Көгілдір отын кеміп барады

Көгілдір отын кеміп барады

Көгілдір отын кеміп барады
ашық дереккөзі
277

Ақшұнақ аяз бет қаратпай тұр. Бұл суықта еліміздің өңірлерінде үйін жылыта алмай дал болғандар қаншама… Алматы облысының шеткері аудандарында да табиғи газдың берілуі бәсең. Көрші Қырғыз елінде де газдан тапшылық көрген тұрғындар қақаған суықта бүрсеңдеп жүр.

Қазақстан газын тұтынатын Қырғызстанның солтүстік аймақтарына газ бармай қалды. Газ тасымалымен айналысатын отандық «ҚазТрансГаз» компаниясы газды азайтатынын алдын-ала ескерткен. Көгілдір отынның аз көлемде жіберілетінін тұрғындар білген. Бұл облыста 240 мың жергілікті тұрғын бар. Ал Өзбекстан болса бұл уақытта газ жіберуді мүлде тоқтатып тастаған. «ҚазТрансГаз» компаниясының ресми мәліметіне сәйкес, көрші елге жіберілетін газ көлемінің азайтылуы – ауа температурасының күрт төмендеп кетуінен туындаған жағдай. Күннің күрт суытуынан өз еліміздің оңтүстігінде газға деген сұраныс артып отыр. Дегенмен, көрші елге газ тасымалы мүлде тоқтаған жоқ, тек уақытша көлемі төмендетіліп отыр.

Жалпы, Қырғыз Үкіметі Қазақстан газына 26 миллион доллардай қарыз. Сонда да бұл қарыз кейінге шегеріліп, газ беру ешуақытта тоқтатылған емес. Бұл жағдай бірінші рет емес. Осыған дейін сан мәрте қайталанып, екі ел Үкіметінің басты мәселелеріне айналған қарыз бұл. Сондықтан газды азайту арқылы еліміз қарыз төлеуді ескертсе керек.

Ал 2011 жылдың басында Қырғызстан Өзбекстанмен табиғи газ тасымалы жөнінде келісімге келген. «Қаңтарда оның бағасы мың текше метріне 223 доллар көлемінде белгіленген болатын. Кейін өзбек тарапы бағаны 243 долларға дейін көтерді, нәтижесінде баға 278 долларға дейін шарықтап кетті. Біз тұтынушылар үшін тарифті бұрынғы деңгейден асырмай ұстап келдік, енді, міне, Қазақстаннан арзан отын сатып алу мүмкіндігі туып отыр», – деп түсіндірген болатын «Қырғызгаз» ААҚ бас директоры Тұрғынбек Құлмұрзаев.

Тіпті, 2010 жылдары Өзбекстан Бішкектің қарызына байланысты Қырғызстанның оңтүстігіне газ тасымалын азайтқан.

Көрші мемлекеттен қарызға газ сұрау Қазақстан тәжірибесінде де бар. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында бұл жайында ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев хабарлаған еді. Жылыту маусымында Өзбекстан, Қытай және Ресейден 1,2 миллиард текше метр «көгілдір отын» қарызға алынады деп хабарлаған еді министр мырза. Жыл сайын «Газпромнан» тасымалданатын газ қарызға алынады және келесі жылыту маусымына дейін біртіндеп өтеліп келген. Алайда жыл өткен сайын инфрақұрылым орнап, өндіріс орындарының ашылуымен «көгілдір отынды» тұтыну көлемі артып келеді. Мұнай және газ министрі газ мәселесін осылай шешіп қойған еді.

Республиканың түкпір-түкпірінде көгілдір отын жеткізілмеген елді мекендер бар. Мұнай мен газдың елде отырып, экспортқа тонналап шығарған газдың мол қоры бар шалғай аудандарға әлі күнге дейін жетпеуін қалай түсіндіреміз? Алысқа бармай-ақ Алматы облысы ауылдарының біразына табиғи газ тартылмаған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев орталық облыс­тарды газдандыру жөнінде нақты тапсырмалар берген. Бірақ орындалу барысы баяу. Бұл орайда кеңестік кезең еріксіз еске түседі. Кеңес заманында салынған Қазақстан кеңістігіндегі магистральдық газ құбырлары негізінен Өзбекстан мен Түркіменстан «көгілдір отынын» Ресей мен Еуропа елдеріне жеткізуге бағытталған болатын. Олардың жиегінде орналасқан қалалар мен елді мекендер құбырға қосылып, газбен толық қамтамасыз етіліп отырған. Соңғы жылдардағы мұнай кен орындарында өндіріле бастаған ілеспе газ көлемдері жергілікті сұранысты қаматамасыз етумен шектелді: Амангелді кен орыны Жамбыл облысының тұрғындарын, Жаңажол ілеспе газы Ақтөбе облысын, Құмкөл газы Қызылорда қаласын жабдықтайды.

Газға сенім артып алғанымыз соншалық, қалалы жерлерде газ берілуі тоқтаса, тіршілік тоқтап қалғандай болады. Сонда да Алматы қаласы үшін газ тұтыну – 23 теңгеден, ал батыс өңірлерде – 4 теңгеден. Айырмашылық жер мен көктей. Әйтсе де, Алматы үшін газ бағасы арзан саналады екен.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары