Жемқорлықпен күрес жалғаса береді

Жемқорлықпен күрес жалғаса береді

Жемқорлықпен күрес жалғаса береді
ашық дереккөзі
410

«Ит қорыған жерге өш» демекші, еліміздегі жемқорлықпен күрес күшейген сайын коррупциямен қолға түсетін ірілі-ұсақты мемлекеттік қызметкерлер, тіпті, құқық қорғау органдарының өкілдері көбейіп барады. Ал жемқорлық кез келген мемлекеттің экономикалық дамуы мен әлеуметтік ахуалының жақсаруына кедергі, сондай-ақ, саяси тұрақтылыққа, ұлттық қауіпсіздікке және мемлекеттік тұтастыққа төнетін қатер.

Жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық кез келген мемлекетті іштен ірітеді. Елбасы күні кешегі Жолдауында «Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс», – деп ашық айтты. Өйткені, «жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады». Елбасының бұлайша алаңдауы тегін емес. Өйткені жемқорлық – ел экономикасы мен әлеуметтік дамуына ғана емес, жалпы ұлттық және мемлекеттік қауіпсіздік пен тұтастыққа төнетін қатер. Жемқорлықпен күресті жете зерттеген фин ғалымы Сеппо Тиихоненнің айтуынша, халықтың қауіпсіздігі мен ауқаттылығы биліктің атқарушылық міндетті мүлтіксіз орындау деңгейіне байланысты: «Жемқорлық – мемлекеттік биліктің дерті. Ол заңның үстемдік құруына кедергі жасайды және саяси тұрақтылық пен әлеуметтік біртұтастықтың құрылымдық негіздерін әлсіретеді, экономикалық дамуды баяулатады». Өкінішке қарай, Қазақ билігі, анығында шенеуніктер, мемлекеттік қызметкерлер, тіпті, құқық қорғау органдарының өкілдері арасында пара алумен тұтқынға түсетіндер, яғни жемқорлыққа жол беретіндері жиі кездеседі. Халықтың қамын ойлайды деген билік өкілдерінің арасында коррупциямен ұсталғандары да бар.

Transparency International зерттеулеріне сүйенсек, 2012 жылы Қазақстан жемқорлықпен белсенді түрде күресетін елдер тізімінде 133-орынды иемденді. Жалпы саны 174 мемлекет сарапқа салынған зерттеуде Иран, Гондурас және Ресеймен бір сатыда тұрған Қазақстан, Беларусь, Молдавия мен Армения сияқты посткеңестік елдерге есе жібереді. Әлбетте, жемқорлыққа қарсы күрес барлық салада жан-жақты жүргізілгенде ғана іс нәтижелі болмақ. Осы орайда, Н.Назарбаев: «Біз түпкі мақсатымыз – жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керек», – деп мәлімдеді.

Жолдауда Елбасы тарапынан баса назар аударылған мәселелердің бірі – құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерде реформасын жалғастыру. «Онсыз біз тәртіпсіздікке мүлдем төзбеуді қалыптастыру және жемқорлықты түбірімен жою жөніндегі міндеттерді шеше алмаймыз. Біріншіден, соңғы үш жылда құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің бірқатар маңызды реформалары жүргізілді. Бұл – мемлекеттікті нығайтудың маңызды қадамы. Олардың жұмысының құқықтық базасы жақсартылды. Функциялары нақты айқындалды. Қызметтің қайталануы жойылды. Қылмысқа қатысты саясат ізгілендірілді. Барлық құқықтық құрылымдардың қызметкерлері түгелдей аттестаттаудан өткізілді. 100 мыңнан астам адамнан 12,5 мың адам аттестаттаудан өтпей қалды және органдардан босатылды. Екіншіден, біз бұл жұмысты одан әрі жалғастыра береміз», – деген Н.Назарбаев Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесіне және Үкіметке бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, құқық қорғау органдары қызметкерлерін ақшалай қамтамасыз ету және зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын дайындау; 2013 жылдан бастап арнайы атақтар үшін төленетін қосымша ақы мөлшерін әскери атақтар бойынша төленетін жалақы деңгейіне дейін көтеру; құқық қорғау органдарының Кадр саясаты тұжырымдамасын әзірлеу; жоғары аттестаттау комиссиясы базасында құқық қорғау органдарындағы кадр саясаты жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін құрылым құру; құқық қорғау және арнайы органдар жетекшілерінің Президентік резервін қалыптастыру.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары