ҚАЗАҚЫ ТӘРБИЕ ТУРАЛЫ ТЕЛЕХИКАЯ

Осы орайда отандық арналарда бірқатар игілікті шаралар жүзеге асуда. Сондай отандық телехикаялардың бірін «31-арна» ұсынып отыр. Таяуда 31-арна көрермендері «Базарбаевтар» отбасының хикаяттарымен қайта қауышты. Бұл қазақ тіліндегі алғашқы «Базарбаевтар» ситкомының жалғасы. Алғашқы түсірілімімен-ақ көрерменнің көз қуанышына айналған сериалдың жалғасы шытырман оқиғаларға толы. Екі айға созылған телехикаяның түсірілімі арнайы алаңда жүзеге асырылған екен.

Бұған біз «Базарбаевтарды» түсірген студияға барғанымызда көзіміз жетті. Студияға кіргенімізде, Алматының пәтерлерінің біріне кіргендей әсер алдық. Студияның ішінде тұрғын үйдің макеті жасалып қойылған. Ас бөлмесі, балалар бөлмесі, қонақ үй, есік алдына дейін… дайын пәтер дерсің. Бұл ситкомды жасауға ресейлік және қазақстандық шоу-бизнестің ең дарынды азаматтары атсалысыпты. Олардың арасында СТС-тің өкілі Стас Булов та бар.

«Базарбаевтар» телехикаясының продюсері Нұрлан Қоянбаевтың айтуынша, бұл сериалдың жалғасын түсіруге алғашқы бөлімнің көрермен көңілінен шыққандығы себеп болған. Продюсер: «Жалпы ұсақ кикілжіңдерді айтпағанда, Базарбаевтар отбасында татулық пен бір-біріне деген өзара сыйластық орын алған. Осы маусымда біз әзіл-қалжыңдарды мүмкіндігінше көбейтіп, қойылымды көңілді, күлкілі етуге тырыстық және актерлер құрамын ауыстырып, толықтырдық», – деді. «Базарбаевтардың» жаңа қойылымында Гүлнәр Силбаеваның орнына жас актриса Салтанат Бақаева келіпті. Салтанат өз рөліне тез бейімделіп кеткен. Қаланың еркетотай, шолжаң қызының ролін актриса сәтті сомдап шығады. Өйткені Салтанаттың тәжірибесі бар. Ол бұрындары да телехикаяларға түсіп жүргендіктен, Гүлнәрдің ролін ойнау аса қиындық тудырмаған сияқты.

Базарбаевтар отбасының мүшелері көп ауыса қоймаған. Ситком арқылы Саламат – Бекжан, Айғаным – Райхан, Шерәлі – Нұрдәулет, Назым – Аида, Гүлнәр – Салтанат, кішкентай Әрсен – Әлиханның басынан өткен түрлі оқиғалардың куәсі боласыз.

Бұл жолғы хикаяда Гүлнәрдің өмірі ауылда жалғасады. Шүлдірлеген қала қызын тәрбиелеу үшін әкесі арнайы ауылға, туыс­тарына жібереді. Гүлнәр Базарбаеваның ауылдағы өмірін көрсету мақсатында сюжеттерді түсіру үшін жұмыс тобы бірнеше күнге ауылға барды. Осы сәттен-ақ Базарбаевтар отбасының шытырманды оқиғалары басталып кетті. Алғашқы кезде қала қызы қыңырланып, ауыл өмірінің талаптарын қабылдауға көнбейді, бірақ ақырындап өзіне ауылдан достар табады. Қаладан келген сұлу қыздың көркі ауыл жігіттеріне де ұнап қалады. Тіпті көрші ауылдың азаматы Гүлнәрді алып қашуға бел буады. Бөтен үйге түскен жас келінді кемпірлер үгіттеп, салт-дәстүрді алдыға салғанның өзінде Гүлнәр амалын тауып, бұл жағдайдан да құтылып шығады.

Футбол десе ішкен асын жерге қоятын Шерәлі Базарбаевтың өмірінде де күрт өзгерістер орын алды. Бірінші дивизиондағы «Жауқазын» футбол командасынан сәттілік біржола теріс айналғандай. Әлемдік футболистерге ұқсағысы келген ол имиджін өзгертуді ұйғарады. Шашының түсін бояп, Назыммен танысқан күндерінің құрметіне оған нағыз жұлдыздарша асыл алқа сыйлайды. Ол жарнамаға түсіп, болашақта пәленше ақша алам деп алқаны несиеге алып келеді. Оқиға осылайша тым шиеленісіп кетеді. Әзіл-қалжыңға құрылған «Базарбаевтар» жаңа мау­сымда да көрермен көңілінен шығады деген үміттеміз. Отандық сериалдардың көбеюі көңіл қуантады. Көңіл көтеретін жеңіл сериал десек те, бұл хикаяның көрерменге берері көп. Сценарий авторлары телехикая арқылы қала өміріндегі бүгінгі тұрмыстық түйткілдерді ашып көрсетуге тырысқан.

Гүлзина Бектасова

Back to top button