САБАЛАҚ

САБАЛАҚ

САБАЛАҚ
ашық дереккөзі
456

Жұмағазы ИГІСІН

Адамдарды неғұрлым жақсырақ таныған сайын,

итке деген құрметім арта түскенСократ.

Жұбаныш бүгін де түскі асын іше сала қырманда тау-төбе болып үйіліп жатқан қызыл бидай үстіне қисая құлаған. Күндегі әдетінше ақсақалдар әбден шайға қанып алғанша бір сәтте болсын мызғып алмақ. Бірақ… бетін күн көзінен көлегейлеп енді кірпігін айқастыра бергенде, іргедегі тоған жақтан әлдененің қыңсылаған дыбысы естілгендей болды. Орнынан созалаңдай тұрып, сол дыбыс шыққан жаққа қарап еді, жағадағы қалың шиден басқа іштеме көрінбеді. Сосын темір баспалдақпен жүгіре шығып, қырман үстінен жан-жағына көз салғанда… сонау жердегі көкпеңбек тоғанның жарлауыт жиегіне жабысып тұрған мысық па, күшік пе бірдеменің қарасын көрді. Байқауынша, тырбаң-тырбаң етіп жағаға шыға алмай жатқан сияқты. Тырбаңдаған сайын быж-быж етеді. Бұл бидай күрейтін ағаш күректі ала салып, демде сол жерге жүгіріп жеткен. Қараса, бір қара күшік белуардан суға малынып, расында, жағаға шыға алмай жатыр екен. Үп-үшкір тырнақтарын тік жағаның құрым киіздей шымына шеңгелдей салып, жоғары ұмтыла түседі. Бірақ артқы аяқтары су шайған тік жарқабаққа ілінбей жан ұшырады. Жұбаныш жылдам қимылдап, күшіктің желкесінен қыса ұстады да құрғаққа алып шықты. Байғұс әжептәуір әлсіреп қалыпты. Бауырын жерге төсеп, екі бүйірі солқ-солқ соғып, біраз уақыт ентіге демалып жатып қалды. Тұла бойы дір-дір етеді. Салбыраған қос құлақтың арасынан қырлы кеңсірікке дейін үшкілдене біткен ақ қасқасы, кеудесінде де алақандай жолағы бар жүндес күшік екен. Сирақтары бір-ақ тұтам болғанымен жұп-жуан, білеу-білеу. «Бауырын енді ғана көтерген бұның жіліктісін қарай гөр!» деп ойлады Жұбаныш. Расында, осы мығым аяқтары болмаса, бұ шіркіннің баяғыда-ақ су түбіне кетеді екен. Оң жақ артқы аяғының басына сауыс-сауыс қан қатыпты. Ит шайнағанға ұқсамайды, үстінен ауыр бірдеме мыжып өткені көрініп тұр. «Дәу де болса, енесіне ере жүгірем дегенде арба басып кеткен ғой», – деп ойлады Жұбаныш тағы. Жаралы аяғына қолын тигізе бергені сол, есеңгіреп жатқан ақтөс күшік шәңкілдеп атып тұрды. Аппақ тістерін көрсетіп, айбат шегеді. Ештеңеден тайынар, қаймығар түрі жоқ. Екі көзіне лезде қан толып, айбынданып шыға келген.

Бұнысы Жұбанышқа ұнап қалды. «Сенің атың енді Сабалақ болады», – деді оның қасқа маңдайынан сипап тұрып. «Қайсарлығы, өжеттігі көрініп тұр. Жақ­сы ит болады мынау!».Жұбаныш масаттанып, ақтөс күшікті ақсақалдарға көрсетті. Олар да «тұқымы бөлектеу ит екен» десті. «Бұл саған ойламаған жерден бұйырған олжа. Дұрыс қарай білсең бұл сені әлі талай қуантатын болады», ­– дегенді тағы қосып қойды. Күшік әбден ашығып қалыпты. Жұбаныштың берген тамағын түк қалдырмай жалап-жұқтап алды. Сүт қатқан шәйді де салпылдатып ішіп қойды. Сосын екі бүйірі томпиып, аяқтарын жинауға да шамасы келмей, сабан үстіне тырая салған.Кешкісін Жұбаныш оны құшақтап үйіне алып келді. Шәңкілдегеніне, жұлқынғанына, бұлқынғанына қарамай, аяғының қатқан қанын тазалап, жарасына дәрі жағып дәкемен таңып тастады…Сабалақ тез жетілді. Аз күнде жүндері жылтырап, өңденіп, қоңданып алды. Алдыңғы аяқтарының арасы талтақ. Балағы мен бөксе жүні қалың. Еңселі, кеуделі ит болатын түрі бар. Ештеңеден қайтпайды, қорықпайды. Қағып жіберсең де, соғып жіберсең де атып тұрып, қайта шабады. Алғашында өзін талай рет талаған атақазды да қуып беретін болды ақыры. Олай өткен, былай өткен сыбай-сылтаң төбеттерге де айбат шегетінін қайтерсің.

Жұбаныштың да Сабалаққа деген пейілі бөлек. Көрсе болды еркелеткісі келіп тұрады. «Сабалақ! Сабалақ!» десе айдаладан шауып жетіп келеді. Біреулермен келе жатса, алдымен бұған қарай жүгіреді. Жүгіріп жеткен бойда балағына оралады, бәтіңкесін тістелейді, бауын тартқылайды. Қыңсылайды, «қолыңа алшы» дегендей еркелейді, құйрығын бұлғаңдатып. Қалай десең де әйтеуір Жұбанышты айналшықтап жанынан қалмайды. Ол жұмыстан келгенше зарығып күтетін болу керек, кейде тіпті шәуілдеп іздейтінді шығарып жүр. Ал ол келгендегі қуанғанын көрсеңіз! Құдды баланың қылығы!Сабалақ көп өтпей-ақ арқа жүні күдірейген кәдімгі ит болған. Он айлық күшік дегенге сенбейсің. Ешкімді сендіре де алмайсың. Күзде жасалған ағаш үйшік тарлық етті ме, бас сұққан жоқ. Кірпікке қырау қатар аяздарда кеудесін керіп тас­тап, шалқасынан жатады. Өзге иттер сияқты қора-қопсы іші мен шөп қуысын паналағанды білмейді. Орыны – тұп-тура кірер есіктің қарсы алдындағы тоң тақыр. Таңертең жатқан жері ойдымдалып, қабыршақтанып қалады. Бұл жайды көрші-қолаң ғана емес, Жұбаныштың әке-шешесі де қызық көрген. «Осындай да ит болады екен-ау!», – дейді олар таңдай қағып, бас шайқап.

* * *Жұбаныштар мамырды орталай дән себуге шықты да, маусымның басында жұмыс саябыр тапты. Мұраптар қыр төсі көктеп, тоғанға су толғанша күректерін саптап, құрал-саймандарын баптап, жерді суландыруға дайындалады. Үйіліп қалған үй шаруасын тындырады. Содан кейін жаз бойы алқапта. Бел шешіп, дем алу деген болмайды ол кезде. Оның арты күзгі жиын-терінге, қысқы жанталасқа ұласады. Жұбаныш та азын-аулақ тапқан-таянғанын жинақтап, бір киер киімін түзеп алған соң Алматыға дайындала бастаған. Неге екенін өзі де білмейді, осы Сабалақты та­уып алғаннан кейін әу бастағы ойы өзгерген. Бұрынғы агроном болсам деген ойынан айнып, былтыр бағы жанбаған зооветті қайта жағаламақ. Ол үшін өзіне қиындау тиетін химия мен биологияны тағы пысықтай түскен. Сөйтіп кітап кемірген бірер ай да зыр етіп өте шықты. Ал Сабалақ болса осы бірер айда бірнеше «өнер» көрсетіп үлгерген. Қарадан-қарап бөтеннің малын қуып кететін болды. Таңертең өзі ши арасына дейін бірге ілесіп баратын тайынша-торпақтардан да бойын аулақ сала бас­тады. Күнде күресінде өзімен алысып-жұлысып ойнайтын көршінің көк төбетін де енді аяусыз талап тастайтынды шығарды. Бұрынғыдай емес, Жұбанышты көрсе ала көзімен атып, айнала қашады. Кейде тіпті ырылдап, арсылдап, айбат шеге бастайды. Әйтеуір бір мазасыздық бар.Бірақ Жұбаныш жолға шығар күн таяғанда Сабалақ сабасына түсіп, күрт өзгерді. Жүні жығылып, көздері мөлиіп, біртүрлі аянышты кейіпке түсті. Енді бірде қыңсылап, оның аяғына орала беретін болды. Құйған тамақты да ішпейді. Тоқпақтай басын аяқтарының үстіне тастап, үн-түнсіз жатады да қояды. «Сабалақ ауырып жүрген сияқты» деген бір күні Жұбаныш шешесіне. «Балам, ит сыртта жатса да үйдегілердің көңіл-күйін сезе біледі. Ол сенің алыс бір жаққа кететініңді біліп жүр. Енді оның алдағы күйі саған емес, бізге бататын болар…» деп ол теріс айнала берген. Жұбаныштың іші алай-түлей боп кетті. «Апыр-ау, қалай байқамағам расында? Ит екеш итте де сезім бар емес пе?! Кішкентайынан алақанына салып, аялап жүрген адамының тастап кететінін түйсініп жүр екен ғой байғұс. Бұған дейін оның көзіне неге бір үңілмегем? Неге оған бүгінге дейін тек ит деп қана қарап келгенмін? Далаға атып шығып еді, иті бақша ішінде жатыр екен. Жұбанышты көрген бетте керіле тұрды да, теріс қарап жүріп кетті. Бірақ күн де өзі кіріп-шығып жүретін қуыстың алдына жетер-жетпес­те кілт қайырылып бұған қараған. Бұл да оның мөлиген көздеріне қадала түсті. Екеуі бір сәт арбасып қалғандай. Жұбаныш жаутаңдаған жанардан әлдебір мұңды аңдағандай. Еңсесі түсіп, құлақтары ұзарып, бөксесі қушиып кетіпті. «Мені тас­тап қайда кетіп барасың?» дегенді айтпай-ақ сездіріп тұр. «Мен саған өкпелімін», – деп тұр. Жұбаныштың жүрегі елжіреп кетті. «Саба, келе қойшы!» деп қолдарын соза беріп еді, иті соны күтіп тұрғандай екі-ақ секіріп келді де, алдыңғы аяқтарын бұның иығына салып, алпамсадай денесімен асыла түсті. Жұбаныш жығылуға шақ қалды. Сабалақ болса оның бет-ауызын, құлақ-шекесін түк қалдырмай жалап жатыр. Содан соң әй, секірді-ай дейсің. Бақшаның бос топырағының тоз-тозын шығарды. Қуанғаннан қыңсылап та жіберді. Көздерінде әлгіндегі мұздай мұңның ізі де жоқ, оттай жайнап сала берген.* * *Жұбаныш қалаға жүрерден бір күн бұрын ауыл үстін сұрапыл дауыл жапырып өткен. Қатты соққан жел кейбір үйлердің ескі ағаш қақпаларын құлатып, шатырлардың қаусаған шифрларын жалпылдатып ұшырып, ауыл ішін әп-сәтте әлем-тапырық етіп жіберген. Әншейінде Жұбаныштың әкесімен ілесе шығып, жол ортадан үш сиыр мен екі тайыншаны өзі айдап кететін Сабалақ сол күні айнала қашып үй маңынан ұзамай қойған. Бірақ таңғы автобусқа шыққан Жұбаныш итін қанша шақырса да есік алдынан таба алмады. «Е, мал айдасып кеткен шығар» деп дүкен жанындағы аялдамаға тартты. Көңілінде бір алаңдау бар. Оның не екенін өзі де түсінген жоқ.Ауыл шетіндегі қарасу бойынан таяқ тас­там жердегі ескі діңгекті жел қисайтып кетіпті. Қара шал соған қарай қиыстай салған қасқа тайыншаны қайырмақ боп бұрыла бергенде қас пен көздің арасында қалпақтай ұшты. Есін жиса, маңайы толған адам. Анадай жерде бір ақ машина тоңқалаң асыпты. Иті артқы аяғын тістелеп, ауырсына қыңсылап жанында жатыр.

– Көрер жарығың әлі де бар екен, шал. Мына итің болмаса жаның жаһаннамға кетер еді бүгін, ­ – деді Айтқұрман шал құрдасының үстін қағып жатып. – Сені құтқарам деп өзі де мерт бола жаздады бейшара.

Қас қағымда өткен жаңағы тосын жайды өз көзімен көрген осы Айтқұрман шал екен. Енді соны жиналған жұртқа баяндап тұрған да сол. Оның айтуына қарағанда, бүкіл ауылдың шаңын будақ-будақ көтеріп, жоғары жақтан құйындатып келген ақ «Москвич» солға бұрылудың орнына қара шалға қарай тура тартқан. «Өй, мына жынды қайтеді?» деп ойлап үлгіргенше сайтандай сап ете қалған бір дәу қара ит шалды кеудесімен қаға-маға құлаған. Сөйтсе, ол иесінің артынан іле-шала жеткен Сабалақ екен. Енді оң жамбасын баса алмай, қыңсылап жатқаны анау.

Ақ белдеу автобустың ішінде Жалғызтөбе стансасына қарай зулап бара жатқан Жұбаныш бұл жайдан әрине, бейхабар еді…* * *Алматыға келгесін Жұбаныштың Сабалақты ойлауға мұршасы да болған жоқ. Бұның әкесін құтқарам деп итінің тілерсегі үзіліп кеткенін де, одан кейін ауылдағы Сабалақ туралы әдемі әңгіменің де ешқайсысын білмеген. Сыннан сүрінбей өтіп, студенттік өмірін бастап та кеткен. Ал әкесі болса сол күні-ақ қозыкөш жерде тұратын оташы шалды алдырып, бір ісегін соған беріп, иттің мертіккен жерін жылқының майымен сылатып, орнына келтіріп, мықтап таңдырып тастады. Жұма күні бір серкесін сойып, көрші-қолаңға «құдайы тамақ» та берді. Ақтөс ит екі-үш айдай қиралаңдап жүріп, қыстан қалған сабан қуысын паналап шықты. Бұрынғы айбат, айбынынан айрылып қалғандай. Алайда Барқытбелдің басындағы аппақ қардың етегі ұзара келіп ойға түскенде ғана Сабалақ белін көтеріп, орнықты жүре алатын болды.Ұйпаланып қалған бауыр жүні шөп-шаламнан арылып, көріктей кеудесін қайта тіктеді.

Отағасы арада біраз күн өткенде таңертеңгі шәй үстінде кейістік білдіре сөйлеген.

– Әлгі Жұбаныштың қырманға киген күпәйкесін дәрі иісі кетсін деп арбаның үстіне жайып қойып ем, ұшты-күйлі жоғалып кетті. Сен бір жерге қойған жоқсың ба? – деген кемпіріне.– Өй, ол күпәйке үйшік ішінде жатыр емес пе. Сабалақ тоңбасын деп сен салып қойған шығар деп жүрсем, ­ ­– деді кемпірі.

Шал кесесін қоя салып, оған жалт қарады.

– Астапыралла, әй, бар ғой, дәл осы иттің ақылы бір қап! Артық-ауыс иіс-қоңысы кеткен соң иесінің киімін астына салып алғанын қара! Бұған не дерсің енді? Бәсе, кейінгі кезде Жұбаныштың өз қолымен жасаған үйшігіне үйір боп жүр еді. Мен білсем, осы ақтөс иесін сағынып жүр. «Бастан құлақ – садақа», тиіспей-ақ қояйықшы сол киімге.

* * *Бұл уақытта Жұбаныш студенттік өмірге біраз үйреніп, жарты құрсақ, жадау тірлікке де сәл-пәл көндігіп қалған еді. Қаңси бастаған қалтасына қарай қысқы каникулда алыс ауылдағы үйіне де бара алмады. Оның есесіне вокзалға барып, вагоннан көмір түсіріп, өзінше ақша табуға кіріскен. Жұмыс ауыр. Кешкісін жатақханаға сүріне жығылып әзер жетеді. Сөйтіп жүргенде бір күні жұмыстан әрі кеш, әрі шаршап келген бойда төсегіне қисайғаны сол ­– бірден ұйықтап кетіпті. Одан әрі… шым-шытырық түс… Кәдімгі өңіндегідей ғажап түс… Қыс. Аппақ қар. Ауылдың сырты екен дейді. Үскірік жел бұрқырата көтерген суық қардан бетін алақанымен қорғалап, шешесі Барқытбелге қарай ұзап барады. Басында ­– түбіт орамал, үстінде – баяғы ескі қара шапан. Етегі желп-желп етеді. Ал соңында – ақтөс ит. Иесінен қалмайын дегендей ол да тынымсыз бүлкек қағады.– Тәте-е – дейді бұл айқайлап. – Тәте-е, қайда кетіп барасың? Тоқташы! Тоқта деймін.Тәтесі тоқтамайды. Бұған қарамай жүре береді. Алды – мұнартқан ұзын бел. Белдің арғы жағынан шошайған-шошайған мазарлардың төбесі қылтияды.– Тәте-е! – дейді бұл соңынан далбақтай жүгіріп.­ – Тәте-е, тоқташы. Мен Жұбанышпын ғой, сенің балаңмың ғой. Тәтесі менде ондай бала жоқ дегендей теріс қараған күйі кете барады. Кетіп бара жатып еңкейе бұрылып ақтөс итті құшақтап қояды. Бұл енді бір кезек:– Сабала-ақ! Сабала-ақ! – дейді ышқына айқайлап. Ит жалт бұрылып бұған қарайды да, бері қарай арсалаңдай жүгіреді. Жүгіріп жеткен бойда кеудесіне секіреді. Ақсиған тістері алқымына тигендей. Бұл: «Кет! Кет-ей!» деп, шалқалай құлай беріп, шошына оянған.Маңдайы тершіп, жүрегі солқ-солқ ұрып жатыр екен. Есіне бірден таяуда ғана шешесінен алған екі хаты түскен. Екеуінде де соңғы кезде ауырып жүргенін айтып, жағдайы келсе келіп қайтуын өтінген еді. Ең өкініштісі, барып қайту былай тұрсын, ертең, бүрсүгін деп жүріп сол екі хатқа жауап та жаза алмаған.Таңертең сабаққа жиналып жатқан кезде вахтер кемпір есікті ашты да, қолына бір жапырақ қағазды ұстата берді. Қараса, «Шешең хал үстінде жатыр» деген телеграмма екен.Жалғызтөбеге дейін поезбен, одан әрі автобуспен жүріп, екі күн дегенде әзер ауыл шетіне жеткенде… мәйіт көтерген қаралы топ алдынан шыққан…Жұбаныш жылай-жылай шешесін жер қойнына берді де, сосын Келтебұлақтағы жамағайындарының сегізінші класты былтыр ғана бітірген тәмпіш танау қара қызын келін ретінде әкесінің үйіне кіргізіп, екі-үш күннен соң Алматыға қайтты. Артта кемсең қағып әкесі қалды. Автобус ішінен зорға шығарып жіберген сабалақ иті бұлар жүріп кеткенше жол жиегінде құйрығын бұлғаңдатып ұзақ тұрды. Сосын қара шалға ілесіп, қарашаңырақ жаққа бүлкектей жөнелді.

* * *Сабалақтың нәр татпағанына бүгін алтыншы күн. Тұмсығын Жұбаныштың иісі сіңген қара күпәйкесіне тыққан күйі үнсіз жатты да қойды. Тәмпіш танау қара қыздың итаяққа құйып әкелген тамағына қарағысы да келмейді. Күн сайын ақшам жамырағанда үйшіктен шығып, ауыл шетіндегі бейіт жаққа барады. Өткенде бұл жерге ауыл адамдары бірдеңе әкеп көмген. Сонда ол өзіне өте таныс иісті анадайдан сезіп, сырттан бәрін бақылап-көріп жатқан. Бірақ адамдар жаңа үйілген жас топырақтың жанынан тарқаған кезде әлгі таныс иіс те жоқ болды. Бұл топырақ үйілген жерді айнала иіскеп біраз жүрді де, ақыры сылбырап үйге қайтты. Содан бері міне алтыншы күн . Алты күн бойы екі күпәйкеге тұмсығын тығып жатқан түрі мынау.

Кемпірінің жетісін берген күні қабір басына келген шал жас топырақты айнала жол етіп тастаған өз итінің ізін танып, жүрегі қарсы айырылды. Жалғанда иттің зарыққаны мен қамыққанын көрсетпесін де. Онда да жүрек бар, ал жүрек болғасын сезім бар, сезік бар. Демек, ол да жабығады, қамығады. Тек соны түйсіне білу керек. Ит те болса оның жапа шегіп жүргенін көру қарт адамға оңай тимеген. Енді қайғы үстіне қайғы жамап алғандай. «Қой, бүйткенше оны Келтебұлақтағы қойшы ағайынға ертіп жіберейін, Жұбаныш келер кезде алдыртып алармын» деп түйді. Солай істеді де.* * *Сабалақты көрмегелі қара шал да сергіп қалғандай. Еңсені басқан зіл-батпан жоқ. Кемпірінің қайғысы да уақыт өткен сайын жеңілдей түскен сыңайлы. Өлгеннің артынан өлмек жоқ, жылайсың да шыдайсың. Көресің де көнесің. Қайғының емшісі – уақыт қана. Арыстай ұлдарынан айрылғанда да өлмеген. Бір құдайға жөн болғасын, қолдан келер шара бар ма?

Таң жарығы жерге түсе аққұманын алып сыртқа шыққан шал әудемжерден итінің қыңсылағанын естіген де, солай қарай жүрген. Келсе үйшік аузы – ұйыған қан. Ішінде бөксесі сыртқа шығып Сабалақ жатыр. Қыр арқасына дейін жосадай. Оң аяқтың қоң еті жалбырап тұр. Бұрынғы ұзын құйрық шолтырайып қалыпты. Ит кеудесін тар тесіктен тартына суырып, бері шықты. Бір-екі рет сылти басты да бойын тіктеп, қара шалға қарсы кеп отырды. Кешегі апайтөс қара төбет енді ұйпа-тұйпа жирен итке айналған. Қауғадай басын қанға малып алған ба дерсің. Бір құлағы да шұнтиып тұр. «Мені жолай бір үйір қасқыр талап кетті» дегенді бүкіл мүскін түрімен білдіріп тұрғандай. Жырылған езуінен сілекей аралас қан көрінеді. Қара шалдың көзі қарауытып, басы айналып кетті. Сенделектей басып үйге кірді де бір тегеш тамақ алып шығып, алдына қойды. Сабалақ оны салпылдатып ұзақ ішті. Шал үйшік ішіндегі саталақ-саталақ қан қатқан күпәйкені сүйретіп бақшаның түкпіріне апарды да, қос уыс сабанмен тазалап, шөп қуысындағы ит жататын жерге тастады. Сабалақ та соны тағатсыздана күтіп тұрғандай, қара күпәйкенің үстіне созалаңдай кеп жата кетті.Бұл – совхоздар тарап, біреуді біреу түсініп болмайтын апай-топай заман туған кез еді. «Жұрт жеті ағайынды» дегендей, сол уақытта ит-құс атаулы да құтырып кеткен. Қасқырлар тапа тал түсте алдыңдағы малға шауып, түн бетінде құлыптаулы қораның төбесін тесіп түсіп, қараша жұртты қан қақсатып тұрған кез. Алды ауылға да кіріп кеткен. Сабалақ оны қайдан білсін, қойшы үйінде шынжырдан босаған күні-ақ «өз үйім қайдасың?» деп тартып отырған. Екі арада шекараның тікенекті сымдары бар, одан қалай өткенін, қай жерде үйірлі қасқырға тап болғанын, одан қалай құтылғанын, сосын сүлдесін сүйретіп, отыз шақырым жердегі қара күпәйкесіне қалай жеткенін ешкім білмейді. Өзі айта алмайды.

Қара шал ауылдың бұрынғы мал дәрігеріне бір тоқтысын беріп, оны бірер ай емдетті. Құлақ пен құйрық болмаса, дүмдей денедегі жыртық та, тыртық та біртіндеп жазылып кетті.* * *… Жыл өтпей жатып қара шал да о дүниелік болған. Бұлар отырған совхоздың да бар мүлкі ұстағанның – қолында, тістегеннің – аузында кеткен. Ондай жерде Жұбаныштың дипломының да қажеті шамалы. Енді ол алматылық достарымен сыбайласып, алыпсатарлықпен айналысты. Онысы жүрімді болып, бірнеше жерден сауда-саттық орындарын ашты. Ол бірер жылдан кейін дүкенге айналды. Қалтасы қампайып, көңілі марқайып, тұрмысы түзелді. Үйлі-баранды болды. Шетелдің шағындау көлігін сатып, астына қап-қара «Джип» мінді. Ақшаның қызуы мен қызығы ауыл баласын өз ұйығына тарта берген. Кешегі түйтің тірлік пен митың жүріс енді мүлде басқа арнаға түскен. Ол арна артта қалған қара шаңырақты да, төмпешік боп жатқан анасы мен қара шалды да, адал көңіл дос-жаранды да, тіпті Сабалақты да ұмыттыра бастаған. Шындығында, оларды ойлауға Жұбаныштың мұршасы да жоқ еді. Басында – басқа тіршілік, ырду-дырду отырыс, қартаның құмар ойыны, арақ-шарап дегендей… Ал қара шаңырақта қалған тәмпіш танау қара қыз жылына төбесін бір көрмейтін Жұбанышты қашанғы күтсін, бір күндері ол да әлдебіреудің жетегінде кеткен. Үйді сатып, ақшасын Жұбанышқа жіберсем деп еді, ала қоятын ешкім табылмады. Содан кейін есік-терезелерді шегелеп, қораның аузын шиелеп байлап, қалған-құтқан тамақты Сабалақтың тегешіне құйып жүре беріп еді. Сабалақ содан бері көзтүрткі боп, көршінің қас-қабағына қарап қалған. Көбінесе тіміскіленіп, көрінгеннің күресінінде жүреді. Дәл қазір онда үй де жоқ, бұрынғы күй де жоқ. Ыңыршағы шығып, зор кеудесі қусырылып қалды. Олай-былай өткен бұралқы иттер де ерінбесе келіп бір талап кетеді. Жүндері жығылып, баяғыдағы мертіккен жамбас сыр беріп, мүсәпір күйге түскен. Бір-екі рет осы ауылдың адамдары көтеріп апарып көміп тастаған қара шалдың қабіріне барып еді, темірмен қоршап қойыпты, кіре алмай, сыртынан қайтты. Қазір оның да топырағын қырбақ қар басқан. Одан да белгі, иіс қалмады. Ендігі бар медеті – қара күпәйке. Күткені – сол күпәйкенің иесі.

* * *«Қарғыс атсын!» дейді, сол күнді енді Жұбаныш. Ол жұмыс істейтін базардың тура қарама-қарсысында, күндіз-түні төбесіндегі «Золотой телёнок» деген жазуы жарқылдап, кісі бойындай әрбір әрпі ары-бері жүгіріп тұратын үлкен казино үйі бар еді. Биылғы қыстың басында, ұмытпаса қаң­тар айының соңғы күндерінің бірі болу керек, Жұбаныш кешкісін сауда-саттық контейнерлерін жауып, үйге қайтып бара жатқанда әлгі қарғыс атқыр үйге көзі түсе қалмасы бар ма! Төбесіндегі «Золотой теленок» деген жазуы жарқ-жұрқ етіп «кел-кел» деп тұрғандай екен. «Бір кіріп шығайыншы, бес-ақ минутке» деп ойлады. Кірді. Бірақ бес минут емес, бес сағат отырғанын шыққанда бір-ақ білді. Аздап ұтылып шықты. Алайда ренжіген жоқ. «Бұл да бір қызық дүние екен» деді де қойды… Ертеңінде кешкісін жарқ-жұрқ еткен «Золотой теленок» тағы да «кел-кел» дегендей болды. «Жоқ, бармаймын, кірмеймін» деп еді, қара «Джипінің» қалай со жаққа бұрыла бергенін сезбей қалды. Бар бәле содан басталды да кетті. Күн сайын кешке сонда отырады. Бірде ұтады, бірде ұтылады. Бірде қайқайып шығады, бірде құр сүлдері машинасына әзер жетеді. Сөйтіп жарты жылда жарты жаны, жарты байлығы ғана қалғанын бір-ақ білген. Ең соңында, шілденің бір кешінде… қара «Джипті» сонда қалдырған да, сүйретіліп көшеге шыққан. Шыға бергенде сабалақ жүнді бір қара күшік аяғына орала кетсін. «Кет-ей, әкең!» деп іштен бір теуіп еді, ол қаңқ етіп домалап түскен. Осы мезетте қайдан шыға келгені белгісіз, қолына қара таяғы, басында қара қалпағы бар бір шал бұның жанына келіп:

Есалаң! – деген зілді дауыспен. – Итті тепкенше басыңды теппейсің бе!Осы сөз түні бойы құлағынан кетпей-ақ қойғаны. Түні бойы есіне бірде әкесі, бірде Сабалақ иті түскен. Содан ба, таңға жуық кірпігі ілініп кеткенде… темір шарбақ ішіндегі томпайып жатқан әкесінің бейітін көрді. Темір шарбақ сыртында тұмсығын көкке көтеріп ұлып отырған Сабалақты көрді. Ертеңінде поезға отырды да, шығысты бетке алып жүріп кетті.* * * Кіндігінің қаны тамған, табанының табы қалған алақандай ауылына ол күн түс ауа жетіп еді. Көрші шал үйінен қиыстана шықты. Кіртиіп, суық қарады. Алдымен:Сен бізді мүлде ұмытып кеткеннен саумысың, – деп бір түйреп өтті.

– Әкең де, шешең де осында жатыр. Солардан қалған қара шаңырақ міне, қаңырап бос қалды. Не бұны сат, не болмаса біреуді кіргізіп кет. Анау өзің қойныңа тығып алып келіп, құшақтап жүріп өсірген итіңе де обал болды. Әне өлудің аз-ақ алдында жүр. Бір апта болды нәр сызған жоқ. Тамақты таңертең апарып құям, кешке күресінге төгем.

Көрші шалдың сөзін Жұбаныш іштей езіліп тұрып, егіле жүріп тыңдады. Ойлап қараса арзанның артынан кетіпті. Көзі байланған, көңілі лайланған, алдамшы тірлікке еремін деп тамырынан ажырап, адасып кете жаздапты». Қой, Жұбаныш, есіңді жи! Көзіңді аш та, айналаңа қара! Өмірдің мәні де, нәрі де осы жақта! Ауыл деген – аппақ тазалық пен ақ пейілдің ордасы! Сенің айналып табар алтын қазығың осында тегінде! Құс қанша биіктеп ұшқанымен, көлеңкесі жерде қалады!..».Жұбанышты әп-сәтте осындай шым-шытырық ойлар шырмап алды. Ал көрші шал болса, әлі сөйлеп келеді. Сөйлей жүріп, үй сыртындағы бақшаға қарай бұрылды. Сықырлауық есіктің байлауын шешіп, үш жылдан бері үюлі тұрған сабанға тартты. Сабалақ паналап жүрген қуыс бос жатыр екен. Шал кілт бұрылып Жұбанышқа қарады. Оның да көзі алақандай болды. Ұмсынып барып, қара күпәйкесін қалай жұлып алғанын байқамай қалды. Жүрегі алқымына тығылып, тамағы құрғап, кеңсірігі ашыды. Алақтап шөмеленің ар жағына бір, бер жағына бір шықты. «Ата, Сабалағым қайда?» дегенді көзімен ұқтырып, көрші шалға қарап еді, ол:

– Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді. Енді оны баяғыда өзің тауып алған жерден ізде, – деді даусы тарғылданып…. Жұбаныш жүгіре басып, арада жарты сағат өткенде ауыл сыртындағы қырманға жеткен. Міне, алдында баяғы тоған. Жоқ, баяғы емес, мүлде басқа. Суы тартылған. Қайрақ тасты түбінде көз жасындай ғана бірдеме жылтырайды. Жағасындағы шымдары босап, топырағы борпылдап жатыр. Кезінде осы жерде жоңышқа, арпа, бидай, жүгері деген жайқалып тұрушы еді. Енді міне мал тісіне ілінер қылтанақ жоқ.

Жұбаныш су шайып, жел мүжіген бетон тұғырға шығып, қойшының сонау жылдардағы ескі жұртына көз салды. Сөйтті де алды-артына қарамай тоғанның арғы бетіне қарай тұра жүгірді… Иә, сол күні де дәл осылай жүгірмеп пе еді. Сонда анау тұста қара ала күшік белшесінен суға малынып, тырбаңдап жатты ғой. Оның қыңсылаған үні әлі құлағында емес пе? Салып-ұрып сол жерге… келсе, қаңсыған арық ішінде керіскедей созылып Сабалағы жатыр. Аяқтарын созып жіберіпті. Қабырғалары ырсиып, қаңқасы ғана қалған. «Құдайым-ау, адаспай қалай тапқан?! Күшік кезінде суға кете жаздаған жер ғой мынау! «Сабалақ! Сабам, Сабашым!». Жұбаныштың жан дауысы шықты. Арық ішіндегі итінің басын құшақтай құлады.

…Шартабақ күн қып-қызыл болып, Барқытбелдің бір тұсынан шым-шымдап батып барады. Жұбаныш қырман жақтан тауып әкелген шолақ сапты күрекпен жерошақтай ор қазып, Сабалақты сонда көміп, басына қалақтай тас қойып, енді ғана бойын тіктеп тұрғаны мынау. Бір мезет ауылды шығыс жағынан алып қорғандай қоршап жатқан Тарбағатай тауларына қараған. Ұзақ қараған. Қызық! Таудың анау бір иір-иір қыр арқасы… аяын алға созып жіберіп, маңқиып жатқан Сабалағына ұқсайды екен. Құдды иесіз қалған елдің ендігі панасы да, қорғаны да менмін дегендей арқа тұсы күдірейе түскендей. Неге екені белгісіз, Жұбаныш осы сәтте өзін айдалада, қотан шетінде қалқайып тұрған қарақшыға ұқсатқан.

Серіктес жаңалықтары