СӨЗ ӨНЕРІНІҢ САҢЛАҒЫ

СӨЗ ӨНЕРІНІҢ САҢЛАҒЫ

СӨЗ ӨНЕРІНІҢ САҢЛАҒЫ
ашық дереккөзі
928

Академик Зейнолла Қабдолов хақында сөз

Қазақтың көрнекті жазушысы Зейнолла Қабдолов еске түскенде, ең әуелі журналистика мен филология факультетін бітірген сан мың шәкірт оның ұстаздық қасиетін ауызға алар еді. Құлаққа жағымды қоңыр даусымен аудиторияға жиналған шәкірттеріне әдемі әңгімесін бастайтын еді ұстаз. Аудиторияға жиналған шәкірттердің де аузы ашылып, ұстаздың айтқан әңгімесіне елтіп кететін еді. «Сөз өнері» дейтін құдіреттің не екенін ұқтырушы еді ұстаз алдымен. Сосын… «Менің Әуезовім» деп бастайтын. Дәл осылай маржандай сөздерімен, Әуезов туралы әңгімелей кеткенде, бәріміздің көз алдымызға Әуезовтің лекциясына жан-жақтағы жоғары оқу орындарынан ағылған студенттер елестейтін. Әуезовтің тағылымын бойға жиып өскен жазушы бізге де Мұхтар Әуезов сияқты өзінің асқан ұстаздық шеберлігін көрсетті десек, артық айтқандық емес. Өкінеміз – біздің курс Мұхтар Әуезовтің дәрісін тыңдай алған жоқ. Есесіне, Зейнолла Қабдоловтың дәрісін тыңдаған соңғы буын екенімізді мақтанышпен айта аламыз.

ҚЫЗЫЛ ТІЛДІҢ

ҚАС ШЕБЕРІ

Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Иірім» атты шығармасында Зейнолла Қабдолов туралы жазылған естелігін оқып едім. Өз естелігінде Қадыр Мырза Әлі ұстаз туралы былай деп тебірене жазады: «Университетте оқып жүрген кезімде сабағына ықыласпен барып, лекцияларын сүйсіне тыңдаған, тыңдап қана қоймай, құлағымызға құйып, көңілімізге тоқыған бір ұстазым сол Зейнолла Қабдолов. Басқасы басқа, ең бастысы – Зекеңе сөз өнері қонудай қонған. Ағамыздың тауып айтқан тіркестері, тамаша тұжырымдары бірден қанатты сөзге айналып жүре береді. Оның «Ғабитті мақтамау керек, Ғабитпен мақтану керек» деген сүбелі сөзі әдебиетшілер арасында ғана емес, жалпы мәдени ортада ауыздан түспейтін мағыналы мәтелге айналды.

Зекең жалпы сөз ойнатуға шебер. Бірде ол Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылық ерекшелігі туралы сөйлеп тұрып, оның жақсы жақтарын жеткізіп-ақ айтады. Бәрі дұрыс, бәрі шынайы. Бірақ кім-кімді де біржақты мақтау ол кездегі әдеби салтымызда болмайтын. Жұқалап болса да жазушының кемшілігін көрсету міндетке айналған заман. Бұл дәстүрді өте жақсы білетін Зекең елдің не ойлап отырғанын, не күтіп отырғанын түсіне қояды да:

– Әрине, Нұрпейісовте кемшілік бар! – деп барып, – Болғанда қандай, түзетілмейтін кемшілік! – деп төндіре сөйледі. «Бұл қандай кемшілік болды екен?» деп ел елең ете қалады. Соны сезген Зекең жұрттың шыдамын одан бетер ширатып, одан бетер ширықтыра түседі. – Қой! Айтпай-ақ қояйын! Ренжітіп алармын! – деп отыра кетеді. Бірақ бірдеңе айтады деп үміттеніп қалған ел:

– Айтыңыз, Зеке! Айтыңыз!

– Платон мой друг, истина дороже! Айтыңыз!

– Ауызға келген түкірікті қайта жұтуға болмайды!

– Жә! Қоймадыңдар ғой, айтсам айтайын! Жұрттың кемшілігі ерте ме, кеш пе, түзетуге болатын кемшілік! Ал Нұрпейісовтің кемшілігі классиктерге тән өмір-бақи жөндеуге болмайтын құдай берген кемшілік. Ол өмір бойы жаман жаза алмайды.

Жұрт алдымен үнсіз қалады. Бірақ біраз адам бірте-бірте түсініп, шын көңілден қарқылдап келіп күледі. Күле алмай, тымырайып қалғандар да болады.

Бұл, әрине, ойын. Өнерге жарасатын өнегелі ойын. Солайы солай – ойын! Бірақ астарында шындық жатқан ойын».

БҰЛ ҮЙДІҢ ҚЫЗЫҒЫН

КӨРЕ АЛМАДЫ

«Түркістан» газетіне ұстазымыз жетпіс бес жасқа толғанында «Оның Әуезові бар. Ал Біздің Қабдоловымыз…» атты мақала жарияланған еді. Ол кезде Зейнолла аға Бөгенбай батыр көшесінде тұратын. Газеттің бірнеше данасын алып, үйіне барғанымыз есімде. Қаламгерді құттықтауға келген қонақтар тым көп екен. Ұзына бойлы дәлізбен төрге еніп, ұстазымызды мерейтойы­мен құттықтауға ғана мұршамыз болды. «Кіп-кішкентай студент қыздардың мұнда жүргені несі?» деп айта ма деп қысылып, ақырын жылыстап, сыртқа беттегенбіз. Одан кейін ұстазымызбен қайта жолығудың мүмкіндігі болмады.

Ал «Достық» даңғылының бойында орналасқан Зейнолла ағаның үйіне алғаш келуім. Сәуле апай мені жолдың бойынан тосып алды. «Кең сарайдай боз үйім» деп, Жиренше шешен айтқандай, Зейнолла ағаның кең сарайдай боз үйіне кіріп келе жатып, әрбір қабырғада, әрбір бөлмеде ұстазымыздың қолының табының ізі қалды-ау деп ойлағам. Бірақ өкінішке қарай, ұстазымыз бұл үйде көп тұра қоймапты. Үйден гөрі, ауруханада көбірек жатқанын айтты Сәуле апай. «Бұл үйдің көп игілігін көре алған жоқ», – деп бас­тады Сәуле апай әңгімесін. – Осында көшіп келгесін, екі айдай тұрды. Екі айдай екеуміз қатар отырып әңгімелесіп, дұрыс өмір сүрдік. Екі айдан кейін құлады. Қыркүйек айының басы болатын. Бір күні таңертең лекцияға кеткен еді. Содан келді де, қолындағы папкасын маған беріп тұрып, ауырып тұрғанын айтты. Асханада ас әзірлеп жүрген кезім. Әрі үйде қонақ бар еді. Елден келген суретші. Зекеңді суретке түсіру үшін арнайы келіпті. Зекең бірден қабағы түсіп кетті. «Мен түспеймін, шаршап келдім», – деді. «Мына суретшіге обал ғой. Күтіп отыр ғой», – деп мен әлек болып жатырмын. «Мен киінбей-ақ қояйын, сенің үстіңде костюм-шалбарың, галстугің, қолыңда папкаң бар. Мен жаныңа тұра салайын», – дедім. «Бұл сурет біздің соңғы суретіміз болды», – дейді Сәуле апай. Біз отырған бөлменің қабырғасында үлкен портреттік сурет ілініп тұр. Зейнолла аға мен Сәуле апайдың бірге түскен суреті. Сәуле апайдың бұрылып қарағанынан, соңғы суреттің сол екенін сезіндім. «Суреттің сыртына Зекеңнің қара жерді соңғы рет басуы деп жазып қойдым», – деп, Сәуле апай әңгімені ары қарай жалғады. «Содан құлады. Дәрігер шақырттық. Ол кісі жоғарыда болатын. Мен төменде ас үйде жүргем. «Сәуле менің дәрілерімді алып келсін», – деп немересін жіберіпті. Мен оның бәрін естіп тұрмын. Дәрілерін алып, жоғарыға көтерілсем, тігінен отыр екен. «Дәрігер шақырып қойдық. Неге отырсың?» десем, «Мен сақалымды алуым керек», – дейді. «Сақалың не? Қазір дәрігер келеді», – деп, мен әлек болып жатырмын. «Жедел жәрдемдегі» дәрігерлердің бәрі әйелдер. Олардың алдында мен бұлай жата алмаймын. Сақалымды алуым керек», – деп қоймады. Бір жағынан немересі, бір жағынан мен демеп тұрып, сақалын алды. Сосын қайтадан әкеліп жатқыздық. «Жедел жәрдем» келді. Сөйтіп ауруханаға алып кетті. Бұл қыркүйектің төрт-бесі шамасы еді. Содан түзелмеді ғой. Дәрігерлер де ашып, ештеңе айтпайды. Зекең тілсіз жатыр. Жаны бар, бірақ ешқандай қимыл жоқ. Осылай біраз күндер өтті. Дәрігерлер Зекеңді өмірге қайта алып келді. Ептеп сөйлей бастады. Бірақ бұрынғы Зекең жоқ. Киімін сұратып, үйге кеткісі келді. Сосын: «Дәрігерді Астанаға алып кетейік. Онда Әбіш бар. Бізді күтіп алады», – деп қояды. Көзіне елестеді ме, әйтеуір солай көп айтып жүрді. «Кетеміз ғой» дегеннен басқа ешнәрсе айта алмадым. Содан ауруханада бір айдан аса жатты. Смағұл Елубай сол кездері газетке «Ай болды ағамыз тіл қатпағалы» деген мақала жазды. Жанғара Дәдебаев та жазды. Газеттерге шыққан мақалалардың бәрін дауыстап оқып берем. Түсінгенін білдіріп, анда-санда басын изеп қояды. Көбінде реанимация­да жатты. Кішкене тәуір болса, палатаға шығарады. Оның палатаға шыққаны бізге үйге келгенмен бірдей. Палатада кішкене еркіндік қой. Ал жан сақтау бөлімінде артық қимыл жоқ. «Палатаға шығарамыз» десе, екеуміз қатты қуанып қалатын едік. Жолдас-жора келсе, палатаға кіргіземіз, ал реанимацияда ондай мүмкіндік жоқ.

Зекең сыйлаған

сағатты кім алды екен?!

…Біз 1952 жылы үйлендік. Ол кезде қыздар сырттан келгендерге үйленбейді ғой. Тек Тұрсынбек Кәкішев қана менің құрбыма үйленді. Бәріміз жылап ұзатып, шығарып салдық. Екі-үш такси алып келді. Бір жағынан қызық. Екінші жағынан қызды қимаймыз. Күбіра менімен бірге жатқан, өте жақсы, алғыр, пысық қыз еді. Қарағандының қызы, орысша, қазақшаға бірдей. Біз орысша сөйлей алмаймыз. Күбіраға жалынамыз. «Мынау не айтып тұр, мынаны бізге түсіндір» дейміз. Өткір қыз еді, ол да қайтыс болды. Зейнолла мен Тұрсынбек екеуі дос болды. Тұрсынбек өзі адамдарды үйіріп әкететін еді ғой. Бәрімізді ұйымдастырып жүретін. Бұлар үй болды. Пәтер жалдап тұрады. Олардың үй болғанын қызық көреміз. Кейде сол үйде қонып қаламыз. У-шу боп бәріміз топ-тобымызбен бірге жүретін едік. Сол бір кезеңнің ең қимас кездері екен қазір еске алсам. Ол кездері той жасау, сақина тағу дегеннің бірі жоқ. Алматыға көшіп келген соң, подвалда тұратын кезімізде, үйімізге туыс аға-жеңгеміз қонаққа келді. Екеуі де ұшқыш. Ленинградта тұратын. Жеңгем: «Сәуле, неге сақинаң жоқ? Үйленген адамдарда сақина болады»,– дейді. «Жеңге, маған сақинаның керегі жоқ, Маған көйлек керек», – деймін. Жеңгем күледі. «Сақинаның қасында көйлек деген сөз болып па? Жүр, сақина алып беремін», – дейді. Мен «сақина керек емес» деп жүрмін. Сонда сақина салу деген ұғым жоқ. Қыз-жігіт болып жүргенімізде, Зекең бір мерекеде маған сағат алып келді. Қолым жіп-жіңішке. Өзі тағып еді, әлгі сағат қолымнан түсіп қалды. Сағатты қайтадан алғым келмей қалды. Қолымнан шештім де, қоя салдым. Зекең алды да, қайта тағып қойды. Мұса Бекбауов деген тарихшы кісі бар еді. Мұсаны жақсы танимыз. Зекең сол үйге барып, «Анасына сәлем беріп шығайық. Бізді күтіп отыр», – деді. «Бармаймын» деуге ыңғайсыздандым. Сол үйге барып, енді кіре бергенімізде әлгі сағатты тағы да қолыма тақты. Барлығы «үйге кіріңдер» деп жатыр. «Сәуле келді», – деп қаумалап, үйге кіргізді. Вокзалға жақын жерде тұрады екен. Төбесі тым аласа, қамыстан салынған үй. Сағатты шешіп алдым да, сол қамыстың үстіне қолым жеткен жерге қоя салдым. Ішке кірдік. Әлгі сағатты Зекең де алған жоқ. Сол сағатты кім алды екен деп ойлап қоямыз кейде еске түскенде…

Сырағаңның ұмытылмас қалжыңы

… Зекең өте көпшіл адам еді. Жолдас-жоралары өте көп болды. Соғыстан кейінгі уақыт. Үй жоқ, күй жоқ. Алматыда қазақтар қаңғып жүретін. Біз де солардың бірі болдық. Әр үйге бір көшіп-қонып жүрдік. Әлі есімде, Зекең Мәскеуге оқуға кеткен жылы болатын. Шиеттей бала-шағамен жалдап отырған үйіміздің қожайыны бізді шығарып жіберді. Сөйтсек, өздерінің туыстары келетін болыпты. Қолымда үш жасар және бесіктегі балам бар. Анамыз бар, қайынсіңілім, кішкентай қайным бар, өзімнің сіңілім және інім бар, бір қора жанбыз. Аз ғана затымызбен барлығымыз есіктің алдында отыр едік, көшеде Мұқан Иманжанов келе жатыр екен. Оны көріп, қуанып кеттім. «Ағатай, біздің жағдайымыз осындай болды», – деп мұңымды шағып жатырмын. Біздің күйімізді естіп, Мұқан ағаның жаны шығып кете жаздады. Дірілдеп кетті. Үндеген жоқ. Бұрылды да, келген жағымен қайта кетті. Содан кешке дейін Мұқан аға бізді Жамбыл мен Достық көшелерінің қиылысындағы бір подвалға көшірді. Сол подвалда алты жыл отырдық. Дымқыл болатын іші. Таңертең киімдерді сусыз үтіктей беретінбіз. Зекең үй үшін ЦК-ға жұмысқа тұрды. Подвалда шағын екі бөлме бар. Сол екі бөлмеде 12 адам тұрдық. Ол кезде Әбең (Нұрпейісов) мен Зекең отыздан асқан. Екеуі жинамалы төсекте жатып ап, сылқ-сылқ күліп жататын еді. Екеуі бір төсекке қалай сыятынын білмеймін? «Бұлар неге күледі?» деп мен ашуланамын. Бүкіл ауырлық маған түсіп отыр ғой. Кемпір, үш бала, оқуға баратын сіңлілерім, қайныларым бар. Біздің жақтың кемпірлері адуын келеді. Оны бөлек күту керек. Оның ішетін тамағы да бөлек, отыратын орны да бөлек. Балаларым бар, аралары бір жарым жас. Қосымша сол жердегі №12 мектепте 5-6 сағатпен сабақ беріп жүрдім. Біз сол подвалда тұрып, қандай адамдармен жолдас болдық. Соны қазір ойыма алсам, бір рахат кезеңдер екен. Әбу Сәрсенбаев, Ғабдол Сланов, Қайнекей Жармағамбетов, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленовтер үйге жиі келетін. Сырағаң туралы бір қызық айтып берейін. Әр келгенінде бізге «Үй тауып берем» дейді. «Ана жерде үй бар екен, мына жерде бір ақын көшейін деп жатыр екен, тәуір-ақ үй», – деп бізді үміттендіріп кетеді. «Үй тауып берем» дегенге шешеміздің жаны қалмайды, барын алдына қояды. Содан бір күні Сырағаң келді. Ол кісі үнемі басына үлкен шляпа киіп жүретін. Шықиып келетін ылғи. Бұл жолы басқаша киініп алыпты. Содан үйдегі үлкен кісіміз оны танымай қалды. Анамыз «Сырағаң деген баламның бір досы бар еді, үнемі келіп шай ішіп кетеді. Үй тауып берем деуші еді, соңғы кездері келмейтін болды. Сол алдап кетті-ау», – деп қояды. Сырағаң сылқ-сылқ күледі. Бір уақытта Сырағаң сыртқа шығып кетті де, баяғы шляпасын киіп, қайтып келді. Анамыз «мынау жаңа көрген балам емес пе?» деп жатыр. Бәріміз күліп жатырмыз. Хамит Ерғалиев Доссорда мектепте сабақ берген екен. Бұл үймен өте жақын араласып кеттік. Жұмағали Саин, Зейін Шашкин, Мұқан Иманжанов, осылардың бәрі үлкен адамдар. Олардың бәрі неге екенін білмеймін, біздің подвалды жақсы көреді. Зекеңнің жолдас­тары өте көп болды. Сол достықты кейін «Мир» көшесіндегі үйде жалғастырдық. Үйіміздің ұзын коридоры болатын. Зекеңнің бөлмесі ең түкпірде. Келімді-кетімді кісілер өте көп. Менің орным асхана. Кейде «осы сенің қонағың таусылмайды екен» деп ренжимін. Содан бір күні мені отырғызып алды да: «Сәуле, тыңда! Бұлардың бәрін мен ертіп келеді деп ойлайсың ба? Мен ешкімді ертіп келмеймін. Университеттен немесе Жазушылар одағынан шығам. Қасымда екі-үш кісі бірге шығамыз. Жолшыбай әңгімелесеміз. Жолдан өтіп, сыртқы қақпаға келіп, әдейі тоқтап тұрам. «Осы жерде қалатын шығар» деп ойлаймын. Үйімнің жайын өзім де білем, шиеттей бала-шаға бар. Сен мені түк ойламайды деме. Қақпаның алдына келіп, әңгімелесіп тұрамыз. Есіктің алдына келгенде, мен оларды қалай кеудесінен итеріп, шығарып жіберем. Сонымен үйге бірге кіреді. Бар тарихы осы», – деп күлетін еді. Ол кезде таңды таңға ұрып, қонаққа барамыз. Бір үйден шығамыз. Ол үйде отырған адам өз үйіне шақырады. Одан үшінші үйге барамыз. Одан төртіншісі шақырады. Соның бәрін бітіргенше, таң атады. Сонымен, шаршап-шалдығып жатамыз. Ол өміріміз үшін түк өкінбеймін. Сондай рахат өмір болды. «Сәуле, біз келдік», – деп бәрі сау ете түседі. Енді оларды құр қайтарған да ұят. Зекең өзі де ақкөңіл адам. Оның да көңілін қимайсың. Сонымен ас әзірлейсің. Кейін бұған менің де етім үйреніп кетті. Олар тамақ ішкенге емес, әңгіме айтып, әдебиет тақырыбын талқылағанға мәз болатын. Жазғандарын ресми талқылаудан бөлек, өздері үйде отырып талқылайды. Бір-бірінің шығармасын оқиды. Бір-біріне ұнамаған жерін ескертеді. «Сенің ана жазғаның дұрыс емес. Сенің шығармаңдағы ана бір сөзді бұрын біреудің шығармасынан кездестіргем, сен содан алғансың» дейді. Әйтеуір, бір-бірімен таң атқанша дауласып, пікірлесетін еді. Сол үшін жиналады олар. Кейде таң атқанға дейін отырады.

ҮСТЕЛІ ҚЫЗДЫҢ ЖИҒАН ЖҮГІНДЕЙ БОЛАТЫН…

… Зекең жазуға тек түнде ғана отыратын еді. Өте ұқыпты болатын. Табиғатынан маңғазданып жүретін еді. Лекцияға сықиып киініп барушы еді. Болмысы, жүріс-тұрысы басқа. Ел мен сықитып кіиіндіріп жібереді деп ойлайтын болуы керек. Бірақ менің оған уақытым да жоқ. Ол кісі өзі сондай ұқыпты болды. Үстелінің үсті қыздың жиған жүгіндей, тап-таза етіп қоятын. Зекеңнің өзінен үлкен бір апайы, қарындасы болды. Әкесі қайтқанда, іште қалған бала болды. Оның аты Орынжан. Әкесінің орнын басады деп есімін солай қойған. Қазір Павлодар жақта тұрады. Кәсіпкер. Апасы мен қарындасы қайтыс болып кетті.

Зекеңнің рухы биік еді ғой. Анау-мынау сөз айтуға көбі именетін. Былай жайдары болғанымен, сөзге келгенде дір ете түсетін. Артық сөзді ұнатпайды. Қыздар институтында оқып жүрген кезім. Бізге Сәкен Сейфуллиннің әйелі Гүлбаһрам апай сабақ береді. Ол кісі бізге іс тігуді үйретеді. Ол сабақ кестесінен бөлек болатын. Гүлбаһрам апай қатал еді. Уақыт болмай сабақтан шығармайтын. Бір қыз құлағыма сыбырлап: «Сені сыртта Зейнолла күтіп тұр», – деді. Қалай шығарымды білмей, біресе тұрам, біресе отырам. Гүлбаһрам апай: «Сәуле, болдың ба?» – деп сұрады. «Иә, бітірдім», – дедім. «Жарайды, бара бер», – деді. Қуанып кеттім. Шықсам, Зекең әрлі-берлі мені күтіп жүр екен. Үстінде солпиған пальто. Басында кепка. Өзі ұзын бойлы адам ғой, бірақ маған үстіндегі пальтосы ұзындау болып көрінді. «Сәуле, көп күтіп қалдым» деді. «Мен апайдан сұрануға батпай, іс тігетін машинаның жанында қонжиып көп отырып қалдым», – дедім. Шошып кетті. Жалт қарады да, «Сәуле қонжиып, Сәуле қонжиып», – деп қайталай берді. Әлгі «қонжиып» деген сөзді ұнатпай қалды. Шоқ басқандай болды. Мен де шошыдым. Бұл сөзді қайдан ғана айтып едім деп ойладым. «Қонжиып деген сөз өзі ыңғайсыз екен» деп қоймайды қайта-қайта айтып. Сол сөзді бетіме басып, қайта-қайта айтады. Сосын мен ренжіп кетіп қалдым. Енді оны көргім келмеді. Мен де мінезді адаммын. Қайта-қайта келе беруші еді, мынау бір бәле екен ғой деп ойладым. Сөйтіп қашып құтылғанша асықтым. Әлгі жерде тұрғым келмеді менің. Бұл кездерде Зекеңнің әкесі ауырып жүрген еді, «қайтыс болды» деген хабар келіпті. Бұл хабар Зекеңе ауыр тиіп, ес-түссіз жатып қалады. Сабақ деген қалған жайына. Жатақханаға бір күні Мұса дейтін жолдасы іздеп келді. Ол тарих факультетінде оқитын. «Сәуле, жүр, Зекеңе сондай хабар келді. Орнынан тұрмай жатыр», – деді. «Ол кісінің әкесін білмеймін ғой, танымаймын» деймін. Сонымен алып барды бізді. Барсақ бәрі жиналып қалған. Тұрсынбек қасында тұр. Бәрі ақыл айтып жатыр. Зекең сұлқ түсіп жатыр. Өзі қара торы адам. Бозарып кетіпті. Содан қайта табысып кеттік қой. Ол кісі көрнекті адам ғой. «Жайық қызының» алғаш шыққан кезі. Атағы бар, жұмысы бар. Баспада жұмыс істейді. Әбу Сәрсенбаевтың қарамағында ғой деймін. Атағы шығып қалған кезі. Бірақ өте сабырлы болатын. Сондықтан болар, мен де Зекеңді халықтың адамы деп күттім.

«Батыр Баянды»

жылап оқушы еді

… Шығармаларын маған оқытқан емес. Балапан басқандай тығып кетеді. «Қарайын» десең таба алмайсың. Өзі жазады, өзі түзетеді. Әбден піскенше шығармасын ешкімге көрсетпейді. Ұнамаса, жыртып тастайды. Жазуы моншақтай еді ол кісінің. Шығармасын бірінші өзі оқиды, өзінің көңілі толғанда, мені шақырады. «Сәуле, мына шығарманы тыңда» дейді. Мұның өзі кейін ғана. Ілгеріде бала-шағаға қараймын, оның шығармасын тыңдаумен ісім де болмады. «Ұшқын», «Жалын» деген шығармаларын подвалда тұрғанда жазды. Үстел жоқ болғандықтан, жерге жастыққа сүйеніп жатып жазды. Үйде бір қисық аяқ үстел болатын. Оған Нұрпейісов отырып алады. Ол кезде Әбдіжәміл «Курляндиясын» жазып жүрген кезі. Зекең жұмысқа кеткен кезде, Нұрпейісов маған сол «Курляндиясын» оқып береді. Мен жаялық жуып жүремін. Оны тыңдап отыруға уақытым жоқ. Жұмысым көп. Оны тыңдағанмен ешнәрсе түсінбеймін ғой. Ал Зекең шығармасын ешкімге көрсеткісі келмейтін. Әбден піскенше ешкімге ешнәрсе айтпайтын. Кейінгі уақытта өзі шаршап жүрген соң, екеуміз кезектесіп оқитын болдық. Әсіресе, баспадан жарық көрген соң, салыстырып оқимыз ғой. Ол өте қиын болатын жалғыз адамға. Ол дауыстап оқиды, мен салыстырып отырамын. Осы жұмыстың бәрі түнде жасалады. Өзінің шығармалары да түнде жазылады. Күндіз бір минут та уақыты болмайды. Ауырып жүргенде де солай болды. Температурасы 38 градус болғанда да лекция оқуға барып жүрді. «Мынадай температурамен қайда барасың?» десем, «Мені анда балалар күтіп отыр» дейтін. Сөйтіп машина шақыртып алады да, жұмысына кетіп қалады. Жұмысына өте мұқият болды. Заттарына біреудің тиіскенін ұнатпайды. Өте сезімтал. Мағжан Жұмабаевтың оныншы сыныптың оқулығында жазылған «Батыр Баян» поэмасына талдау жасау керек болды. Баспадан келді, екеуміз талдауын оқыдық.

«Ойламай, белді бекем будым неге?

Қозымды қас дұшпандай қудым неге?

Майысып Ноян қалқам, ерке марқам,

Қасқиып қарсы алдымда тұрдың неге?

Бауырыма тас жүрегім жібімеді-ау,

Бір ата, бір анадан тудым неге?

Салдырап шіріп қалғыр саусақтарым

Қанымен өз қозымның жудым неге?

Күнәсіз екі жасты өлтіргенше,

Өлмедім ішіп уын удың неге?!» –

деген тұсын оқығанда, өзі де жылап отырады. Сондай сезімтал жан болды. Зекең деген бір таусылмайтын жыр ғой. Өзі көп ашуланбайды, бір ашуланса, өте қатты ренжитін. Атыраудың университетін ашуға көп күш салды. Оған Халел Досмұхамедовтің атын бергізді. Атырау дейтін шет аймақ, бір жағы Орал, бір жағы Маңғыстау. «Институтты Оралдан, не Маңғыстаудан ашу керек» депті. «Оралдың өзінің педогогикалық институты бар. Атырау ыңғайлы, бұл шалғай жатқан облыс. Оралдікі де, Маңғыстаудікі де Атырауға келеді. Ашылатын университет Атырауда болсын», – деп көп еңбек сіңірді. Атырауда университет ашылғаннан кейін, сонда барып, айлап жүріп лекция оқитын. Сөйтіп жүргенде, КазГУ-ден арыз түсіпті үстінен. Өзінің шәкірттері жазыпты. Анық кім екенін білмедім?! «Біз Зекеңді көпшіл десек, Зекең жершіл екен», – деп бастапты арызды. Арызда өзі Атыраудан университет аштырды, сонда лекция оқып жүр, енді Атырауда қалады деген сияқты деген сөздер де бар. Соған қатты ренжіді. Бірақ Зекеңнің бір жақсы қасиеті, тез ренжитін, ашуы да тез тарқайтын. Ал мен бір ренжісем, қайтуым қиын. Көпке дейін басыла алмай жүрдім.

«Махамбетті» аяқтай алмады

…«Махамбетті» аяқтай алмады. Кейін баспаға бердік. Бірақ тақырыптарының қисынын келтіре алмапты. Өзі осы шығарма үшін қанша жұмыс жасады. Смағұл Елубай ол кезде Прагада еді. Зекеңнің «Махамбет» туралы мақаласын сұрады. Зекең телефоннан оқып отыр, Смағұл ар жақта жазып жатқан болу керек. Сондағы даусы құлағымда. Мен де тыңдап отырдым. Махамбеттің өлеңін талдап отырғанда, сол шығарманың ішінде жүргендей боласың. Өзің соны жазып отырғандай боласың. Үйде күнде көріп жүрген адамың, бірақ әлгі шығарманы оқып отырғанда, сондай әсер аласың. Ол маған бұрылып қарап: «Мені жаңа көрдің бе?» – деп күледі. Менің аңтарылып тыңдап тұрғанымды байқаса керек. «Жаңа көрмесем де, жаңа естіп отырмын» деймін. Сол жолы Махамбетті сұмдық керемет талдады. Сол күнгі келбеті әлі күнге көз алдымда.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары