РЕСЕЙ НОТАСЫНЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР?

РЕСЕЙ НОТАСЫНЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР?

РЕСЕЙ  НОТАСЫНЫҢ  АСТАРЫНДА  НЕ  ЖАТЫР?
ашық дереккөзі
191

Ресей Талғат Мұсабаевтың мәлімдемесіне орай түсініктеме талап етуде

Ресейлік «КоммерсантЪ» газетінің жазуы бойынша, Ресей Үкіметі былтыр жыл соңында Қазақстан Үкіметіне ресми нота жіберген екен. Онда «Қазақғарыш» агенттігінің жетекшісі Талғат Мұсабаевтың 10 желтоқсанда ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Байқоңырдың болашағы жайында жасаған мәлімдемесіне орай Қазақстан үкіметінен түсініктеме беру талап етілген. «Нота Премьер-министрдің І орынбасары Игорь Шуваловтың аппаратында дайындалған. Игорь Шувалов Байқоңыр мәселесіне қатысты үкіметаралық комиссияның Ресей жағының төрағасы. Біз қазір жауап күтудеміз. «Қазақғарыш» агенттігінің жетекшісінің мәлімдемесі негізсіз әрі оның міндетіне жатпайды», – деді Ресей үкіметіндегі деректі ұсынушы» деп жазады «КоммерсантЪ» газеті.

Талғат Мұсабаев бұл мәлімдемесінде Қазақстан үкіметі Байқоңыр ғарыш айлағынан ресейлік «Протон-М» зымыран-тасығыштарын ұшыру санын азайтуды көздеп отырғанын айта отырып, Ресейді «Бәйтерек» зымыран ғарыш кешенін құру жайлы уәдесінен тайқыды деп айыптаған. Сондай-ақ, Байқоңыр ғарыш айлағына қатысты жаңа келісімнің дайындалып жатқанын, бұдан былай Байқоңыр ғарыш айлағы және Байқоңыр қаласы Қазақстан билігіне өтетінін мәлім еткен еді.

Бұл тақырып Ресей ақпарат құралдарында ірі әңгіме өзегіне айналғаны және Ресей билігінің шамына тигені анық. Мұсабаевтың мәлімдемесі жарық көрісімен, «КоммерсантЪ» газеті Мұсабаевтың бұл мәлімдемесін ресми Мәскеудің күтпегенін және оның ультиматум сияқты естілгенін жазады. «Бұл Мұсабаевтың жеке көзқарасы және екі ел басшылары деңгейінде жүргізіліп жатқан келіссөздер жайында мәселені түсіндіруі. Оның сөздері конструктивті кеңестердің мазмұны мен мәніне нұқсан келтірмейді. Ресми Мәскеу Қазақстан тарапынан ешқандай ультиматум мен кездейсоқ шешімдер күткен емес. Мұсабаев депутаттар алдында өзінің деңгейі мен дәрежесін арттырғысы келді. Және «Қазақғарышта» орын алып отырған проблемаларға өзін кінәлі санамайтындығын білдірді. Тараптар «Бәйтерек» кешенінің болашағы үшін келіссөздер жүргізіп жатқаны рас. Алайда, ешқандай келісім-шарттар жасалған жоқ. Бұндай мәселелер – елдің бірінші басшылары деңгейінде талқыланады. Ал, Мұсабаев ондай дәрежедегі адам емес», – деп жазған еді сол кезде «КоммерсантЪ» газеті.

Ресей мен Қазақстан 2004 жылдың жел­тоқсан айында «Бәйтерек» кешеніне қатысты келіссөздерге қол қойғаны мәлім. Ол келісім бойынша, Ресейдің Хруничев атындағы орталығында жасалып жатқан «Ангара» зымыран-тасығыштарын ұшыру көзделген. Ресей ұшыру материалдарын дайындауға, Қазақстан тарапы Байқоңырдағы ұшыру алаңының құрылысын қаржыландыруға келіскен болатын. 2010 жылдың сәуірінде Ресей мен Қазақстан Байқоңыр ғарыш айлағын өзара тиімді пайдалану жөніндегі әріптестікті одан әрі дамыту жөнінде келісімді ратификациялады. Бұл келісімде «Бәйтерек» кешенінің қаншалықты маңызды екендігі тағы да нақтылана түскен. Талғат Мұсабаев бұл келісім арқылы «Бәйтерек» кешенін салуды тездете түсетін болады деп атап өткен екен. Ресейдің «Бәйтерек» кешеніне ұшыру үшін дайындалатын материалдардың бірі әзірше – «Ангара». Дәл осы «Ангараны» ұшыру мақсатында Ресейде «Восточный» ғарыш айлағы салынып жатыр. «Қазақғарыштың» Ресеймен арадағы ғарыш саласын дамытуға қатысты жобалардың келмеске кетуі мүмкін деп дабыл қағуының түпкі сыры осында болатын. «Роскосмостың» басшысы Владимир Поповкин «КоммерсантЪ» газетіне берген сұхбатында «Байқоңыр мен Восточный екі ғарыш айлағы – бірін-бірі өзара толықтыруы тиіс» деген болатын.

Талғат Мұсабаевтың екі мәлімдемесі ресейліктердің көңілін шайлықтырып отыр: Біріншіден, «Бәйтерек» кешенінің жобасының әлі күнге дейін жоба ретінде ғана қалып отырғаны. «Оны жүзеге асырудың ұзаққа созылуының басты себебі – Ресей жобасының 47 айға созылуы және жоба құнының алғашқымен салыстырғанда 7 есеге дейін артуы. Оның құны 700 миллион доллардан 1,6 миллиард долларға дейін өсті» деген ол. «КоммерсантЪ» газетінде: «2010 жылы «Қазақғарыш» агенттігі бастығының орынбасары Мейірбек Молдабеков «Бәйтерек» кешенінің инфрақұрылымын 700 миллион долларға бағалаған. Одан бері ештеңе өзгерген жоқ. Инфрақұрылым әлі жасалмады. Жұмыс құнының қандай жағдайда өсіп кеткенін ешкім түсінбейді. Сондықтан кінәні тек Ресейге жаба беру дұрыс емес. «Бәйтерек» кешенін салу құнын 1,6 миллиард долларға өсіргеннен кейін, ресми Астана Мәскеуге шығынды екеулеп көтеру жөнінде ұсыныс жасайды. Бұндай жағдайда тараптардың әрқайсысы 800 миллион доллардан төлеуі тиіс. Ресей ондай жоспар құрмаған еді» дейді дерек беруші» делінеді «КоммерсантЪ» газетіндегі «Правительство России направило официальную ноту Казахстану с требованием дать объяснения по поводу высказываний главы Казкосмоса» деген мақалада.

Екіншіден Талғат Мұсабаев биылдан бас­тап Байқоңырдан ұшырылатын «Протон-М» зымыран-тасығыштарын ұшыруды азайтуды көздеп отырғандығын айтқан. «Жыл сайын біз «Протон-М» зымырандарын ұшыруды азайта беретін боламыз. Қазіргі сәтте жылына 20 зымыран ұшырылып отыр. 2013 жылы бұл екі «Протонға» кем болатын болады. Сөйтіп жыл сайын ұшыру санын аздап азайта береміз. Өйткені «Протондардың» берерінен зияны мол. Зымыран отындарының құрамында жоғары улы гептил мен амил қолданылады». Зымыран-тасығыштарды ұшыру арқылы Ресей жыл сайын 777 миллион доллар таза пайда көріп келеді. Биыл оның көлемі 800 миллион долларға жетеді деп жоспарланған. Алайда «Протондардың» құлайтын алаңы – Жезқазған мен Қызылорда облыстарының адам тірлік ететін аумағы екенін ескеріп отырған Ресей жоқ. Бұл үшін аталған аумақ тұрғындарына ешқандай төлемақы төленбейді.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары