын қымбатқа сатады. Осыны көрген өзге өңірдегі кейбіреулер шымкенттіктер қу, құны жоқ тауарын таудай бағаға бізді алдап сатып кетті дейтін. Міне, осыдан бастап шымкенттіктерге қатысты алып-қашпа әңгіме үдей түсті.

Ауыл-аймағында жұмыс орны көп болса, өндіріс қайнап, зауыт-фабрикалар дүрілдеп жұмыс істеп тұрса, шымкенттік қазақтардың тау асып, тас басып, болмашы пайданың соңынан қуып, алашапқын болып несі бар?! Өз жерінде, өз ауылдастарының, туыстарының арасында дәулетін тасытып отырған кімге ұнамайды дейсіз. Өндіріс орындарының аздығы, жұмыссыздық, халық санының көп болуы, осыдан туындайтын бәсекелестік – оңтүстік жұртын өзгелерден ерте есейтті. Есейген бала алдымен ақшасы көп қала Алматыны, сосын Астананы бетке алды. Ауылдан шыққан қарадомалақ қазақ баласы көрінгеннің босағасына жалтақтап, жетімбұрышта дірдектеп, талай орыстың пәтерін жалдап тұрды. Ілінген жұмыстың бәрін істеп, оны өзіне ар санамады. Еңбекқор бала күндердің күнінде есейіп, бизнестің көзін тауып, байып шыға келді. Сосын ауылда қалып қойған туыстарын, таныс-тамырларын қасына тартты. Осылайша Алматыдағы, Астанадағы шымкенттіктердің саны күрт көбейе бастады. Осының бәрі көз алдында көрініс тапқан соң, кейбіреулер шымкенттіктердің іскерлігіне, пысықтығына, еңбекқорлығына таң қалып, кешегі бейшара, қарасирақ баланың еңсесін тіктеп, ісін өрге домалатқанын көре алмай, солай болғанына сене алмай жеккөрушілікті бастады. Бұл тек Алматыдағы немесе Астанадағы жағдай ғана емес, басқа облысқа барып кәсібін нәсіп еткен, бизнесін өркендеткен шымкенттіктерді жеккөрушілік, көреалмаушылық көзқарастарды еліміздің өзге өңірлерінен де байқауға болады.

Ал енді бір қазақ еңбекқорлығымен, істің көзін таба білетін пысықтығымен байлығын асырып жатса, неге оны есекке теріс мінгізіп жамандап, мазақ етуіміз керек? Қайта соған қарап бой түзеп, сен де шаруаңды дөңгелет. Жоқ болсаң бере алмайтын, бар болсаң көре алмайтын сол баяғы сор мінезден әлі де арыла алмай келеміз.

Шымкенттіктер өз жерінде де қарап отырған жоқ. Таңның атысы, күннің батысы ала жаздай жер жыртып, егінін егіп, малын бордақылап, күнкөрісіне жаратып отыр. Жаздыгүні 40 градус ыстықта шөбін шауып, суын беріп, елді ақ алтынмен байытып отырған еңбекқор мақташыларды, бау-бақшасын баптап, көккөнісін сақтап отырған бағбандарды да мазақ етеміз «қолдары күс-күс, қап-қара шымкенттіктер» деп. Бұл әзіл емес, бұл дегеніміз қарапайым халықтың еңбегін мазақ ету, қорлау. Арысы жеп отырған асыңды, берісі өз қаның – қазағыңды масқаралау. Сол шымкенттіктер көкөніс екпей қойса, елімізде қымбатшылық өсіп, қытайдың ұлы көктүйнектерін жер мен көктен іздеп жүріп жер едік. Біле-білсек елдегі ішкі нарықтың, азық-түлік өнімдері бағасының тұрақты болуы бірінші кезекте оңтүстік шаруаларының арқасы. Солардың ауыр еңбегінің нәтижесі. Өз ісіне пысық болу, шаруасын дамыту, өркен жаю айып болғаны ма, немесе мазақ қылатындай жаман нәрсе ме?

Кейбіреулер шымкенттіктердің тілін де келеке етеді. Сөздерінің жартысы өзбекше деп. Этнограф-ғалымдар қай өңірде болмасын сол маңға жақын жатқан елдің тілі, кейбір сөздері бір-біріне әсер етпей қоймайтынын, екі тілге де бір-бірінің сөздері кірігіп кететінін айтады. Дегенмен шымкенттіктер өзбек тілін түгел көшіріп алған емес. Ондай кірме сөздер қазақтың кез келген өңірінде кездеседі. Солтүстік, Орталық, Батыс облыстарда орыс тілінен енген сөздер үстемдік етсе, шығыстағы қандастарымызға Алтай халықтарының кейбір сөздері енген. Шымкенттіктердің бір ерекшелігі сөйлегенде дауыстары биязы, жұмсақ шығады. Кейбіреулер секілді дауысын дөрекілеу, қатты шығармайды. Сол себепті де басқа өңірліктер шымкенттіктерге тілдерің майда деп те тиіседі екен. Сол майда тілдеріңмен бізді алдап соғасыңдар деп жоқ жерден дау шығарып, ілік іздейтін көрінеді. О заманда бұ заман, жұмсақ, кішіпейіл сөйлегенді шыны керек, орыстанып кеткен өңірлерге көшіп барып, қазақ тілінің мәртебесін сәл де болса биікке көтеріп жүрген нақ оңтүстік қазақтары. Мәселен, Астана астана болғалы көшіп барған өзгі облыстықтардың ішінде шымкенттіктер бірінші орында. Сол астаналықтардың өздері шымкенттіктер келгелі Астана қазақтың қаласына ұқсап қалғанын мойындап жатады.

Кім не десе о десін, оңтүстік – иісі қазақ­тың қаймағы бұзылмаған қасиетті өлкесі. Ел­басының өзі әрбір келген сапарында халықпен кездесіп, оңтүстік жұртшылығы қазақылықтың қаймағын бұзбай сақтап, қазақы салт-дәстүрді ұмыт қалдырмай, өткеннің әдемі елесін бүгінге сол күйі жеткізіп отырғанын айтып, ризашылығын білдіріп, көңілденіп қайтады. Айтса айтқандай-ақ, игі дәстүріміздің қалпын сақтап қала алған бірден бір өңір – оңтүстік екеніне ешкімнің дауы жоқ. Шымкенттіктер ұлттық, дәстүрлік құндылықтарды қазіргі жалт-жұлт еткен жаңа заман дәстүрінен биік қоя біледі. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, қонақты кәдесімен күтіп алу, бағзыдан келе жатқан той-томалақ түрлері – қыз ұзату, үйлену тойы, беташар, тұсау кесер, сүндет тойды бабымен өткізу, діни мерекелерді өз дәрежесінде ұлықтау, өзге өңірліктер жабайылықтың белгісі деп білетін жарапазан айту, айт мейрамында үй-үйге кіріп ас ішіп, құран бағыштап, айттау – осының бәрі оңтүстік қазақтарының түгел орындайтын, өмір салтына айналып кеткен құбылыстары.

Оңтүстік ұлы тұлғалардан, таланттардан кенде емес. Кейде мемлекеттік қыз­метте болсын, шоу-бизнесте болсын, оңтүстіктен шыққандардың басым екенін байқау қиын емес. Қай салада болмасын бір шымкенттік бой көрсетіп қалады. Сонда осыншама мазақ ететін шымкенттіктеріміз ол жерлерде қайдан жүр? Талантсыз, қулықтан, арамдықтан басқаны ойламайтын, жатыпішер жалқау, мақта мен бақша егуден басқаны білмейтін қараңғы шымкенттіктер барлық салада қалай ғана алға шығып кетті екен?

Турасын айтсақ, оңтүстік халқы еңбекқор, оңтүстік халқы дарынды, оңтүстік жұрты кішіпейіл, көңілі дархан, иманды, ибалы, тәрбиелі. Басқа өңірдің қазақтары жоғалта бастаған мінездерді, қазақ тілінің бай бояуын сақтап қала алған саф алтындай таза қазақтар. Сонау бағзы замандардағы Арыс­танбаб, Яссауи, әл-Фарабидей ұлылардан қалған асыл мұраны ұстанатын да, келешек ұрпаққа жеткізетін де осылар. Сол себепті де барымызды бағалайтын, бір-бірімізді сыйлайтын ел екеніміз рас болса, сен анандайсың, сен мұндайсың деп елге, жерге бөліну қазақтығымызға сын, ұлттық бірлігімізге нұқсан келтіретінін ұмытпағанымыз жөн. Бар қазақты жалғызым дейтін асыл мұраттан адаспасақ екен.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Серіктес жаңалықтары