Могиканның соңғы тұяғы

Могиканның соңғы тұяғы

Могиканның соңғы тұяғы
ашық дереккөзі
476

Ермек Тұрсынов бір сұхбатында «Шал» фильмін о баста Асанәлі Әшімовке арнап жазғанын айтады. Режиссердің көзімен қарасақ, Асекеңнің түр-тұлғасы да, болмыс-бітімі де Сантьягодан айнымайды екен. «Содан сценарийді жаза бастадым. Орта тұсына келгенде қарасам, сценарий үлкейіп, оқиғаның өрбуі ширығып, актерге жүктелер міндет қиындап бара жатыр. Қасқырлармен төбелеседі, суға түседі, отқа күйеді дегендей. Ал мен Асекеңді өте жақсы көремін, сыйлаймын. Сүйікті актерімді ондай қиындыққа қимадым. Шыны керек, Асекеңді аядым… Бұл жерде аямайтын, қиыншылыққа қия алатын адам керек», – дейді

Ермек Тұрсынов.

Өз басым бұл режиссердің дарынды актер Асанәлі Әшімовті өте жақсы көретініне, сыйлайтынына сенем. Себебі адам ең жақсы көретін адамын ғана азап пен қиыншылыққа қимайды, ең арысы, оны кейіпкер етіп алуға арыңның алдында ұяласың. Ермек Тұрсынов бірде: «Осы бір өте талантты, тума талантты актерге арнап кесек, сүйекті киносценарий жазғым келеді. Бірақ жаза аламын ба, білмеймін… Ол кісі қазір нағыз бабында. Өз рөлін күтіп жүр. Дарынды актердің алдында кінәліміз…», – деді. Мен ойланып қалдым… Асанәлі Әшімовке арнап жазылатын киносценарийді, кесек киносценарийді күтіп жүрген көрерменнің бірі – менмін.

Оның өзі – бір театр. Оның өзі – бір «Қазақфильм». Оның бір өзі қазақ киносының көшін қаншама уақытқа алға жылжытып тастағанына тарих куә! Егер ол «Қыз Жібектен» басқа ешқандай киноға түспесе де, жалғыз Бекежан бейнесімен-ақ қазақ киносының тарихында есімі алтын әріппен жазылып қалар еді.

Асанәлі Әшімов айтады: «Бекежан­ның жалғыз қорғаушысы, адвокаты – мен­мін. Бекежан – нағыз ер мінезді, қай­сар, намысшыл, өжет. Бұрынғы біз­дің қазақтар өлсе, намыстан өлген. Намыс жолында жанын да құрбан еткен. Бекежан – бәрінен намысты жоғары қойған ер».

Бекежанның жалғыз қорғаушысы ол кісі емес. Бекежанды талай ботакөз бойжеткендердің шырылдап, қызғыштай қорғағанын көргенбіз. Орта жастағы әйелдердің, өрімдей қыздардың «Мен Бекежанға ғашық болдым» дегенін естігенбіз. Олар Бекежан бейнесі арқылы Асанәлі Әшімовке, актердің талантына тәнті болып, ғашық болды.

Біздің ауылдың адамдары «Қыз Жібекті» теледидардан қанша көрсетсе де, көруден жалықпайды. «Қыз Жібекті» әр көрген сайын Сәрсен көкем Алматыда шипажайда емделгенін, сол кезде Асанәлі Әшімовті көргенін, тіпті «Бекежанмен» қол алып, амандасқанын айтып, мақтанатын. Бақырауық Құрбан күс-күс қолына ұзақ қарап: «Биыл картошканы көп сатып, Алматыға барып демалам. Сонда арнайы Бекежанды іздеп барам. Ойбой-оу, тірі Бекежанды көру арманым ғой, арманым», – деп қоятын. Құрбан көкем арманына жете алмады. Осыдан бір жарым жыл бұрын дүние салды…

Шіркін, осы бір қайта тумас актердің талантын танытатын тағы бір ғажайып рөл болар ма еді? Шын талант өзімен өзі жарысады. Өзімен-өзі бәсекелеседі. Маған Асанәлі Әшімов өзімен-өзі бәсе­ке­лесіп, өзімен-өзі жарысып жүргендей көрінеді.

Кәукен Кенжетаев дүние салғанда Асанәлі аға «Могиканның соңғы тұяғы» дүниеден озды», – деп күңіренді. Сонда жүрегім шым етті. «Асанәлі аға, «могиканның соңғы тұяғы» сіз ғой, сіз!» дедім ішімнен. Шынымды айтсам, содан кейін Асанәлі ағамен бетпе-бет жолықсам да, теледидардан көрсем де, ұзақ қарайтын болдым. Себебі ол мен үшін «могиканның соңғы тұяғы».

Ол кісі туралы ойымды қазақы ұғымға жақын айтуға болады, әрине. Неге екенін білмеймін, Асанәлі ағаның «Кәукен Кенжетаев могиканның соңғы тұяғы еді ғой» дегені маған қатты әсер етті. (Әрине, Джеймс Фенимор Купердің «Могиканның соңғы тұяғы» романын оқып, сүйсінгенім өз алдына).

Ол кісі бір сұхбатында: «Жақсы актермен серіктес болудың өзі – бақыт. Режиссердің айтқанына әркез бас шұлғи беретін актер шахмат ойынындағы пешкамен тең. Актер өз рөлінің авторы болмай, кейіпкер жасауы мүмкін емес»,– деп актердің жауапкершілігі үлкен екенін баса айтады.

Меніңше, Асанәлі Әшімов шахмат ойнауды қалай жақсы меңгерсе, режиссердің «жүйкесімен ойнауды» да жақсы меңгерген секілді көрінеді. Менің танымымда, жақсы режиссер «актердің жүйкесімен», ал жақсы актер «режиссердің жүйкесімен» ойнай біледі. Ал «психологиялық соғыс» ойынында күйрек кеткен режиссер – режиссер емес, актер – актер емес.

Бірде теледидардан Асанәлі Әшімовтің сұхбатын тыңдадым. Қазақ киносының мэтрі: «Кезінде біреулер мен туралы «Шәкен Аймановтың күйеу баласы. Бас­ты рөлдерде ол ойнамағанда, кім ойнайды?! Қайын атасы рөл алуына көмектесіп жатыр» деп біраз алып-қашпа әңгіме айтты. Мен тіпті Шәкен Айманов «Атаманның ақырына» шақырғанда, «Қыз Жібекке» түсіп жатырмын» деп бас тартып, ақымақ бола жаздағам» дегенде ойланып қалдым. Құдайым-ау, қазақта Асанәлі Әшімовтей талантты актер енді туа ма, тумай ма? Ол тума талант қой! Дарынды адам өзінің қажыр-қайратымен, еңбегімен ғана жетістікке жетеді.

Қасым Жәкібаевтан: «Сіздіңше, қазақта ең мықты актер кім?» – деп сұрасам, «Асанәлі Әшімов! Немене тақияңа тар келіп тұр ма? Өзің де білесің. Білген нәрсеңді мыжып сұрау жақсы ма?» деп өзімді ұрсып, ұрсып тастайтын. Әлден соң «Оған бізге жету қайда? Ол мықты ғой, мықты. Қазақ киносының бағы. Голливудтың талай мықты деген актерін шаң қаптырады» деп шынайы пікірін айтатын. Шын дарын шын суреткерді мойындаса – бұл да ерлік.

Асанәлі Әшімовпен сұхбаттасқанымда да Қасым Жәкібаевтың шығармашылығын өте жоғары бағалайтынын байқадым.

«Қайбір жылы Жастар театрында Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» пьесасын сахналадым. Бекен шалдың рөлінде Қасекең ойнады. Табиғи талантты актермен жұмыс жасаудың режиссерді қаншалықты қуанышқа бөлейтінін режиссерден артық ешкім білмесе керек. Қасекеңе режиссер ретінде ақыл айтудың өзі артық. Ол нені, қалай ойнау керектігін режиссерден кем білмейді. Тек бағыт-бағдар берсең болғаны. Қасекеңнің ойынын көріп отырып, санаторийде жатқандай демаласың», – деп сүйсінген болатын.

Шәкен Айманов «Асанәлі – менің ашқан жаңалығым» деп балаша қуанған екен. Ал мен бұл актерді «қазақ киносында құбылыс тудырған актер» дер едім. Иә, қазақ киносындағы, ұлт театрындағы құбылыс!

Ол кісі бір сұхбатында: «Актер таза­лықты, шындықты кішкентай баладан үй­рену керек. Бала құмда ойнағанда қолын­дағы затты машина етіп ойнайды. Өзі соған сенеді. Актер де бала сияқты қолындағы нәрсесіне шын сену керек. Өзгені де сендіру керек. Өзі шын сенсе, көрермен де сенеді»,– депті.

Сахнада Асанәлі Әшімов көрерменін сендіргені сол: оның комедиялық рөліне көрермендер ішек-сілесі қатып күледі, сосын ойланады. Себебі актер ойыны ойландырады. Оның трагедиялық рөліне көрермендер мұңаяды, жылайды, сосын жұбанады. Себебі актер ойыны жұбатады.

Әшірбек Сығай Асанәлі Әшімовтің шығармашылық портретін жазды. Актер ерекшеліктерін сыншы дөп басады. «Сөз сөйлеу мәдениетіне, кейіпкердің әрекеттену сипатына баса мән беру – ежелгі әдеті. Физикалық, пластикалық, психологиялық даярлықтарын айқын танып-білесіз. Ол ерекшеліктері рөлде­рінің өн бойынан анық байқалады.

Асан мен Дон Жуанның сөз сөйлеу мәнерлеріндегі жылдамдықтарды еркін меңгеру үшін қандай айқын дикция қажет десеңізші?! Титтей де дамыл таппас қызыл тіл, тас кескендей өткір сөз, қысқасы дамылсыз диалогтар мен жауапты монологтарға құрылған күрделі кейіпкерлер жан дүниесі өзінің табиғи интонациялық нақыштарынан қол үзбеді. Бұл әлбетте, актерлік қабілеттің жемісі. Ерен еңбектер нәтижесі», – деп жазады. Дәл, анық айтқан.

«Ол сахналық импровизациялық тап­қырлықтарға ұста. Қиыннан қиыс­ты­рып, қиялдан тудырып дегендей, күт­пеген жағдайларда, табан астынан әлденелерді ойлап тауып, көрермен қауым түгілі, өзінің сахналас әріп­тестерін таңғалдыра састырып жатары жасырын емес. Комедияларда болса бір сәрі ғой, тіпті драмалық, трагедиялық дүниелерде күлкіге түрткі боларлық әрекет нышандарын кірістіріп жүргені. «Қозы Көрпеш-Баян сұлудағы» Қодар – Әшімов, Жантық – марқұм Молдабеков жекпе-жектері жатқан бір кісі күлерлік алай-түлей іс-әрекеттердің тасқынына айналушы еді. Екі талантты актердің драматург мәтінінің шеңберінен шықпай, ым-ишараттармен, қимыл-әрекеттерімен, қас-қабақ, көзқарастарымен қалжыңдасып, астарлы интонацияларымен әзілдесулері нағыз орындаушылық шеберлік үлгілері еді»,– дейді актер шығармашылығын терең зерттеп, зерделеген Әшірбек Сығай.

Досы Әнуар Молдабеков дүниеден озғанда «Әнуар-ау, енді мен сахнада кіммен бәсекелесем…» деп Асанәлі аға жылаған деседі. Олардың бәсекелесі көреалмаушылықтан, қара қызғаныштан туған бәсекелестік емес еді. Екі дарын бірін-бірі қамшылап, өнердің тайталасын тудыратын.

Шын дарынды адам сахнада өзімен бәсекеге түсе алатын әріптесі болғанын армандайды екен. Сондықтан, Асанәлі Әшімовтің өкініші де шынайы еді.

Бүгінде актер Әуезов театрының сахнасында Гауптманның «Ымырттағы махаббат» спектакльінде Маттиас рө­лін ойнап жүр. Кешіріңіз, Асанәлі Әшімов Маттиас рөлінде ойнамайды, аны­ғы кейіпкерінің тағдырымен өмір сүреді. Ол бұл рөліне де мәңгілік ғұмыр сыйлады. Себебі ол табиғатынан талантты жаратылған Асанәлі Әшімов қой!

Аягүл МАНТАЕВА

Серіктес жаңалықтары