АЛДЫМЕН АРБАЛҒАН СОСЫН ШЫРМАЛҒАН...
АЛДЫМЕН АРБАЛҒАН СОСЫН ШЫРМАЛҒАН...
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жастарымыз діни білім алу үшін топ-тобымен шетелге оқуға жіберілді. Дегенмен бұл маңызды жұмыс бір жүйеге қойылмады. Сөйтіп, осы өзекті мәселеге дер кезінде дұрыс мән берілмегендіктен, олардың кейбіреулері радикалды күштердің ықпалына түсіп, шетелдік діни топтардың қолшоқпарына айналып шыға келді.
Бұл жөнінде ҚР Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өзекті болып тұр. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз», – деп қадап айтты.Жуырда ҚР Сыртқы істер министрлігі бірқатар мемлекеттік органдар атына кәмелетке толмаған екі қазақстандық жасөспірімге қатысты ресми мәлімдеме жасады. Осыған орай, ҚР Дін істері агенттігі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен құрылған «Ислам білімі мен мәдениетін қолдау» қорына бұл жасөспірімдерге байланысты арнайы хат жолдады. Онда Ескендір Дінмұхаммед және Әбен Әкімгереев деген балалардың Иордан Хашимиттік Корольдігінде салафиттік бағытта ілім алатын ортаға түскендігі жөнінде айтылған және оларды елімізге қайтару үшін қаражат жағынан көмек беруді сұраған.
Қазір «Ислам білімі мен мәдениетін қолдау» қоры жасөспірімдердің кім және қайда тұратындығы, Иордан Хашимиттік Корольдігіне қандай мақсатпен барғандығы жөнінде тиісті органдармен бірлесе отырып анықтауда. Атап айтқанда, Е. Дінмұхаммед Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданында, ал Ә. Әкімгереевтің ата-анасы Алматыда тұратындығы анықталды. Ескендірді 9-сыныпты аяқтатпай, Әбенді 9-сыныпты тәмамдаған соң шет елге оқуға олардың туған-туыстары алып барғаны белгілі болды.
Қазақстанның Иорданиядағы елшілігі Е. Дінмұхаммедтің медициналық сақтандыру картасы жоқтығын әрі иорданиялық визаның мерзімі әлдеқашан аяқталғанын, ал Ә. Әкімгереевтің құжаты да жоқ екенін хабарлады. Мәселенің мән-жайын түбегейлі анықтау мақсатында қазір тиісті мемлекеттік органдар жан-жақты айналысуда.Бейресми деректерге қарағанда, Иорданияда оқып жатқан жастарымыздың біршамасы салафи ағымының ықпалына түсіп, солардың жетегінде кеткендігі жөнінде жиі айтылады. Ал бұл қазақ халқын өз рухани мәдениетінен айырып, бірнеше діни-этникалық топқа бөлуге, халқымыздың руханияты мен мәдениетін күні ертең қажетсінбеуіне әкеліп соғуы бек мүмкін. Бұған нақты мысалдар да баршылық. Сонымен бірге, бұл елде соңғы кездері саяси-әлеуметтік ахуалдың ушығып тұрғаны жасырын емес. Мұның сыртында Иорданияның көп уақыттан бері азаматтық соғыс болып жатқандықтан мыңдаған босқындарға толы Сирия мемлекеттімен жақын орналасқанын ескерген жөн. Ал бұл Иорданиядағы қазақстандық азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей әсері болуы хақ. Сондықтан, бұл қауіптің алдын алу күн тәртібінде тұрған мәселе деуге толық негіз бар.
Бұған дейін еліміздің арнайы органдары саяси тұрақсыздық белең алуына байланысты Египет пен Ливияда оқып жатқан жастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елге қайтарғаны белгілі.
Осыларды ескере отырып және ҚР Дін істері агенттігінің өтінішіне орай, «Ислам білімі мен мәдениетін қолдау» қоры «Шәкірт» ислам оқу орындарының оқушылары мен түлектері» қоғамдық бірлестігімен тізе қоса отырып, бүгінде екі жасөспірімді елге қайтарудың барлық жолдарын қарастырып жатыр.