ТӘУЕКЕЛШІЛ ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ТӘЛІМГЕРІ

ТӘУЕКЕЛШІЛ ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ТӘЛІМГЕРІ

ТӘУЕКЕЛШІЛ  ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ТӘЛІМГЕРІ
ашық дереккөзі
418

>…Уағында Мәшһүр Жүсіп Көпеев Бұқар жырау жайында: «Бұл кісі туралы айту үшін Аплатонның ақылы,Аюбтың сабыры керек»,– деген екен.

Әрине, біреуге аға,екіншіге іні,үшіншіге құрбы-құрдас болып келетін замандасымыз Дулат Әбіш Назарбекұлы жайында бұлай дей қоймаспыз, дегенмен де енді ғана «ердің жасы – елуді» еңсерген азамат туралы аз-кем әңгіменің тиегін ағытатынымыз рас және де оның кәсіби шеберлігімен қатар «Мен де адаммын жаралған сүйек,еттен» деп батыр Баукең өлеңдеткендей, оның көкейкесті армандарын,үлбір үмітін,тұғырлы тұлғасын, іші-бауыры елжіреп тұратын адами қалыбын да көрсету оңай емес.

Шындығында Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдарын үкіметтің көп үкілемей-ақ халықтың өз қолына беруі біршама таңданыс әкелді. Сөйтіп Шымкенттің шабыты шалқыған әрбір шаңырағынан үш-төрт газет, журнал шыға бастады. Қызық болды өзі… Таңертең дүңгіршікке бара қалсаңыз, бұрын-соңды болмаған үш-төрт газет пайда болады. Қағазы қатты, бірінші беті толған ақ тілек, ақсақал-қарасақалдардың алғысы, аяқ алысы тіпті алабөтен. Ай өтпей әлгі газетті күндіз қолыңызға май шам іздесеңіз де таба алмайсыз. Бірақ… онымен тоқтап тұрып қалмайды, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай тағы оншақтысы пайда болады… Әлі де солай болып жатыр…

Қазақстан Үкіметінің, оның ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің тәуелсіз БАҚ-тарға оң қабақ танытуы, оларды мүмкіндігінше қолдап отыруы еліміздегі тәуелсіз журналистердің қоғамдық пікірге ықпал ете алатын елеулі күшке айналуына септігін тигізді. Сонау Созақта, аудандық «Молшылық үшін» газетінде бас редактор боп қызмет атқарып жүрген менің қолыма 1996 жылдың 28 қыркүйегінен бастап жарық көре бастаған алақандай «Айғақ» дейтін газет тиді. Адымы ширақ, қозғайтын мәселесі мығым, батылдығы бірден көзге шалынып-ақ тұр…

Көп ұзамай Дулат Әбіш Назарбекұлымен танысудың, бетпе-бет отырып сөйлесудің сәті түсті. Қызығы сол, біз екеуміз ұзына бойына шұбатылып ағып жатқан Үлкен Бөген-Бала Бөгеннің суын ішіп ержетіппіз. Мамандығымыз мұғалім боп шықты. Орыс-қазақ филологиясын бір оқу орнында бітіріппіз.

Менің алғашқы жолыққанда түйсін­генім, өз ісіне сенетін, ерен күш пен қайраттың иесі екендігі болды. Түрі үндістердің фильмінде бас рольдерді сомдайтын әртістерге келетіндей. Әрине, қазақы қалып бар. Екпіндете сөйлейді, бірақ қысқа қайырады. Ойлары қызық, әрі тосын. Мысалы, менің «Газет қатқылдау екен. Жұмсартуға, ізгілендіруге болмай ма?! Әсіресе, әдеби-мәдени материалдарды молырақ беруге. Ал газет әзірге қылмыстық әлемнің қызық-шыжығына, қоғамда болып жатқан келеңсіздіктерге, т. б. көп көңіл бөледі екен. Мен аздап тарихқа қалам тартушы едім», – дегеніме, ол бірден: «Ағатай, ренжімеңіз, мен кәсіпкермін. Газет – менің тауарым», – дегені.

Пролетариат «көсемінің» «Идея когда овледевают массу, он становится силой» деген сияқты мән мен мәтіндегі көзқараспен өсіп-өнген санамызға бұл деген «сұмдық» әсер еткен сөз болды. Қазір кез келген журналистен сұраңызшы, газет деген не нәрсе деп. Олар, «бұл дегенің мәдениет, әдебиет, ақпарат, руханият т. т.», – деп сайрап қоя береді. Ал шындап келгенде бір кездері қоғам, оның ішінде «көшпенді өркениет» газет дегеннің не екенін білмеген емес пе?! Немене оларда сонда мәдениет, әдебиет, ақпарат, руханият болмаған ба?!

Осыдан кейін мен медиамагнат Мердок дегеннің өмірбаянын оқып шықтым. Ол Австралияда туыпты. Ғұмырында газет дегенді оқымапты. Байдың баласы болған соң барынша бей-жай қалыпта өмір сүріпті. Бір күні шарапханада шалқып-тасып жүргенде әкең өлді дегенді естиді. Есін жиып, жерлеуге қатысады. Бәрі біткен соң, үйіне оралса, қара құлып тұр. Әкесі жетімханаға мирас етіпті. Банкке барса, барлық ақшаны соларға аударыпты… Содан Мердок жанталасып жүріп, әкесінің достарын жағалап, қарызға жарытымсыз ақша алып, сол аймақта бірде шығып, бірде шықпай қалатын газетті сатып алады. Тақырыбын өзгертеді, оқылатын етеді. Тиражын өсіреді. Тағы басқа банкрот болған газетті қосып алады. Оған радионы, теледидарды тіркейді. Ақыр соңы әлемдік аренаға көтеріледі, аспан астын, жер үстін жаулайды, медиамагнатқа айналады.

Дулат Әбіштің айтқандарынан жадыма жақсы тұтылғаны – бүгінгі қоғамға ең керегі – сенімді информацияның өте жылдам жиналуы және таралуы. Оның айтуында Американың президенті Джон Кеннедиге қастандық жасаларда соның қосынында бір жай ғана журналист болыпты. Ол алғашқы оқ атылғанда-ақ жерге аунай кетіп, барлық болған жайды редакцияға хабарлап үлгеріпті. Ал ол қызмет істейтін баспасөз орталығы сол бір ауыз сөздің өзімен-ақ әлем халықтарын елең еткізіп, миллиондаған доллар тауыпты. Болса да журналист байып кеткен, елге аты шыққан…

Кей-кейде адамда пенделік деген болады. Бір тойда сөйленген сөздерді теледидардан тыңдап, газетке берілген нұсқасын қадағалап қарап отырсам шындығынан өтірігі көп болып шықты. Содан белгілі бір қаламгердің барлық шығармаларын сүзіп шығып, «Қырық өтірік» дейтін сыни-зерттеу мақала жаздым. Оны енді Дулат Әбіш шығарып жатқан «Айғаққа» алып бардым. Дәл сол уақытта Шымкент қаласында «Ленин» даңғылының аты өзгеріп, ғұлама ғалым әл-Фарабиге беру туралы бастама көтерілді. Кенеттен бір топ қария әл Фарабидің аты онсыз да аз дәріптеліп жатқан жоқ, ұлы бабамыз Бәйдібекке берейік деп үндеу тастады. Бұл әңгіме, әсіресе сол кездері Жұмамұрат Тұяқбай редактор болып тұрған қалалық «Шымкент келбеті» газетінде молынан талқыланды.

Кей-кейде құлағы түрік ағайын менен көп уғын-шуғын болған «Қырық өтірік» сыни-зерттеу мақаласын «Айғақ» газетінің басшысы Дулат Әбіштің өтінішімен жаздыңыз ба деп сұрап қалады. Бір қарағанда ол солай сияқты көрінеді. Себебі дәл сол уақытта «Айғақ» газеті Оңтүстік елінде ұлы мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың табан ізі қалған жерлерді түгендеп жатты да, ол дәл сол кездері жекешелендіріп кеткен Балабөген бойындағы Қонаев талай рет тоқтап дем алған, дәм татқан қонақүйдің қайтадан халыққа қайтарылуын, қасиетті орынды ең болмаса балаларға саяжай ету туралы орынды бастама көтеріп жатқан болатын. Дәл осындай сөздер сол кездері Бәйдібек ауданының әкімі Ш. Байғоновтың тарапынан да айтылып қалған еді.

«Қырық өтіріктің» бірнеше тарауы газетте жариялана салысымен оған қарсы өктем үндер естіле бастады. Әрине, мен авторлық құқығымды пайдалана отырып, түгелдей жариялауға күш салдым. Арты сотқа ұласты. «Мен өзімді түсінбейтіндерден күнде жеңілемін» деп Сырым батыр айтқандай , тездете «жеңіліп», кешірім сұрадым. Кейіннен соңы тіпті біз ойламаған оқиғаға ұласты. Бізбен дауласып, өз жазғанын нағыз «шындық» деп жүрген ағамыз, ақыр соңы опық жеп, дүмді біреулер бабаны сонау 6-7 ғасырда, Мұхаммед пайғамбардан, «Күлтегін», «Иоллығтегіннен» де әрірек өмір сүрген еткізіп , Ұлттық энциклопедияға енгізіп жіберді. Кім біледі, бүйте берсе олардан да «мықтылар» пайда болып, біздің жыл санауымызға дейінгі 2-ғасырда өмір сүрген бүткіл Ұлыстың түп қазығы – ұлы Үйсін мемлекетінен бір-ақ шығарса соның «Күнбиі» етсе таңданбайтын түріміз бар…

Баяғыда «Мәскеу-Тәшкент» темір жолы салынып жатқанда, бір қырдың қазағы көру үшін Түркістанға барыпты. Әрлі-берлі қойқаңдап жүргенде пойыз қағып кеткен көрінеді. Болса да лазаретке апарып, аяқ-қолын таңып, жоғары асып қойыпты. Артынан ағайын-туысқаны хал сұрап барса: «Әй, мен аман қалдым ғой, менімен соқтығысқан пойыз не болды екен?» – деп сұрайтын көрінеді.

Мұны айтып отырғаным, әрине, мен аман қалуын қалдым-ау, бірақ жаңадан ғана қанат жайып келе жатқан газетке қиын болды. Оны сол оқиғаға байланысты соттың шешімімен жауып тастау, болса да миллиондаған өтемақы алу күнтәртібіне қойылды.

Осынау сәтте мен Дулат Әбіштің «арыстан текті айбаттылығын, жолбарыс текті жүректілігін» көрдім. Ол мені кінәлаған жоқ, бар болғаны «сот процесін әртүрлі себептермен екі аптаға соза аласыз ба?!»–деді.

Оның тәуекелшілдігі, алғырлығы сол, екі апта ішінде газетті «Айғақ», «Айғақ-махаббат», «Айғақ-ақпарат» тәрізді бірнеше бөлікке бөліп, бұрынғы «күнәлі» басылымның «көзін» жойып үлгерді. Сөйтіп соттың «шешімі» далада қалды.

Осыдан кейін ол жаңа биіктерге – «Айғақ» теледидарын, «Айғақ» радиохабарлар тарату орталығын, жеке баспаханасын жасауға қызу кірісіп кетті және көп ұзамай сәтті бітірді де. Қазір Париждегі Эйфель мұнарасының пішінімен жасалынған шағын мұнара қаланың көркін кәдімгідей ашып тұр.

Бір қараған жұртқа осылардың өзі қалыбымен іске асып жатқандай көрінетіні бар. Бірақ ол олай емес. Ішіне үңілер болсаңыз, түпсіз тұңғиық сырына қанығасыз. Мысалы, «Айғақ» теледидарын ашқанда, айналадағы үйдің тұрғындарынан жан-жаққа «ултра-күлгін сәуле таратады» деген арыз қарша боратыпты. Содан аса құзырлы комиссия құрылып, тексеріп көргенде оның барлық мөлшері қолтелефонның өрісінен де аз боп шығыпты. Ал енді баспахана, болмаса теледидар орталығын құру үшін банктерден алынған ақшаларының сәтті пайдаланылуы, бірін – бірі жабуы, қарыздардың дер кезінде өсімсіз қайтарылуы, болса да нарықтық заңдылықтарды қатал сақтай отырып тендерге қатысу, гранттарды ұтып алу, жарнамадан жиналатын нәпақаны жолға қою сияқты мың-сан айналымдардан құралатын өмір өрнегі екенін түйсінгенде, оның кәсіпкерлік талантына еріксіз бас иесіз.

Бірде одан «Өтпей қалған артық газеттерді не істейсіз?» деген сұраққа, «Несі бар, тауық фабрикасына жұмыртқа орауға өткіземін» дегеніне елдің біразы жырқылдап күлгені бар еді. Әрине, ол күнделікті бұлай істей бермейді, болса да, елдің райын байқай отырып тиражын қысқартады, бірде көбейтеді. Ол басқа мәселе. Мұндағы жауаптың мән-мағынасы сол, «бізде ештеме артық емес, бәрін ретіне қарай пайдалануға тырысамыз» дегендік болатын. Өйткені газет тауар ретінде бағаланбаса, қағаз ретінде пайдалануға болады емес пе?!

Миллиондап ақша тауып, мемлекеттің мерзімді салығын төлеп, қыруар автокөліктерді жүргізіп, баспахана жұмысын жандандырып, оған тонналаған қағаздарды сонау Сібірден алдырып, тиыннан теңге құрап отырған оның қол ашықтығын, жомарттығын көп көрдім. Ол әсіресе, өз журналистерінің жағдайын жасаудың шебері. Пәтер әперу, көлікті ету, той-томалағын редакцияның атынан көтеру жылдардан жылдарға жалғасып келеді. Жақында ғана мен оның «Екпінді» орта мектебіне тұтас бау егіп беруге арналған тойына қатыстым. Жанымда белгілі қаламгер Серік Жанәбіл болды. Екеуміз сол ағаштарды бірге отырғызыстық.

Осындай халыққа деген қамқорлығынан болар ол қатарынан екі рет облыстық Мәслихатқа депутат болып, басым дауыс­пен сайланды.

Соның бірінде Төлеби ауданы, Ақбастау ауылының мешітінің имамы Құдайберген Базарбекұлы «Дулатты жеңіске жеткізген имандылық жолы» атты мақала жазды. Онда былай делінген:

«Дулат о бастан игілікті іспен тірлік етті. Арыстанбабқа, Ахмет Яссауиге, Төлеби бабамызға Ташкентке зиарат етіп қайттық. Қаншама қариялардың батасын алды. Дулат әлемнің жартысын аралап шыққан азамат екен. Біз дін өкілдері саясаттан аулақпыз. Дегенмен де елдің бірлігі біз үшін қымбат. Халқымызда мынадай қанатты сөз бар. «Боларыңда болып өт, Боз жорғадай желіп өт…»

Менің өзімнің Дулатқа айтарым: «Қа­тарыңнан қалма, Қанатың талма, Аспанға самға!» (5. 07. 2006 жыл)

Елдіктің туын көтерген ерен ең­бегі арқасында «Айғақ» газеті қазақ журналистикасының ең биік шыңы «Алтын жұлдыз», тағы да басқа көптеген республикалық, тіпті халықаралық сыйлықтарға ие болды. Газеттің ел ішінде абройы жаман емес. Әділдік сұрағандар осы басылымға ағылып жатады. Тек айтар дәлелі мығым болса болғаны. Ал енді Дулат Әбіштің журналистика саласында жасап жатқан еңбегі елге үлгі боларлықтай. Ол жұрттың қолы жете бермейтін мемлекеттік қайраткерлермен оп-оңай тіл табысып, сұхбат ала алады. Мысалы, оның Қайрат Сатыбалдымен жасаған сұхбатында адамзат баласына, оның ішінде қазаққа аса қажет сырлы да нұрлы жолдарды таба аласыз. Міне, назар салыңыз:

«Дулат Әбіш: Сіз еліміздің көптеген қалаларында тарихи ескерткіштер тұр­ғызылып, кесене салынуына ұйытқы болып жүрген азаматтардың бірісіз. Жалпы, өткенге бүгінгі көзқарас тұрғысынан қарағанда айтар ойыңыз қандай?!

Қайрат Сатыбалды: Қай ұлттың болмасын ұлт ретінде танытатын төрт негіз бар. Ол – тілі, діні, салт-дәстүрі және жері. Мынау Түркі дүниесінің тарихы өте тереңде жатыр. Киелі шаһар Түркістанның бүкіл түркі дүниесінің астанасы болып саналатыны белгілі. Кейде ойлаймын, «ЮНЕСКО-мен ертерек байланыс жасап, Түркістанның 1500 жылдық мерейтойын уақтынан бұрын тойлап жібердік пе?» деп. Мысалға, мына Ош, Бұқара қалаларының тарихы үш мың, үш жарым мың жылға созылады. Тараздың 2000 жылдығын кеше тойладық. Ал Түркістанның тарихы төрт мың жылдыққа бара алатынына күмәнім жоқ. Тіпті, 60-70 миллион халқы бар Түркияның өзі түп-тірегіміз Түркістан екенін мойындайды. Венгриядағы қыпшақтар да бізден бөтен емес. Жасыратын несі бар, кезінде орысты ұлы халық санадық. Ал Тоқтамыс хан сол елдің астанасы – Мәскеуде екі рет ту көтерген!»( «Айғақ». «Қайрат Сатыбалды: «Мықты халық болғанымызды тарихымыз көрсетеді»№45. 13. 11. 2002 жыл)

Сонымен Дулат Әбіштің ерен ерлігі, қажымас қайратының арқасында өткен жылдардан бері тәуелсіз «Айғақ» теледидары жұмыс жасай бастады. Оның ауқымы өте зор. Бізге оның ұнағаны «Алтын қор» құрып жатқаны болды. «Бабай Түкті Шашты Әзіз», «Ысқақ баб», «Шымкент шаһарындағы Тәуелсіздік қақпасы», «Созақ көтерлісі» т. б. мәтіндегі хабарға қатыстырып, сөз сөйлетіп алып қалды. Елдегі есімі елеулі азаматтардың бейнесін жасауға, олардың сөзін жазып алуға шаршамайды. Әсіресе оңтүстік еліндегі тағылымды оқиғалардан телефильм жасап, оны халыққа насихаттауға үзбей үлес қосып келеді. Әсіресе елдің білгісі келетін шындықты шырқыратып тұрып алдымен айтуға тырысады.

Дулат Әбіш республика деңгейінде өтіп жататын көптеген іс-шараларға белсене қатысады. Әсіресе журналистердің халықаралық Медиа-форумын өткізуде оның еңбегі зор. «Елудің елін» енді ғана еңсеріп жатқан замандасымызды қоғам қайраткері атанып үлгірді десек еш жаңылыспаймыз. Тек бір ғана мысал, 2003 жылы Қазақстан үкіметі ұсынған «БАҚ туралы» деп аталатын қазіргі қоғамға , жазу әлеміне аса келеңсіз Заңды қабылдатпай тастауға ерен еңбек етті. Ол үшін сол кездегі «Айғақ» бас­па үйінің президенті Дулат Әбіштің белсенділік танытуымен қасиетті Түркістан қаласында Қазақстан журналистерінің 11-Конгресі ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Б. Жылқышиев, белгілі қоғам қайраткері, қазіргі Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева, сол кезгі Қ. Яссауи қазақ-түрік университетінің президенті О. Сәбден, сол кезгі Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрінің орынбасары А. Досжан, көптеген шетелдік құзырлы мекемелердің өкілдері келіп, өз пікірлерін білдірді. Ақыр соңы Конгресс «БАҚ» туралы Заң бұл нұсқада қабылданбасын» деген ұйғарымға келді. Түркістан қаласында өткен бұл тарихи бас қосуға Елбасының өзі айрықша мән беріп, өз Жолдауын жіберді. Онда: «Кәсіби ынтымақтастықты бірлесе жетілдіре отырып, БАҚ пен журналистер арасындағы қатынасты қолдауда сіздердің ортақ жұмыстарыңыз бен өзара қарым-қатынастарыңыз кәсіптік әдептің ережелерін, Қазақстан журналисінің ерекше ар-ождан Кодексін қалыптастыруға негіз қалайды деп үміттенеміз.

Сіздер алда тұрған міндеттерді ойда­ғыдай атқара аласыздар деп сенемін. Сіздердің форумдарыңызға жұмыста үлкен табыстар, ал барша журналистерге шығармашылық тапқырлық пен сәттілік тілеймін» – делінген.

Дулаттың тағы бір үлкен қыры – ұстаздық ұлағаты. Оның қанатының астынан қазіргі таңда көптеген алымды, адымы зор журналистер өсіп-өніп шықты. Олардың алды өз алдына жеке газет-журнал ашып алып, жемісті жұмыс жасап та жатыр.

Жақында Дулат Әбішпен жолыққанымда Үндістаннан оралып, енді Өзбекстанға, Самарқанға, Әйтеке би жатқан делінетін Нұрата тауына аттанбақ екен. Телефильм түсірмекші…

Оған уақыт тауып бара қалсаңыз үнемі атшаптырым үстелдің маңынан табасыз. Әлемнің барлық тілінде шығатын газет-журналдарды ақтарып отырады. Болса да қолында ұзын қайшы. Мазмұнды мақала болса, лезде тілшілердің қолына ұстатып: «Кәне, осы тұрғыда ойланып көрші, бізде де мұндай мәселелер бар емес пе деп ой салады. Болса да бүткіл әлемнен жаңалық жеткізген бес қалта телефон тыным алмай шырылдайды. Үстел үстіндегісі де самсап тұр. Алдында интернет тақтасы. Түрлі арнада хабарлама беріп жатқан теледидар… Оның миы тәуліктің жиырма төрт сағатында тоқтаусыз жұмыс істейтін сияқты көрінеді.

Сөз соңында айтарымыз, қазақ журна­листикасының бірқатар майтал­маны, жасыратыны жоқ мектеп­тен, мұғалімдіктен бас­тау алған десек көп жаңылыса қоймаймыз. Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин деп тарқалып кете барады. Сол бір иманигүл ортадан бастау алған қалам иесінің жаманы болған жоқ дер едік. Ендігі бір тоқталарымыз, бұл кәсіптің «шекпенінен» шыққандардың өзіндік қолтаңбасы болады. Ол – бұрынырақ өтіп кеткен әңгімені тағы бір қайталау, пысықтау амалдары. Ендігі жерде осыншама дәріптеген азаматымыздың ғұмырнамасын қысқарта қайталай баяндағанда былай боп шығады екен:

«1962 жылы 13 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданында, «Екпінді» ауылында, жалпақ тілмен айтқанда Шымкенттен Түркістанға қарай созылып жатқан қара жолдың бойындағы «Бөген» өзеніне ХІХ ғасырда Санкт-Петербургтен арнайы алып келіп салынған «Қызылкөпірдің» жанында дүниеге келіпті. Осы облыстағы Төлеби, Бәйдібек аудандарының құрметті азаматы. Білімі баршылық – ұстаз, журналист, заңгер. 1981-83 жылдары жауынгерлік міндетін атқарған. Келе сала ұстаз, облыстық жастар газетінде тілші, ал 1996 жылдан өз алдына газет шығарумен айналысып келеді. Айтпақшы, ұмытып барады екенбіз, аса қашықтыққа (марафон) жүгірудің хас шебері.

2000 жылы АҚШ-тың Қазақстандағы елшісінің арнайы шақыртуымен Вашингтон, Нью-Йорк, Сан-Франциско қалаларында ай жүріп, шетел жур­налистикасының қыры-сырымен танысып қайтты. 2006 жылы Ұлыбританияға, мұнан кейін Польша, Түркия, Израиль, Ресей, Украина, Эстония, сондай-ақ Оңтүстік Африка елдерін аралап шықты, тәжірибе алмасты. 2006 жылы өз қаржысына тұңғыш тек қазақша хабар беретін тәуелсіз «Айғақ» телеканалын ашты. «Қазақстанның құрметті журналисі». 2010 жылы республика бойынша «Ең үздік редактор» номинациясын жеңіп алды. Алаш азаматтары Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Сәдуақасов, Әлихан Бөкейхановтар туралы Мәскеу қаласынан деректі фильм әзірледі. Мұхамеджан Тынышбаев жайында бұрындары белгісіз материалдарды тауып жарыққа шығарды. Президенттің студенттік шағы туралы Украинаның Днепродзержинск қаласынан «Елбасы курстастары-Украинада» атты деректі фильмді жасады. Қапал батыр, Қабанбай батыр туралы деректі фильмді жасап болған соң, Үндістанға аттанып, Кашмир штатында арнайы болып, Мұхаммед Хайдар Дулати бабасы туралы материал жинап қайтты. «Тарихи әділеттілік қоғамы» комитет төрағасы атынан 1980-1990 жылдардағы Тәуелсіздік үшін жүргізілген ұлт-азаттық күреске қосқан еңбегі үшін «Алғыс хатпен» марапатталды. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қоғамдық Кеңестің мүшесі, Қазақстан Журналистер Академиясының «Алтын жұлдыз» иегері. Қазақстан Журналистер Одағының Саттар Ерубаев, Тұрар Рысқұлов атындағы сыйлығын қанжығасына бөктерген. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Алғыс хатын» үш рет алған. «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған. Оңтүстік Қазақстан облысы Мәслихатының үшінші және төртінші шақырылымындағы депутаты.

Жарылқасын БОРАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары