ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

ЖАҺАН ЖАҢАЛЫҚТАРЫ
ашық дереккөзі
171

ЖЫЛДЫҢ ЕҢ ҮЗДІК КӘСІПКЕРІ КІМ?

Кім? «Forbes» Қазақстан журналы еліміздегі ең үздік кәсіпкер тізімін жариялады. Әзірге жеңімпаздың есімі белгісіз, бірақ көктемде бір ғана тұлға таңдалып, Монте-Карло қаласында еліміздің атынан халықаралық байқауға қатысатын болады.

Байқауды ұйымдастырушы – «Эрнст энд Янг» компаниясы. 27 жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Кәсіпкерлік саласындағы ең үздік және беделді байқау саналатын «Жыл кәсіпкері» байқауын осы саланың «Оскары» деп те атайды. Ауқымы бо­йынша байқау әлемнің 50 мемлекеті мен 140 қаласын қамтиды.

«Кәсіпкер – 2012» байқауына елімізде шағын және орта бизнесті ұршықша иіріп отырған азаматтар тізімге кіргізіліпті. Мұнда бір ғана талап бар – ұлттық және жаһандық экономикаға өз үлесін қосқан кәсіпкерлер таңдалады. Атап айтар болсақ, «Шымкентмай» компаниясының президенті – Данияр Адырбеков, «Арал» сервистік орталық директоры – Нұрбек Айым­бетов және «Таза су» директоры Динара Ыдырысова сынды азаматтар тізімді бастап тұр. Бұдан өзге де кәсіпкерлер ұсынылған.

2013 жылдың наурызында жеңімпаздар іріктеледі. Ұлттық кәсіпкер номинациясын алған жеңім­­паз Қазақстан атынан «Әлем кәсіпкері» сайысына қатысатын болады. Халықаралық байқаудың ақтық сыны Монакода өтеді.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ГАЗЕТКЕ – 10 ЖЫЛ

Халықаралық журналистиканың дамуына өз үлесін қосып келе жатқан «Весь мир» газетіне биыл 10 жыл толып отыр. Мерейтойлық жасқа жеткен басылым Қазақстаннан өзге Ресей мен Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде таралып келген.

Бас редактор Юрий Кирини­цияновтың айтуынша, болашақта қазақстандық газет АҚШ, Израиль, Польша және Франция оқырмандарына да қолжетімді болады. Газеттің авторлары өз очерктері мен мақалаларын әлемнің түкпір-түкпірінен жіберіп отырады. «Мүмкіндік болса, газетті ай сайын шығарып отырамыз. Қаржы мәселесін шешсек, апталық жасауға да болады. Біз ақпарат нарығынан өз орнымызды ойып аламыз», – дейді бас редактор.

БАЙЛАР ҚАЙДА ҚАШАДЫ?

Соңғы жылдары Швейцарлық ұлттық банк пен Федералды статистикалық қызмет жергілікті халықтың тұрмысына жіті көңіл бөліп келеді. Ол дегеніңіз, тұрғылықты азаматтар мен басқа мемлекеттен келген жұрттың есепшотына көз салу. 2011 жылы швейцарлық отбасының активі 4,7 пайызға өскен, сөйтіп 3 трлн. 528 франкті құрапты. Ал бұл көрсеткіш ЖІӨ-нен 5,5 пайызға артық. Швейцарлықтар өз байлықтарын паш етуден аулақ, керісінше тұрмыс деңгейі өте жоғары халық қаржысын банктерде сақтайды. Осы орайда Франциядағы салықтың жаңа түрін енгізу туралы құжат ойға түрткі болды.

2012 жылдың басты жаңалық­тарының бірі бұл. Сол құжатқа сәйкес, 2013 жылдан бастап Францияның әрбір миллионері Үкіметке ай сайын тапқан табысының 75 пайызын салық ретінде төлеуге міндетті. Соңғы 45 жылда белгілі актер Жерар Депардье Үкіметке 145 миллион еуро мөлшерінде салық төледім деп зар илеуде. Сондықтан бұл салықты Үкіметтің еркелігі деп түсінген актер, Франциядағы жүздеген гектар жүзім алқаптарын тастап, Бельгияға қоныс аударды. Салықтан бұлтарған жалғыз Жерар мырза емес, Бельгияның Нешан қаласы тұрғындарының 60 па­йызы жер аударған француз байлары. Бұл мысалды келтірген себебіміз, егер де Швейцария билігі де осындай салық түрін енгізсе… Онда байлар қайда қашады? Ал біздің елден барғандар ше? Елімізден әкеткен қыруар қаражатты Еуропа елдеріне салық ретінде төлеп отыра бере ме?

Жаңалықтарды дайындаған Ақниет Оспанбай

Серіктес жаңалықтары