Оқушы куәлігі табыс етілді

Ауылдан алшақтап кеткен, ат пен атанды айыра білмейтін қала баласының ат жалын тартып мінуі, оның оқу-білім ордасы – мектеп табалдырығын аттап кірген алғашқы сәті болса керек. Баланың алғаш рет мектепке баруы – ең бақытты шағы. Алайда сан түрлі құжат, қағазбен адамдығың да, азаматтығың да айғақталып, куәланатын мына заманда қалқайып, ес жиған кісі болып, адам санатына қосылып, қолыңа қалам алып, қаріп танып, хат танығаныңмен сен әлі де «оқушы» деген атқа ие бола қоймайды екенсің. Жас түлектерге өзінің оқушы екенін дәлелдеп, қаттап беретін ең басты құжат – «оқушы куәлігі».

Алматы қаласының Алмалы ауданындағы әйгілі сатирик-жазушы Шона Смаханұлы атындағы №62 гимназиясында биылғы оқу жылында алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған жас ұландарға «оқушы куәлігін» табыс ету салтанаты ерекше көңіл тебірентерлік әсерде өтті. Салтанатты жиынды мектеп директоры Атығай Бижанов ашып, мектеп тарихын, сатирик-жазушы Шона Смаханұлының атымен аталудың мәртебесін тұжырымды баяндап, бірінші сынып балаларына ақ жол тілеп, ақ батасын берді. Қолына туымыз түсті, алтын күн мен қас қыран бейнеленген оқушы куәлігін алған балалардың бал-бұл жанған қуанышты жүзінен олардың жан дүниесінің ішкі толқынысы, өмірдің жаңа бір белесіне көтерілген, айдарынан жел ескен көңіл күйлері айқын көрініп тұрды.

Бұл салтанатты жиынға әнші-сазгер Әбиірбек Тінәлиев қатысып, әсерлі әңгіме айтты. Сазгердің Ш.Смаханұлының сөзіне шығарылған «Анамның тілі» атты әнін автормен бірге жүзден астам оқушының кең залды күңіренте орындауы жиынның мәнін онан ары айшықтай түсті. Мінеки, осылай, Алматы қаласының Алмалы ауданындағы әйгілі сатирик-жазушы Шона Смаханұлы атындағы №62 гимназиясының жас түлектері «оқушы куәлігіне» ие болды.

Б. Бурылалтай

Back to top button