СӨЗ ЖӨНДЕЛДІ, ІС ҚАЛАЙ?

СӨЗ ЖӨНДЕЛДІ, ІС ҚАЛАЙ?

СӨЗ ЖӨНДЕЛДІ, ІС ҚАЛАЙ?
ашық дереккөзі
236

немесе Атазаң тәржімаланбауға тиіс

Президент: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», – деді. 2025 жылға қарай халықтың 95 пайызы қазақша сөйлейтінін айтты. Бірақ қоғамдағы құлшыныс Елбасының талпынысына сәйкес пе? Таяуда Елбасымен кездесуде ұйғыр жазушысы Конституцияны неге ұйғыр тіліне аудару керек деді? «Үкіметтегі мемлекеттік маңызы бар барлық жиын тек мемлекеттік тілде өтеді» деп елді желпіндіріп тастаған Серік Ахметов мырза жиындарды неге ресми тілде жүргізуде? Үкіметтік отырыстар неге толығымен қазақша жүрмейді?

ҚР Президенті Қазақстан халқы жаппай қазақ тілін үйренгенде ғана біртұтас елге айналатынымызды жиі айтады. Дәл осы сөзді жуырда мәдениет, әдебиет, өнер және ғылым қайраткерлеріне Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясы мен сыйлығын табыс ету кезінде тағы айтты. Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі және де оған ешкім күмән келтірмеуі керек деген Нұрсұлтан Назарбаев ұлттың санасы ұлттық тілмен ғана баянды болатынын жеткізді. Өкініштісі сол, Президент 2025 жылға дейін ҚР азаматтарының 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс деген тұжырымын айтып отырса, жиында сөз алған ұйғыр жазушысы Ахметжан Әшіров елімізде «ұйғыр тіліне де ден қойылса, Қазақстандағы ұйғыр халқы Атазаңды ана тілінде, яғни, ұйғырша оқыса» деген уәж айтты. Негізі Қазақстан азаматтарының кез келгені мемлекеттік тілді білуге міндетті. Сондықтан Әшіровтің ҚР Конституцияны ұйғыршаға аударыңдар деген қолқасының астарын түсіне алмадық. Рас, «нем кетіп бара жатыр, айтып қалайын» деген шығар ұйғыр драматургі, бірақ сол жерде бірде бір қазақ зиялысы: «Ау, бәріміз де – Қазақстанның азаматымыз. Мемлекеттік тілді үйренетін, меңгеретін кез әлдеқашан жетті ғой. Тәуелсіздік алған 21 жылда бір емес, бірнеше шет тілін емін-еркін үйреніп алуға болады емес пе?» деп шамданбады. Әсілі, Ұлт, Мемлекет, Қазақ мәселесінде зиялы қауымның үндемей қалуға еттері үйреніп кеткендігіне қынжыламыз. Есесіне, Елбасы үнсіз қалмады. Ол: «Қазір қайта жастар отандық жазушылардың еңбектерінен хабарсыз, қазақтілді көркем әдебиетті көбірек насихаттау керек», – деп ашық айтты.

Тілге қатысты тағы бір түйткіл, жуырда ғана премьерлік таққа отырған бетте қарамағындағыларға мемлекеттік тілде сөйлеуге пәрмен берген Премьер-министр Серік Ахметов Министрлер кабинетіндегі мемлекеттік маңызы бар барлық жиын тек мемлекеттік тілде өтетінін мәлімдеген болатын. Сол кезде біз «Апырай, негізі Үкіметтегі барлық жиын мемлекеттік маңызға ие емес пе еді?» деп таңғалғанмен, Қазақ премьерінің қазақ тіліне деген құрметі мен жанашырлығына дән риза болғанбыз. Көңілімізде: «Кезінде экс-премьер Кәрім Мәсімов те таққа отырған алғашқы күндері қазақ тілін дамытуға құлшынып еді. Бірақ оның да соңы сиырқұйымшақтанып кеткен», –деген күдік болғаны да жасырын емес. Өкініштісі сол, күдігіміз расқа айналды: кешегі ЭКСПО-2017 шарасына қатысты жиында Ахметов мырза орысша сөйлеуден аспады. Қазір халық баяғыдай сөздің басын: «Ассалаумагалейкум, курметті агайын» деген бірауыз сөзбен бастап, соңын «жалпыға түсінікті болуы үшін ресми тілде жалғастыратын» саяси ойыншылардың сөздеріне алдана қоймайтыны түсінікті. Өйткені жұрт ел Президентіне сенеді, Елбасының мемлекеттік тіл туралы талаптарын түгелдей қолдайды. Тек әттең, мұны ұғынған шенеунік аз. Әйтпесе, былтыр жыл соңында Президент әкім-қараларға елге қызмет етуді, халыққа жақын болуды тапсырып, әкімдікке мемлекеттік тілді білмейтіндердің сайланбайтынын ескертпес еді.

Негізі Нұрсұлтан Әбішұлы мемле­кеттік тілдің мәселесін жиі көтереді. Мысалы былтыр халыққа Жолдауында мемлекеттік тілдің келешегі туралы: «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз… Қазақ тілінің осы заманның биік талабына сай, бай терминологиялық қорын жасаған соң оны рет-ретімен, кезең-кезеңімен қоғамдық өмірдің бар саласына батыл енгізуіміз керек. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз», – деп мәлімдеді. Елбасы мемлекеттік тілді барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту керектігін айтты: «Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет».

Жолдауда Президент Қазақстанның мемлекеттік тілін бүкіл азаматтарды біріктіруші күшке айналдыруды тапсырды. Әлбетте өзі тұратын, кіндік қаны тамған жердің, Туған елдің мемлекеттік тілін білуге міндетті. Бұл орайда «Сіздер біздің саясатымыз туралы – 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігін білесіздер. Бұл үшін қазір барлық жағдай жасалған. Қазірдің өзінде еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқиды. Мемлекеттік тіл барлық мектептерде оқытылады. Бұл – егер бала биыл мектепке барса, енді он-он екі жылдан соң жаппай қазақша білетін қазақстандықтардың жаңа ұрпағы қалыптасады деген сөз. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі», – деп мәлімдеген Елбасы бүгінде қазақтардың саны 11 миллионға жетіп, 65 пайыздан асқанына тоқталды. Яғни Тәуелсіздік алғалы бері қазақтың саны 4 миллионға көбейген. Демек, Қазақ қоғамындағы мемлекеттік тілге деген сұраныстың артатыны айдан анық. Тағы бір қуанышты жайт, бұрынғы КСРО кезеңінен мойнымызға қамыт боп ілінген құлдық психологиядан азат ұрпақтың жаңа буыны қалыптасып келеді. Олардың арасында «орыс тілі – аға тіл» деп мойындамайтындары жетерлік. Есесіне, ағылшын тіліне жетік, заманауи техника мен технологияның құлағында ойнайды. Ендігі міндет оларға қазақ әдебиетін сіңіру: «Мен қазіргі тілде жазылған кемінде жүздеген қазіргі кітаптардың тізімін жасап, қазақ тіліне қазіргіше аударуды ұсынамын. Бәлкім, жастар арасында конкурс жариялау керек шығар: өздеріне не нәрсе қызықты әрі пайдалы екенін олар да айтсын» (Н.Назарбаев).

Өкінішке қарай, кейде өз қағынан жеріген, анығында, қазақша сөйлегісі келмейтін қандастар да кездеседі. Бұл туралы Н.Назарбаев: «Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді. Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», – деді. Әлбетте, бұл «қазақтан басқалары мемлекеттік тілде сөйлемей-ақ қойсын» деген сөз емес. Басты саясат – неғұрлым көп қазақ қазақша сөйлесе, соғұрлым қазақ тілі ықпалды болмақ: «Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады. Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз». Бұдан артық не айтуға болады енді?..

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары