МИНИСТР ЖАҢА ҚҰРЫЛҒЫЛАРДЫ ТАМАШАЛАДЫ

Елбасы Н.Назарбаев студенттерге оқыған дәрісінде «Білім-ғылым-инновация» үштігі билік құрған постиндустриалды әлемге қарай қозғалып келеміз» деген болатын. Бүгінде осы нақты міндеттер бойынша білім саласында оң өзгерістер мен тың үдерістер қолға алынуда. Соның бір парасы Қ.Сәтбаев атындағы Қзаақ ұлттық техникалық университетінде жалғасын тапты.

Жоғары оқу орнына арнайы атбасын тіреген Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов Қазақстан ғалымдарының республикалық форумы мен «Үшінші индустриялық революцияға инженер мамандар даярлау» атты көрмеге қатысты. Техника мен технологиялар саласындағы жетекші жоғары оқу орны заманауи үлгідегі оқу құралдарымен толықтай жабдықталған. Қазіргі таңда еліміздегі алпауыт компанияларда жұмыс істейтін инженер мамандарды дайындау да осы оқу орнына тиесілі. Министр Жұмағұлов университетте жүзеге асырылып жатқан іс-шараларға оң бағасын беріп, шетелден сатып алынған техникалар базасында құрылған «ҚазҰТУ-SCHNEIDER ELECTRIC» Қазақстан-француз электротехника орталығы, «ҚазҰТУ-SIEMENS» автоматтандыру жүйелерінің Қазақстан-герман ғылыми-зерттеу және оқу орталығын аралап көрді. Айта кету керек, былтыр ғылымды қаржыландыру көлемі 1,2 млрд. теңгеден асып, оқу және ғылыми техникалық процестердің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайды. Сондай-ақ, ТОП-50 қатарына енетін суперкомпьютері бар ғарыштық және ақпараттық технологиялардың ұлттық зертханасы және инженерлік бағыттағы зертхана іске қосылған. Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов өз кезегінде бүгінгі таңда білім алып жатқан жастардың бақытты екендігін айта келе: «Шетелдік компаниялар Қазақстан нарығына кіруге дайын. Егер олар өз құрал-жабдықтарымен келгісі келсе, оның тілін кім біледі? Сондықтан да болашақ инженер-мамандардың қазірден автоматтандыру құрылғыларының құлағында ойнауы тиіс. Арнайы сертификатқа ие болған маман кез келген компанияда жұмыс істей алады. Кәсіби біліктілігін арттырған маманның болашағы да зор», – деді.

Динара ДҮРМӘН

Back to top button