Ұрыны қонаққа шақырсаң, қораңа көз салып отырады...

Ұрыны қонаққа шақырсаң, қораңа көз салып отырады...

Ұрыны қонаққа шақырсаң, қораңа көз салып отырады...
ашық дереккөзі
204

Ұлы Абай: «Ұяттың екі түрі бар, – дейді. – Оның бірі – адамдықтан туа­тын, ал екіншісі – жағымсыз іске, қылыққа ұялу. Шын ұят – ақыл-парасаттың ісі». Ал Бауыржан Момышұлы «Қанмен жазылған кітапта» бұл ұғымға былай деп анықтама берген: «Ұят – жасаған әрекетіңнің жөнсіздігін түсінушілік. Намысқа кір келтірушілік, моральдық рухтың асқақтығын қорлау – масқара болушылық». Істі болып сотқа келген адамдардың арасында, өкінішке қарай, өз істеген әрекетіне ұялатындар аз. Мысалға мына екі істі саралап көріңіздер. Бірі – кәрі, бірі – жас. Екеуі де өз істеген істеріне бір мысқал да ұялған жоқ. Ал ұялу керек еді.

Төрт қаздың сорпасы

Жасы 74 жасқа жеткен Лидия апай сырт көзге тың, арақ ішпейді, ақыл есі дұрыс. Тәп-тәуір тұрмысы да бар. Айналасындағылармен қарым-қатынасы жақсы. Ара-арасында жастарды өмірге баулып, ақыл айтып та қояды. Төрінен көрі жуық кейуана өмірде табиғатпен етене жақындасып, жер қазып, бақша еккенді ұнатады. Таң атқаннан кеш батқанша бақшасынан шыққысы жоқ. Лидия апай үшін дүниенің қызығы осы бақша. Тек оның мазасын алып, түн ұйқысын қашырған көршісі Ләззаттың қаздары. Кәдімгі үй құстары. Апайдың көзі тайса болады-ақ, аңдып жүргендей төрт қаз балпаңдап бақшаға кіріп алып, тайраңдайды-ай кеп. «Көктамақ келгірлер, сазайларыңды берем…», – деп апайдың қашан көрсең де айғайлап жатқаны.

Оқиға болатын күні Лидия апай таңертең тұрып, бақшасына барғаны сол еді тайраңдаған төрт қаз тағы да дақылдарын армансыз таптап, қияр мен картоп гүлдерін теріп жеп, рахаттанып жүр екен. Ашуланған апай мұндай тірлікті әрі қарай жалғастыруға болмайтынын сезді. Өйткені ол көкөніссіз қалуы мүмкін. Сол күні ашуланған апай оларды қуған да жоқ. Өз ойын ішіне түйіп, қолын бір-ақ сілтеді. Қас қарайысымен тайраңдап жүрген төрт қазды еш қиындықсыз ұстап алды да, сарайға апарып, бастарын балтамен шауып-шауып тастады. «Ал енді не жер екенсіңдер, сендер жаз бойы менің бақшамдағы көр-жерді жедіңдер, енді ертең мен сендерді асып жеймін…», –деп ойлады. Сөйтті де өлі қаздарды сарайдың бір шетіне лақтыра салды.

Ләззат жұмыстан келе салысымен қаздарын іздеген. Еш жерден таба алсашы. Қас қарайып қалған болатын. Жүгіріп қасындағы құдайы көршісі Лидия апайдың үйіне барды. Лидия апай басын шайқады. Көрген жоқпын. Ләззат аң-таң. Олар алысқа кетпейтін. Таңертең Ләззат ерте тұрып, сиырын сауып келді де, жан-жақты шолып, қаздарын тағы да іздей бастады. Іздеу ешқандай нәтиже бере қоймады. Не істерін білмей дел-сал болып үйіне келе жатыр еді көршісі Лидия апайдың ауласына көзі түсіп кетті. Масқара, мына қызықты қараңыз! Лидия апайдың келіні Виктория басы жоқ бір қазды ыстық суға малып алып, жүнін жұлып отыр. Түр кескіні өзінің қазына ұқсайтын сияқты. Ләззат ой жетегінде тұрып, көршісінің ауласына жетіп барғанын сезбей қалды. Осы кезде Лидия апай үйден шығып келе жатқан. Ләззат Лидия апайға қарап: «Мынау менің қаздарым ба?» деген сұрақты әрең қойды. Лидия апай түк болмағандай: «Иә, иә… сенікі, бақшамдағы дақылдарымды жей берген соң, мен кеше кешке оларды ұстап алып, бастарын шауып тастадым», – деді күлімдеп. Ләззат не істерін білмей иығы салбыраған күйі үйіне қайтты.

Сол күні Лидия апай отбасымен қаз­дар­дың біреуін пісіріп жеді. Ертеңіне тағы, одан кейін тағы, сөйтіп төрт күнде төрт қаз желініп бітті. Сөйтіп апайдың арманы орындалып, оның бақшасы бұрынғыдай жайқалатын болды.

Сотта апай өз ісін мойындағанымен, әре­кетіне еш ұялған жоқ. Мен өз бақшамды қор­ғадым дегеннен басқа уәж айтпады.

Ақмола облысының Ақкөл аудандық соты Лидия апайды ҚР ҚК 175-бабы, 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 1 жылға бас бостандығын шектеді. Сондай-ақ одан жәбірленушінің пайдасына төрт қаздың құны – 20 000 теңге өндіріліп алынды.

Үкім заңды күшіне енді.

«Бэтман» бозбала

1991 жылы дүниеге келген Руслан Көкшетау қаласының тұрғыны. Кішкентайынан өгей анасының қолында тұрады. Өгей анасы өзінің мүгедек ұлы Саянға жасай алмаған бар жақсылығын Русланға жасауға тырысты. Аналық махаббатын да аямады. Бала Руслан елгезек болатын.

Руслан ерте есейді. Бір ғажабы, кішкен­тай­ынан шет ел киноларындағы паркурларды (үйден-үйге секіргіштер) көргенде есі шығып кететін. Спорттың осы түріне қатты әуес болып өсті. Қаладан өзі сияқты қызуқанды әуесқой бозбалаларды жинап алып, паркурмен айналысуды хоббиіне айналдырды. Сабақ оқу жайына қалды. Бұл, әрине жақсылыққа әкеп соққан жоқ. Кәмелет жасына толар толмаста алғашқы рет ұрлық жасап, істі болды. Ол онымен қоймады, оған судьяның берген алғашқы шартты жазасы сабақ болмады.

Сол күні әдеттегіше он шақты бала жиналып, Көкшетаудың шет жағындағы бір-біріне жақын үйлердің төбесіне шығып, секіру жарысы басталды. Ішінде Руслан да бар. Айыздары қанғанша секіріп ойнап, бәрі үйді-үйлеріне тарқасты. Тек кейбірі ғана жеке отырып, көңіл көтергілері келген. Руслан қалтасында ақшасының жоқтығын есіне түсірді. Достарымен қоштасып, қала көшелерімен ерсілі-қарсылы жүрді де қойды. Ол осылай жүріп армандағанды ұнатады. Бірде «Бэтман», бірде «Өрмекші адам» болып, өзінің биікке секіріп жүргенін елестетеді. Кейде қиялы алысқа жетелейді, шет елдерге баруды армандап, паркурмен шындап айналыссам деген ой да қаумалайды. Бірақ қалталы әкесі жоқ. Ал тағдырына өкпелеп мұның жүрген жүрісі мынау, қалтасында көк тиыны да жоқ. Сол кезде оның ойына өгей анасынан ақша ұрлап алсам қалай болар екен деген зымиян ой келді. Несі бар, ол жақында Саянның зейнетақысын алған. Барамын да, білдіртпей ұрлап аламын. Сосын бетім ауған жаққа қашамын. Бұл сәтте оған басқа еш ой келмеді. Жегі құрттай жеген зымыстан ойдың жетегімен Руслан түн ауа өзі тұратын үйдің үшінші қабатына секіріп мінді. Паркурмен айналысып, шыңдалып қалған балаң жігітке бұл түк қиын емес болатын. Балконға кіруін кірді-ау, ал ішке қалай кіреді? Ол жағын ойламапты да. Амалсыз плас­тик терезенің әйнегін қиратып салды. Тарсылдаған дыбыстан оянып кеткен мүгедек інісі бетін жауып алған ағасын алғашында танымай қалған. Жүрегі тас төбесіне шығып, «Анашым» деп айғайлауға ғана күші жетті. Русланға да тек анасы керек болатын. Сара апай өгей ұлын бірден таныды. «Балам, қоя ғой, қателік жасама, біз бір ай қалай өмір сүреміз? Соны ойладың ба?» деп еді, есіріп алған баласы ол сөздерді саралаған да жоқ. Анасын алдымен «өлтіремін» деп қорқытып, мүгедек баланың 27 000 теңге зейнетақысы бар сөмкесін шкафтың ішінен суырып алды. Көзі жасаурап, тиісті органға телефон шалғысы келген өгей анасын итеріп жіберді де, анасының енді тұра алмасына көзі жеткен соң түк болмағандай сыртқы есіктен шығып кете берді. Зар жылап қалған ананың айғайлаған сөзі мен көз жасы оны тоқтата алмады.

Сотта Руслан өз қатесін мойындады, бірақ кешірім сұраған жоқ. Істеген әрекетіне өкінген де жоқ.

Көкшетау қалалық сотының үкімі­мен ҚР Қылмыстық кодексінің 178-бабы 2-бөлігінің «а,г» тармақтарында көзделген қылмысты жасағаны үшін, бұрын да осындай қылмыс жасап істі болған 21 жастағы Руслан М. кінәлі деп танылды және оған жеке дүние-мүлкін тәркілеуімен қоса, жазасын қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінде өтеу үшін 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Сот оның іс-әрекетін қауіпті қылмысты қайталаушы деп таныды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

P.S. Қорыта айтқанда, адам өлтіру, ұрлық жасау, өтірік айту секілді күнәлар ең үлкен күнә болып табылады. Кішкентай күнә жасауды тоқтатпау үлкен күнәға, үлкен күнә жасауды тоқтатпау имансыздыққа алып келеді. Пайғамбарымыздың айтқанындай: «Иманы болған адам зина, ұрлық жасамайды».

Айсұлу Құлманбетова,

Ақмола облыстық сотының

баспасөз хатшысы

Серіктес жаңалықтары