ЖАННАН ҚЫМБАТ ОЛАРҒА АР

«Арыстандай айбаты, жолбарыстай қайраты, қырандай қанаты бар жастарға сенемін» деген еді Мағжан ақын бір кездері. Келешектің кілті – жастардың қолында. Ертеңгі үміт те – жастарда. Ұлттың, мемлекеттің келешек негізгі иесі де жастар. Ендеше бүгінгі жастарымыз ұлтын сүйіп, Отанын қадірлеп, патриоттық тәрбиені бойына сіңіріп өскені абзал. Әйтпесе, Мағжан ақын сенген, Мағжан ақын сүйенген жастарымыз үміт еткендердің бәрін жерге қаратуы мүмкін.

Астанада «Жас Отан» жастар қанаты ІІ съезінің «Арман! Еңбек! Сенім!» деген рухта өткізілуі де тегін емес. Алқалы жиынға «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысты. Алаш жастарымен жүздесіп, ақыл-тәжірибесімен бөлісті. Отырыс барысында «Жас Отан» Жастар Қанатының «Жастар – Отанға» деп аталатын 2020 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Съезде сөз алған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгінгі жиналыста 7500-ден астам жастар отыр. Менің білуімше, бүкіл Қазақстанның халқы мен жастары қазір назарын осы залға аударуда. Соған орай, осы жастар жиынында айтылған сөздер, жалынды мәселелер мен секілді үлкен буынның өкілдеріне жастығымызды еске түсіріп, өмірге де, еңбекке де үлкен шабыт сыйлайды. Сіздердің энергияларыңыз елге керек, болашаққа керек», – деді.

«Жас Отан» жастар қанаты 2008 жылы Елбасының бастамасымен құрылған болатын. Бұл ұйым бүгінде бүкіл жастарымыздың басын бір арнаға тоғытып отырған бірден-бір іргелі ұйымға айналды. Жастар қанатында жас ақын, жас кәсіпкер, жас ғалым, жас дәрігер де бар. Бастысы президенттің ізгі арманына айналған жастардың жасампаздығы мен көш бастауы бүгін орындалып келеді деуге толық негіз бар. Маңдай термен келген табыстардың негізінде мемлекеттің қамқорлығы жатыр. Мәселен, жастар саясатына қатысты жобаларды қаржыландыру соңғы 7 жылда 10 есеге ұлғайды. Тек биылдың өзінде жастарды қолдауға 12 млрд. теңге жұмсалғанын айтып өтті Елбасы. Ал 2020 жылға дейін жас отбасыларға арнап 1 млн. 200 мың шаршы метр тұрғын үй салынатын көрінеді. Елбасы: «Біз еш уақытта мойыған жоқпыз! Мен сендім елдің болашағына. Шыда дедім халқыма. Қолдан келгенін жасаймыз. Еліміз бай, халқымыз сауатты, жастарымыз отансүйгіш. Жеңеміз дедім. Сол арманым орындалып келеді», – деді. Президенттің бұл сөзінің де жаны бар. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың басынан небір қиын-қыстау күндер өтті. Қаншама зұлматтарды бастан кешті. Қырылды, атылды, аштан қырылды. Қолдан жасалған геноцид халықтың тең жарымын жұлып кетті. Мұның бәрі қазақ халқы үшін тарихтағы өте ауыр кезеңдер. Сондықтан біз бүгінгі қол жеткен табыстарымызға ата-бабаларымыздың ерлігімен, батырлық рухының арқасында жеттік деуге негіз бар.

Кілең өрімдей жастардан құралған «Жас Отанның» алда көздеген міндеттері де орасан! Елбасы қазақтың барлық жастарын, әсіресе, ауыл-аймақтарда жүрген қаракөздерді бұл жұмыстарға белсене араласуға шақырды. «Жас Отан» болашақ саясаткерлердің мектебіне айналуы тиіс. Оның үстіне, жастар ұйымдары елімізде болып жатқан саяси үрдістерге де атсалысып тұруы керек.

Сондай-ақ жиын барысында Президент жас буынға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Мәселен, елімізде жастар бастамаларының қорын құру және кәсіпорындарға дуальдық оқыту үлгісін дамыту тапсырылды. Оның үстіне, алдағы жартыжылдықта «Жастар саясаты туралы» заң қабылдануы тиіс. Сонымен қатар, Елбасы Астанада Жастар сарайының құрылысын бастауды жүктеді. «Қазіргі атқарылып жатқан жұмыстың барлығы тек ел үшін, ел сенімін ақтайтын жастар үшін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент өз сөзінде: «Біз қазақпыз! Біз көшпендіміз, аттың үстінде жүрген қазақпыз. Ержүрек елдің тұқымымыз. Қазір тәуелсіздік алған кезде елдің ішкі бірлігі керек, біз бір ұлтпыз, біздің қанымыз бір! Солай екен деп еш уақытта басқа ұлттың, діннің адамдарын ренжітуге болмайды. Ол азаматтар осы жерде өсті, туды ол бөтен емес», – деп нақты айтып өтті.

Көшпенді халықтың бірлігі ешқашан ыдыраған емес. Қонақжайлық, мейірбан­дық қазақтың қанында бар дүние. Қазақ қашанда қолындағы барын бөліп беруге дайын болған ұлт. Оның дәлелі, сонау соғыс жылдарында қуғындалып келген өзге ұлттың өкілдерін бауырына басып, бір үзім нанды бөліп жегенінде жатыр. Өзегіндегісін үзіп беруге дайын тұрған қазақтың ынтымақты, береке-бірлікті алдыңғы қатарда ұстауының да өзіндік сыры бар. Өйткені қазақ әрдайым «сыйлағанның құлы». Сыйлай да біледі, сыйлата да біледі. Ынтымағы жарасқан, береке-бірлігі мол ұлттың бүгінгі ұстанған бағытын келешек жастар әрі қарай жалғауға тиіс. Сонда ғана мемлекеттің болашағы зор болмақ. Жастар съезінің соңында Елбасының барлық қазақстандық жастарды тәуелсіздіктің тұғырын биік ұстап, бірлікке шақыруы да осының дәлелі.

Өйткені бүгінгі жастар Алаш жұртының аңсаған тәуелсіздігі мен бірлігі, ынтымағы мен тарихының мұрагері. Сондықтан кез келген Алаш баласының бойынан қазақы қасиеттер мен адами мінез табылады. Бүгінгі Қазақстан жұртының тату-тәтті өмір сүруі де соның айқын көрінісі. Ендеше Мағжанның тілімен айтар болсақ, қазақ халқы «айбатты да, қайратты» жастарға әрдайым үміт артады, сенеді.

Халық сенген жастар ұлттың сенімін ақтайды деген ойдамыз. Ол үшін бүгінгі жастарға әсіреұлтшыл болу жараспайды. Ұлтын сүйсін, ұлттық рәміздерін қадірлесін, тілін білсін! Қазаққа тән қасиеттердің бәрін бойына сіңірген жастан келешекте жақсы үміт күтуге болады. Өйткені ұлттың келешегі соның қолында. «Жеті жұрттың тілін біл» демей ме, жеті елдің тілін білсін бүгінгі жастар. Бірақ өз тілін құрметтесін! Қазақы қалып пен қазақы мінез ғана ұлтты алға сүйрейді. Тілін білмеген балада келешек жоқ. Ұлтын ардақтау, Отанын сүю, патриот болып өсу дегеніміз де осы – қазақы қалпыңды сақтау.

Жалындаған жастардың қолынан бәрі келеді. Сондықтан «көздерінде от ойнар, сөздерінде жалын бар, жаннан қымбат оларға ар, біз жастарға сенеміз!».

Съезге қатысқан жастарымыз не дейді? Біз құрылтайдан кейін жастарымыздың пікірін білейік деп, сауал тастаған едік.

Еркебұлан Құралбаев,

«Жас Отан» жастар қанаты Жамбыл облыстық филиалының атқарушы хатшысы:

– «Жас Отан» жастар қанатының 16 қарашада өткен кезекті ІІ съезіне жалпы Жамбыл облысынан 300 адам қатысты. Оның 75-і арнайы делегат болып сайланып барған болатын. «Жас Отан» жастар қанатының ІІ съезі өте жоғары деңгейде өтті. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Жас Отан» жастар қанатының осы күнге дейінгі республикамыздың барлық түкпір-түкпірінен жіберілген жастардың пікірлері мен ұсыныстары бойынша жинақталған «Жас Отан» жастар қанатының «Жастар Отанға!» атты стратегиялық жобасы қабылданған болатын. Алғаш сөз алған «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз баяндамасында жастардың алдына біраз міндеттерді орындауды тапсырды. Стратегияда көрсетілгендей сапалы білім – болашақтың кілті. Сондықтан, жастардың қазіргі таңда білімі мамандығына сәйкес болуын, олардың жоғары оқу орындарында сапалы білім алып шығуы үшін «Жас Отан» жастар қанатының тікелей қадағалауына алу, жастарды орта кәсіптік оқу орындарында дұрыс білім алуын, өз мамандығын дұрыс игеруін, сол оқу орындарының сапалы білім беруі қажеттігін насихаттау, қадағалау мәселесін көтердік. Сондай-ақ, Елбасы баяндамасында аталған мәселенің бірі – жастарды еңбекке шақыру болды. Бүгінгі таңда мектептен кейін жоғары және орта кәсіптік оқу орындарына түсе алмай қалатын жастарымыз да бар. Сол жастарды үдемелі индустриалдық-инновациялық жоба аясында салынып жатқан зауыттар, өндіріс орындарына жұмысқа тарту мәселесі талқыланды. Олардың «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнес жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында өздерінің тиісті бір мамандық иесі болып шығуларына көмек көрсету керек екендігін де атап өтті. Елбасы үкіметке де бірнеше тапсырмалар берді. «Жас Отан» жастар қанатының стратегиясында көзделген жастардың ғылыми әлеуетін көтеру мәселесі бойынша Еуразия университеті жанынан «Жас ғалымдар» корпусының ашылғанын, алдағы уақытта ғылыммен айналысатын жастарға көмек көрсетілетіндігі сөз болды. Тағы да бір үлкен мәселе жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Осыған дейін Елбасы бұл мәселені көтеріп келген болатын. Бұл жолы Елбасы үкіметке нақты тапсырма берді. Алдағы уақытта жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету бірінші орында тұруы қажет деді. Сонымен қатар, съезд барысында «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы болып бірауыздан Нұрлан Сыздықов сайланды. Сондай-ақ, «Жас Отан» жастар қанатының жоғарғы орталық кеңесі сайланды. Оған Жамбыл облысынан өзім мүше болдым. Бұл мен үшін үлкен қуаныш. Себебі орталық кеңес «Жас Отан» жастар қанатындағы алдағы мақсат-міндеттерді айқындауда, көптеген мәселелерді шешуде үлкен қызмет атқарады. Орталық кеңеске сондай-ақ жастар ұйымдарының мүшелері, түрлі саланың қызметкерлері, жұмысшы жастар, ауыл жастары, үкіметтік емес ұйымдардың, үкіметтік емес жастар ұйымдарының өкілдері сайланды. Сөз соңында Елбасы «Жас Отан» жастар қанатының осыған дейінгі атқарған жұмысына үлкен баға беріп, алғысын білдірді. 2008 жылғы 14 мамырдағы «Жас Отан» жастар қанатының І съезінде айтылған тапсырмалары бойынша, яғни «Дипломмен ауылға», «Жастар Отанға» бағдарламаларының аясында жас отандықтар ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарды.

Әлібек Хайруллин,

Республикалық студенттер құрылыс жасағының жетекшісі:

– Жалпы, съезге тоғыз мыңға жуық делегаттар қатысты. Жас мемлекеттік қызметкерлер, жас мәслихат депутаттары, жастар ұйымдарының көшбасшылары, жас кәсіпкерлер, мұғалімдер, дәрігерлер де осы съезден табылды. Елбасы ІІ съезде үлкен мәселелер көтеріп, «Жас Отан» жастар қанатына міндеттемелер жүктеді. Айта кететін болсам, білім беру жүйесіндегі білім сапасын қадағалау, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын үдету, жас отбасыларға тұрғын үй беру, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету сынды мәселелердің шешімін табу тапсырылды. Осы жылда жас отбасыларға 3000 үй беріледі деп жоспарланған екен. Астана қаласында жастар көптен күткен Жастар Сарайын 2013 жылы салуды міндеттеді. Жастарға деген үлкен сенім жылдан жылға артып келеді. Сондықтан, біз Елбасының әрбір бастамасын қолдаймыз, әркез жанынан табыла білеміз. Өзіме құрылыс жасағының көшбасшысы ретінде съезд қатты ұнады. Біздің де студенттер құрылыс жасағының мүшелері келіп қатысты. Алдағы уақытта «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолында, «Жезқазған-Бейнеу» темір жолында студенттердің жұмыс жасауы үшін құрылыс компанияларымен келісімге келіп, олардың жатын орны мен тамақтарын тегін қылып, жалақыларын төлеп 3 ай сонда жұмысқа жіберуді ойлап отырмыз. Қазір құрылыс компанияларымен келісімдерге қол қоюдамыз. Алдағы уақытта бір компанияда кем дегенде 500 студент жұмыс істейтіндей жағдай жасаймыз. Съезде қабылданған стратегияда білім беру, еріктілердің жұмысын ары қарай дамыту, денсаулық сақтау, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру мәселелері қарастырылған. Сонымен қатар, съезде жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жаңа атқарушы хатшы сайланды. Құрылыс жұмыстарына оқу бітіріп кеткен, 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жүрген жастарды да тартуға болар еді. Біз қазір мониторинг жасау арқылы мұның бәрін қарастыру үстіндеміз. Оларды қалай жинаймыз, хабарландырулар береміз бе, әлде телеарналар арқылы бейнероликтер жасаймыз ба? Осы сұрақтар төңірегінде ойланудамыз. Жұмыссыз жүрген жастар жайлы бізде нақты ақпарат жоқ. Сондықтан олардың басын біріктіру біз үшін қиындау. Ал, студенттерді біз тікелей университетпен байланыс орнатып, жұмыс істеуге арналған өтініштерін алып, ары қарай жұмыс жүргізіп жүргізбекшіміз.

Мейірім Қалауы,

Атырау облысының жастар саясаты басқармасының бастығы:

– Жалпы, съезд 4 жылда бір рет өтетін жастар саясатындағы үлкен оқиға. «Нұр Отан» партиясы еліміздің басты саяси күші, еліміздің дамуын айқындаушы күші болғандықтан саяси өмірдегі рөлі жоғары. Биылғы съездің маңыздылығын, саяси белсенділігін арттырған Елбасының қатысуы болды. Съезд барысында жастар саясаты саласына қатысты болашақтағы жоспарлар айқындалып, міндеттер қойылды. «Жас Отан» жастар қанатының 2020 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Бұл құжат еліміздегі жастар саясатын дамытуға бағытталған ең маңызды құжат болып есептеледі. Құжатта қойылған міндеттерді орындау мақсатында келесі жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік жастар саясаты туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде Президент тапсырма берді. 2020 жылға дейінгі үкіметтің мемлекеттік жастар саясатының жаңа тұжырымдамасы қабылданады. Ол екі құжат та жастар үшін өте маңызды. Себебі жастардың әлеуметтік мәселелері, өз-өздерін дамыту мәселелері осы құжаттарда қарастырылатын болады. Бұл съезд барлық аймақтардың өкілдерін қамтыды. Бір аймақтардан 300-ге дейін делегаттар келді. Біздің Атырау облысының өзінен 70-ке жуық делегат қатысты. Жұмыспен қамту мәселесі бойынша жастардың еңбекке тұруы және сол уақытта олардың өсуі, шыңдалуы, біліктілігін арттыруы деген екі мәселе қатар жүреді. Бізде жұмысқа тұру мәселесі диплом алғаннан кейін басталады. Қызметке орналасайын десең тәжірибең жоқ, біліктілігің жетіспейді дейді. Сол үшін Елбасы жастардың бүкіл жоғары ұлттық еңбеккершілікті сақтауы туралы тапсырма берді. Бұл білікті жастарды бағдарлау жұмысы. Бұл жұмыссыздықпен күрестің бірінші бағыты. Ал екінші бағыты елімізде жүзеге асырылып жатқан стратегиялық бағдарламаларға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу. Үшіншіден, еңбек етіп жүргенде өз-өзін дамытуға байланысты барлық кәсіпорындарда жеке секторда жоғары оқу үрдісін енгізу керек. Жастар үшін арман, еңбек, сенім деген үш сөз үлкен мағына береді. Біз келешегіміздің кемел болуын, еліміздің гүлденуін, жанұямыздың аман болуын, жақсы жалақы алуды армандаймыз. Сол армандарға тек еңбек ету арқылы жетесің, сол арқылы алға қойған мақсат-міндеттеріңді орындайсың. Ойлаған армандарымыздың жүзеге асатынына, еліміздің гүлденіп, болашағымыздың жарқын боларына сенім мол. Міне, съездегі тақырыптар жастарға осыны түсіндірді, жастарға алға қарай нық қадам басуға мүмкіндік берді.

Дайындаған

Әсел ӘНУАРБЕК

Гүлзина Бектасова

Back to top button