Жемқорлық жеңілер емес

Жемқорлық жеңілер емес

Жемқорлық жеңілер емес
ашық дереккөзі
235

Біз білек сыбанып кіріскен сайын, белсене күрескен сайын елдегі жемқорлық күшейіп барады. Мұны құзырлы органдар мен биліктің өзі ашық мойындап отыр. Себеп неде?

Кез келген мемлекеттің дамуын тежеп, кері кетіретін басты кедергілердің бірі – жемқорлық. ҚР Президенті Н.Назарбаев 2008 жылы Астанада өткен Жемқорлыққа қарсы күрес форумында: «Жемқорлық біздің мемлекетіміздің дамуына, экономикалық тұрғыдан өсуімізге және саяси тұрақтылығымызға қауіп төндіреді», – деп ашық мәлімдеген болатын. Ықылым заманнан адамзаттың бас ауруына айналған бұл дертпен күресті әр ел өзінше жүргізуде. Өкінішке қарай, қылмыспен күрес күшейген сайын, жем­қорлар саны азаюдың орнына көбейіп келе жатқандай әсер қалдырады. Былтыр «Құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдар тарапынан қолданылған шаралар айтарлықтай нәтижелер беріп отырған жоқ», – деп ағынан жарылған «Нұр Отан» ХДП Жемқорлықпен күрес кеңесінің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты әрекеттердің төрттен бір бөлігі мем­лекеттік сатып алу саласында жүргізілетінін айтқан. Төрағаның сөзін растаған ҚР Қаржы министрінің орын­басары Берік Шолпанқұлов пара мәселесінде мемлекеттік сатып алуды байқау, яғни, тендер арқылы өткізу шарасы жағдай жасайтынын көлденең тартты. Ал министрлік тарапынан келтірілген ресми деректерде 2010-2012 жылдар аралығында қаржы полициясы 1159 жемқорлық әрекетті анықтаған. Аталған заң бұзушылықтардан мемлекетке келген шығын көлемі 351 млрд. 300 млн. теңгеден асып жығылыпты. Жемқорлыққа жол беруде әсіресе, Оңтүстік Қазақстан (143), Атырау облысы (122), Шығыс Қазақстан облысы (93) және Павлодар облысы (77) алда келеді. Осыған байланысты құқық қорғау органдары былтыр 113 қылмыстық іс қозғаған. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есе көп. Бұл орайда, Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева 351,3 млрд. теңгенің 147051 млн. теңгесі – Астанаға (министрліктердің орталық аппараттарына), 20 834 млн. теңгесі Алматыға тиесілі болғанын көлденең тартты.

«Коррупция» ұғымы латынның «cor­rumpere» сөзінен шыққан. Қазақшасы – «шіру», «бұзылу», «құртылу» т.б. Яғни, жағымды сөз емес. Қазіргі заманғы ұғым­дарға салсақ, коррупция жемқорлыққа жол беретін мемлекеттік шенеуніктердің, құзіретті тұлғаның, қоғам немесе саяси қайраткерлердің қомағайлығы мен ашкөздігін көрсетеді. Сыбайлас жемқорлық заңсыз кіріс болған жерде өсіп-өнеді. Өкінішке қарай, отандық мемлекеттік бас­қару мен экономиканың барлық саласына (мемлекеттік жекешелендіру, бюджеттік қаражатты бөлу, мемлекет тарапынан бе­рілетін түрлі жеңілдіктер, сонымен қатар экспорт пен импорт, салық, лицензиялау т.б. мәселерлерде), денсаулық сақтау саласы (тегін емделуге квота алу, мүгедектікке шығу т.б.), құқық қорғау органдарына дендей енген жемқорлық «бара бергенше, пара бер» қағидасын Қазақстан қоғамына барынша терең сіңіруде. Бүгінде мансап баспалдағымен көтерілу немесе жұмысқа орналасу үшін әр облыс, әр аймақта бекітілген «ставка» бар. Сорақысы сол, халық пара беру «үрдісін» атадан балаға «мұраға қалатын» дәстүр ретінде қабылдауға көшкен. Кәсіпкерлер арасында тіпті, нәпақа табуда жемқорлармен жұмыс істеу, яғни, тендерлерде «откат» беруді қалыпты жағдай ретінде бағалай бастады. Өйткені оларға кеңес берген кейбір дін өкілдері «Қазақстанда жемқорлықсыз нан табу мүмкін емес. Сондықтан пара беруге болады. Ал о дүниеге барғанда оның сұрауы бергеннен емес, алғаннан болады» дейтін көрінеді…

Қарапайым арифметика заңы – егер пара ретінде қалталарға заңсыз то­ғы­тылған ақша салықтық төлемдер түрінде мемлекет қазынасына құйылса, мемлекеттің дамуына айтарлықтай әсер етері сөзсіз. Өкінішке қарай, коррупция бүгінде отандық шағын және орта кәсіпкерлікке елеулі кесірін тигізуде.

Еуропалық қайта құрылымдау және даму банкінің президенті Томас Миров Қазақстандағы бизнестің өркендеуіне кедергі келтіріп отырған басты мәселелердің бірі жемқорлық екенін айтты: «Саналуан халықаралық зерттеулерге сәйкес, Қазақстан Орталық Азиядағы басқа елдерге қарағанда әртүрлі көрсеткіштер бойынша жоғары әрі инвестициялық тұрғыда тартымды. Бірақ алдыңғы қатардағы ел болса да Қазақстан Азия мен Еуропадағы жетекші мемлекеттерден әлдеқайда артта қалған. Халықаралық зерттеулер нәтижесінде Қазақстанда бизнеспен шұғылданудың басты кедергісі жемқорлық екені анықталған. Мысалы, кедендік рәсімдеу, коррупцияның ушығуы, техникалық тәжірибенің аздығы т.б. Қазақстан кедендік әкімшілікті реформалау, жемқорлыққа қарсы күрес және білім саласын жаңғыртуды тезірек қолға алғаны абзал».

Қазақстан 2011 жылы Халық­аралық «Транспаренси Интернэшнл» компаниясының рейтингіне сәйкес, жемқорлық деңгейі бойынша зерттелген әлемдегі 183 мемлекеттің ішінде 120-шы орынды иемденіпті. Әсіресе, қазақстандық кеден саласы жемқорлық барынша дендеген сала ретінде аталған. Мысалы, отандық кеден қызметінің жемқорлық рейтингі 183 мемлекеттің ішінде 181-ші орынға шыққан. Бұл орайда сауалнамаға қатысушыларды еліміздегі бағаның өсуі (инфляция) мен сыбайлас жемқорлықтың асқынуы қатты алаңдатқан.

Бүгінде жол полициясы Ішкі істер министрлігінде ғана емес, жалпы құқық қорғау органдары арасындағы жемқорлық әбден дендеген салалар қатарында. Былтыр өте қызу пікірталас тудырған басты мәселелердің бірі – жемқорлыққа жол бермес үшін МАИ қызметкерлерінің жалақысы өсіру. Өкінішке қарай, қызметкерлерінің айлығы 1000 АҚШ долларынан кем түспейтін жол полициясының араны мен арыны басылар түрі жоқ. Коррупциямен күрес мәселесінде әртүрлі шаралар, тіпті инновациялық тетіктер жол полициясындағы жемқорлықты азайтуға қауқарсыз. «Жығылған үстіне жұдырық», жол жүру ережесін бұзған азаматтар да МАИ қызметкерлерін пара алуға итермелейді. Оның себебі, заң бұзған отандастар уақыты мен айыппұлға кететін ақшасын жемқорлық арқылы үнемдеуге мүдделі. Сонымен қатар жүргізуші куәлігін сатып алатындар мен жол ережесін жөнді білмейтіндердің кесірінен қаза тапқандар саны артуда. Мысалы еліміз Тәуелсіздік алғалы бері 60 мың адам жол апатында көз жұмған. Егер салыстырмалы түрде қарастырсақ, Ауғанстандағы әскери шаралар кезінде 15 мың отандас ажал құшқан екен. Жүргізуші куәлігін сатып алатындарға келсек, соңғы 21 жылда берілген куәліктердің 70 па­йызы – заңсыз. Жағдайы түзеліп, әл-ауқаты жақсарған ата-ана кәмелеттік жасқа толған ұл-қызына куәлік сыйлауды сәнге айналдырған. Тағы бір сорақылық, қоғамдық көлікке халықты лық толтырып алып, бір-бірімен жарысатын автобустардың жүргізушілері арасында да жол ережесін білмейтіндер мен куәлігін сатып алғандар көп көрінеді. Осы мәселе туралы былтыр мәселе көтеріп, дабыл қаққан «Қазпотребнадзор» қоғамдық бірлестігінің өкілдері: «Жағдайды түзеу үшін мемлекеттік қазынадан қыруар қаражат бөлінуде. Қыркүйек айынан бастап бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстандағы жол полициясына тиесілі барлық көлікте бейнебақылау мен бейнетіркеу орнатылатыны жайлы хабар тараған. Орталық қалалардың тәжірибесіне сүйенсек, бейнетіркеулер белсенді түрде пайдаланылғанмен, бұл шара жемісін берер емес» дей келе, жол полициясындағы заңсыздықпен кү­ресудің басқаша тәсілдерін ұсынды. Олардың айтуынша, жол ережесін бұзған көліктер туралы бейнетаспаға жазып әкелгендерге ереже бұзған көлік иесіне салынатын айыппұлдың жартысын сыйақы ретінде тағайындау өте тиімді: «Бұл тәжірибені алдымен Қазақстанның бір қаласында сынап көрген жөн. Жолда жүру ережесін сақтайтын көлік иелері жол апатына себепкер болатын басқа жүр­гізушілердің арқасында қосымша пайда табуға мүмкіндік алады. Сонда ғана жол полициясының қызметкерлері заң бұзушылар және жоғалып кеткен көліктерді табуға айналысады. Тек ақпарат берушілердің аты-жөндері құпия болуы шарт». Осылайша, қоғам мүшелері жолдағы тәртіптің сақталуына түгел үлес қосуға белсене кіріседі әрі аталған саладағы жемқорлық деңгейі төмендемек. Кім білсін?!.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары