АРДАГЕР ҰСТАЗ ЕДІ

Халық ағарту саласында елу жылға тарта еңбек еткен педагог-журналист, қаламгер Шәкір Қорғанұлы дүниеден озды.

Шәкір Қорғанұлы Аманов 1929 жылы 10 тамызда Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы Бозкөл ауылында дүниеге келеді. Әкесі – Қорған Нәукебайұлы – мұғалім, Ұлы Отан соғысында қаза табады. Шәкір мектеп табалдырығын туған аулында аттағанымен, жетіжылдық мектепті әкесі еңбек еткен Ақтөбе облысының Новоресей ауданында аяқтайды. 1943 жылы Ақтөбе мұғалімдер институтының даярлық курсына шақырылып, институтты 1946 жылы үздік бітіруші санатында Алматының Абай атындағы педагогикалық институтына жолдама алады. Бұл жоғары оқу орнының қабырғасында жас студент Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Сәрсен Аманжолов, Жамғали Сарыбаев, Митрофан Сильченко, Темірғали Нұртазин, Қайнекей Жармағамбетов сынды Қазақстанның ғұлама ғалым ұстаздарынан дәріс алады. 1949 жылы осы институттың аспирантурасына қабылданады және қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы болады. Бірақ жас талаптың ғылым іздеу жолына елуінші жылдың аяғындағы Қазақ ССР тарихын «бұрмалауға қарсы» партиялық саясат тосқауыл қояды. 1951 жылы ол Оқу министрі Әбдіхамит Ібнейұлы Сембаевтың жолдамасымен Қазақтың мемлекеттік оқу-педагогика баспасына /қазіргі «Рауан» баспасы/ аға редактор қызметіне тағайындалады. М.Ғабдуллиннің, А.Нұрқатовтың, З.Қабдоловтың, С.Қирабаев­тың, М.Базарбаевтың және басқа әйгілі әдебиетші авторлардың қазірге дейін мектептерде кәдеге жарап келе жатқан оқулықтарының бірінші редакциясын жүргізеді. Тап осы тұста оның өзі де министрліктің ұйғарымы бойынша 6 кластық /кейін 7 класс/ мектептерде күні бүгінге оқытылып келе жатқан әдебиет оқулығының авторлар құрамына қосылады.

1971 жылдың басында Моңғолияның Халық ағарту министрлігінің шақыртуымен Шәкір Қорғанұлы ол елдегі қазақ мектептерін оқытудың жаңа мазмұнына көшіру жұмысына жетекшілік жасайды. «Әліппеден» бастап қазақ тілі мен әдебиеті, моңғол және орыс тілдерінің отыздан астам түпнұсқа оқулықтарын жаздыру істерін қолға алады. Оның редакциялық жетекшілігімен әзірленген бұл оқулықтар соңғы жылдарға дейін Моңғолияның, Баян-Өлгий аймағының және Қазақстанның бас­палары арқылы шығарылып келді.

Аманов Моңғолиядан 1974 жылдың аяғында оралғаннан кейін республикамыздың Оқу министрлігінде бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындалады да, 1975 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесіне жауапты қызметке шақырылады.

Республикамыздың жоғары және орта арнаулы оқу орындарының жұмысына жәрдем көрсету ісін атқарған тұста ол Рудный индустриялдық, Алматы темір жол, Семей ет және сүт өнеркәсібі, Қарағанды педагогикалық физкультура институттарының шаңырақ көтеруіне, Алматы медицина институтының Атырау, Ақтау, Петропавл қалаларындағы Халық шаруашылығы институтының Алматы қаласындағы сауда филиалдарын аштыруға тікелей қолғабысын тигізеді.

Шәкір Қорғанұлы қандай қызметте жүрсе де өзінің қаламгерлік ісінен ешқашан қол үзген емес. Ол сан алуан әдеби сын, педагогикалық бағыттағы, қоғамдық тақырыптағы мақалалардың авторы. Кезінде отыздан астам көркем фильмдерді қазақша сөйлеткен, Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі жанындағы баспасөз тобына көп жыл қатысқан, қазірдің өзінде орыс тіліндегі мектеп оқулықтарын тәржімалап жүрген аудармашы. Соңғы жылдардың өзінде оның редакторлық қалам өрнегімен Сыр бойының белгілі шайыры Омар Шораяқұлының өлеңдер жинағы /1995ж./, Мұхаммед пайғамбардың өміріне қатысты «Сияр» дас­таны /1997 ж./ жарық көріп отыр.

Оқу-ағарту саласына сіңірген еңбегі үшін марапатталып, моңғол халқының марапатына ие болды. Одақтық баспасөз ісінің, Қазақстан Республикасы және Монғолия халық ағарту ісінің озық қызметкері, Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдің иегері.

Шәкір Қорғанұлы қарапайым мінезді, кішіпейіл, адал жанды азамат. Оның 45 жыл отасқан зайыбы Сафура да зейнеткер. Қыздары – Сайра музыка тарихы мен теориясының маманы, ғылым кандидаты, жолдасы Әбдіхамит Райымбергенов композитор, домбырашы. Ләззат – дәрігер, республикалық медицина училищесінің оқытушысы, оның жолдасы заң органдарының қызметкері. Ұлы Алмас – машина жасау ісінің инженері.

Марқұмның жатқан жері жәннатта болсын дейміз.

«Түркістан-ақпарат»

Back to top button