ҚАУІПТІ ЖЫЛ
ҚАУІПТІ ЖЫЛ
2013 жылы Орталық Азия қақтығыстардың ошағына айналады деп әлем сарапшылары жарысып жазып жатыр. Мысалға Халықаралық дағдарыс тобы көптеген себептерді алға тарта отырып, әлемдегі қақтығыстар ошағының алғашқы ондығына Орталық Азияны енгізіпті. АҚШ-тың барлау қызметтері де Орталық Азияда су төңірегінде қақтығыстар орын алады деп болжам жасауда. Құдай сақтансаң сақтаймын деген ғой. Бір тықырдың таянғанын да жоққа шығара алмаймын. Осыған байланысты Орталық Азияның, оның ішінде Қазақстанның биылғы ішкі-сыртқы қауіп-қатерлеріне тоқталу артықтық етпейді.
Әлемді кезекті рет бөліске салып жатқан алып күштердің тек мұсылман халықтарына ғана шетінен бүлік салып келе жатқанын ескерсек, сарапшылардың болжамы одан сайын қуат ала түсері анық. Соңғы уақытта қарқын алып келе жатқан Еуразиялық интеграцияға қарсы АҚШ-тың да қарсылығы күшейіп барады. Қай күш болмасын өзінің бүлік салу әрекеттерін «азат етуші» не «құтқарушы» аттарымен бүркемелейтіні сөзсіз. Вьетнам соғысы туралы голливудтық фильмдер естеріңізде болар. Қынадай қырылып жатқан вьетнамдықтарға жаны ашымаған кісі, бір американдық өлсе жылауға дейін барады. Нәтижесінде вьетнамдықтар құбыжықтар, американдықтар азат етушілер. Ресейдің Шешенстан соғысы туралы үгіт-насихаттары да осы сарында. Террорист ел, ядролық бомбасымен әлемге қауіп төндіруші ел деген желеумен Ауғанстан мен Ирактың тас-талқанын шығарды. Түрлі қақтығыс, төңкерістермен араб елдерін қалпақпен бір-ақ ұрып алды. Басқасын айтпағанның өзінде өзге елдің жерін басып алған Израиль әскерлері Отанын қорғау үшін соғысып жатқанына ешқандай шүбә келтірмейді. Ең сорақысы, қаншама жылдар бойы қарусыз халықты үздіксіз өлтіріп келе жатқанын әлем халқы көріп отырса да шара қолданбауында. Сонда бұл жерде кім Отанын қорғауда? Әлемде болып жатқан осындай әділетсіздіктерден кейін Орталық Азияға түрлі бетперделер киіп, басып кіріп жатса таң қалуға болмайды.
Жалпы, Орталық Азияға сырттан келетін қауіптен гөрі ішкі қаупі, ішкі проблема әлдеқайда қауіпті. Әсіресе Өзбекстан мен Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстан аралары. Осы үш елдің арасында соғыс өрті тұтану мүмкіндігі басым. Ал Қазақстанның бұлардың арасында аталмауына және Орталық Азиядағы тыныштықтың сақталуына қазақ халқының сабырлылығының үлкен рөл ойнап тұрғанын да айта кеткен жөн. Орталық Азиядағы қандай қақтығыс болмасын, бір басталса, соңы ұзаққа созылып кету қаупі бар. Себебі туыстық байланысы мықты дамыған халықтың бір өкілін өлтіру, соның барлық туыстарын өлтірумен тең, туыстарының бәрін өлтіру бір ұлтты өлтірумен тең. Яғни қарсы жақтың бір азаматын өлтірсеңіз, оның туыстарының бәрі Сізге жау болады. Қанға қан қайтара алмауды ар санаған ұлттар арасында қан төгілсе, арты ұзаққа созылары осыдан.
Сыртқы күштер алдымен Орталық Азиядағы халықтарды соғысқа психологиялық тұрғыдан дайындап жатқан сияқты көрінеді. Біз көбінесе осы факторды ұмыт қалдыра береміз. Мысалға, Орталық Азия ғана емес, жалпы кенжелеп қалған елдер арасында патриотизмді, национализмді шектен тыс насихаттаудың қауіпті түрі қалыптасып келеді. Әрине, мұндай жалған не жалаң сезімдер мәдениеті жоғары дамыған елдердің халықтарын иландыра алмасы анық. Бұл сезімдерді арамызда насихаттаудың шектен шыққандығы немесе санамызды жаулағаны сонша, кейбіреулер адамдарды қырып-жоюды ерлікке балап кетті. Тарихта ешқандай ел өзін басқыншы ретінде көрсеткен не насихаттаған емес. Барлығы Отан қорғау ұранымен соғысқан. Насихаттың күштілігі соншалық, шын мәнінде қайсысының Отанын қорғап жатқанын ажырату қиынға соғып барады. Қарқын алған осы ағынның соңы адамзатты қырғынға ұшыратуы мүмкін. Себебі барлығы Отанын не ұлтын қорғау сезімімен бір-бірін қырып салуға психологиялық тұрғыдан дайын.
Бұның барлығы адамдарды өлтіруді моральдық тұрғыдан ақтаудың жолдары ғана. Мақсат белгілі – адамдар түрлі сезімдердің жетегінде бір-бірін аяусыз өлтіре берсе, қару-жарақтың саудасы тоқтамаса. Алысқа бармай-ақ, арамызда өзге елдің әскери басқыншылығына атсалысқан азаматтар бар. Отанын қорғаушы елдің адамдарын өлтіріп келгенді әспеттеп, мектепте балалардың алдында батыр ретінде насихаттағанымыз қаншалықты адамгершілікке не гуманизмге тура келеді? Бұл жерде кім Отанын қорғаушы? Ертең біздің елге басып кіруші елдің әскерін осылай насихаттап жатса, қаншалықты әділетті?
Орталық Азияда Отанды қорғау желеуі әскердің ең төменгі сатыларына дейін дерт ретінде жайылды. Әскерлер біреудің бизнесін қорғауға, жеке мүддесін қорғауға, тіпті бау-бақша еккізіп, біреулердің бизнесін гүлдендіруге қызмет етіп жүрген сәттері ендігі құпия емес. Көлеңке бизнестің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қайтыс болса, оны бүркемелеп, Отан қорғау жолында қаза тапты деп насихаттаған кездер де болды. Қазір әскердегі барлық іс-әрекеттердің түбін қазбаласаңыз бизнеске келіп тірелетін сияқты. Ал мұндай жағдайда Отанның бизнеске, саудаға салынып кету қауіптілігі күшейеді. Біз, қазақтар, қанша жерден ұлттық менталитетіміздің соғысқұмар еместігін, басқа да себептерді айтып, соғыстың ауылы бізден алыс дегенімізбен ақшаның алдында бұның барлығы іске алғысыз болып қалады. Қазір ақшаның құдіреттілігі, дәурені жүріп тұрған заман. Түбі соғыстың бизнес екенін мойындайтын кез келеді.
Осындай үлкен саяси ойындар жерінің асты-үсті байлыққа толы Қазақстанды айналып өтпесі белгілі. Наркобизнестен бастап, басқа түрлі көлеңке бизнестердің Қазақстанның үстінен жол салғандығы туралы мәліметтер бар. Мысалға, Ресейдің Қазақстаннан келіп жатқан тауарлары арасынан тонналап наркотиктік тауарларды тәркілеп жатқандығы, соңғы бес жылда көлеңке бизнестің бірнеше миллиард доллардан асқаны туралы ресми мәліметтер бекер емес. Бәлкім осы проблемалардың әсері болар немесе әйтеуір бір көлеңке күштің салдарынан өткен жылы шекарамызды қара бұлттар біраз торуылдағаны есте.
Бұған қоса, ішкі қауіп-қатерлерді де ұмытпаған жөн. Яғни сыртқы күштер үшін Қазақстанды іштен қирату қаупі басым. Ішкі қауіптердің алдында этникалық жанжал мен терроризм алдымен аталады. Біз сияқты әлі мемлекеттілік санасы қалыптаспаған қоғамда этникалық жанжал тез тұтанары сөзсіз. Мысалға, кейбіреулер бізде өз ұлттық мүддесін Қазақстаннан жоғары қояды. Өткен жылы белең алған терактілердің биыл болмауына кепілдік тағы жоқ. Менің ойымша өткен жылғы терроризм сияқты қауіп-қатерлерден гөрі биыл әлеуметтік араздық, қақтығыстардың қаупі күштірек сияқты көрінеді. Бәсекеге қабілетсіз экономикамыздың, Кедендік одақтың енді белең алып келе жатқан зардабы биыл күшейіп, бағалардың өсуі мен жұмыссыздық мәселесін ушықтыруы мүмкін. Қазірдің өзінде түрлі салалардағы бағалардың өсетіндігі туралы хабар тарап та үлгерді. Осылардың барлығы әлеуметтік араздықтарды қоздырушы факторлар болып табылады. Қысқасы, халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты барлық салаларда мемлекеттік органдар көңіл көншітерлік мәліметтер таратып жатқанымен, халықтың басым бөлігінің әл-ауқаты уақыт өткен сайын нашарлап бара жатқан сияқты. Ал мұндай жалған ақпараттар тарату әлі де жалғасып, керісінше одан сайын өркендеп келеді. Мысалға, Қазақстандағы өткен жылғы орташа айлық көрсеткіші 104 мың теңге құраған екен. Осындай адам сенгісіз мәліметтер, кредит пен қарызға өмір сүріп, діңкелеп жүрген халықтың ашу-ызасын одан сайын өршітуде.
Бұған қоса халықтың әлеуметтік жағдайының жайсыздығы ішінде ұлттық фактор да үлкен рөл ойнайды деп ойлаймын. Себебі өзге диаспоралардың қазақтардан әл-ауқатының жақсы болуы, қазақтардан гөрі әлеуметтік жақсы қамтылуы, қысқасы Қазақстанда қазақтардың ғана әлеуметтік жағдайының мүшкілдігі ішкі жағдайды одан сайын ушықтыруы ықтимал. Бұл мәселе биыл терроризмнен де қауіптірек болады.
Әрине, аталған проблемалар төңірегінде мемлекеттік органдар қызу жұмыс істеп жатыр, республикалық бюджеттен миллиардтап қаржылар бөлінуде. Бірақ нәтижесі жоқтың қасы. Менің ойымша, жоғарыда аталған барлық ішкі-сыртқы қауіп-қатерлердің түбірінде коррупция жатыр. Осы коррупцияның кесірінен аталған қауіп-қатерлердің барлығы Қазақстанға едәуір зиянын тигізіп, етектен тартып келеді…
Фазылбек Әбсаттарұлы