АЛЛАҒА ШҮКІР, ҚАҒБАҒА ТАУАП ЕТТІК

АЛЛАҒА ШҮКІР, ҚАҒБАҒА ТАУАП ЕТТІК

АЛЛАҒА ШҮКІР, ҚАҒБАҒА ТАУАП ЕТТІК
ашық дереккөзі
2636
Бисмиллаһир-рахманир-рахим!
Тәуелсіздік елімізді әлемге танытып, тарихымыздың жаңа беттерін ашты. Өмір салтымыздан әлдеқашан шеттеп қалған дінімізбен, ділімізбен қайта қауыштық. Елді мекендерден, қалалардан мешіттер ашылып, жұрт ата дінімізге, имандылық жолына бет бұра бастады. Мемлекетаралық қарым-қатынастарға жол ашылып, алыс-жақын шетелдермен ынтымақтаса өмір сүріп келеміз. Сондай іргелі елдің бірі әрі бірегейі – Біріккен Араб Әмірлігі. Қазір бұл елмен экономикалық және мәдени байланысымыз уақыт өткен сайын барынша күшейе түсуде. Соның бір айғағы аталмыш елдің Королі Абдулла ибн Абдель-Азиз әл-Сауд жыл сайын қажылық уақытында республикадан бірнеше ондаған намазхандарды қонақ ретінде арнайы шақыртып, парызын өтеуге өз есебінен толық жағдай жасауда. Биыл да Корольдің арнайы шақыртуымен елден отыз екі адам мұсылманның бес парызының бірі қажылық өтеу сапарымен дін Исламның ту тіккен қасиетті жері Мекке мен Мәдинеде болып қайтты. Адамзаттың материалдық әрі рухани қажеттілігі сарқылмас бұлақтай десек асылық болмас. Бұлар тіршілікте адами қалыпты сақтап, өмір сүру үшін ауадай қажет. Материалдық қажеттілікке саналатын ауа, су, азық-түлік, киім-кешек және тағы басқалар адамға қандай қажет болса, ішкі жан-дүниемізге де рухани қажеттілік аса қажет. Тіпті бұның мәні материалдық қажеттіліктен де жоғары. Өйткені тән кейін топыраққа айналса, рух тіршілік иелерімен мәңгілікке қала береді. Сондықтан Алла Тағала «Құран Кәрімде» «Сендердің несібелерің әрі уәде етілген нәрселер көкте» деген. (Зарият сүресі, 22-аят). Яғни Жаратушы иеміз ақыл-санасы бар адам баласының рухани азығына назар аударып, өзіне деген разылығына бөлену үшін тиісті рухани құлшылықтарды сыйлаған. Сондықтан да барлық ғибадат атаулы Алла Тағаланың бұйрығымен жасалынды. Кімде-кім сол бұйрықтарды бұлжытпай орындайтын болса, жан-дүниесіне рухани нәр алып, өздерін мына жалған дүниенің түрлі лас былықтарынан сақтай алады екен. Алла Тағала адам баласының рухани болмысын күшейту үшін кейбір құл­шылықтарын арнайы түрде парыз еткен. Солардың бірі әрі бірегейі және ең бастысы күн сайын бес уақыт оқылатын – намаз. Құдайға құлшылық етуші сол бес уақыт намазды шынайы ықыласпен оқитын болса, жүректегі қатпарланған перделері ашылып, Пайғамбарымыздың «Намаз – муминнің миғражы» деген хадис өнегесін жүзеге асырып, Алланың құзырында үлкен сауапқа кенеліп, ерекше сезімге бөленеді. Бес уақыт намаздан кейін рухымызға нәр беретін екінші бір парыз – ораза. Ораза – пенденің сабырлылығы мен шыдамдылығын ұштай отырып, түрлі нәпсінің қалауларын тежеп, адамды көркем мінез-құлыққа тәрбиелейтін құлшылық. Сондай-ақ ораза Алла Тағаланың адамға берген шексіз нығыметтерінің қадірін білуге, қоғамдық ортадағы әлеуметтік тұрмыс жағдайлар әр алуан адамдардың бірін-бірі түсінулеріне, байлардың кедейлерге оң көзқарастарының қалыптасуларына терең ой салары анық. Қоғамдағы әлеуметтік тепе-теңдік, ауқаттылар мен жарлылар арасында өзара сыйластық, қызғаныш пен күндестік атаулыларды болдырмау зекет беру құлшылығына негізделген. Осындай ғибадаттардың қатарында дүние-мүлік һәм тән арқылы орындалатын тағы бір құлшылық бар. Ол баршаға парыз етілген – қажылық. Қажылық – жүректегі иманды кемеліне жеткізіп, махшардағы күнді еске түсіріп, адамзат баласына тілмен жеткізе алмайтын рухани азық сыйлайтын құлшылық. Бұл жөнінде Алланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) өз хадисінде былай деген. «Қажылық пен умраны біріктіріңдер. Өйткені, олар күнәні темірдің татын тазалаған от сияқты тазалайды» (ибн Мәжә имамның Нәсай кітабынан Мәнасик 3-6 тараулары); «Кімде-кім қасиетті Қағбаға қажылық міндетін өтеу ниетімен келіп, күнә мен жағымсыз істерден сақтана отырып қажылығын өтесе, анасынан туғандай күнәдан пәк күйде үйіне оралады» (Муслим, Хаж 438). Қажылық – ең алғашқы Пайғамбар Хазіреті Адам Атадан басталып, ақырзаман Пайғамбарына дейін ұштасып, содан бері де оның үмбеттері арқылы жалғасын тауып келе жатқан және маһшарды көз алдыңа елестететін бақилық болмай тұрып о дүниені де ойлау керектігін еске салатын ұлық ғибадат. Қағба жұымақтан тас түскен орын. Сол тас әдепкіде ақ не алтын түсте болса керек. Кейін пенделердің күнә-налаларынан қара түске айналған көрінеді. Сол тас түскен орынды Адам Ата қоршап үй тұрғызып, оны Алланың жердегі үйі деп атаған. Кейін Алла Тағаланың әмірімен Ибраһим Пайғамбар оның қабырғаларын төрт бұрыштап қайта тұрғызып, айналасын абаттандырған. Бұл «Құран Кәрімде» былай баян етіліпті. «Сол уақытта Ибраһим (ғ.с.) «Уа, Раббым! Осы Мекке қаласын бейбіт қыл! Мені және ұрпақтарымды пұттарға шоқынудан аулақ қыл! Раббым, олар адамдардың көбін адастырды. Ал енді кімде-кім маған ерсе, рас ол менен. Сондай-ақ, әлдебіреу маған қарсы келсе, онда Сен өте жарылқаушы, ерекше мейірімдісің». «Раббымыз! Ұрпақтарымның кейбірін егінсіз ойпатқа, қасиетті үйің (Қағбаның) жанына орналастырдым. Раббымыз! Олар намазды оқитын болсын! Енді адамдардың көңілін оларға ауатын қыл! Сондай-ақ, оларды жемістермен ризықтандыр! Әрине олар шүкірлік етер» (Ибраһим сүресі, 35-37 аяттар). Қажылық ғибадаты Ислам дінінен бұрын да болған. Алайда ол ғибадат бұл ғибадаттан мүлдем бөлек еді. Сол кездегі мүшіріктер оны ғибадат-құлшылыққа емес, бір елдің айтулы шонжарларына арналған салтанатты жиын түрінде өткізіпті. Арабтар арасындағы беделді құрайыштардан өзге тайпалардың ер-әйелдері жалаңаш күйінде Қағбаны тауаф еткен. Ал үстеріне киім киіп тауаф ету тек құрайыш тайпасына тән еді. Олар құрайыш тайпасы қайырымдылық жасап киімдер берсе ғана олар жалаңаш денелерін жауып, тауаф жасаған. Құрбандық шалса, малдың қанын Қағбаның есігі мен қабырғасына жағып, етін отқа жағып жіберсе керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз кезінде Алланың әмірімен бұл ар-ұятқа жат әдет-ғұрып пен бұрыс наным-сенімдерді түп тамырымен жойып, құлшылықтың мәдени үлгісін көрсете білді. Біләлдің Қағбаның үстіне шығып шақырған азанының дауысы естілгенде Пайғамбарымыз: «…Ақиқат (Ислам) келді. Негізсіз нәрселер жойылды…» (Исра сүресі, 81-аят). Осы аяттан Пайғамбарымыздың Қағбадағы пұттарды жойып, дін Исламды түбегейлі орнықтырғанын байқаймыз. Қажылық – адам өз бойындағы нәпсі құмарлықтан тиылып, рухани әлемге бой ұсыну болып табылады. Құлшылық – ғибадаттар арқылы жан-дүниесін тазартып, өзінің шынайы қалпын сақтауға жол көрсететін Алланың берекеті мен мейіріміне кенелетін ерекше құбылыс. Қажылық рәсімдері ыждағатпен орындалғанда ғана Исламның бес негіздерінің біріне айналмақ. Сонда ғана ол бізді анадан жаңа туған пәк сәбидей халге түсіріп, күнә атаулыдан арылтады. Барша мұсылмандардың аңсап, армандаған жұмаққа кіруіне жол ашады. Дегенмен басқа құлшылықтар секілді қажылықтың да жөн-жоралғысы мен шарттары бар. Ниет еткен жан олармен алдын ала танысып алғаны абзал. Айталық, қажылықтың бірінші шарты – адал табыс, шынайы ниет. Қажылыққа әлдекімдер сияқты атақ пен даңқ үшін барудың Алла алдында ешқандай құны жоқ. Сондықтан ондай ойлардан аулақ болған ләзім. Сондай-ақ қажылыққа ниет етіп ұлық жолға шығар алдында басқаларға қарыздары, берешектері болса солардан құтылып ризалықтарын алса, кезінде қаза қылған намаздарын оқып, ораза-зекеттерін дер кезінде берсе құба-құп. Қажылық құлшылығын орындау барысында ондағы рәсім-шарттардың мән-мағынасын түсініп, не амал жасап жатқандарын білген дұрыс. Сонда ғана қажылықта жасаған әрбір амалдың тарихи мәні мен рухани маңызы адам баласына ерекше әсер қалдырады. Қажылық құлшылығында Раббымыздың осы қасиетті мекендегі нысандарына құрмет көрсетіп, тағзым жасап, рухани жағынан шөліркеген көңілімізді орнықтыру болып табылады. Қажылық не умраны орындау ниетімен осы қасиетті жерге аяқ басқандар Ибраһим (ғ.с.) пағамбардың; «Уа, Раббым! Күнәларымызды кешіре гөр! Сен Рахман және Рахымсың. Уа, Раббым! Менің ұлымды да менің жолыма, менің дініме еруші қыл!» деген дұғасын айтып отырса, оның берекет-сауабына бөленері хақ. Қажылық сапары қасиетті Мекке жеріне жәй туристерше қыдырып қайту емес. Мұсылмандар Ибраһим (ғ.с.) мақамын (орнын), Исмайыл пайғамбар (ғ.с.) мен оның әулеті өсіп-өнген жерге зиярат ету үшін, сонымен бірге Расуллаһтың (с.ғ.с.) туып өскен жерін әрі Ислам діні ту тіккен аймақты жүрек көзімен көріп, Аллаға мадақ айтып, сонда жасаған ғибадат құлшылықтарынан рухани ләззат алып, оның саф ауасын бойларына сіңіру үшін барады. Сонда ғана олардың тұла бойларын ерекше бір сезім билеп, көкіректері нұрға шомары анық. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Умра, умраға дейінгі аралықтағы (кіші) күнәларды жуып-шаяды, ал хаж мабрурдың (шынайы қажылықтың) сыйлығы тек жаннат» – деген (әл-Бұхари, Мусилим). Хаж мабрур атауының мәні нені білдіреді? Дін ғұламалары оған мынандай анықтама берген екен. Бұл мұсылманның қажылық рәсімдерін аса ұқыптылықпен күнә кемшіліктерге бой алдырмай орындауы. Бұл – Алла қабыл еткен қажылық. Оның белгісі адамның тәубеге келуі мен қайтып күнә жасамауға деген тоқтамы. Хаж мабрур – жалғандықтан аулақ шынайы қажылық. Ал оның сыйы тек жаннат. Алланың бұйрығымен қажылықты жаңаша өтеуді Пайғамбармыз Мұхаммед с.ғ.с. алғаш рет Меккеде өзі бастаған. Ал жол көрсетушісі оның өнегесі мен сүннеті болып табылады. Сондықтан ол: «Қажылық рәсімдерін менен үйреніңдер», – деген (Ахмад). Содан бері үмбеттері Пайғамбарымыз көрсеткен өнеге жолымен қажылық рәсімдерін орындап келеді. Қажылық парызын өтеуге келген әрбір мұсылман Меккедегі Әл-Харам мешітінде Алланың разылығы үшін көбірек ғибадат жасап, бар ниетін тек соған ғана арнап, оған кедергі болатын дүние істерін ойдан мүлдем шығарулары керек. Алла Тағала: «Қажылық – белгілі айлар. Кім ол айларда міндеттенсе, қажылық кезінде әйелге жақындасуға, күнә істеуге және жанжалдасуға болмайды. Нендей жақсылық істесеңдер, Аллаһ оны біледі. Және азық алыңдар. Негізінде азықтың жақсысы тақуалық. Ей, ақыл иелері! Менен ғана қорқыңдар» (Бақара, 197). Қажылықты шамасы келген кісі жасайды. Олар Алланың Меккедегі үйіне қажылық жасамайынша кәміл мұсылман бола алмайды. Алайда кез келген әлуетті мұсылманға өмірінде бір рет қажылық жасауды Алла парыз еткен. Осы орайда бір мүмін Пайғамбарымыздан: «Әр жылы ма, о, Алланың елшісі?» – деп сұрағанда ол: «Қажылық – бір рет, ал кім көбейтем десе ол өз еркінде», – деп жауап берген (Ахмад). Ең бастысы қажылыққа адал жолмен тапқан қаражатыңызбен барғаныңыз жөн. Өйткені Алла кемшіліктерден пәк әрі шынайылықты ғана қабыл етеді. Сондай-ақ ешкімге зияндық жасамай, балағаттамай, өтірік айтпай күнә атаулыдан бойыңызды аулақ ұстап, басқаларға қайырымды, мейірімді, кішіпейіл, жомарт мінезді болғаныңызды қалайды. Умраны кіші қажылық деп атайды. Дегенмен оның кейбір ерекшеліктері бар. Ол қандай ерекшелік? Үлкен қажылық жылдың белгілі бір уақытында орындалса, умраны жылдың кез келген уақытында өтеуге болады. Үлкен қажылық одан бұрын өтелетін кіші қажылықты есептемегенде әр жылдың зулхижжа айының сегізінші күні (тәруия күні) басталып, он үшінші күні аяқталады. Тағы бір ерекшелігі умрада Минада түнеу, Арафат тауында тұру, Мұздалифаға қону мен шайтанға тас ату және парыз тауабы секілді рәсімдер орындалмайды. Қажылықты өтеудің үш түрі бар. Біріншісі – Таматтуғ, екіншісі – Қиран, үшіншісі – Ифрад. Бұл үшеуінің кейбір мәселелерде болмаса айырмашылықтары айта қаларлықтай емес. Қазақстандықтар жыл сайын Таматтуғ қажылығын жасауда. Қажылықтың алғашқы қадамы қажылық аймағы саналатын Меккеге жетпей ихрам киюден басталады. Ихрам – ер адамдарға арналған екі бөлек тігісі жоқ мата. Қажылық осы ихрамға кірумен басталды. Бір бөлігімен жалаңаш денеңнің белден төменгі жағын яғни әурәтіңді орай жабасың да, екінші бөлігімен мойынға дейінгі денеңді жабасың. Тек жеке куәлігіңді салатын қалталы белдік тағуға рұқсат етілген. Ихрам кигеннен кейін денеге иіс су себуге болмайтыны осы шараны ұйымдастырушылар тарапынан алдын ала ескертілді. Ал әйел затына ихрам кию шарт емес. Үстінде ақ матадан немесе басқа түстегі тігілген киімі болса жетіп жатыр. Бірақ бар байлығын көрсететіндей үлде мен бүлдеге бөленіп, аса сәнденіп киінуге тағы болмайды. Ихрам – Алланың алдында хансың ба, қарасың ба бірдей екеніңді және адам өзін Алланың алдында әйтеуір бір уақытта есеп беретін кезі болатынын еске салады. Сол кезде өмір бойына жанталасып жүріп бар жиған-тергеніңді, байлығыңды, отбасыңды, туған-туыстарыңды артыңда қалдырып, жаратушы иеміздің алдына тек сол екі бөлек матамен ғана баратының хақ. Айта кететін бір жәй ихрам кезінде әйелмен жыныстық қатынас жасауға, некелесуге болмайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Ихрам кезінде үйленбейді, үйлендірмейді және құда түспейді» – деген (Мусилим). Мекке мен Мәдине қалаларының айналасындағы харам аймағына кірген жан ихрам кисе де, кимесе де, мейлі ер, мейлі әйел болсын көшеде және тағы басқа жерлерде жатқан ақша, алтын, күміс және өзге де бөтен кісілердің заттарын көрсе қызығарлықпен алуына тыйым салынған. Қажылыққа түркі елдерінен шақы­рылғандар Стамбұлдың әуежайында ихрам киіп, ұшақпен Біріккен Әмірліктің Жидда қаласына қарай бет алғаннан-ақ барлығы бір кісідей тәлбия айтып, ғибадатты бастап жіберді. Әсіресе түріктер жағы белсенділік танытты. Ер адамдар дауыстап, әйелдер іштерінен айтып жатты. «Ләббәйкәл-лаһумма ләббәйк. Ләббәйка лә шәрика ләкә ләббәйк. Иннәл-хамдә, уән-ниьмәтә, ләкә уәл-мулк. Лә шәрикә ләк». Қазақша мағынасы: «Ей, Алла! Міне, мен Сенің алдыңдамын. Сенің ешбір серігің жоқ. Міне, мен Сенің алдыңдамын. Расында мадақ та, нығымет те, мүлік те Саған ғана тән. Сенің серігің жоқ». Әуенді ырғақпен қайталанып айтылып жатқан тәлбия ұшақ салондарын кернеп тұрды. Ұшақ Жиддаға қонып сыртқа шыққанымызда күннің қатты ыстығы бірден бетті шарпып өтті. Онда бізге сол елдің өкілдері қажылықтың мәні туралы тағы біраз түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кешкісін жанға жайлы автобустармен Меккеге қарай бет түзедік. Аллаға құлшылық етушілер тәлбияны Меккедегі қасиетті Қағбаны көргенге дейін әуенді ырғаққа салып айтумен болды. Ертеңіне таң намазынан соң-ақ Әл-Харам мешітіне барып, умра қажылығын бастап кетті. Бас мешіттің орталық алаңындағы Қағбаның Йемен бұрышынан бастап, жанындағы жартылай тұрғызылған Хижр дуалының сыртымен жеті рет айналып тауап жасады. Қағбадан жеті-сегіз қадам жердегі Ибраһим мақамын да қоса айналды. Ер адамдар дұғаларын қайталап жатса, әйелдердің көбісі көз жастарына ерік берген. Әйелдер демекші, Ауғанстан, Иран, Ирак, Біріккен Әмірліктің алыс аймақтарынан келгендері қара селдір матадан бет-жүздерін тұтас жапқан пәренжелер киіп алған. Бұл жарде барлық ұлттардың салт-дәстүрлеріне құрметпен қарайсың. Тауап біткен соң екі ракат намаз оқылды. Қажылықтың келесі рәсімі бас мешіттің қапталындағы Сафа тауы мен Мәруа төбесі аралығын жеті рет жүріп әрі жүгіріп өтумен жалғасты. Бұл екеуінің арасы 450 метр. Көнеден жеткен әфсана бойынша Хажар анамыз ыстық күн астында шөлдеген жас баласына (Исмайл ғ.с) су іздеп, осы Сафа мен Мәруаның арасында ары-бері зыр жүгірумен болады. Шөл қысқан бала өкшесімен жер тепкілеп жылап жатқанда кенет сол жерден су аспанға атқылайды. Сонша мол суды көрген Хажар анамыз судың үстіне қолын тосып, «зәм-зәм» деп бірнеше рет қайталап айтқан. Сонда атқылаған су сабасына түсіп, жайлап аққан екен. Содан бері бұл су Зәм-зәм атанып кетіпті. Содан бері қаншама ғасыр өтсе де су өзінің құрамын да, көлемін де өзгертпеген. Жанға шипа, дертке дауа қасиеттері өз алдына. Сафа мен Мәруа арасына бірнеше жерден сол судың жүйесін жүргізіп, адамдарға қол жетімді етіп қойған. Ерсілі-қарсылы қозғалған жандар сол судан ішіп, шөлін қандыруда. Академик Кенжеғали Сағадиев пен белгілі ақын Сейфолла Оспан және білікті маман Дүббә Әлиев бастаған қазақстандықтар бұл рәсімді де ойдағыдай атқарып шықты. Осыдан кейін құлшылық етушілер Қағбаға қарап, екі қолын жайып, Аллаға мадақ айтты. «Лә иләһә иллал-лаһу уәхдәһу лә шәрикә ләһу, ләһул-мулку уә ләһул-хамду уә һууә ьалә кулли шәй-ин қадир. Лә иләһә иллал-лаһу уәхдәһу, әнжәзә уәьдәһу, уә нәсара ьабдәһу, уә һәзәмәл-әхзәбә уәхдәһ». Қазақша мағынасы мынаған саяды. «Жалғыз, серігі болмаған Алладан басқа Құдай жоқ. Билік пен мадақ Оған тән әрі Ол әр нәрсеге құдіретті. Жалғыз Алладан өзге тәңір жоқ. Ол уәдесін орындады, пендесіне (Пайғамбарға) көмек берді (жеңіске жеткізді), бүкіл топты жалғыз өзі жеңді». Олар осы дұғаны үш рет қайталап, өзіне, отбасына, туған-туыстарына, дос-жарандарына және барша мұсылмандарға Алладан рахым тіледі. Сафа мен Мәруәнің арасында сағи жасап біткен соң құлшылық жасаушылар шаштарын қысқартып умра (кіші) қажылықтарын аяқтады. Құлшылық етушілер ихрамды қайта киіп, «Аллаһумма ләббәйкә хажжан» деп ниет етіп, ихрам халіне қайта кіруімен үлкен қажылық рәсімдері басталып та кетті. Зулхижжа айының тоғызы күні таң намазынан соң Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айтып, үлкен қажылық рәсімін Арафатта бастады. Арафатта тұру қажылықтың негізгі парызы. Онсыз қажылық қабыл болмайды. Пайғамбарымыз: «Қажылық дегеніміз – Арафат» – деген (Әбу Дауд, әл-Тирмизи). Ал Арафат күні – күндердің ең абзалы. Арафат қасиетті жердің аты. Сол жерде Рахма деген биік төбе бар. Жұрт сол төбені Арафат тауы атап кеткен екен. Барлық қажылар Арафатта күн ұзаққа Алладан кешірім сұрап, мейірім, рақым тілеп, дұғалар жасаумен болды. Арафат – адам баласының Алланың құзырында әлсіз, жердегі барлық жан иесі Жаратушыға мұқтаж екендігінің көрінісі. Әрбір пенде өмірінің мәні мен парқы тек Аллаға құлшылықта екенін сезінген. Осылайша Арафат махшардың көрінісін тағы да көзге елестетеді. Қияметтің бір бөлігіне сол жерде куә болғандай ерекше күй кешесіз. Арафат – қабірден қайта тұрып, жалған дүниедегі күнәларына түңілген пенделердің махшарға қарай бейшара күйде аяңдап, Раббысына шынайы халде жалбарынғанын еске түсіреді. Ақ матаға оранып, жалаң бас, жалаң аяқ күйде дүниенің күйбең тірлігінен қол үзіп, барлық атақ мансабынан арылатын сәт. Айша анамыздан риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. «Алла басқа күндері тозақ отынан дәл Арафа күніндегідей көп адамды құтқармайды. Алла Тағала жақындайды да, періштелерге сендермен мақтанады. Одан кейін Алла Тағала: «Олар нені қалайды?» – дейді», – деген. (Муслим). Күн ұясына қонған кезде құлшылық жасаушылар Мұздалифаға келіп, ақшам және құптан намаздарын қосып оқып, шайтанға ататын 49 тас жинады. Сол күні түнде олар Минаға келіп, төрт ракағат намазды екі ракағат қылып қысқартып оқып, арнайы тігілген шатырларға қоныстанды. Күн шығысымен аумағы ат шаптырым жерді алып жатқан Жамаратул жайына қарай жүрді. Екі жағын тау қоршаған Жамарату төрт қабаттан тұрады екен. Оның төрт қабатында да шайтанға тас лақтыратын арнайы үш орын бар. Олардың ара қашықтықтары 150-190 метрден. Тасқын судай жан-жақтан ағылған нөпір жандар төрт қабатты да толтырған. Алғашқы күні жамағат Меккеге жақын орналасқан Жамаратул-ақабаға жеті тас лақтырды. Әр тасты лақтырған кезде «Аллаһу әкбар!» деп Жаратқанға сыйынумен болды. Екінші күні Жамаратул-уста мен Жамаратус-суғраны қосып, соншалық тас лақтырды. Үшінші күні де үшеуіне де тас лақтырылды. Шайтанға тас лақтырудың мәні неде? Ибраһим ғ.с, Исмайл ғ.с. мен Хажар анамыз шайтанның азғыруына құлақ аспай, одан бойларын аулақ ұстаған. Шайтанға тас лақтыру рәсімі солардан қалған. Бұл жерде әрбір лақтырылған тасты шайтанның азғыруымен болатын күнәларға қарай лақтыру деп пайымдау керек. Ниетіміз Алланың разылығын алу. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. былай деген. «Шайтанға тас лақтыру, Сафа мен Мәруаның арасында жүгіру, тек қана Алланы зікір етуге берік болу үшін әмір етілген». (Тирмизи. Хаж 64/902). Тас атқылаудағы мақсат – шайтанның ықпалына бой алдырмай лағнеттеу. Өйткені шайтан Алла Тағаланың Адам (ғ.с.) топырақтан жаратқаны үшін төмендетіп, өзін оттан жаратылғанмын деп одан жоғары санаған еді. Аллаһ Тағала Адам ғ.с. төмендеткені үшін оны топырақтың жынысымен ұрғызған. Сондықтан да мүміннің тас лақтыруы өмірінің әрбір сәтінде шайтанның әр түрлі айласына қарсы күресінің тәсілі болып саналады. Айт намазынан соң құрбандық шалу рәсімі болды. Арнайы шақырылғандар үшін Король мұны өз есебінен атқаратынын алдын ала хабарлаған. Бұл Ибраһим пайғамбардан жеткен рәсім. Құрбандық шалу Аллаға шын ниетіңмен берілгендікті көрсетеді. Сондай-ақ жасап жатқан құлшылықтарыңды шын пейіліңмен іске асыру болып табылады. Шындығында Алла Тағала біздің құрбандықтарымызға ешбір мұқтаж емес. Мұндағы мақсат тақуалықта жатыр. Алла біздің тақуалығымызға қарайды. Қажылықта құрбандық шалынып болған соң қажылар шаштарын тықырлап алдыруы қажет. Бұл шаш алдыру рәсімі пенденің Алла Тағаланың құлы екенін мойындауы және ихрамнан шыққанын білдіреді. Минада өткізген үш күннің сауабы мол. Бұл турасында Алла «Құран Кәрімде» арнайы тоқталған. «Санаулы күндері Алланы еске алыңдар. Сонда күнәдан сақтанған кісіге (Минадағы ғибадаттар) асығып екі күнде бітірсе оқасы жоқ. Бір күн кешіксе де күнә жоқ. Алладан қорқыңдар және күмәнсіз Аллаға қай­тарылатындарыңды біліңдер». (Бақара, 203-аят). Минадағы құлшылық рәсімдері кезінде Біріккен Араб Әмірлігінің королі Абдолла ибн Абдель Азиз Аль Сауд арнайы ат басын тіреп, қажылардың жағдайымен танысып, біраз иман тұрғысынан сөз айтты. Корольдің Ислам діні жөніндегі уәзірі Шейх Салих ибн Абдул Азиз Аль Шейх қажылар тұрып жатқан шатырларды аралап, асхана мәзірлерін көріп, көңілі толатынын жеткізді. Минадағы орындалатын амалдарды бітіріп, қажылар Меккеге қайта оралып, Әль-Харам мешітінде қоштасу тауабын жасады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Үймен қоштаспайынша ешкім Меккеден кетпесін» – деген (әл-Бұхари, Муслим). Қажылар Қағбаны жеті рет айналып, қоштасу тауабынан кейін Мәдинедегі Мұхаммед Пайғамбардың қабіріне зиярат етуге аттанған. Бұл қажылық бағдарламасынан тыс шара болып саналады. Мұндағы бағандардың жоғары жағы алтынмен өрнектелген. Пайғамбар мешітінің іші мен сыртында бір мезгілде екі миллион адам намазға жығыла алады екен. Зиярат етуші қажылар Мұхаммед Пайғамбар жатқан жер мен өзі ұжымақ атап кеткен мінберінің арасындағы шағын алаңға бірнеше бас намаз оқыды. Әлемде Ислам дінін қабылдап жатқандар өзге ұлттың өкілдері қаншама. Америкадағы қара нәсілділерді ақ нәсілділерге қарсы күреске шақырып, өзін мұсылман санап жүрген Х.Малколм қажылыққа келген соң өз қатесін мойындап, райынан қайтқан екен. «Дүниенің түкпір-түкпірінен келген жүз мыңдаған қажылар бар. Түрлері де әр алуан. Көк көзді сары шаштыдан, африкалық қараға дейін кездеседі. Бірақ бір қызығы осыншама адамдардың барлығы бір үйдің балаларындай еді. Біз Америкадағы жағдайға қарап, ақтар мен басқа адамдардың арасында ешқашан бауырластық болмайды деп ойлайтынбыз. Американың Ислам дінін тануы қажет. Өйткені Американың басындағы осы мәселенің түйінін тек Ислам діні ғана шешіп бере алады» (Х.Малколм. Өмірбаян. Алех һалей, 722 бет). «Сырт көз – сыншының» осы бір ой тұжырымынан-ақ Ислам дінінің бауырластық ролін анық көруге болады. Мұндай мысалдарды Батыс Еуропа елдерінен де көптеп келтіре аламыз. Алла Тағала разылығы үшін Мекке­де қажылық сапарда болған барша мұсыл­ман­дардың Мұхаммед Пайғам­барымыздың сүнетіне сай жасаған құлшылық амалдарын қабыл болып, Қасиетті Қағбаны шынайы ниет пен кәміл иман арқылы зиярат жасауға нәсіп етсін! Мұсылман жұрты тұрақты мекен еткен әлемнің барлық елдерінен мың жарым адамды қонақ ретінде арнайы шақырып, қажылық парыздарын өтеуге өз есебінен мүмкіндік жасаған Біріккен Араб Әмірлігінің королі Абдолла ибн Абдель Азиз Аль Сауд мырзаға арнайы шақырылған қажылар оған Алла Тағаланың нұры жаусын деп тілейді. Сондай-ақ, корольдің сол шақыртуын мүлтіксіз ұйымдастырған Қазақстан Республикасындағы Біріккен Араб Әмірлігінің төтенше және өкілетті елшісі Абдул-Мажид Хакимге биылғы қажылық парызын өтеп келгендер шексіз ризашылығын білдіре отырып, оған Алладан шапағат тілейді.
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ, Батыржан МАНСҰРОВ Алматы-Стамбұл-Жидда-Мекке-Мәдине Стамбұл-Алматы

Серіктес жаңалықтары