ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

Білімнің қоғам мен адам дамуында айқындаушы рөлі басым. Бұл білімсіз, тәрбиесіз қоғамның алға жылжуы мүмкін еместігін көрсетеді. Өз баласына жақсы тәрбие беру кез келген адамның міндеті, мейлі ол қандай мамандық иесі болсын қоғамда парасатты, адамгершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу әрбір адамның міндеті болуы тиіс. Бүгінгі өркениетке бет бұрған кезде қоғамда қабілетті, қазіргі заманға бейімді, білімді, білікті, ой қызметімен айналысатын шығармашыл тұлға тәрбиелеу – ең өзекті мәселе болып отыр. Халқымызға, әсіресе, жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру ел болашағының негізі екенін ескерсек, болашақта жастарды отан сүйгіштікке тәрбиелеу қажеттілігі туындайды. Республикамызда ұлттық тәрбие беруде олардың мақсаттары мен міндеттері айқын белгіленген. Бүгінгі жастардың қоғамдық өмірден еш уақыт қол үзбей, өз елін сүюге, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпын білуге тәрбиелеуге бүгінгі педагогика ғылымдарының алдында тұрған зор міндеттердің бірі.

Осы тәрбиенің ең маңыздысы – жас ұрпаққа Отан сүйгіштік тәрбие беру. Елімізді, жерімізді, тілімізді құрметтеп, жақсы көруді бүгінгі жастардың бойына сіңіре білуіміз керек. Сонымен қатар өз елінің рәміздерін, Ата заңын білуге, әрі құрметтеуге әрбір азамат міндетті. «Бүгінгі өскелең ұрпақ нағыз білімді, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген, нағыз өз елін сүйетін, ұлт жанды азамат болуы керек», – деп атап өтті ел Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауында.

Ұлт болу үшін, елдігімізді сақтау, жерімізге ие болып қалу, тілімізді, дінімізді, мәдениетімізді сақтап қалу үшін бүгінгі жастарға жан-жақты тәрбие берілуі керек. Себебі ұлт болашағы жас­тар, бүгінгі өскелең ұрпақ. Сондықтан дұрыс тәрбиемен сусындаған, адал, ұлтжанды, сонымен қатар басқа ұлт өкілдеріне сыйластықпен қарайтын, парасатты ұрпақ тәрбиелеу баршамыздың басты парызымыз екені айдан анық.

Отан сүйгіштік тәрбиесіне ерекше мән беріп, келешек ұрпаққа туған жері мен елі алдындағы перзенттік парызын түсіндіруге, туған өлкесіне деген сүйіспеншіліктері мен мақтаныш сезімдерін арттыруға, жастарымызды ұлттық намысқа, қайталанбас ерлікке тәрбиелеу жолында батырларымызды, би-шешендерімізді, ғұлама ғалымдарымыздың өнегелі өмірін жас ұрпаққа үлгі етіп, туған жеріміздің қадір-қасиетін ұғындыру баршамыздың қасиетті борышымыз.

Жас ұрпақты елжандылыққа тәр­бие­леп, мемлекетіміздің өркендеп, өсуіне жауапкершілік сезіміне, бауырмалдық сезіміне тәрбиелейтін ұлттық педагогикалық идеялар өзге ұлт өкілдеріне, олардың тіліне, мәдениеті мен өнеріне құрметпен қарау қасиетін қалыптастырып, Қазақстандағы ұлттар ауызбіршілігіне де өз септігін тигізіп, елімізде тыныштық пен бейбітшілікті сақтауда аса құнды екені даусыз. Ел Президенті «Назарбаев университетінде» «Қазақстан білім қоғамы жолында» деген тақырыпта интерактивті лекциясында «Жас қазақстандықтар ұмытпауға тиісті: азамат – тек құқық қана емес, сондай-ақ бірінші кезекте өзің, өз отбасың және Отаның үшін ұлы жауапкершілік», – деп атап өтті.

Осы жауапкершілікті сезіне біліңдер» – деп Елбасымыз жас ұрпаққа үлкен сенім артты. Келешек ұрпаққа туған жері мен елі алдындағы үлкен жауапкершілік жүктеді.

Қай ғасырда болсын Ұлт өмірін өркендетуші саналы да салауатты, ұлтжанды, рухы биік парасатты ұрпақты тәрбиелеу – қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі

«Біздің халқымыздың ғасырлар бойғы тарихында тұңғыш рет, қазақтың байырғыдан бауыр басқан жерінде халықаралық абсолютті заңдылыққа ие мемлекет орнады.

Айта кетуге тиіспін, танылған мем­ле­­кеттік егемендік – бұл кез-келген халықтың орасан зор әрі аса қымбат рес­урсы», – деп Елбасымыз интерактивті дәрісінде жарқын келешек үшін Ел бірлігін сақтау, Тәуелсіздіктің қадірін ерекше бағалай білу, толерантты болу сияқты маңызды құндылықтарды жас ұрпаққа аманат етуінде үлкен мән жатыр.

«Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл ойы, азаматтарымыздың алдаспаны» – деп Елбасымыз қасиеті Ота­ны­мыз Қазақстанның болашағы білім, ғылым, инновацияны дамытуда жас ұрпаққа зор міндеттер жүктеді.

Қазіргі білім беру үрдісі жас ұр­паққ­а білімді ұтымды пайдалана алатын іскер, білгір де білікті етіп өсіруімен қатар оның адамгершілік ішкі жан дүниесін, азаматтық тұлғасын, халықтық қасиеттерін орнықты түрде қалыптастыру болмақ. Соған орай, қазақ елінің болашағын айқындайтын, оны тұрақты даму деңгейіне көтеретін құндылықтардың бірі – жас ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беру. Осы жолда ұстаздың еңбегі ерен болмақ. Жас ұрпаққа сапалы білім беріп, өзінің педагогикалық қызметі барысында өнегелі үлгісімен танылатын әрине Ұстаз. Олардың ғылыми-педагогикалық талаптарға сай инновациялық технологияға негізделген, сабақ үрдісінің сапасын арттыруға елеулі септігін тигізер жайт – ол Ұстаздың кәсіптік деңгейі.

Ірі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов: «Мектептің жаны мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Сондай болған соң ең әуелі мектепке керегі – білімді,педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», – деп ұстаздың халық ағарту ісінде, жас ұрпаққа тәрбие беруде, жалпы еліміздің болашағы алдындағы орасан зор жауапкершілігін айқындап көрсеткен.

Ұстаздық жолды саналы түрде өз еркімен таңдаған адам халыққа білім беру мен өнегелі шәкірт тәрбиелеудің жауапкершілігін сезінуі тиіс. «Ұстаз» деген киелі атты аманатқа алған әрбір адам өз мамандығын жоғары деңгейде игеріп, сапалы білім бере білсе, жас ұрпақ алдында жүзінің жарқын, шынайы еңбегінің жемісті болуына әсіресе қасиетті Отанымыз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне еңбек сіңірсе мерейі үстем, еңсесі биік болары сөзсіз.

Тәуелсіздік туы желбіреген егемен еліміздің болашақ отансүйгіш ұрпағын тәрбиелеуге ұмтылу, ізеттілік, әдептілік, отансүюшілік секілді асыл қасиеттерді бойына сіңіру Қасиетті Отанымыз –Қазақстан Елбасымыздың жол бастауымен өркениетті елдермен қатар мұхитта жүзіп келе жатқан кеме іспеттес. Әр елдің кемесінің өмір мұхитында өз жолы бар. Сүйікті Отанымыз – Қазақстанның да бұл мұхитта өзіндік жолы, айқын мақсаты бар.

Еркін КҮЗЕМБАЕВ,

Тараз мемлекеттік педагогикалық

институтының білімгері.

Back to top button