Сәбидің құқығы қорғала ма?

Сәбидің құқығы қорғала ма?

Сәбидің құқығы қорғала ма?
ашық дереккөзі
265

Жетімі мен жесірін жылатпаған, тарихында түрме мен жетімдер үйі болмаған Қазақтың бүгінгі ұрпағы қазір Жетімдер үйіндегі көгенкөздердің құқығын қорғау, ажырасу санын азайту, оң босағада отырып қалған кәрі қыздарын күйеуге беруді күн тәртібіне шығарған. Сорақысы сол, соңғы кездері бауыр еті баласын өз еркімен тастанды еткен «көкек» аналарға енді алимент төлеуден қашқан «көкек» әкелер қосылды…

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, еліміздегі жетім балалар саны 2009 жылы 42 494 бала болса, 2011 жылы олардың саны 5 717 балаға азайғанын айтады. Ал қазір Қазақстанда 36 777 жетім бала және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар көрінеді. Көрсеткіштің жақсаруына, анығында, жетімдер үйіндегі көгенкөздердің азаюына соңғы жылдары бала асырап алуда басымдықтың отан­дас­тарға берілуі де игі әсер еткен. Мысалы, былтыр қазақстандықтар 3219 балаға әке мен ананың жан жылуын сыйлаған Бұл 2010 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, 119 балаға артық екен. Демек, бақытты балалардың қатары көбеюде. Жетімі мен жесірін жылатпаған қазақтың елінде жетімдер үйі деген тіпті атымен болмаса да құп еді. Бірақ амал қанша, тағдыр тәлкегіне түскен мыңдаған бала шарқ ұрып анасын іздейді… Еліміз, жұртымыз үшін ауыр қасіретке айналған осы түйткіл Елбасының өткен аптадағы халыққа Жолдауында да айтылды. «Бейбіт өмірдің өзінде бізде мыңдаған жетімдер бар – балалар үйлері толы. Бұл, өкінішке қарай, жалпыәлемдік үрдіс және жаһанданудың сынағы. Бірақ біз бұл үрдіспен күресуіміз керек. Мемлекетіміз бен қоғамымыз жетімдерді асырап алуды және отбасы типіндегі балалар үйлері салынуын көтермелеуі қажет. Ерлердің әйелдер мен балаларға мүлдем жауапсыз көзқарас танытқан оқиғаларының саны өсуде. Бұл біздің дәстүрімізге, мәдениетімізге тіптен жат. Балалар – қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және олар құқықсыз болуға тиіс емес. Елбасы ретінде мен әрбір сәбидің құқығы қорғалуын талап ететін боламын», – деп мәлімдеген Н.Назарбаев Қазақстан топырағында туған әр сәбиді мемлекет қамқорлығына алуға тиіс екендігін ескертті.

ҚР Статистика жөніндегі агенттіктің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 4 млн. 300 мың отбасы бар және олардың орташа құрамы 3,5 адамнан келеді екен. Ал жеті, одан да көп мүшесі бар отбасылар небәрі 8 пайызға тең. Қазақстанда соңғы 5 жылда некеге тұрғандар саны 683 мыңға жетсе, 179 800 ажырасу тіркелген. Яғни, некеге тұрушылар 14,4, ал ажырасушы жұптар 21,6 пайызға артқан. Осы уақыт аралығында дүниеге келген баланың 20 пайызы некесіз туған. Елбасы Жолдауында: «Мен ажырасуға қарсымын, жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігі рухында тәрбиелеу керек, өйткені, оның салдарынан, ең алдымен, балалар зардап шегеді. «Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді». Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті. Ал болған іс болған екен, онда әке алимент төлеуге тиіс. Мемлекет жалғызбасты аналарды қолдауы және алимент төлемегені үшін жазаны күшейтуі керек», – деп баса айтуы тегін емес. Өйткені, «Аман-саулық» қоғамдық қоры прокуратура органдарымен бірлесіп өткізген шарның нәтижесінде, бүгінде Қазақстанда кәмелетке толмаған 100 мың балаға әкелері алиментті төлемей отырғаны анықталған. Соңғы 5 жылдың ішінде өз балаларына алимент төлемей жүрген әкелердің саны 25 пайызға артса, олардың төрттен бірі – мемлекеттік органдардың қызметкерлері. Сындарлы орталықтар одағының директоры Зүлфия Байсақованың айтуынша, алимент төлемейтін әкелердің барлығы да жұмыс істейді: «Алиментті тек жұмыс істемейтіндер ғана төлемейді деген көзқарас қате. Акция өткен бір айдың ішінде бізге 153 жалғызбасты ана алиментті төлемеу жөніндегі арызбен хабарласты. Олардың ішінде тек 7 оқиға бойынша отағасы жұмыс істемейтін болып шықты. Басқалары болса, жоғары қызметтерді атқарып, жақсы жалақы алады».

Өкінішке қарай, әлеуметтік ахуалдың төмендігі, «басына тартсаң, аяғына жетпейтін» қу тіршіліктің күйбеңі ересектер арасында ата-аналық парызын орындауға құлықсыздар санын көбейткен. Мәселен, сапасыз тәрбие, ішімдікке салыну, нашақорлық, қылмыс әлеуметтік жетімдердің көбеюіне әкеліп отыр. Осының салдарынан, еліміздегі 5 млн. жуық баланың 17 мыңы жағдайы төмен немесе нашар отбасында тәрбиеленуде. 11 мың бала ішкі істер органдарында тіркелген. Олардың мәліметіне сүйенсек, жылына 10 мың қаңғыбас бала құзырлы органдардың назарына ілігетін көрінеді. Қазіргі кезде еліміздегі ерекше қамқорлықты қажет ететін жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар саны 38386 балаға жетсе, олардың ішіндегі 22067 бала қамқорлыққа алынған, ал 2267 бүлдіршін патронат тәрбиесінде. Сонымен қатар 14052 бала білім беру, денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау жүйелерінің 210 ұйымында тәрбиеленіп жатыр. Олардың 15 пайызының ғана ата-анасы қайтыс болса, 80 пайыздан астамының ата-анасы тірі бола тұра жетім атануға мәжбүр.

1994 жылы Қазақстан балалардың құ­қықтары туралы БҰҰ конвенциясына­ қосылды. Осының нәтижесінде ҚР «Неке және отбасы туралы» Заңда «Ата-ана­ларының қамқорлығынсыз қалған ба­лаларды анықтау және орналастыру» деген арнайы тарау қарастырылған. БҰҰ кон­вен­ция­сының негізгі қағидалары саналатын бала құқықтарын қорғау мәселесі аталған заңда бекітілген. Бірақ осы мәселеде кемшін түсетін тұстар да баршылық. Мысалы, жетім балаларды бауырына басуға мүдделі ата-аналарға төленетін жәрдемақы көлемін арттыру керек. Негізі 2010 жылдан бастап патронатты ата-аналарға 10 айлық көрсеткіш көлемінде жәрдемақы төлене бастаған екен. Алайда нарықтағы баға мен инфляцияның уақыт өткен сайын өсіп отыратынын ескерсек, бұл ақыға үс­теме қозылуы тиіс екендігі анық. Тағы бір­ мәселе, Жетімдер үйінде тәрбиеленіп шыққан жасөспірімдердің тұрғын үй қа­ты­нас­тары туралы заңға сәйкес 23 жасқа дейін пәтер алуға құқығы бар. Анығында, кәмелет жасқа толғаннан кейін кезекке тұрғанымен, 23-ке келгенде кезектен алынып тасталады. Мамандар қауымы осы межені 23 жастан 29 жасқа дейін көтеру керектігін айтады. ҚР Президенті Н.Назарбаев шетелдік азаматтар асырап алған қазақстандық балалардың құқығын қорғау мақсатында 2010 жылдың 12 наурызында ҚР «Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенциясын ратификациялау туралы» Заңды қабылдады.

Кез келген шаңырақты базар ететін баланың тәрбиесі – өз алдына бөлек әңгіме. Елбасы бұл мәселеде де көкейге қонатын ой айтты: «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек. Мен өскелең ұрпақтың озық білім алуы үшін мүмкіндік туғызуға көп күш жұмсадым: «Балапан» бағдарламасы жүзеге асып, Зияткерлік мектептер, Назарбаев Университеті, «Болашақ» бағдарламасы жұмыс жасап жатыр. Өздеріңіз білесіздер, оған тек дай­ын­дығы бар және дарынды балалар ғана өте ала­ды. Баланы білім мен еңбекке дайындау – ата-ананың борышы».

«Бар жақсылық балаларға» ұраны барлық ата-ана үшін қағидаға айналуы қажет» деген Президент Қазақ Үкіметіне бірқатар міндет жүктеді: «Ана мен баланы қорғау, сондай-ақ, отбасы және неке саласында заңнаманы түбегейлі қайта қарау; ана мен балаға қарсы бағытталған қылмыс үшін, сондай-ақ,осы саладағы ең ұсақ деген заңбұзушылықтар үшін жазаны күшейту; туу мен көп балалы болуды ынталандыру жүйесін реформалау – жеңілдетілген салық, медициналық және әлеуметтік қызмет, еңбек нарығында жаңа мүмкіндіктер беру және сол сияқты материалдық және материалдық емес ынталандыруларды қамтитын шаралар кешенін әзірлеу; елде жыныстық ерекшелігі бойынша кемсітушілікке жол бермеу және іс жүзінде гендерлік теңдік пен әйелдерге ерлермен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл орайда мен сөзімді ең бірінші жұмыс берушілерге арнаймын».

Қазіргі кезде еліміздегі ерекше қам­қор­лықты қажет ететін жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар са­ны 38386 балаға жетсе, олардың ішіндегі 22067 бала қамқорлыққа алынған, ал 2267 бү­лдіршін патронат тәрбиесінде. Сонымен қатар 14052 бала білім беру, денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау жүйелерінің 210 ұйымында тәрбиеленіп жатыр. Олардың 15 пайызының ғана ата-анасы қайтыс болса, 80 пайыздан астамының ата-анасы тірі бола тұра жетім атануға мәжбүр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары